Жастарды тәнті еткен кездесу

0
167

«Сөзі мәнді елдің ойлауы да орамды» демекші, қазақ халқы өз ақындарын ардақтай білген ел. Соның бір дәлелі қазақстандық патриотизмді нығайту, қазақтың төл өнері айтысты насихаттау, оқушыларды ақындыққа, шығармашылыққа баулу мақсатында елордалық Міржақып Дулатұлы атындағы №68 мектеп-гимназиясының ұйымдастыруымен өткен ақын, сазгер Олжас Отармен болған кездесу кеші еді.
Олжас Жамбыл облысы, Талас ауданы Бостандық ауылының тумасы. Айтыста жеткен жетістігі үшін 2005 жылы Президентінің квотасын иеленіп, еліміздің қоғам және өнер қайраткерлерімен бірге Мекке-Мәдина қаласына умра қажылығына барып қажы атанып қайтқан. Оған қоса, 2007 жылы Түркияда өткен ақындар айтысына Қазақстаннан жолдама алған 6 ақынның бірі. Сөз байрағын биік ұстаған ақын жетпіс өнерінен бөлек, салық жүйесінде де жемісті еңбек етіп келеді. Қазіргі кезде Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жұртшылықпен байланыс басқармасының басшысы. Үш ұл тәрбиелеп отырған өнегелі әке.
Ақын ағамызды мектеп ұжымы мен оқушылары, ата-аналары «Қанатыңның түсіне сай» әнімен ілтипат білдіріп қарсы алды. Кездесу барысында оқушылар ақынның «Шыда, жүрек!», «Балалық», «Аға», «Әке-ана» атты өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Осы өлеңдерге ерекше мән берген ақын «Шыда, жүрек!» өлеңіне арнайы тоқталды. «Осы ән хит болып жатқан кез еді. Бірде маған бір қыз әлеуметтік желіде байланысқа шығып, рахметін айтты. Не үшін екенін кейін білдім. Ол қыз тағдырдың сынағына шыдай алмай, ауылдағы үйдің ағашына асылып өмірмен қош айтысқалы тұрғанда магнитофоннан «Шыда, жүрек!» әнін естіп райынан қайтқан екен». Бір ән бір тағдырды құтқарып қалды. Сөздің құдіреті деген осы емес пе?!..
Ақынның өмірдегі, өнердегі достарының бірі Серікзат Дүйсенғазин ұлттық тәрбие, қазіргі заман балалары және Алаш көсемдерінің игі іс-әрекеттері жайында тұшымды ой қозғады. Ары қарай әнші Құрмаш Махан Абай атамыздың «Желсіз түнде жарық ай» әнін жанды дауыста шырқады. «Астана» тобы әндетті. Сырым Әділбек мектептің еншілеп жатқан Міржақып Дулатұлы есімін жырға қосып, сахнаның сәнін келдірді. Рахаттың орындауындағы әндер ел есінде қалды. Ақын «Жылдар мен жолдар», «Балалық», «Қанатыңның түсі», «Ұмыттың ба?» хит әндерінің шығу тарихына тоқталды. Осылайша өрбіген әсерлі әрі қызықты кеш соңында мектеп директоры Күнімбала Ізтөлеуқызы Олжас Отарға, қадірлі қонақтарға ризашылығын білдірді.

Өмірбек Бекмұрат

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.