Еңлік Сатыбалды: Мені дзюдоға әкем алып келді

0
112

Бүгінде «Спорт – денсаулық кепілі» деген қанатты сөзді өмірлік қағида еткен жандар арамызда баршылық. Олардың біразы ауылдық жерлерде десек қателесе қоймаспыз. Бүгінгі әңгімеміздің кейіпкері Қазақстан Республикасының спорт шебері, дзюдо күресінен жасөспірімдер арасында үш дүркін Азия чемпионы, спортты өмірлік серігі еткен жан – Еңлік Сатыбалды. Бала күнінен спортты жанындай сүйіп, саламатты өмір салтын үзбей ұстанып, оны жүрген жерінде жас буын арасында насихаттауды мақсат тұтатын, ғұмырдың мәні – денсаулықта, ал, оның кілті – спортта деп түсінетін Спортшыға тән ерекше болмысымен ерекшеленген қазақтың қара қызы. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылында дүниеге келген жас спортшы талай әлемдік доданың шаңын қағып үлгерді. Атап айтсақ, жасөспірімдер арасында, Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы, Еуропа және Халықаралық турнир кубоктарының жүлдегері.

Сенімді болғың келсе, спортпен айналыс!

— Ата-бабаларымыз «Тәні саудың – жаны сау» деп бекер айтпаған. Спорттың бұл түріне келуіңе не себеп? Өз қалауың ба, әлде ата-анаңның жол сілтеуімен келдің бе?
— Мен бала күнімде денсаулығыма байланысты тез және жылдам қимылдайтын ойын түрлерімен айналыса алмадым. Бесінші сыныпта мектеп ауыстырып, бейтаныс сыныпқа келдім. Сыныбымның кейбір қыздары мені құшақ жая қарсы ала қойған жоқ. Өзімді қорғау керектігін түсініп, дзюдо үйірмесіне жазылдым. Ең басты байлық – денсаулық демекші мен өз денсаулығымды шыңдап, қорғана білу үшін спортпен айналысқанды жөн көрдім. Спорттың бір жақсы жері адамға эмоциялық күш-қуат береді. Спорт адамның өзіне сенімділігін арттырады, мақсатына жеткізеді. Әкемнің қолдауымен, әрі өзімнің де қызығушылығым оянып, дзюдо күресіне шындап бет бұрдым. Спорттың арқасында өзімді әрдайым сыныптастарымның арасында еркін сезініп, көп достар таптым. Мектеп қабырғасында жүргенде жарыс десе жалындап, алдыда жүретінмін. Спорттың қай түрімен айналысу адамның қабілетіне байланысты болады. Мен де өз қабілетіме байланысты дзюдомен 2006 жылдан бері айналысудамын. Дзюдоның қыр-сырын барынша білген сайын осы спорт түріне деген қызығушылығым арта түсті.
— «Дзюдо – таза спорт» деген пікір қалыптасқан. Неліктен?
— Дзюдо – әдемі күрес. Татамиге шыққан кезде де спортшылар бір-біріне қарап құрмет білдіреді. Белдесу аяқталған кезде де солай. Тазалық тұрғысынан да алдыңғы қатарлы спорт деп айтар едім. Тағы бір айта кетерлігі, мәселен, бокста кімнің жеңетіні шамамен болса да белгілі болып тұрады ғой. Ал дзюдода ондай жоқ. Ең мықты деген фаворит спортшы татамиге шыға сала ипон алып, жеңіліп қалуы мүмкін.
Не болмаса бір спортшы ұпай басымдылығымен жеңіп жатып, соңғы 5 секундта таза жеңіс мүмкіндігін қарсыласына беріп қоюы мүмкін. Яғни, жекпе-жектің соңғы сәтіне дейін кімнің жеңетінін болжап болмайсың. Осы тұрғыдан алғанда қиындау спорт. Қазір енді олимпиада ойындарынан кейін дзюдоның ішінде біраз ережеге де өзгерістер енгізілді. Бұрын спортшылар шидо арқылы, яғни, ескертумен жеңіп кете беретін. Енді ол ереже күшін жойып, спортшы таза белдесу арқылы ұпай олжалауға міндеттелді. Бұл жақсы өзгеріс деп ойлаймын. Бұл спорт қимылды, жылдамдықты, көп күш-қуатты қажет етеді.
— Жас спортшы үшін жаттықтырушының беделі бірінші орында тұрады. Бапкерлерің туралы әңгімелеп берсең.
— Алғашқы бапкерім – әкем, бокс жаттықтырушысы Қанатбек Әбдікерімов. Жапон халқында «Балықшының баласы да ау тартады» деген мақал бар екен, спортқа келуіме,спорттың осы түрін таңдап, қыр-сырын меңгеруіме әкем тікелей себепкер болды. Спортқа келгенде тәрбиесі қатал. Кішкентай кезімде әкем дайындайтын балалардың жаттығуына қызыға қарап тұрушы едім. Дзюдодан бапкерлерім Жомарт Сағындықов, Найль Мұсаевты ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар, Жанат Нұртазина, Сергей Аширов сынды шебер жаттықтырушылардың тәлімін алғанымды мақтан етемін. Жаттықтырушыларымнан ең бастысы тәртіпті үйрендім. Сол кісілердің тәрбиесі маған осындай спортшы болуға көмектесті.

Апалы-сіңлілі палуан қыздар

— Алғашқы жеңістерің мен жеткен жетістіктеріңді есіңе алсаң?
— Ең алғашқы жеңісім 2008 жылы Талдықорған қаласында Алматы облысының атынан республикалық турнирға барып, 3-орын алдым. Аудандық турнирлерде ұлдар арасындағы күрестен бірінші орын, 2010 жылы Қырғыз елінде өткен Халықаралық турнирде 1 орын алдым. Азия чемпионатына дейін құрама қомандамен Германияның Эрфурт қаласында өткен турнирде 3-орын алдық. Қазақстаннан 20 қыздай бардық. 2012 жылы Қытай елінің Тайпей аралында Азия чемпионаты өтті. Бірінші рет 44 келі салмақта 2-орын алдым. Құрама команда жаттықтырушысы Жанат Нұртазина, Сергей Аширов апарды. Қазақстаннан барған спортшылар әр салмаққа бір адамнан қатысты. 8 қыз, 8 жігіт болып бардық. 2014 жылы, Польша елінде Еуропа кубогы өтті. Ол кезде мен 20 жаста едім. Врослов қаласында, 33 мемлекеттен дзюдошалар қатысқан жарыста 3 орынды еншілеп қайттым. 2016 жылы Алматыда өткен әлемдік Гран-при сайысында үшінші орын алдым.
— Сіңліңіз Алина Сатыбалды самбо жəне дзюдо күресінің жас шебері екен.
— Алина бесінші сыныптан бастап аудандық жасөспірімдер спорт мектебіндегі белгілі жаттықтырушылар Жомарт Сағындықов пен Найль Мусаевтың қарамағында жаттықты.
Осы кезде самбо күресіне түпкілікті бет бұрды. 2015 жылы Ақтау қаласында өткен Қазақстан чемпионатында 48 келі салмақта бақ сынаған ол бес белдесудің бəрінде де айқын жеңіске жетіп, кеудесіне «Спорт шебері» деген күміс жетонды жарқырата тақты. Боз кілем үстінде шапшаң қимылдайтын Алина дзюдо күресінен де «Спорт шеберлігінен үміткер» атағы бар, екеуін де жақсы меңгерген.Облыс, республика біріншіліктерінде Талғар қаласының намысын абыроймен қорғауда. Алматы қаласындағы Дене тəрбиесі жəне Спорт академиясының «Дене шынықтыру және спорт» факультетін бітірген. Талғар мектебінде 2-3-4 сыныптарға дене тəрбиесінен сабақ беріп жүр.
— Армандар орындалады, мақсатың айқын болса демекші, алға қойған арман, мақсаттарыңмен бөлісе отырсаң?
— Мені спортпен айналысу ғана емес, сонымен қатар жарыстарды да бақылау қызықтырады. Мен атақты спортшыларды, олардың өсу жолдарын да жақсы білемін. Өйткені спортшылар жайлы ылғи бақылап отырамын. Менің спортпен айналысуым, жетістіктерге жетуім ертеңгі күнімнен үлкен үміт күттіреді. Спорттың адам өмірінде алатын орны зор екендігін бәріміз де білеміз. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, өзі шыдамды болады. Жарақат алып ота жасату керек болғандықтан. Спорттан аздап қол үзіп қалдым. Мен үшің ең маңыздысы – спорт, спортпен шұғылдануды жалғастыра беремін. Бразилиялық джу-джитсуға дайындық жүріп жатыр. Семей қаласында өтетін жарысқа Алматы облысы атынан қатысамын. Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Психология, Денешынықтыру және спорт факультетін тәмамдағанмын. Райымбек ауданының жігітіне тұрмысқа шықтым. Бүгінгі күні Райымбек ауданына қарасты мектепте дене шенықтыру пәнінен сабақ беремін. Болашақта биік белестерді бағындыратын дзюдошыларды дайындайтын жаттықтырушы болсам деген арманым бар.

Ауылда тұратын шемпионның тілегі

— Жаһандану кезеңінде кейбір тепсе темір үзетін жастарымыз, тіпті, мектеп қабырғасында жүрген жасөспірімдеріміз де жат қылықтарға, денсаулыққа тигізер зияны зор әдеттерге бой алдырып жүргені жасырын емес. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа бет бұрамын деген жастарға қандай тілек айтар едің?
— Адам аспаннан аяғы салбырап, чемпион болып тумайды ғой. Үнемі ұмтылыс, үнемі қозғалыс. Спортшыны жеңіске жеткізетін қасиеттер. Кейбір адамдар спортпен кәсіби қызығушылықпен дайындалса, ал енді кейбіреулер өз денсаулығы үшін дайындалады. Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол адам өміріндегі ең бағалы дүние болғандықтан, әр адам баласы өз денсаулығына көңіл бөле қарау қажет, үнемі денсаулығын шыңдап отыру керек. Жер бетіндегі барлық адамдар спортты жақсы көреді. Өздері спортпен айналыспаса да олимпиада ойындарын міндетті түрде тамашалайды. Біздің елімізде кәсіби спортпен айналысуға көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын қа спорт жарыстары өткізіліп жатады. Егемен еліміздің болашағы білімді, білікті, денсаулығы мықты жастардың қолында. Ұлтымызды, тегімізді жоғалтып алмау үшін нашақорлық, ішімдік, темекіден бойымызды аулақ ұстап, салауатты өмір салтын насихаттайық.
— Әңгімеңе рахмет! Алдағы уақыттарға сәттілік тілеймін!

P.S: Спорттың арқасында төзімділік пен шапшаңдық, шыдамдылық қабілеті дамиды. Еңлік бүгінгі күні ерінбей, жалықпай жұмыс істегеннің не екенін, еңбектің, жеңістің бағасын түсінген жас. «Жүректілік ер жігіттің еншісіне жазылған» – десе де, Еңлік сияқты бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербететін жүректі қыздар барда қазақ елі биіктерден көрінетіні анық.

Гауһар Тұрсынқожа

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.