АЛМАТЫНЫҢ АХУАЛЫ

0
88

Дәрмені жоқ,
Даты көп дімкәс қала
Үнсіз қалған ұқсайды үнтаспаға.
Көнбей жатыр әуенім әуселеме,
Келмей жатыр өлеңім ұйқасқа да.

Ауа тымық,
Ай сынық,
Дала сұлық…
Көк пен жердің алтықат арасы бұлт.
Тобыр менен обырды, кәне, шіркін,
Алатаудан жіберсек әрі асырып?!

Хабар–қаңқу,
Сөз–өсек,
Тіл–ақпарат…
Көктен жұлдыз тұрғандай жылап қарап…
Іннен шыққан індетін кім жасырмақ?
Түннен туған күнәсін кім ақтамақ?

Күнәліміз!
Жылаңыз,
Қуаныңыз:
Жын-жыбырдың ұраны жыр-әніміз.
Құлақтарда бітелген бұлағымыз,
Жүрәттарда жұтылған “жұмағымыз”.

Ал, індет пе?..
Ал, індет кәміл дертте:
Жаның көкте…
Тастай бер тәніңді өртке!
Залым көпте–заманың заруайым,
Зәнталаққа айта бер, зарың жетсе.

Дәрмені жоқ,
Даты көп,
Дімкәс қала
Үнсіз қалған ұқсайды үнтаспаға.
…Өзің кірер есікке еңсеңді бұр,
Өзің жүрер жолыңа күл тастама!..

24.03.2020. Исраил Сапарбай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.