БҚО-да 100 адам медицина қызметкерлерінің бақылауында

0
181

Аймақтарды аралаған коронавирус індеті Батыс Қазақстан облысын да айналып өтпеді. Күні бүгін аталған жұқпалы дерт белгілері анықталған екі науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында ем алуда.

Жедел штаб жұмыс жасауда

Күнделікті жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңына жергілікті билік өкілдері мен жауапты мекеме басшылары келіп, тұрғындарды аймақтағы эпидемиологиялық ахуалдан хабардар етуде.

Ағымдағы жылдың 31 наурызында облыс аумағында енгізілген карантиндік режімнің алғашқы екі күнінде мекеме-ұйымдарға жұмыс жасауға рұқсат алуға, өз қызметкерлерін қажетті анықтамамен қамтамасыз етуге уақыт берілді. Кешегі күннен бастап карантиндік режим күшейтіліп, жергілікті билік өкілдері де уақытпен санаспай қызмет атқаруда. Енгізілген шектеулерге байланысты облыс орталығы мен аудандарда жедел штаб құрылып, жұмысқа кірісті. Осы ретте Оралдағы жедел штабтың жұмысынан хабардар еткен қала әкімі Абат Шыныбеков:

–  Тәулік бойына жұмыс жасайтын штабқа алғашқы екі күннің ішінде Call-орталық (87000109109) пен «I-komek» (109) желісі арқылы 5000-ға жуық мекеме хабарласты. Дейтұғанмен, тұрғындар тарапынан сауалдар көптеп туындап, хабарласушылар қатары көп болғандықтан, жедел штабтың ауқымын кеңейттік. Қосымша мамандармен қамтылды. Қалалық жедел штабқа қызметін жалғастыру жөнінде ұсыныс түсіретін мекемелердің өтініші жан-жақты зерделенеді. Соған сәйкес олардың жұмысын жалғастыруы немесе тоқтатуы жөнінде жауаптар жолдануда,– деді шаһар басшысы. Айталық, 2 сәуірдегі мәлімет бойынша, жедел штабқа 632 мекемеден ұсыныс түскен. Олардың 427-сінің жұмысты жалғастыру жөніндегі өтініштері қанағаттандырылса, 205 мекемеге жұмыс жасауға рұқсат берілмеген. Қала аумағында жасақталған блок-бекеттердің жұмыс тәртібі мен жадынамасы бекітіліп, ол жерлерде ЖАО өкілдерінен, тәртіп сақшыларынан, жауапты мамандардан құралған жұмыс тобы қызмет атқаруда. Қала әкімі Абат Абайұлы тұрғындарды еш себепсіз көшеге шықпауға, карантиндік режім талаптарын қатаң сақтауға шақырды.

Науқастардың жағдай қалыпты

Өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды күнделікті хабарлап отырған БҚО облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшылығы коронавирус ауруын жұқтырған екі адамның жағдайы қалыпты екенін айтып тұрғындардың көңілін жайландырды. 3 сәуірдегі жағдай бойынша бүгінгі күні аймақта барлығы 100 адам стационарларға орналастырылған. Жұқпалы аурулар ауруханасында – екі адам, ал провизорлық және карантиндікстационарларда 98 адам оқшауланған.Айта кетсек, 30 наурызда облыстың бас санитариялық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың «БҚО аумағында коронавирустық инфекцияның (COVID-2019) таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» қаулысы қабылданып, соған сәйкес бірқатар іс-шаралар қолға алынды.

Осындай сын сағатта қауіпті індетпен күресіп, өмірлерін қатерге тігіп жүрген ақ халаттылардың еңбегі ерлікпен пара-пар. Осы ретте батысқазақстандық медицина қызметкерлері де жан аямай елмен бірге аурумен күресуде. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Болатбек Каюповтыңмәліметінше, сала қызметкерлерінің өмір қауіпсіздігі жан-жақты қамтамасыз етілген.Бүгінде БҚО-да жалпы 5382 орындық 20 бақылау нысаны орналастырылған. Ол жерлерге 110 дәрігер, 221 орта және 187 кіші медициналық қызметкер, сондай-ақ Орал жоғары медициналық колледжінен еріктілер жұмысқа тартылған.

– Жедел медициналық қызмет тарапынан 20 бригада бөлініп, төрт ауысыммен жұмыс жасауда. Олар барлық сақтық шараларын ұстана отырып, адамдарды жұқпалы аурулар ауруханасына, провизорлық және карантиндік стационарларға жеткізеді. Сонымен қатар науқастарды және олармен байланыста болған адамдарды жеткізуде құқық қорғау құрылымдарымен  бірлесе әрекет ету алгоритмі жұмыс жасайды. Барлық медициналық ұйымдар қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілді. Дәрі-дәрмектер, медициналық құралдар сатып алуға Үкіметтен жеткілікті қаражат бөлінді. Медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі де қамтамасыз етілген, олар арнайы киімдермен алгоритмге сай жұмыс жасайды, – деді басқарма басшысы.

Күні кеше Мемлекет басшысы коронавирус індетімен күресіп жүрген сала қызметкерлеріне қосымша үстеме ақы төлеу жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы Болатбек Амангелдіұлы Үкіметтің тапсырмасына сай батысқазақстандық дәрігерлерге де белгіленген санаттар бойынша жалақыларына  қосымша үстеме ақы төленетінін айтты.

Індетпен күреске төтеншеліктер де үлес қосуда

Облыс аумағында жарияланған карантиндік режімге орай БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері де жұқпалы індеттің таралуына тосқауыл қоюға әрекет етуде. Департамент басшысының орынбасары Ақылбек Ахметжанов өңірдің бас санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес төтеншеліктердің бірқатар іс-шараларға жұмылдырылғанын атап өтті.

– Департамент қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп облыс аумағындағы алаңдарды, автобус аялдамаларын, билбордтар мен тротуарларды залалсыздандыру жұмысына атсалысуда. Аталған іс-шаралар үшін бөлімшелерден күштер мен құралдар топтастырылып, арнайы белгіленген күнге 132 адам, 36 бірлік техника бөлініп, қажетті құрал-жабдықтар жасақталды. Жауапты мекемелермен бірлесе 57 блок-бекеттің абаттандыру жұмыстарына қатыстық. Коронавирустық инфекция жұқтырған науқастарды стационарлық емдеу мекемелеріне тасымалдайтын автотехника дайындалды, – деді Ақылбек Қосманұлы.

Ағымдағы жылдың 30 наурызында облысымызға РФ-ның Самара қаласынан 57 студент келген. Облысымыздағы төтенше жағдай және тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменттері мамандары олардың смартфондарына «GeoStatus» мобильдік қосымшасын орнатып берген. Бұл қосымша адамдардың өзін-өзі оқшаулау орындарынан ұсынымдар таратуға, жай-күйі мен орналасқан жеріне мониторинг жасауға, денсаулық жағдайы нашарлаған жағдайда жедел медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді екен. Төтеншеліктер  облыстың мүдделі мемлекеттік органдары мен мекемелеріне осы мобильді қосымша құралдарымен карантиндік іс-шаралар жүргізетін көшпелі бригадалардың жұмысын бақылауды ұсынып, карантиндегі азаматтарға да қосымшаны орнату жөнінде ұсыныс білдіруде. Енді облыстағы цифрландыру басқармасы аталған қосымшаны SmartUralsk мобильдік қосымшасына кіріктіру жұмыстарын жүргізуде.

Төтенше жағдай департаменті қызметкерлері Орал қаласы мен облыс аумағында коронавирустық инфекцияның алдын алу және қауіпсіздік шаралары бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстарын қолға алуда. Департаментте коронавирус бойынша жедел штаб құрылып, қауырт желі нөмірііске қосылған. Оған қоса тұрғындарға жұқпалы дерттен сақтану, төтенше жағдай режімін сақтау жөнінде «112» нөмірінен СМС-хабарламалар таратылуда.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

«Qazaqstan dáýiri» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.