Бетперде киген Алматы індетпен күресіп жатыр (Фоторепортаж)

1
273

Үйдеміз. Бәріміз үйден шықпауға тиіспіз. Бұл бұйрық. Тек азық-түлікке баруға құқылымыз. Бүгін осы құқымызды пайдаланып, біздің үйдің отанасы Шарамен дүкенге, базарға бет түзедік. Шайтан арбаны жетектеген мен бір оқпен екі қоянды атып алмақшы болып, фотоапаратымды иығыма астым. Мақсатым: «Алматы қаласы мына төтенше жағдайда қалай тыныстап жатыр?» деген сұрақтың жауабын іздеп, журналист ретінде өзімше шолу жасап, газет сайтына фоторепортаж жариялау. Менің алғашқы кейіпкерім құрдасым, көршім болды. Жанында немересі. Ескі әдетімен ол қос қолын ала ұмтылып еді, қолымды кеудеме басып шегініп кеттім «Бетпердесіз жүруге болмайды! Қолдасып амандаспайық!» деп құрдасыма ескерту жасадым. Ол ренжіп қалды. Әй, аңқау қазекем-ай!

Біздің ауданда орысша атаулар самсап тұр. Садовников, Юбилейная, Касаткина, Лазарева, Мануилская… Ал біздің көшеміз Солнечная. Аудан әкімшілігіне хат та жазғанбыз. Өзгерер емес. Көшемізде бес-алты бала доп теуіп, ойынды қыздырып жатыр екен. Бұларға төтенше жағдай сірә әсер етпеген-ау. Бұлардың ата-аналары қайда қарап отыр? Осылай ойлағанымызша полицей машинасы да көрінді. Балалар оны көрді де, тым-тырақай қашып, «індеріне» тығылды. Полицей машинасына келіп, тілші екенімді білдіріп, жағдайларын сұрадым. Бетперде киген қос полицей: «Жаман емес, аға! Жұмыс көп. Асығып барамыз» деді де олар кете барды. Ту сырттарынан ғана түсіріп үлгердім.

 

Жап-жасыл жасанды футбол алаңы, азан-қазан базар болып жататын балабақша, қазақ-түрік лицейі, мектеп тып-тыныш, жетімсіреп жатыр. Алматының көшелері де, аспаны да бүгін түнеріңкі, қар ұшқындайды. Адамдар бірінен-бірі қашқақтайтын, үркетін қандай жаман заман еді десеңші бұл! Нан дүкеніне кірдік.

 

 

 

Соңғы кездері халық нанды көп алып жатыр. Кешке дейін тапсырыс берген нанымыз жетпей қалып жатыр, – деді дүкенші. Мен осы сәтте суретке түсіріп алдым. «Неге түсіресіз?» деп дүкенші қарсылық танытып жатты. Қалтарыста беттері қып-қызыл екі адам даудырлай сөйлесіп тұр. Ішіп алыпты. Оларды әңгімеге тартып едім, көңілді жігіттер менің сұрағыма әзілмен жауап берді.

 

 

– Біз коронавирустан қорықпаймыз. Бізді арақ қорғайды! – деді олар қарқылдай күліп. Суретке түсіріп едім, біреуі ыржақтап күлді, екіншісі маған тап берді. Әзер қашып құтылдым. Ауыр сөмкісін көтеріп, бүкшиіп тұрған кейуанаға сәлем бердім.

– Апа-ау, мына заттар сізге тым ауыр ғой? Үйде балалар жоқ па? – Апамыз маған жаман көзбен қарады.

– Жалғыз емеспін. Шалым төсек тартып жатыр, – деді ол сонда да қысқа жауап беріп. Ішкі жан дүниемде аяушылық сезімі бой көтерді. Үндемедім. Суреттегі апамыз осы кісі.

Алматыдағы ірі көшелер Алтынсарин, Жандосов, Шаляпин көшелерінде көлік аз. Автобустар жүріп жатыр. Тротуарларда азық-түлік көтерген жүргіншілердің қабақтары қатыңқы. Бір таныс інім кездесеп қалып еді, маған алыстан қолын көтере сәлем беріп жылыстап кете берді. Әкімшіліктің арзан әлеуметтік азық-түлік дүкенінің алдында адамдар қарасы көп. Шынында да қиын шақта осындай дүкендер керек-ақ. Дүкен алдында тағы да басқа кішкентай жандар қаптап жүр. Олар кептерлер. Бір мейірімді келіншек оларға дән септі. Аурудан залалсыздантыратындардың бұрқасынан кейін кептерлердің қырылғаны туралы сурет бүкіл әлеуметтік желілерге тарап кетті. Шіркін, бір-бірімізге деген мейірім шуағы мол болса, қанеки. Бүкіл көшені басына көтеріп, дабылдатып «жедел көмек» машинасы шыға келді. Кімдерге кетіп барады? Көңілге мазасыздық ұялатады. Қаруымды кезеп, түсіруге үлгере алмай қалдым. Жолай көршіміз кездесті. Дәрігер келіншек:

– Қорықпаңыздар, бәрі дұрыс болады. Әрине, мұнда саясат салқыны да болуы мүмкін. Ең бастысы үрейленбеу керек. Ауру үрей билеген адамға үйір. Мен де осы салада істеймін. Нағыз қауіп-қатердің өтінде біз отырмыз. Шүкір, қазір еңбегіміз еленіп, әріптестерімізді батырға теңеп жатыр. Шынында да олар нағыз батырлар! – деді ол бізге жігер бере сөйлеп.

 

 

Алматы қаласының карантиндегі төтенше жағдайдағы хал-ахуалы негізінен осындай. Ел тәртіпке бағынған, жағдайға мойынсұнған. Дәрігердің «Ең бастысы үрейленбеу керек» деген пікірі дұрыс. Біз осы фоторепортаж барысында адамдардың тым үрейге берілмей, індетті салмақты, салиқалы қарсы алып жатқанының куәсі болдық. Дегенмен де Алматы аспаны түнеріп, қала тұнжырап тұр. Індет еңсені басса да, рухымызды жаншып, өмір сүруімізге кедергі келтірмесі анық. Біз біргеміз!

 

Ертай Айғалиұлы

1 Пікір

  1. Алматының қазіргі үстінен түсірген фотосы бар ма?
    Бұрындары қала ыстан көрінбейтін дейтін…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.