«Тұтқындағы» отбасыға шайтан-вирустың шабуылы

0
164

Әлем шаңырағы шайқалып тұр… Ел іші құлазыды. Қала көшелері қаңырап, адамдар бір-бірімен қатынасуды қойды. Жұмыс тоқтады. Базарлар жетімсіреп, алып дүкендерде сауда саябырсыды. Ең бастысы қазіргі қиын кезеңде отбасы ошағынан қара қазан түспейтін болды. Бірақ қара қазан, қара суды қайнатқанмен, ішіне ең құрығанда бір асым ет түспесе ол отбасыдан береке кетпей ме? Бүгінгі әңгімеміздің өзегі отбасылардың тыныс- тіршілігі жөнінде болғандықтан, біз бірден қара қазанды сөзімізге тиек еттік. Мына қызыл көз шайтан-вирус отбасыларымыздың берекесін алып, шаңырақтарын беймезгіл шайқалтып тұр. Телеарналарда, әлеуметтік желілерде отбасылар жөнінде немесе оның мүшелерінің өзара қарым-қатынастары күлкілі де, түрпілі де әңгімелер гулеп тұрғанын қалай жасырарсың. Шынында да бұл індет бала-шағасымен оқшауланып, тұтқынға түскен отбасыларға зор сынақ әкелді. Алдымен оның тигізіп жатқан шарапатын, жақсылығын айталық.

Рас қой, «жұмыс-жұмыс» деп өзіміз түгілі бала-шағаңмен шүйіркелесуді қойғанымыз. Күнкөрістің кесірінен, ақша табудың қамымен ерте кетесің, кешке әзер ораласың. Қалжырап, шаршап, әлдебір қиындықтардан сағы сынып, бағы тайып, үйіне оралған адам көңірсіген отбасына келгеннен кейін қандай күйде болады? Келесің де асығыс-үсігіс кешкі ас ішіп, теледидарға үңілесің. Бұл телефон деген сиқырлы пәле шықпаған кезде болатын жайт еді. Шүпірлеген балаларыңның бірі келіп «Әке! Мына сабағымды орындауға көмектесіңізші» десе, жүйкең тозып, қитығып қаласың. «Шаршап тұрмын, балам. Ана шешеңе бар!» деп зекисің. Шешесі байғұс ол да жұмыстан келіп, апыл-ғұпыл тамақ істеп, ыдыс-аяқ жуып дегендей қарбаласып жатады. «Отырсың ғой босқа, неге өзің баланың сабағына қарамайсың?» деп бұған шаптығады. Бұл да қайбір жетіскен адам, өзара ұрыс осылай басталады. Әлжуаз балалар қос дәудің өзара шайқасына қалай тоқтау салсын, бөлме-бөлмелеріне барып тығылады…

 

Осы жерде дерек, цитата келтіре кетелік: Қазақстан ерлі-зайыптылардың ажырасуы жөнінен алдыңғы орынға шықты. Әрбір үш отбасының біреуі ажырасады екен. Бұл сұмдық деректің себеп-салдарын терең зерттеген мамандарды естімеппін.

Әрине, бұл себеп-салдарлардың бастауында бір-бірін түсінбеушілік, әлеуметтік жағдай және өзара жылы қарым-қатынас болмауы деп білеміз. Сондай-ақ телефон, компьютер арқылы әркім өзінше оқшаулануы да зор әсер еткен болуы тиіс. Ал мына індет кезіндегі оқшаулану мен ол оқшауланудың айырмашылығы неде деп ойлайсыз? Ол оқшаулану еркіндікте болған оқшаулану. Әркім өзінің білуінше оқшауланады да, барлық дүниені, тіршілікті ұмытады. Ал бұл оқшаулану бір үйде «тұтқында» отырып, бір-біріңді көре тұрып оқшаулану. Қашанғы телефон мен компьютерде отыра бересің. Жалығасың. Содан бір-біріңмен сөйлесесің, жағдайыңды сұрайсың, балаңның онлайн сабағына қатысасың. Қайта-қайта дастархан басына жиналасың. Өзара пікірлесу, сөйлесу бір-біріңді жақындатады, түсіністіреді, жақсы көргізеді. Әкелік, аналық парыздарың еске түсіп, балаларыңның өмірлеріне, ішкі жан дүниелеріне сүңгисің. Бұл деген ғажап емес пе? Әрине, ғажап өмір. Бұл осы індеттің жақсылығы. Ал жамандығы неде?

    Тағы да дерекке тоқталайық: осы індет кезінде отбасыларда ажырасу көбейіпті, ерлі-зайыптылар бір-бірлерімен жиі шекісетін, ұрсысатын болыпты (теледидардан).

Бұны біз жығылған үстіне жұдырық десек те болар. Бұрыннан қалыптасқан шайтан-вирус одан сайын жұмысқа қатты кірісіп, мына өмірдегі жетіспеушілік, әлеуметтік жағдайды зорайтып көрсетті, кикілжіңді ушықтырды, жұмыссыздықты өшпенділікке ұластырды. Шайтан өздерінің басшыларына есеп бергенде оларды өте риза ететін мәселе ерлі-зайыптылардың арасына от тастап ұрыстыру, ажырастыру екен. Міне, қазір сол шайтан зұлымдар ажырасу жөнінен Қазақстанда зор табысқа кенеліп жатыр. Біз үшін бұл масқара!

 

 

Бұл тек отбасылардың ғана емес мемлекетімізге де келіп жатқан  зор нәубет. Шайтан-вирустар нәубеті құдай қаласа, күндердің күнінде кетеді, ал мына нәубет еліміздің болашағына балта шабады. Қаншама көздері жәудіреп жетімдер пайда болады, қаншама жесірлер опық жеп, шаңырақтар ортаға түсіп күйрейді десеңші! Не стеу керек? Рас, мұның себеп-салдарларын анықтайтын, сараптайтын бір институт ашу керек болар. Жедел түрде комиссия құрып, әсіресе жас отбасыларға мемлекеттік тараптан көмек қолы созылуы тиіс. Ең басты көмектер баспана мәселесін шешу, әлеуметтік жағдайды күшейту. Мұнай, қазба байлықтардан түскен қаржыдан әрбір қазақ отбасына қомақты көмек, қаржы берілуі тиіс. Әйтпесе көбеймек түгілі азайып, жер бетінен жойылып кетуіміз әбден мүмкін. Үкімет, ойлан, тез ұйымдастырып жедел шара қолдан! Мемлекеттің болашақ тағдыры осы жас отбасыларға байланысты. Шайтан-вирустарды төбемізге шығармайық! Бір-біріміздің жағдайымызды ойлау, көмектесу елдігімізге сын. Ей, еркектер, шайтан-вирустардың азғырғанына ермеңдер! Балаларыңызды жетім, әйелдеріңізді жесір етпеңіздер! Ажыраспаңдаршы, ашуға берілмей, бір-бірлеріңе кешіріммен қараңдаршы!

 

                                                                                     Ертай Айғалиұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.