Дауыл ойраны біздің кемшілігімізді паш етті

0
496

        Қыс қарлы боранымен, көктем көк дауылымен  ерекшеленеді. Биылғы дауыл Көкше өңірін дүр сілкінтті. Дауыл секундына 30 метр жылдамдықпен соқты. Ғимараттардың шатырлары ұшып, аялдама қалқалары аударылып, жарнама тақталар құлап, ағаштар түбімен қопарылды.  Апат  салдарынан екі адам қайтыс болып 30 -дай адам зардап шекті. Біз оқыс оқиғаға дайын емес екенбіз. Оқиғаның салдары осындай ойға жетелейді.

Ғимараттың шатыры біртіндеп емес, тұтасымен қалықтап  ұшты. Қасындағы құрылыс, ауладағы  техника үстіне түсіп,  электр сымдарын үзіп,  айналасын бүлдірді. Көкшетау қаласында төрт ғимраттың шатыры жұлынды. Он аялдама төңкеріліп,  төрт жарнама бағанасы құлады. Краснояр селосында үш тұрғын үй зардап шекті. Шатыры жұлынған құрылыс  маңындағы  2600-ге жуық  тұрғын жарықсыз қалды. Көкшетау қаласында   аялдама қалқасы құлап ер және әйел адам жарақаттанған. Құлаған шатыр астында қалған жас жігіт ауыр халде ауруханаға түсіп, бас сүйегінен жарақат алып, ота жасалған. Өкініштісі, жас жігіт аман қалмады. Осындай жағдай Бурабай ауданының Ұрымқай ауылында  қайталанып, шаруашылықтың күзетшісі тағы да құлаған шатыр астында мерт болыпты. Облыс бойынша 30-дай  адам зардап шексе, 17 адам ауруханаға түскен. Сандықтау, Зеренді, Есіл аудандарында адамдар зардап шегіп,   ауруханаға түскен Бүгінгі күні дауылдан келген апаттың салдары жойылды, себебі санаға селкеу түсірді. Табиғаттың дүлей күшіне адам қауқарсыз. Бірақ апатқа төтеп беретін айла-тәсіл қолданатын тәжірибе бар. Біз осы жағынан өте кемшін түсіп жүрміз. Алдыңғы апаттардан неге сабақ алмаймыз? Аялдамалар неге бекітілмеген? Жарнама бағанасы неге дұрыс орнатылмаған?

Құрылыста жоба, техникалық есеп деген болмаушы ма еді? Ақша табу үшін биіктігі 2 метр, ұзыны 6 метр тақтаны басын қалпайтып, табанын алақандай, тереңін бақайдан етіп, желге шыдайтын-шыдамайтынын ескермей қара дүрсін есепсіз қалай орнатылған?  Құлықсыз, жауапкершіліксіз істеген іс әрқашан ілгері баспайды және зор кесапат келтіреді. Біз осыны білмейміз бе, әлде білсек те елемейміз бе?

Ал шатыры қалықтап ұшқан үйлердің шатырлары соңғы жылдары қайта жөнделген және жаңадан салынған. Ал бұған не дейміз? Ескі болса, материал ескірді, іріді-шіріді дер едік. Жаңаға не дейміз? Мұны қаржыны жымқыру үшін үнемдеп, сапасыз материалмен, техникалық жобаға сай салмағандық дейміз бе? Шатыры кеткен тұрғын үй ғимараттары, тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы бойынша күрделі жөндеуден өткен дейді білетіндер.

Қайда соның нәтижесі? Осыдан біраз жыл ғана бұрын Көкшетауда балалар ауруханасының шатырын  дауыл жұлып кетті. Оның да шатырын жаңадан жөндеген болатын. Сол шатырды қайта жөндегендер, ауыстырған құрылысшылар сапасыз материал мен техникалық талапқа сай салмағанын айтып жүрді. Мемлекеттік мекеме болған соң жауапкершілік жайлы айтылмай қалған. Міне, осындай жайсыз жағдай бір емес, бірнеше рет бола тұра неге біздің құрылысшылар,  атқамінерлер, тексерушілер сабақ алмады? Бұл тек Ақмолада емес, ел бойынша тараған жаман үрдіс, індет. Біз қалай одан арыламыз. Темірлеріміз, мысымыз вагондап сыртқа тасылды. Желінді, құртылды ол өзімен. Енді міне сапасыз салынып, жөнделген құрылыс, нысандардың, жасырын сыры ашылып, адам шығынға ұшырады. Не істеу керек? Жемқорлық, індет деп отыра береміз бе? Қашан иманымыз артып, ниетіміз түзеледі? Ел менікі, жер менікі, тіл менікі, ел иесімін, қазақпын деген ұғымдар жүректе ұяласа екен. Қазақтың, қазақтың жерінің ауасын жұтып, суын ішіп отырған басқа ұлттардың ынтымағы жарасып, иманы артып, ниеті түзелсе деп Алладан тілеймін.

Дахан Шөкшир

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.