АРЫЛУ

0
612

(Болған оқиға ізімен)

Қараша айының бел ортасында Алматыға алғашқы қар түсті. Қара суықпен бірге қарт профессордың басына қайғының қара бұлты да үйірілген еді. Алланың ісіне амал бар ма? Қалт-құлт етіп, кәрі сүйегін әрең сүйретіп жүрген дімкәс кісі қапелімде жалғыз ұлынан көз жазып қалды. «Құдай-ау, бұл не қылғаның? Баламды алғанша, қаусап тұрған мені неге әкетпедің?» деп өзегі өртене зарланды. Бірақ Жаратушының өз есебі бар. Жазмыштың алдында жұмыр басты пенденің қорғансыз, бейшара екендігін санасының түкпірімен терең түйсінген. Ауыр қайғыдан есін жия алмады. Мең-зең күйде біраз күн өтті. Көңіл айтушылардың аяғы басылмаған. Бүгін бейсенбі. Бір қауым кісі құранға қатысқалы келе қалды.
– Міне, Сұлтекең де келді,- деді үй егесі құрдасын көргенде қайғысы жеңілдегендей болып. Қарағай үстелді қаумалай жайғасқан жұрт орындарынан ошарыла көтерілді. Төрде отырған имамның өзі де көкшілдеу көздерін жыпылықтатып, арыстан көрген қабыландай ығыса берді. Құрқылтайдың ұясындай тар бөлмеде қысылысқан қонақтар кешігіп келген кісіге кіре берістен бастап ұмар-жұмар амандасып жатты. Аты аңызға айналған академиктің ақ мақтадай былпылдақ алақанына қолы жеткен кейбірінің жүректері ауыздарынан шығардай соқты. Ардақты ақсақал ығы-жығы көлік ішінде алыстағы бос орынға ұмтылған жолаушыдай қинала жылыстап, қол беріскендердің жүзіне де қарамай, әупірімдеп төрге жетті. Жұмсақ орындыққа жайғасқаннан кейін ғана есіктен бері бажайлап қарап, «Е-е, сендер екенсіңдер ғой» дегендей, жүзін шырамытқандармен көз түйістіріп, бас шұлғысты. Дұға жасап, бет сипағаннан соң дәмнен ала отырып, бақилық болған марқұм жайлы жүректегі жақсы сөздерін айтты. Көпшілік оның сөзін бөлген жоқ. «Шіркін-ай!» десіп, өкінісіп, бас изеумен болды.
Тоқсаннан асқан тұрымтайдай ғана қария қайта-қайта көкірегін қарс айыра күрсінеді. Бұрынғы жайдары қалпынан жұрнақ та қалмаған. Жанарының нұры тайып, маңдайы мен көзінің айналасындағы әжімдері тым тереңдеп кеткен. Уақыттың ізі аяусыз шиырлаған аққұба жүзін төмен салып, бірер минут үнсіз қалды.
Осы кезде ақсақалдың оң қапталында отырған көк көз имам ұзақ сонар уағызын бастап кетті. Фәнидің мәні, ақірет қамы, пенденің хәлі туралы алыстан орағытып, тереңнен толғады. Одан кейін көңіл айтушылар кезегімен сөйлеп, әркім шамасы келгенше шаңырақтың қайғысын бөлісіп жатты. Бірақ, барлық әңгіменің түйіні төрде отырған қарт академикке қарай ойыса берді. Сөйлеушілердің көбі оның шәкірттері еді. Еңсесі түсіп, езіліп отырған кісінің көңілін аулау ма, әлде, қарт ұстазға деген шынайы құрмет пе, әйтеуір, қаралы күйде емес, мерейтойда отырғандай сыпыра мақтады. «Заңғар заңгер», «Патриарх», «Мэтр», «Даңғайыр ғұлама» деген теңеулер қардай борады. Соңғы сөйлеген ғалым жұртқа қарап:
– Бұл кісі біздің абызымыз! Ата Заңымыздың авторы ғой! Алла ұзақ ғұмыр берсін ағамызға!- деп көтермелеп бара жатты. Оны үнсіз тыңдаған ақсақал оң қолын көтеріп, «тоқтай қал!» деген ишара жасады.
– Ұзақ ғұмыр деймісіңдер?- деп, жан-жағын көзбен шолып өтті,- Осы жерде менен үлкен кісі жоқ. «Жаратушы кәрілікті сүйген құлына береді» дейді. Аллаға шүкір! Жұмыр жердің бетінде біраз жүрдім. Жасым тоқсаннан асты. Кімнің өлгісі келуші еді? Бірақ Алланың бұйыртқаны болады. Солай емес пе, молдеке?
– Иә, солай. Айта беріңіз, аға!- деді имам қарияның сөзін күтіп.
– Жаңа мені «Ата Заңның авторы» деп қалдыңдар ғой, осыған байланысты бір айтпағым бар еді,- деп қария терең күрсініп алды да байыпты жүзін имамға бұрып: – Молдеке! Христиандарда шіркеуге барып, поптың алдына жүгініп, арылу деген салт бар емес пе? «Каяние» дей ме? Біздің шариғатта сол жағы қалай өзі?- деп сұрады.
– Алланың пендесіне мейірімі шексіз. Қатесін түсініп, шын жүректен өкініп, дұға жасаған адамды Алла кешіреді.
– Олай болса міне, мен имамның алдында, шәкірттерімнің ортасында отырмын. Жанымды жегідей жеп, арыма салмақ болған үлкен бір қателігімді айтып, арылғым келеді. Алланың алдында да, келешек ұрпақтардың алдында да ақтала алар ма екенмін?
– Айтыңыз, аға,- деді имам. Бөлмеде отырғандар құлақ тосып, іштен тына қалысты.
– Айтсам, былай! Мен халқымның алдында үлкен күнә жасадым. Осы мәселе ғұмыр бойы жиған абыройдан жұрдай қылатын түрі бар. Оны ойласам күндіз-түні жаным жай таппайды,- деп академик еріксіз іркілді. Көкірегінде «Айтсам ба, айтпасам ба?» деген күмәнді ой кілкіп тұра қалды. Ойға салып көріп еді: «Ақиқат айтылмай қалмайды. Бүгін сен айтпасаң, ертең уақыттың өзі айтады. Ақиқат бәрібір жарыққа шығады. Одан да өзің айт!» деді ішкі дауысы. Жүрегі ерекше тулап қоя берді. «Оқталып қалған соң айтып тынайын» деп шешті де, сөзін жалғады:
– Иә, Ата Заңды жазғандардың басы-қасында жүргенім рас. Ол бір күрделі кезең еді. Әуелі елімізде «Президент қызметін белгілеу туралы» Заң даярладық. Мен осы тұста оңбай қателескен екенмін.
– Ол қандай қателік еді?- деп, отырғандар ынтыға түсті.
– Адамға сенгіштіктен болған қателік.
– Сонда қалай?
– Алғашқы кезде бірінші басшының елге деген ниеті дұрыс болатын. Саясаттың барлық сатысынан өткен. Өзі жас. Алғыр да ақылды басшы. Жүзінен нұр есіп тұратын. Мен оған пайғамбардай сендім. Ел басқаруға одан өзге лайықты адамды елестете алмайтынмын.
Бірде ол мені өзіне шақырып ақылдасты. Елдегі саяси жүйенің жағдайын айтып: «Біз Европа елдеріндегідей қос палаталы парламенттік ел болуымыз керек. Заңды парламенттік басқару жүйесіне бейімдеп жазыңыздар» деп тапсырды. Әттең! Сол бағытпен жүруіміз керек еді…
– Сонымен не болды?
– Мен Қазақстанға парламенттік емес, Президенттік басқару жүйесін енгізуді ұсындым. «Жоқ! Дамыған елдердің барлығында парламенттік жүйе қалыптасқан. Солардың жолымен жүруіміз керек. Демократия да, экономика да соларда. Халықтары бақытты. Біз ең бірінші кезекте халқымыздың жағдайын ойлауымыз керек. Басқаша болмайды» деді ол. Мен өз позициямды дәлелдеп бақтым: «Парламенттік елде екі мерзімнен артық президент болып сайлана алмайсыз. Өзіңіз бастаған кейбір мемлекеттік, экономикалық макрожобаларды, ұзақ мерзімді бағдарламаларды соңына жеткізуге уақыт тарлық етеді. Ал Президенттік басқару жүйесін енгізсек, кейін Конституциялық Кеңес арқылы Ата Заңды өзгертіп, басқару мерзімін ұзартуға болады. Осы жағын дұрыстап ойланыңыз» дедім. Ол кісі: «Әлі де ойланып көрейік» деп қалды.
Арада бірнеше күн өткен соң мені тағы да шақырды. Бардым. Ол қолымды қысып: «Мен асықпай ойландым. Сіздің ұсынысыңыз орынды екен. Сондықтан Президенттік басқару жүйесін енгізген дұрыс деп шештім. Іске сәт!» деп, Заңды тездетуді тапсырды.
Міне, отыз жыл бойы біздің халқымыз менің сол қателігімнің зардабын тартып келеді. Шексіз билік адамды қатты өзгертіп жібереді екен. Ол кісі мүлдем басқа адамға айналып кетті. Менің үмітім мен сенімім тас-талқан болып күйреді. Елдің жағдайы қандай күйге түскенін ойласам, жүрегім езіледі. Жанымды қоярға жер таппаймын. Әттең! Әттең!!!
Парламенттік жүйемен жүрсек қазіргі жағдайымыз Балтық жағалауы елдерінен әлдеқайда жақсы болар еді. Әлемдегі дамыған елдермен де тереземіз теңесер еді… Қап, әттеген-ай!.. Бәріне мен кінәлімін! Иә, солай! Мен кінәлімін! Өмірімнің соңы орны толмас өкінішпен өтіп барады. Осы өкініштен өртеніп кететін шығармын. Біз де енді бұл жарықта қанша күн жүрер дейсің? Бәрің мені кешіріңдер! Мен оған сеніп қалдым. Сенген адамым алдап кетті. Кешіріңдер!!!
Академиктің дауысына діріл енді. Оның жанын табадағы балықтай шыжғырып жатқан ар сотының үкімі еді.
Құдай сездірді ме, осы оқиғадан оншақты күннен кейін ол кісі келместің кемесіне мініп кете барды. Ең бастысы, жағада тұрып кешірім сұрап, арылып үлгірді. Біреулер арылуға асығар емес…

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.