Әлемдегі ең қауіпті өңірлер

0
320

Бүгінгі таңда әлемде бірқатар қауіпті аймақтар пайда болып отыр. Foreign Policy журналы төрткүл әлемдегі осындай жанжал ошақтарының біразын тізіп шығыпты. Журнал дерегіне жүгінсек, ондай қауіпті өңірлер — Оңтүстік және Оңтүстік –Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Қара құрлық, Оңтүстік және Солтүстік Америка сынды. Басылым: «Олардың кейбірі уақытша байырқаласа, енді біреулері өзінің «жарылу» уақытын күтіп жатқанға ұқсайды. Осы тақырыпқа қалам тартып, мақала жазған журналист Филипп Уолкер өңірлердегі шиеленістің туындауына бір-біріне іргелес қоныстанған мемлекеттер арасындағы шекараға қатысты дау-жанжал түрткі салатынын алға тартады. Автордың пайымдауынша ондай қатерлі шекаралар саны 13 болса, солардың сегізі — Азия құрлығында (екеуі Таяу Шығыста), үшеуі – Африкада, қалған екеуі Оңтүстік және Солтүстік Америкада, біреуі — Еуропада бой көрсетуде екен. Енді осы шиеленістерге қатысушы елдер арасындағы жанжалдарға қысқаша тоқталып өтсек.

Әлем елдерін бірде ушығып, бірде сәл саябырлағанымен, толықтай шешімін таппай, әредік-әредік қайта тұтанумен келе жатқан Үндістан мен Пәкістан арасындағы текетірес алаңдатады. Бұл жанжал — 1947 жылдан бері жалғасып келе жатқан Кашмир аймағына қатысты дау-дамай. Қос мемлекет арасында тұтанған қарулы қақтығыс соңы ірі соғысқа ұласып, соның салдарынан 15 мың адам мерт болса, соның 10 мыңы Кашмир аймағының еншісіне тиеді. Әлемдік мемлекеттерді екі елдің де ядролық қару-жараққа ие екендігі қатты шошындырады. Мәселенің қатты шиеленіскендігі соншалық, сонау 1971 жылы Үндістанның қолдауымен Пәкістаннан бөлініп шыққан Бангладеш қазіргі күні ресми Делидің өзіне қауіп төндіріп отыр. Оған себеп те жоқ емес. Мәселен, 1971 жылғы азамат соғысынан экономикасы тұралаған Бангладештен босып кеткен 20 миллионға жуық босқын бүгінде Үндістанда заңсыз тұрып жатыр. Үндістан өзін терроризм қаупінен, заңсыз мигранттар мен босқындардан қорғау үшін осыдан 25 жыл бұрын Бангладешпен арадағы шекараны дуалмен қоршауға кіріскен. Оны 2012 жылы аяқтамақшы. Үнді шекарашыларының тіпті елге заңсыз өтпек болған бангладештік мыңға жуық адамды атып тастағаны да бар деседі. Мұның бәрі өңірдегі саяси ахуалдың тым шиеленісті екендігін айғақтаса керек.

Дәл осы Азия аймағындағы екінші қауіпті өңір — Пәкстан мен Ауғанстан арасындағы шекара. Бұл екі елде де «Әл-Қаида» мен өзге террористік ұйымдар орналасқан. Ауғанстан Пәкстанмен арадағы 1500 мильге созылатын Дюранд сызығын мойындамай, көршісімен екі арадағы пуштун территорияларын және Хайбер-Пахтунхва провинциясының бір бөлігін өзінікі деп жариялағысы келеді. Ауғанстан халқының 40 пайызын, Пәкстанның осы аймақтағы халқының 20 пайызға жуық тұрғындарын пуштундар құрайды. Екі елдегі Дюранд сызығы бойындағы ұлтшыл пуштундар тәуелсіз Пуштун республикасын құруды талап етуде. Бұл талап орындалмайынша, жанжалдың да байырқаламасы кәміл. Ал, АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығарса, шиеленіс шешілмеген күйінде қалып, оның аймақтағы қауіпсіздікке қатер төндіруі әбден мүмкін.

Оңтүстік-шығыс Азиядағы тағы бір қауіпті аймақ – Камбоджа мен Тайланд арасындағы шекара. Отарлық кезеңнен «мұраға» қалған Пра Вихеа ғибадатханасына қатысты даулы аймақ небәрі 1.8 шаршы шақырымды құраса да, сол үшін талай адамның өмірі қиылып, көпшілігі босқынға айналды. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған дау ғибадатхана ЮНЕСКО-ның қорғауына алынса да бәсеңдемей, екі ел арасында қақтығыс туындау қаупі әлі де зор күйінде қалып келеді.

Ал, қос кәріс мемлекеті арасындағы 38-параллель сызық та әлемдегі ең қауіпті аймақ. 1953 жылы екі ел 38-параллельден әскерін алып кетіп, соғысты тоқтатуға келіскенімен, әлі күнге қос тарап бейбіт келісімге қол қойған жоқ. Бүгінде екі ел арасы қайта ушыға түсті. Ким Сен Ын басқаратын Пхеньян билігі АҚШ-пен бірлесіп әскери жаттығу өткізген Оңтүстік Кореяны «АҚШ-пен бірігіп Солтүстік Корея режимін құлатпақ» деп айыптап, мұхит артындағы АҚШ-қа да, оңтүстіктегі көршісіне де ядролық қарумен соққы беруге дайын екенідктені мәлімдеп, сес көрсетті. Пхеньян орта қашықтыққа ұшатын

зымырандарын сынақтан өткізуін әлі де тоқтатпай, көршісінің мазасын алып отыр. Ал, бұл жағдай Пхеньянға бүйрегі бұратын Қытайдың да тынышын алып тұрған сыңайлы. Мәселен, 1990 жылдары елді жайлаған аштықтан 300 мыңға жуық солтүстік корейлік Қытай шекарасынан заңсыз өтіп кеткен-ді. Бейжің 2006 жылдан бастап шекараны қоршауды бастаған.

Ал, Таяу Шығыста Сауд Арабиясы мен Йеменнің, Израиль мен Сирия мемлекеттерінің арасында түйіні шешілмеген қауіпті аймақтар бар. Осы өңірде толқулар басталса, бұл босқындар легінің пайда болуына әкеліп соқтыруы мүмкін. Содан да болар, Эр-Рияд корольдікті заңсыз мигранттар мен контрабандалық есірткі және қару-жарақтың жолын кесу үшін шекара бойымен қорған салмақшы. Ал Сирия мен Израиль екеуінің арасындағы шекараға қатысты 37 жыл бойы жалғасып келе жатқан дағы дау-дамай Дамаскінің өз ішіндегі тұрақсыздықты ушықтырып, елде азамат соғысынына жол ашты. Израильге АҚШ көпе-көрнеу қолдау көрсетсе, Сирияға Ресей қол ұшын созуда. Елдегі азамат соғысы салдарынан сандаған мың адам мерт болып, ел экономикасы шатқаяқтап қалды.

Африка құрлығында Суданның оңтүстігінде жаңадан құрылған Оңтүстік Судан мемлекетімен арадағы даулы Абьей аймағы, Чад мемлекетімен шекаралас өңір және Конго мен Ангола арасындағы жаңа шиеленіс ошақтары қатерлі аймақ болып табылады. Жаңадан құрылған Оңтүстік Судан мемлекеті Суданның Оңтүстік Кордофан аймағына жататын Абьей жеріне таласып отыр. Оның арты қарулы қақтығысқа әкеліп, соның салдарынан 113 мың адам босып кетті. Келіссөздерге қарамастан Судан Көгілдір Ніл мемлекеті мен Оңтүстік Кордофан аймағына шабуыл жасауын тоқтатар емес. Осыдан 10 жыл бұрын Суданның Дарфур аймағындағы қақтығыс пен Чад мемлекетіндегі азаматтық соғыстың кесірінен екі елдің арасы шиеленісіп, 262 мың судандық босқын Чад территориясын паналауға мәжбүр болып, 180 мың адам үй-күйсіз қалған. Қазір шиеленіс қызуы сәл басылып тыншығанымен, сарапшылар бұл аймақта қақтығыс кез келген сәтте тұтанып кетуі мүмкіндігін жоққа шығармайды. Конго мен Ангола арасында теңіздегі мұнай кен орындарын иелену, шекара сызығын белгілеу бойынша келіспеушілік бар болса, Конгоның Уганда және Руандамен жақындасуы екі ел қарым-қатынасын ушықтырып отыр. Оның одан әрі ушықпаса, байырқалар түрі жоқ.

Оңтүстік Америкада Венесуэла мен Колумбия арасындағы қарым-қатынасқа сызат түскен. Ұлт-азаттық армиясы Колумбияның мұнай-газ құбырларын жарып, темір жолдарға және қауіпсіздік күштеріне шабуыл жасай бергендіктен, Колумбиямен шекаралас Араука аймағы ең қатерлі жер болып отыр. Венесуэлаға АҚШ тарапынан қатты қысым көрсетілгеніне қарамастан, Николас Мадуро билігі сынған жоқ. Ақ үй билігі арандатушылық іс-әректтерді әлі күнге жалғастыруда. Ел халқы Мадуроны жақтаса, АҚШ тағайындаған Гуайдо қолынан түк келер емес. Таққа талас, мұнайға талас өршіген сайын шиеленіс те ширыға итүсуде. Бұл қос ел арасындағы шиеленістің бүгін-ертең шешімін табарына күмән келтіреді. Бұған қоса Колумбияның өз ішінде шешуін күткен күрделі мәселелер бар, соның ең өзектісі — есірткі картелімен күрес. Дәль осындай мәселе Мексикада да бар. Тіпті соңғысында есірткі бизнесімен айналысатындар әскермен қақтығысуға дейін барып, соның салдарынан 40 мыңға жуық адам қаза тауып, Тамаулипас пен Чиуауа штаттарында 230 мың адам босып кеткен. АҚШ-қа бас сауғалап кеткендері де жетерлік-тін.

Еуропада славяндық қос мемлекет — Ресей мен Украина арасында өршіген текетірес те шекараға байланысты туындап отыр. Ресей Қырымды басып алып, өзіне Луганск және Донецк халықтық Республикаларын қосып алғаннан кейін, Киев пен Мәскеу арасында Донбасс арқылы өтетін шекараға қатысты текетірес басталды. Оның басталғанына біраз жыл болып қалса да, мәселенің түпкілікті шешімін табар мерзімінің қашан туарына ешкім де нақты жауап бере алмайды. Осының бәрі айналып келгенде, әлемдегі саяси ахуалдың күрделеніп, туындаған дау-дамайлар мен жанжалдардың шиеленісті одан әрі ширықтыруға ықпалын тигізеріне көз жеткізетіндей. Ендеше, әліптің артын бағалық…

Дайындаған — Ермек Сахариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.