ТӘЛКЕККЕ ТҮСКЕН ТАҒДЫР

0
333

Жеңіске 75 жыл

Брест қамалын қорғаған Әнуар Қалжанов хақында

 

Халық жауының перзенті

      Тарих тереңіне көз жіберер болсақ, әрбір ғасырдың алғашқы жартысы небір қанды оқиғаларға толы болатынын көреміз. ХХ ғасырдың бас кезіндегі бірінші Дүниежүзілік соғыс, Азамат соғысы, Қазан төңкерісі, оның бергі жағында  бір-біріне ұласып отырған  аштық (1932-1933) пен саяси қуғын-сүргін (1937-1938) оқиғалары елді титықтатып, әбден қалжыратқан еді. Осы кезеңде кеңес одағы бойынша мыңдаған адамдардың жазықсыз мерт болғаны көпшілікке жақсы мәлім.

Елдің еңсесін көтертпеген кеңес үкіметі халықты үнемі үрей, қорқыныш шетенінде  ұстап, ұлт зиялыларына  түрлі  саяси айыптар тағып отырған. 30-жылдары «халық жауы»,  40-жылдары «ұлтшыл», «пантүркист», «панисламист», 50-жылдары «космополит» деген жаламен қазақ зиялыларының  алды атылып, ортаңғы буыны сотты болып, соңы қызметінен қуылып, жер аударылған. Осы саяси жүйені кезінде социализм, артынан «кемелденген социализм» деп мадақтап келгеніміз бар.

Жасыратын несі бар,  социалистік тәртіп саяси тұрғыдан бейбіт халыққа өте жайсыз тиді. Оның асыра сілтеу саясатының  нәтижесінде талай тағдырлар қыршынынан қиылып, керзі етіктің тепкісін көрді; талай жазықсыз адамдар түрменің тар қапасы мен сызына қамалып, өмірден озды; талай ұрпақ жарық дүние есігін ашпай, көптеген тұқымдар  жойылып, сабағынан қиылды. Ел басына үсті-үстіне төнген қара бұлттың қою болғандығы сонша, әлі күнге дейін бір-бірін таба алмай, хабар-ошарсыз кеткен отбасылар да кездесіп жатады.

Дәл осындай тағдыр тәлкегіне душар болып, Ұлы Отан соғысы кезінде хабар-ошарсыз кеткен жандардың бірі – Әнуар Қалжанов (1916-1941). Ол 1916 жылы Ақмешіт уезі, Шиелі болысына қарасты Иіркөл елді мекенінде белгілі алаш қайраткері, «Қазақ», «Айқап» басылымдарының Сырдария губерниясындағы тілшісі, ТүркЦИК (1924) және  ҚазЦИК (1925) депутаты, халық соты Қалжан Қоңыратбайұлының отбасында дүниеге келген. Бір әулеттің екі қыздан соң туылған кенжесі, шаңырақбасары. Кеңес дәуірінде орта мектепте сауатын ашқан Әнуар 30-жылдардың орта тұсында Алматыда ашылған Қазақ университетінің физика-математика факультетіне оқуға түсіп, жаңа өмірге бойлай бастайды.  Бірақ бейбіт өмір, тыныштық ұзаққа созылмаған. 1937 жылы оның әке-ағалары  саяси қуғын-сүргінге душар болды.

 

 

Бұл кезде Әнуар Қазақ университетінің 3 курсында оқитын. Алматыда «неміс-жапон шпионы», «Мирзоянды өлтірмек болған террористік топтың мүшесі» деген сорақы айыппен ағасы Әлібек қамалғанда, елде әкесі де ұсталып, аты-шулы 58-баптың бірнеше тармақтары бойынша 10 жылға кесіліп, итжеккенге айдалып кете барған.

Бір әулеттің басына төнген осындай топалаңнан Әнуардың аман қалуына тегінің атасы емес, өз әкесінің атында болуы себеп болғанға ұқсайды. Сондықтан ол тым-тырыс жүріп, 1938 жылы университеттегі оқуын аяқтап шығады. Бірақ кезек жолдама алуға келгенде ағасының «елге барма, көзтаныстар арыз жазып, ұстатып жібереді» деген сөзін қаперіне алады. Ол кездегі жағдай расында солай еді.

Әнуар оқуды аяқтасымен Сыр елі емес, Семей қаласына жолдама алған. Қаладағы №41 орта мектепте әдебиетші Қайым Мұқамедхановпен бірге ұстаздық етіп, 1939 жылы Ленин аудандық әскери комиссариаты қызыләскер қатарына шақырған. Әскери борышын өтеген жері – Брест қамалы.

 

Жауынгердің үшбу үш хаты

      Біздің қолымызда Әнуар ағамыздың әскердегі міндетін өтеп жүріп жазған үш хаты сақтаулы. Ер жетіп, үлкен өмірге қадам жасаған есіл азаматтан белгі әзірге осы ғана.Ұлы Отан соғысының қарсаңында жазылған бұл хаттардан әдеттегі амандық-саулыұпен қатар бір әулеттің тағдырына, қала берді еларалық саяси ахуалға сәуле түсіретін деректерді де кездестіреміз. Сонау Брест қамалынан жеткен хаттар сонысымен қымбат. Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында соларды біз кқпшіліктің назарына ұсынуды артық көрмедік.

      Бірінші хат

«Бибайша, Нысан, Әзия! Жазған хаттарыңды 28.02 күні алдым. Денсаулығым бұрынғыша, қорқатын ешнәрсе жоқ. Асығып киімсіз қаламын деген ой да жоқ. Себебі мені асырап отырған қазына бар. Ал сендердің тұрмыстарыңның нашар боулы қиын нәрсе. Менің ойлайтыным сол, одан басқа не ойға түсем. Бір өз басым болса екі жылға шыдаймын ғой, институтты бес жыл таршылықта жүріп бітіргенмін. Іскердегі екі жыл көп емес. Сол екі жылда сендер үлкен таршылыққа түстіңдер, келешектің қандай боларын мен қайдан білейін. Сондықтан маған хат жазғанда ештеңені бүркеулі қылып айтпаңдар. Шын ашығып қалатын болсаңдар (көктемде) айтыңдар, Семейдегі жолдастардан ақша қарастырып көрейін.  Мен тағы ескертемін, киімге ақша жұмсаушы болмаңдар. Киімсіз адам өлмейді. Семейден хат алып тұрамын.Онда да тапшылық, нан аз, қымбатшылық дейді.

    Бұл жақта қар ери бастады. Өздеріңде қалай, көктем шықты ма? Бибайша жұмысқа шыға ма? Мүмкіндігі болса істемесін. Қайта Әсия жұмыс істесін, ол жаздай ққорықпау керек. Мен де бір жылдай көрмеген қиыншылықты көріп келемін. Іскери тұрмыс оңай емес, қиын жұмыстарға салады. Сау болсам күзге барып, барлығынан құтқарамын.

Туғандарға сәлем! Мәуленге сәлем! Апама сәлем!

Әнуар, 5.02.1941 жыл».

      Хат иесі хал-жағдайды сұрастырса да, оның мазмұнынан соғыс алдындағы елдің ауыр жағдайын байқауға болады.

      Екінші хат

      «Сағынышты сәлем, Бибайша, Нысан, Әзия! Салған хаттарыңды 23.03. күні алдым. Хабарларыңды сезіп, өз ауыздарыңнан шыққан, өз қолдарыңмен жазылған хатты оқып көңілденіп қалдым. Бүгін демалыс күн, қол бос, көңілдің бұзылыңқырап, әр нәрсеге ой кете беретін, елді, үйді көп ойлайтын күн еді. Осындай күні хат алып, оны оқу, үйге барғанмен бірдей, қол алысып көріскенмен бірдей.

    Денсаулығым жақсы. Тек сол баяғы жүректің нашарлығы. Көкірек шаншып, ауырып қояды. Тез шаршаймын. Мұның бәрі осы жүрген тұрмысқа байланысты ғой, елге қайтып денсаулықты түзеп алуға болады. Дегенмен қорқатын ешнәрсе жоқ, ол өзіме анық белгілі. Уақытша нәрсе ғой. Жаз шығып келеді. Қайтатын уақыт та жақындап келеді. Сонымен қатар қиыншылықты көбірек көретін уақыт та жақындады. Өйткені әскерде қыстан гөрі жаз қиын өтеді. Бірақ әскери тұрмысқа үйрендік.  Бұл жазды тез өткіземіз деген ой бар.

 Ал енді өз халдерің қалай? Астық арзандады ма? Мал жағы бар ма? Сосын мен мына сұрағыма ешбір жауап ала алмадым: қандай тамақ ішесіңдер? Тым болмаса осы хатты алған күні қандай тамақ іштіңдер, соны айтып жазыңдар. Ұмытпаңдар, ет, шәй, с.т деген тағамдар бар ма?

    Әлібек, Әуелбектен хат-хабар бар ма? Қалжан көкемнен ше? Туысқандарға сәлем. Төребайға сәлем!

 Әнуар, 23.03.1941 жыл».

       Бұл хаттың басты ерекшелігі – мұнда әдеттегі тұрмыс жағдайымен қатар әкесі Қалжан мен ағалары – Әуелбек пен Әлібек Қоңыратбаевтардың тағдырын сұрастырған. Оның өзіндік сыры болатын. 1937 жылы ағасы Әлібек «халық жауы» деген жаламен Алматы абақтысында атылып, көкесі Қалжан итжеккенге айдалып, Советская Гавань маңындағы №22 Амурлагте 1940 жылы көз жұмған болатын. Әуелбек болса бас сауғалап қарақалпақ жағына өтіп кеткен еді. Әнуардың сұрап отырғаны солардың кейінгі тағдыры.

Үшінші хат.

       «Бибайша! Кейінгі жазған хаттарыңды 8.05. күні алдым. Дансаулығым жақсы. Қайтар уақыт жақындаған сайын жүрек соғып, ылғи ойға түсіп, асыға беремін. Тірі болсам қыркүйек, қазан айларында қайтамын. Әрине, халықаралық жағдайда бір өлгеріс болып қалса, біз соғысқа кіретіндей жағдай болса қайту екіталай мәселе. Ол шақта Отанымызды қорғау үшін белсене кіріспесек болмайды ғой. Әскерде жүрген біз бәріміз қатарда болуымыз керек.

    Бұл жақтың ауа-райы өте нашар. Қар еткелі екі ай болды, сол екі айда күнді 3,4 рет көрдік. Ылғи жауын-шашын болады да тұрады. Әлі күнге дейін көйлекшең жүруі мүмкін емес.

    Тұрмысы жақсы. Астық, нан көп. Жаңа шыққан қаулы бойынша елге қайтқан әскерлер өз киімімен оралу керек. Ал біздерде мұндай киім жоқ болғандықтан ескі киім, жаман тәбеңке беріп қайтарамыз дейді. Елге бара қалсам жетім баладай болып баратын түрім бар. Бірақ ол ойға келмейді, әйтеуір қайтсам болғаны.

   Нысан тәуір болды ма? Әуелбектің адресін беріңдер. Жазда қайда боласыңдар. Қызыл Туға көшесіңдер ме, жоқ сол Ортақшылда боласыңдар ма?

 Мәуленге хат жаздым.

Әнуар, 15.05.1941 жыл».     

      Ұлы Отан соғысының қарсаңында жазылған бұл хаттағы соғыстың болуы мүмкін деген жолдар көзге ұрады. Әнуар халықаралық жағдайдың шиеленісіп тұрғанын білген. Үшбу хаттың сыртында мынадай мекен-жайлар көрсетіліпті: «КазССР, Кзыл-Ординская область, ст.Байга-кум, с/совет Жулек, к/з Ортакшыл. НСШ Халжановой Н.

Брест п/я.32».

 

Із-түзсіз жоқ болған сарбаз

       Иә, 1941 жылы Әнуар Қалжанов әскери борышын өтеп, елге оралуы керек еді. Сол күнді ол асыға күткен. Бірақ 1941 жылдың 22 маусымында басталған Ұлы Отан соғысы оған мүмкіндік бермеді. Соғыс басталған сәттен бастап Брест қамалындағы Әнуармен байланыс күрт үзілген.

1949 жылдан бастап Әнуардың тағдыры КСРО Қорғаныс министрлігінен бірнеше рет сұралған екен. Олардан келген жауаптардан мынадай жолдарды оқимыз:

«Сообщаем, что рядовой Халжанов Анвар, 1916 г.рождения, уроженец Кзыл-Ординской области, Чийлийского района, аул Кердели, призван в ряды СА Ленинским РВК г.Семипалатинска, пропал без вести в сентябре 1941 года.

      Мать: Конратбаева Бибайша проживала по месту рождения учтенного к/з Кзыл-Ту.

Основание: ЦАМО донесение 22522 с – 49 года (08.02.1989 г)».

Осылайша Әнуар Қалжанов бұл өмірден із-түзсіз ғайып болған. Бір әулеттің түбіне жеткен осы оқиғаларды тағдыр тәлкегі демеске не шара.

 

 

Бүгінде соғыстың аяқталғанына 75 жыл толып отырса да қызыләскер Әнуар Қалжановтың тағдыры туралы дерек еш жерден шыққан емес. Осыдан 4-5 жыл бұрын Брестегі мемориалдық музей қызметкерлерімен хабарласып едік, олардың тізімінде Әнуар Қалжанов болмай шықты. Сол тұста «Брестский вестник» газетіне арнайы мақала жазып, суретін жариялап, Әнуардың соғыс басталардың алдында Брест қамалында әскери борышын өтегенін көпшіліктің назарына салдық. Артынша суретінен бастап қолымызда бар құжаттарды музейге жіберіп едік, қабылдамады. Олар үшін қызыләскердің Бресте әскери қызметін өтегені емес, соғыс кезінде тұтқынға түспей, мерт болғаны туралы айғақ керек екен. Арада 70 жыл өтсе де мемориалдық музей қызметкерлері Сталиннің немістерге тұтқынға түскендерді «сатқын» санайтын аты-шулы бұйрығын басшылыққа алатынын ұғындық. Амал қанша, Әнуар Қалжанов есімді қызыләскердің болғанын, оның соғыс басталғанда  тұтқынға түспегенін дәлелдейтін құжатты да таба алмадық. Подольскідегі әскери архивке де хат жаздық, бірақ «пропал без вести» деген анықтамаға өзгеріс ендіре алмадық…

 

Брестен жеткен жылы хабар

      Сөйтіп жүргенде бір жылымықтың лебі соқты. Профессор Л.Ахметова Брест қамалын қорғаушылардың арасында 480-ге жуық қазақстандықтардың болғанын анықтап, олардың тізімін сайтқа шығарды. Тізімді тауып алып, мұқият сүзіп шықтым. Семей қаласынан әскерге шақырылғандар тізімінің арасындағы  Әнуар Қалжанов (Анвар Хольжанов) деген жолдар көзіме оттай басылды: Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Иіркөл ауылы, 1916 жылы туылған – бәрі дәл келеді. Қатардағы қызыләскер, сапер, 140 инженерлік батальонда (Литер «Т») борышын өтеген. Жерленген жері – Брест қамалы.

Сонда осы кезге дейін бұл мәліметтер қайда жатқан? Қаншама рет әскери комиссариаттарға хат жазғанда бұл құжатты неге ескермеген?

Архив деректерімен танысқан сайын жоғалғаным табылғандай, көңілім өсіп, кеудемді бір қуаныш сезімі керней берді.  Байқасам, Семейдегі мектепте мұғалім болып жүргенінде Әнуар ағамыз үйленгенге ұқсайды.

Жуық арада табылған екінші бір анкеталық мәліметте әйелі Ғабитова Күләш Ғабитовна деп көрсетіліпті. Әнуар қызыләскер қатарына алынған соң, 1941 жылғы 22 маусымдағы мәлімет бойынша жұбайы Семей облысы, Жалғыз төбе станциясы, Ақжал руднигіндегі орта мектепте мұғалім болып жұмыс істеген. Шамасы Семейдегі педучилищені аяқтаса керек.

Осы мәліметтің табылуына орай тағы бір ой мазалай берді: егер 1940 жылға дейін Әнуар үйленген болса, артында тым болмаса бір баласы қалуы мүмкін ғой.  Күләш Ғабитованың жас мөлшерін білмедік. Оның өзі болмаған күнде балалары тірі болса керек қой. Әнуардан қалған бала болса, оның да 80-ге таяп қалатын кезі. Егер Әнуар мен Күләштің ортасында бала болса, ол туралы мәлімет 1939-1940 жылдарғы Семей қаласының Ленин ауданына қарасты АХАЖ бөлімінде тіркелуі де әбден мүмкін-ау…

Осындай ойдың жетегінде қолыма үміт-қалам алып, өмірден өз еріктерінен тыс кетіп, артында ұрпағы, өмірде іздері қалмаған асылдың тұяғы туралы жазуды өзіме парыз санадым. Әкеден бір, ағадан екі, әйелінен үш айырылған Әнуарға тағдыр неге соншама қырын болды екен?

 

Іздеу жұмысы басталған бойда Күләш Ғабитованы танитындар табыла кетті. Байқасам Әнуардан бала болмапты. Ұзақ жылдар бойы мектеп директоры болып,  соғыстан соңғы жылдары бірнеше рет Брест қамалына барып қайтыпты. Артынан қайта тұрмыс құрған. Бір ұлы бүгінде Талдықорған қаласында тұрады екен, хабарласып, мән-жайды сұрастық. Әйелі ақжарқын орыс қызы екен. Біздің Әнуардың тағдырымен келгенімізді естігенде  ойланып қалды да, бір  әңгіменің шетін шығара бастады.

Байқасам, Күләш Ғабитовна ұзақ жылдар бойы ауырып, 80-жылдары Семей жағында бақилық болған екен. Ауруханада ауыр халде жатқан енесіне келіні барғанда, ол кісі: «Менің бір өтінішімді орындайсың ба?» депті. «Әрине орындаймын» деп жауап қаттым дейді келіні. «Онда мына көтеріп жүрген балаң ұл болса, есімін Әнуар деп қойшы» депті.

Келіні уәдесін беріп, ұзамай Күләш Ғабитовна да өмірден озыпты. Келіні артынан ұл босанғанда оған Әнуар деген есім берген екен. Сол бала бүгінде жігіт болыпты. Біздің әңгімемізді тыңдап отырып, өз есімінің  төркініне бойлағандай болды. Жеңгеміздің суретін осы отбасынан алдық.

Сұм соғыс талай тағдырларға тұсау салып, есімдерін өмірден өшірді емес пе. Соғыстың алдында ғана отбасын құрған жас Әнуар мен Күләштың да ой-армандарының болғаны анық. Бірақ  өмір оларға қатал келіп, тағдырлары баянды болмаған…

1937 жылы атылып кеткен Әлібек ағасының артында жалғыз қызы қалған болса, жұбайы Гүлнар Дулатова оны өмір бақи жасырып, үйіріне қоспай кетті. Жазықсыз мерт болған Қалжан Қоңыратбайұлының жалғыз тұяғы Брест қамалында мерт болса, оны құзырлы мекемелер мойындамай отыр. Қандай ауыр жағдай…

«Жалғыздың жары – Құдай» деген емес пе. Жуық арада Германия елі 9-мамырға дейін тұтқынға түскен КСРО әскерилерінің толық тізімін бергелі жатыр деген хабарды көзім шалып қалып еді. Мүмкін есімі сол тізімнен табылып қалар. Сұм тағдыр қашанғы өзінің ызғарын шаша  бермек? Бір жақсылықтың ізі шығар деген үмітіміз үзілер емес…

 

Тынысбек ҚОҢЫРАТБАЙ,

 профессор

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.