МЫНАУ «ТӘТТІ АЛМА» ЕМЕС «АЩЫ АЛМА» ҒОЙ

0
782

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің назарына

 Есімі қазаққа белгілі балалар ақыны Қуат Адис «Тәтті алма» деген жинаққа топтама өлеңінің енгенін әлеуметтік желіге қуана жазған екен. Ақын інімнің бұл қуанышына мен де қосыла отырып, оның нендей жинақ екеніне назар аудардым. Сөйтсем Мемлекеттік тілді дамыту қоры Тұңғыш Президент қорының қолдауымен балаларға арнап, жыл сайын әлгіндей жинақ шығарады екен. Қуаттың өлеңдері соның 5-ші томына еніпті.

Бір қызығы 5-том былтырғы көкекте жарық көрген. Бірақ автор бұл туралы биыл, осы жақында естіпті. Оны сол жинаққа туындысы енген Тілеген Бекарыстанов ағасы айтпаса, тіпті білмей қалғандай да екен. Тәкең де кездейсоқ біреуден естіген сияқты.

Бұны сонда не деуге болады? Біреу ақынның интеллектуалды еңбегін ұлықсатсыз алады да, оны кітапқа ендіреді. Әрі ұдайы табыс тауып тұру үшін әлгі жинақтың жылда біреуін дайындайды. Дәнігіп алғаны сонша, шығармасын алған авторға қаламақы төлеу былай тұрсын, жай ғана сыйластық үшін, жай ғана ырзалық үшін ескертуді де ұмытқан. Ұмытпаған, ескертуді қажет деп таппаған. Демек, дәнігіп қана қоймаған, құнығып алған.

Өйткені қазір ақын-жазушы деген қоғамдағы ең бір беделсіз, ең бір қадірсіз, еңбегі еш, тұзы сор елеусіз біреуге айналған. Оның ой еңбегі сантехниктің қарапайым қол жұмысынан да бағасыз деуге болады.

Сөйте тұра 1-томның бірінші бетіне «Балаларға арналған шығармалар үлкенді сыйлау, кішіні демеу, ел мен жерге, Отанға қызмет ету, саналы да сергек ұрпақ өсіру сияқты асыл қасиеттерді насихаттап, балғындарды биік мұратқа жетелейді» деп сол кездегі Президент Н.Назарбаевтің атынан алғысөз жазып қойыпты. Бұл қазіргі қоғамдағы сөздің іске үйлеспейтінінің, екеуінің екі басқа екенінің бір мысалы. Бұл тіпті біздің қоғамда қалыпты жағдайға айналып кеткен. Ақынның шығармалары үлкенді сыйлауға, кішіні демеуге баулыса, ел мен жерге, Отанға қызмет ету мен саналы да сергек ұрпақ өсіру сияқты асыл қасиеттерді насихаттаса, балғындарды биік мұратқа жетелесе, біздің қоғамның зәру нәрсесі дәл осы емес пе? Олай болса, ақынның туындысы, яғни шығарған өнімі де бағалы болуы керек қой. Ұрпақты әлгі алғысөзде жазылғандай сапада тәрбиелеу қай кездің де басты мәселесі емес пе? Демек бұл ақыл-ойын сарқып, көз майын тауысып жазған ақын-жазушының еңбегін қасақана бағаламау ғой.

Ал қазақ әдебиеті бұндай қасіретке, яғни сантехниктің ақын-жазушы дәрежесіне көтерілуіне, керісінше ақын-жазушының сантехник деңгейіне құлдырауына қалай ұшырады? Егер ақын-жазушының еңбегі құнсыз, сантехниктің жұмысы құнды болса, онда ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтудің қандай мәні бар? Көшелерге ақын-жазушылардың есімін қай бетімізбен береміз? Қайта олардың орнына сантехниктердің аттарын қоя салмаймыз ба? Іс жүзінде солай болып тұр ғой.

Үйге шақырған сантехниктің жарты сағат істеген жұмысына да ақысын төлемейтін бе едік. Ал «Тәтті алма» атты көптомдықты шығарушы мекеме ақын-жазушының еңбегін әлгі сантехник құрлы неге ескермейді?

Ескермейтін себебі біздің қоғамда көркемөнерді құнсыздандырып жіберген. «Ақын-жазушылар өздері жазғанын өздері кітап етіп шығарсын, оны өздері сатып күндерін көрсін» деген пікір ең жоғарғы билікте жүргендердің аузымен талай айтылды. Көркем әдебиеттің қадірін кетірген де осы жалғыз ауыз сөз деп ойлаймын. Көркем әдебиет ағаштан жонып-жонып жасай салатын үстел-орындық емес. Тіпті сол үстел-орындықтың өзін жасайтын басқа адам, сататын басқа адам ғой. Неге жазушы жазған кітабын өзі ақша төлеп шығаруы керек? Неге өзі сатуы керек? Қалай сатады? Қайда сатады? Барахолкаға апарып сата ма?

Ақын-жазушы тудырған өнер туындысы адамзат баласын тәрбиелеуге қажет болса, оған мемлекет неге салғырт қарайды? Салғырт қарамай, оны қайта жан-жақты қолдауы тиіс емес пе? Қолдау былай тұрсын, мемлекет баспаларға кітап басып шығару үшін тендр беру арқылы, баспалар арасындағы бәсекелестікті жойып, талантты жазушыны бағаламаушылықты өршітіп жіберген.

Мемлекет өзінің ақын-жазушысын қалай қолдауы керек? Менің ойымша, кітап басып шығаруға бөлінетін тендрдің көзін жойған жөн. Сонда баспалар мықты жазушыны өздері-ақ жағалай бастайды. Халтурщиктерге жоламайды, одан қашық жүреді. Қазіргідей мемлекеттік тапсырысты орындап, тымпиып қана жүрмей, бір-бір әдебиет зерттеу мекемесіне айнала бастаған болар еді.

Сосынғы қалған жалғыз мәселе кітап саудасына дем беру. Қалай дем береді? Әрине, мемлекет нарықтық экономика жолын таңдағандықтан кітап дүкендерін аша алмайды, бірақ соның жұмыс істеу жүйесін жолға қоюға болады ғой. Мәселен кітап дүкенін ашқан кәсіпкерден салық алмаса, тіпті оған көмек беріп тұрса. Тағы бір ойым, мемлекет тарапынан қаржыландыратын кітапханаларда кітап сататын бөлмелер мен бұрыштар ұйымдастыруға неге болмасқа?

2013 жылғы бір ақпаратта сол кездегі Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед «Қазір Қазақстанда мектептердегі шағын кітапханаларды қосып есептегенде түрлі деңгейдегі 10 мыңға жуық кітапхана бар» депті.

2014 жылғы бір мақалада ҚР Ұлттық кітапханасының қызметкері Кәрима Қоштаева «Елімізде қазір барлығы 11 390 кітапхана жұмыс істейді. Олардың ішінде 4 143 кітапхана көпшілікке арналған. Сол көпшілікке арналған кітапханаларда  4 млн. 455 мың оқырман тіркелген» дегенді айтады.

Ал Алматыдағы Ұлттық кітапxананың деректірі Бақытжамал Оспанова былтыр бір жиында баяндама жасап, онда «Бүгінде республика бойынша кітапханалардың саны 11 мыңнан асады. Оқырман саны – 8 млн. 627 мың 524» деген санды атап өтеді.

Міне, республика бойынша кітап саудасын дамытуға дайын тұрған қаншама мүмкіндіктеріміз бар десеңші. Тек кітапханалардың кітап сатудан тапқан табысынан салық төле деп жылтыңдамай, тіпті тапқан табысын қалай жұмсауды кітапханалардың өз еркіне қалдырса, кітап саудасын дамыту деген сол емес пе? Мемлекет баспалардың бағын тендрмен байламай, ізденіспен жұмыс істеу жолына түсірсе, онымен қоймай кітап саудасын дамытса, онда кітаптың таралымы да көбейер еді. Егер таралым көбейсе, кітаптың өзіндік құны арзандай бастайды. Мен бір баспаханаға: «Көлемі 20 баспа табақ, мұқабасы қатты, таралымы екі мың кітапты қанша теңгеге шығарасың?» деп сұрақ қойдым. Баспахана иесі есептей келе, кітаптың әр данасы 800 теңгеден болатынын айтты. Ал 5000 данаға тапсырыс берсең, әр кітап 730 теңгеге, егер тапсырыс 20 000 данаға өссе, 650 теңгеге түсетін көрінеді. Баспалар арасында бәсекелестік пайда болса, кітап бағасы да арзандай беретіні анық.

Ендігі бір шешілмеген нәрсе электронды кітапхана мәселесі. Бұл туралы 2013 жылы министр Мұхтар Құл-Мұхаммед былай депті. «Қазір жастар кітапты аз оқиды деген пікір қалыптасқан. Өз басым онымен толық келіспеймін. Дұрысы, жастар кітаптың электронды нұсқасын оқиды. Мен де қашан кітаптың баспалық нұсқасы қолға түскенін күтпей-ақ, интернеттегі электронды нұсқасын оқуға көштім. Міне, осындай креативті оқырмандар үшін министрлік «Қазақстанның электронды кітапханасын» ашты. Қазір онда 4280 кітап, 16 мыңнан астам құжаттардың электронды көшірмесі орналастырылған. Алдағы уақытта жыл сайын ондағы кітаптар саны толығып тұратын болады» (http://old.baq.kz/kk/news/prezident-tapsirmasi-kalai-orindaluda/elimizdegi-kitaphanalar-sani-10-minga-zhetken-38922).

Ақын-жазушы еңбегін еш қылудың бұдан өткен айласын табу мүмкін емес. Көрдіңіз бе, министрдің өзі кітап сатып алудан гөрі интернеттен тегін оқуды пайда көріп тұр. Қуын қара!

Сонда жазушының пәлен жыл тер төгіп еткен еңбегін (әрі ол қандай еңбек десеңізші) сатып алмай, интернеттен тегін оқып алмақ па? Бұл нарықтың экономика заңдылығына қайшы ғой. Сондықтан электронды кітапхана да ақылы болуы қажет, одан ақын-жазушыға пассив табыс төленуі тиіс. Әйтпесе ақын-жазушыны тұншықтыратын ондай кітапхананың қажеті қанша?! Бұрынғы жазушыларға қаламақы төленуі арқасында қазақтың рухани дүниесі жасалды. Қазір өздері жоқ болса да, аға ұрпақ жасаған сол дүние енді ұлттың рухани байлығына айналып кеткен.

Осыны ойлауға соншалық көп ақыл қажет те емес. Ұлттық ақыл-ой қазынасына деген оң көзқарас болса, сол жеткілікті. Осы көзқарастың жоқтығынан ақын-жазушылар да өздерінің кім екенін ажыратудан қалған. Өздерінің құнды дүниелерін бағалай алмайтын құл деңгейіне түсіп кеткен. Иә құл деңгейіне, сантехник деңгейіне емес. Сантехникке жұмысы үшін ақысын төлемей тұра аласың ба? Ал менің Қуат інім барымталанып кеткен өлеңдерін даулап, біреудің жазған-сызғанынан пайда тауып отырғандардан қарымта қайтарудың орнына, «Өлеңдерім жинаққа еніпті, бірақ мен оның жарық көргеніне бір жыл болғанын білмеппін» деп қуанып отыр. Осы жинаққа шығармалары енгендер өздері үшін бұның тәтті алма емес, керісінше ащы алма екенін білуі керек еді ғой.

Жалғыз Қуат қана ма, менің өзімнің де, мен ғана емес барлық ақын-жазушы атаулының да көрген күні осы. «Тәтті алма» сияқты талай жинақ талай шығармамызды пайдаланып кеткен жайы бар. Бірақ сол жинақты құрастырып, кітап етіп басып шығарған шіркіндердің ойына «Біреудің еңбегін тегін пайдаланғаным қалай?» деген ой кіріп-шақсашы. Кіріп-шыққаны былай тұрсын, шығармаңды кітапқа ендіріп, пайдаланып кеткенін жақсылық жасағандай міндет ететінін қайтерсің. Әрине, ол үшін еңбегіне ақы сұрауды қойған ақын-жазушыны да, ақын-жазушының еңбегін бас-көз жоқ, сұраусыз, тегін пайдаланып кете беретін баспаларды да кіналаудың қажеті шамалы. Бар пәле басқа саудаға еш ұқсамайтын, алайда мемлекет үшін аса маңызды кітап саудасын мемлекетіміздің жолға қоя алмауында болып тұр.

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы,

«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,

көпшілік журналының бас редакторы

 

Редакциядан: Нұрлыбек Саматұлының әдебиетке, оның ішінде қаламгерге, шығармашылдығына деген ащы ойларын, әріптесінің, жалпы қаламгерлердің тапталып жатқан құқықтарын қорғап шырылдауын, жаны ашуын біз де оқып шығып, қолдадық. Шынында да қазіргі ақын-жазушының қоғамдағы ең бір беделсіз, қадірсіз, еңбегі еш, тұзы сор елеусіз біреуге айналуына кім кінәлі? Автор бұл мәселеде де тұжымды, келелі ойларын, пікірлерін ортаға салады. Жалпы қаламгерін қорғайтын Қазақстан Жазушылар одағы ай қарап жүр ме деп ойлайсың. Осы өзекті де көкейтесті мәселені көтеріп неге беделді де, лауазымды орындардың алдында дабыл көтермейді? Ол тек Нұрлыбекке ғана қажет пе? Біз бұл мақаланы ҚР Мәдениет және Спорт министрлігінің назарына ұсынып отырмыз. Өз одағымыз жаны ашымағанда, ондағылардың бұл мәселелерді түбегейлі шешуіне күмәндіміз.

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.