СЕЙІЛБЕК АҒАМ ЖӘНЕ СӘБІЗ ТАЗАЛАҒЫШ…

0
597

Күні кеше өзіміз дидарласқан, дастарқандас болып әңгімелескен ағаларымыздың ішінде ұмытылып бара жатқаны – Сейілбек Қышқашұлы. Мамандығы инженер. Өзін тапқырмын (өнертапқыш – изобретатель) дейтін. Өмірінде жеті жаңа техника ойлап тауып, сызбасын сызған. Оны өзі техника демей, жарақ дейтін. Осы жеті жараққа да Мәскеудегі тиісті орындардан авторлық куәлік алған. Саналы өмірін сол жарақтарын жасап шығаруға жұмсады. Бірақ бірде-біреуі іске аспады. Жоқ, ойлап тапқаны нашар болғандықтан емес, оның себебі тереңде. Өнертапқыштыққа біздің қоғам дайын емес еді.

Жеті жарағының атын атап өтейін, олар мыналар: жаңа астық жинағыш, жаңа дән сепкіш, жаңа мақта тергіш, жаңа кен байытқыш, жаңа кен қазғыш, жаңа жер ұңғығыш, жаңа тас кескіш. Өзінің айтуынша, егер осы жарақтар жасалса, дән де жармақтанбай бүтін күйінде бастырылады, мақта да талшығы үзілмей таза жиналады, көмір де ұнтақталмай, сапалы түрде қазылып алынады. Ол ол ма, ондай техникалары жоқ басқа елдер ондай жаңа жарақтарды бізден сатып ала бастайды. Сөйтіп Қазақстан байлыққа белшеден батады.

Бұл Сәкеңнің, Сейілбек ағайдың өз ойы. Ойы ой-ақ. Бірақ оның жаңа жарақтарын жасап шығаруға билік басындағылар еш құлық танытпағанын көзіміз көрді. КСРО кезінде де, Тәуелсіз ел болған соң да елеген тірі жан табылмады. Тым болмаса, «мынауың жарамайды» деп те айтпапты. Дұрысы айта алмапты. Егер оның, айталық, жаңа дән бастырғышы мен жаңа тұқым сепкіші жасалатын болса, онда бұрынғы ескі техникалар қатардан шығып қалар еді. Сол техникаларды жасайтын зауыттар дағдарысқа ұшырап, сервистік қызмет көрсету орындары мен сату-сатып алу жүйесі түгелімен күйрер еді. Орнына жаңа жүйе жасақталып, жаңа адамдар келер еді. Ескі техника арқылы ғалым болғандар да далада қалар еді. Жаңаның аты жаңа ғой, жаңа келсе, ескі орын босатуға мәжбүр емес пе. Басқа комбайндары туралы да осыны айтуға болады. Сондықтан Сәкем жаңа жарақтарын жасауға бар өмірін сарп етті. Бірақ барған жерінен, қаққан есігінен қарсылықтан басқа ештеңе көре алмады.

 

 

Мысал үшін айтайын, оның тұқым сепкіші жерді бұрынғыдай алдын ала жыртып, алдын ала тырмалап, өңдеп алуды тіпті де қажет етпейтіндей еді. Бәрін бір техника бір мезгілде атқаруға негізделген. Өзі жыртады, өзі тырмалайды, тұқымды да өзі себеді. Тіпті сеппейді, себу деген дәнді шашу ғой, оның техникасы белгілі бір аралыққа, белгілі бір тереңдікке ойық жасайды да, сол ойыққа бір дән салады, салынған дәннің жанына бір түйір тыңайтқыш қосады, қажет болса бір қасық су құяды. Сонан соң ғана бетін топырақпан жауып әрі кетеді. Осы жұмыстардың бәрі техника бір жүріп өткенде атқарылады. Аса үнемді, аса тиімді. Бұл біздің шөлейт аймаққа, әрі нарықтық экономикаға көшкен мемлекет үшін өте қажет техника еді. Амал не, еш қолдау таппады.

Дәл осындай техниканы Германияның «LEMKEN» компаниясы шығара бастағанын жақында естідім. Мен туған ауылдағы «Ер-Әлі» шаруа қожалығы (төрағасы Әліби Бақытбекұлы) жақында 18 млн теңгеге сондай тұқым сепкіш сатып алып, жұмысқа қосыпты. Бұл тұқым сепкіш нөлдік технологиямен жұмыс істейді екен. Нөлдік технология дегені Сәкемнің, қайран Сейілбек Қышқашұлының  баяғы айтып жүргені, басқа түгі де жоқ.

Сәкем көзі тірі кезінде «Ана тілі» газетіне жиі келетін. Сондай бір келгенде мен оған:

– Бір банк жаңа техника жасауға несие береді екен, – дедім.

– Ойбай, онда барайық, – деп, менің сөзіме сене қалды.

Бардық. Айттық. Банк қызметкері де жақсы адам екен, ол бізге жарақ жасайтын зауыттан ұсыныс керек деп түсіндірді. Сәкеңнің бірден ұнжырғасы түсіп кетті.

– Ондай зауыт қайда… – деп қойды түңіліп.

Түңілетін себебі ол ондай зауытқа да барып көрген. Зауыт оның сызбаларын мұқият қарап, жасауға болады депті. «Бірақ бізге мемлекет немесе ауылшаруашылығымен айналысатын компаниялар тапсырыс берсін, тапсырыс іздеп көріңіз» депті. Ал ондай тапсырысты жаяу жортқан Сәкем қайдан тапсын.

Қайтар жолда:

– Сіз неге сонша күрделі зат ойлап табасыз. Әуелі кез-келген үйге керек ұсақ-түйек нәрсе ойлап таппайсыз ба? Мысалы сәбіз тазалағышты мен ойлап таптым – деп өтірікті соғып жібердім. – Патентімді Жапонияның бір зауыты сатып алып, жасап жатыр. Маған ай сайын үш мың доллар жіберіп тұр.

– Не дейсің? – деп Сәкең кілт тоқтай қалды. – Менің кемпірім күнде сәбіз аршып жүрген затты мына сен бе ойлап тапқан?

– Иә, мен ойлап таптым, – дедім бетім бүлк етпей. – Міне енді рақатын көріп отырмын.

– Ит екенсің! – деді Сәкең жақтырмай қарап. – Сондай тамаша идеяны шетелге сатуға бола ма екен. Ал мен комбайнымды шетелге сатпаймын. Қызығын Қазақстан көруі керек.

Расында сызбаларын сатып алу туралы шетелдердің бірінен ұсыныс түскенін, бірақ бас тартқанын бірде өзі айтып қалғаны бар еді.

Екеуміз редакцияға қайтып келе жаттық. Маған өкпелеп қалғаны анық еді.

Айналайын, Сәкем-ай, бала сияқты аңғал, сенгіш еді-ау!

 

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ, жазушы,

«Таң-Шолпан» әдеби-көркем,

көпшілік журналының бас редакторы.

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.