ҚАЗАҚСТАНДА ФАРАБИТАНУДЫҢ НЕГІЗІ ҚАЛАЙ ҚАЛАНДЫ?

0
278

Қазақ даласында мың жылда біртуар талай таланттар өмірге келді. Солардың бірі де бірегейі биыл туғанына 1150 жыл толған әл-Фараби бабамыз. Энциклопедиялық басылымдарда әл-Фарабиге «Әбу Насыр әл-Фараби, Әбу Наср Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби (870, Отырар қ. — 950, Сирия, Шам) — қазақ даласынан шыққан ұлы ғалым, ойшыл философ, математик, астролог, музыка теоретигі. Әскербасының отбасында дүниеге келген. Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған. Әбу Насыр әл-Фараби — түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі атанған ғұлама» деген анықтама берілген. Негізінен, әл-Фараби заманы «Жібек жолы» бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келді. Ғұлама Орта Азия, Иран, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Өздігінен көп оқып, көп ізденген әл-Фараби философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактатын мұраға қалдырды. Дегенмен, мыңжылдық уақыт аралығында әл-Фараби мұрасының Қазақстанда зерттелуі 20 ғ-дың 60-жылдарында ғана басталды. Оған бүгінгі күні Қазақстан фарабитану саласының негізін қалаушы деп толық мойындалған профессор Ақжан Машанов (Ақжан әл-Машани) пен академик Қ. Сәтбаев бастамашы болды. Ақжан Машанов өзінің «әл-Фараби және Абай» атты еңбегінде әл-Фарабидің есімін алғаш рет 2-дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясы қабырғасында Чехословакиядан келген математика ғылымдары тарихының білгірі, профессор Э.Я. Кольманнан естігенін айтады. Соғыс жылдары Батыстан келген ғалымдар, негізінен, Алматы қаласындағы КСРО Ғылым академиясының қазақстандық бөлімшесінде шоғырланып, оған академик Қ.И. Сәтбаев жетекшілік еткен. 1943 жылдың басында Э.Я. Кольман осы қазақ академиясында баяндама жасап, онда әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Жауһари, әл-Бируни, Ибн-Сина, әл-Ферғани, Омар Хайям, ат-Туси, Ұлықбек, әл-Хазин, т.б. Орта Азия мен Қазақстан ғалымдарының орта ғасырлардағы ғылымға қосқан үлесін сипаттайды. Осы кездесудің өзіне қатты әсер еткенін Ақжан ағамыз аталмыш кітабында тебіреніп еске алады. Дегенмен, соғыс уақытында Қазақстанның кен орындары басты мәселе болғаны белгілі. Сол баяндамада Қазақстандағы кен қазу тарихы мәселесі көтеріліп, Жезқазған, Алтай, Алатау, Қаратау, Жоңғар, Маңғыстау, т.б. өңірлер, сондай-ақ қазылған кендерді қорытқан орындардың тарихы айтылып, Қазақстанда кен қазу, металл қорыту өнері осы жердің ежелгі тұрғылықты халқы мәдениетінің жоғары болғанын көрсетеді деген қорытынды жасалады. Ақжан Машанов жоғарыдағы аталмыш кітабында: «Сол халық қай нәсілдегі халық болған? Міне, тағы бір сұрақ, тағы бір талас осыдан шықты. Революциядан бұрынғы тарихшылар сол кен қазу, металл қорыту өнерін біздің жергілікті халқымызға қимайтындай. Ескіден қалыптасып қалған әдет кейінгі кезге дейін қалмай келді. Мысалы, соғыстан бұрынғы тарихи кітаптарда ертеде кен қазған, металл қорытқан келімсек, мәдениетті адамдар болуы керек деген жалған түсінік болған. Кезінде біздің дәлелдеу үшін күрескен мәселеміздің бірі осы болды. Сонымен кен тарихы, ел тарихы, ғылым тарихы да біздің Қазақ Ғылым академиясын алғашқы құрушылардың алдында тұрды.

Осы мәселелер жөнінде біз алғашқы күндерден бастап еңбек еттік, зерттеулер жүргіздік, мақала, кітаптар жаздық. Біздің ұлттық, халықтық бір мықты тірегіміз – тіл мәселесі екені белгілі. Қазақтың тілін зерттеуші мамандар болды. Ал, біздің мақсат, өз саламыздағы ғылымда тиісті сөздік жасау, оқу кітаптарын жазу болды. Жер ғылымдары жөнінде жүктелген міндетті біз атқардық және жоғарыда аталған ірі ғалымдарға ұшырастық. Жер бетін өлшеу, оның қартасын жасау, кен қазу, металл қорыту  осының барлығына негіз салған – тағы сол жоғарыда айтылған әл-Хорезми, әл-Фараби, әл-Бируни, т.б.» деп еске алады. Демек, әр ғылым саласын жақсы түсіну үшін, алдымен, оның тарихын жетік білу керек. Бірақ осы ғалымдардың ішінен қазақ жерінде, Сыр бойында (Отырар – Фараб, қазіргі Түркістан облысындағы Отырар қаласының маңайындағы ортағасырлық қала) туған әл-Фарабидің мұрасы табылмайды. «Екінші ұстаз, Шығыстың Аристотелі атанған әл-Фарабиді туған елінің білмеуі қалай, зерттемеуі қалай? Білмеуі мүмкін емес, өйткені ол туралы мәлімет барлық мәдениетті елдің энциклопедияларыда бар» деген ой, намыс маза бермеген Ақжан ағамыз соғыс біткен соң он жылдан кейін Қазақстанда фарабитануды бастап кетеді. Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына орай Ақжан Машановтың бастамасымен ЮНЕСКО шешімі бойынша 1975 жылы Алматыда халықаралық конференция өтеді. Ақжан Машановтың ізін 1970 – 1980 жылдары А. Көбесов, Қ. Жарықбаев, Б. Ғафуров, А. Қасымжанов, А.В. Сагадеев, М. Бурабаев, М. Хайруллаев, т.б. ғалымдар жалғастырды. Соңғы он жылдықта Ақжан Машановтың көп томдық шығармалар жинағы жарық көріп, онда ғұламаға «әл-Фараби және бүгінгі ғылым» (6-томы), «әл-Фараби және музыка» (16-томы) атты томдары арналды. Қазір Ақжан Машанов негізін салған Фарабитану ғылымы әл-Фараби мұраларын аудару, зерттеу, насихаттау жұмыстарымен айналысады. Бүгінгі күні Қазақстанда Фарабитану дербес ғылым саласына айналып, фарабитану мектебі қалыптасты. ҚР ҰҒА философия және саясаттану институтында шығыс философиясы және фарабитану бөлімі, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Фарабитану орталығы жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқу үрдісіне ректор Ғ.Мұтановтың бастамасымен «Әл-Фараби және қазіргі заман» арнайы курсы енгізіліп,  әл-Фарабидің мінсіз, идеалды қала іліміне негізделген «Аl-Farabi university smart-city» ірі ғылыми-инновациялық жобасы жүзеге асырылуда. 2019 ж. әл-Фарабидің туғанына 1150 жыл толуына орай Халықаралық Абай клубы (жетекшісі – Р.Сейсенбаев) ғұламаның шығармашылығы бойынша жеті томдық еңбек шығарды. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-дағы «Әл-Фараби» ғылыми-зерттеу орталығы ғалымның еңбектерін жарыққа шығару, іргелі жобалар аясында ғылыми ізденістерді жалғастыру мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізуде.

         КЛАРА САРКЕНОВА,

Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология

 институтының ғылыми қызметкері

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.