ҚАҒАЗБАСТЫЛЫҚТАН ҚҰТЫЛАР КҮН ЖАҚЫН

0
242

Биліктегі ауыс-түйіс әсер етіп жатыр ма, қайдам, әйтеуір қиуы кеткен көп мәселенің түйіні тарқатылып жатқандай көрінеді. Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік тілге деген ұстанымы да, халықтың ерік-жігерін жанып жатқан тәрізді. Әсіресе жастардың биліктің биік сатысымен өрмелей бастауы да көңілге қуаныш ұялатуда. Сондай қуанышты жаңалықтың бірі ұстаздар қауымына да бет бұрғандай. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза бүгін Білім және ғылым министрлігінің аппараттық отырысында жағымды жаңалықты көпшілік жария етті.

Министрдің айтуынша балабақша, мектеп пен колледждер қағазбастылықтан арылатын күнге жетіпті. «Педагогтардан негізгі төрт құжат талап етіледі. Оның ішінде мұғалім тек екеуін ғана күнделікті жүргізіп отырады. Олар: дәстүрлі сабақ жоспары мен сынып журналы. Қалған құжаттар, яғни күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау (КТЖ) мен жетекшілік бойынша құжат бар. Демек құжаттар тізімі нақты бекітілді. Қазір орта білім дәрежесінде оны қатаң сақтау керек», – деп отыр бас ұстаз. Оның сөзінен тағы бір ұққанымыз педагогты қосымша құжат толтыруға міндеттегендерге ірі көлемге дейін айыппұл салу көзделген. «1 сәуірден бастап білім сапасын қадағалау департаменттері осындай құзіретке ие болды. Олар артық қағазбастылықты мен мұғалімді міндетінен тыс жұмысқа тарту мәселесін қатты қадағалауы керек. Бұл мәселеге нүкте қоюуымыз керек. Балабақша, мектеп, колледж болсын – қағазбастылықтан арылатын күн келді. Нақты бұйрық шықты. Дайын. Тиісті шара қолданатын мекемелер бар. Заңда және әкімшілік кодексте тиісті нормалар, санкциялар мен айыппұлдар қарастырылды. Сондықтан бұл мәселені күнделікті өз бақылауымызда ұстайтын боламыз. Қағазбастылық мүлде жойылады. Бұйрық тіркеуден өтті. Жергілікті департаменттер бұл мәселені қатаң бақылауда ұстауы керек», – деді ол нақтылап.
Қуанышты бөліскен жақсы деген қағидатқа бас иіп, бұл жағымды хабарды көпшілікпен бөліскенді жөн көрдік.

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.