Отбасы – Отанымыздың ошағы

0
286
Отбасындағы адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туыстарына  деген сүйіспеншіліктен басталады.
Н.Ә.Назарбаев

Отбасы – сыйластық пен жарастығы, берекесі  орнаған орта, кішкентай Отан. «Отан – отбасынан басталады» дегендей отанды сүю – отбасынан басталатыны рас. Себебі, отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы  – оның көкірегінде көп жылдар бойы сақталып, мәңгі есінде жүреді. Отбасы – табиғат сыйлаған кереметтердің бірі. Жеке адамның бойындағы ар – ұятын, ақыл – ойын, адамгершілігін, мәдениеттілігін тәрбиелеуге отбасы – алғашқы қадам. Отбасы – өте қажетті, басқадай еш нәрсемен өзгертуге болмайтын баспалдақ деп ойлаймын. Отбасының басты қызығы, алтын діңгегі – бала. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының әсері мол. Отбасының әрбір мүшесі өзара сөйлесіп, не болмаса ата-ананың, баланың, міндетін атқару ғана емес, береке – бірлік, сүйіспеншілікпен араласса, босағасы берік, шаңырағы биік отбасына айналары сөзсіз. Ата мен ана – бала тәрбиесінің қамқоршысы, өнегесі. «Әке – асқар тау, Ана – бауырдағы бұлақ, Бала – жағасындағы құрақ» – деп ата – ана мен баланы табиғаттың тамаша құбылыстарына теңеген халық мақалына қайран қаларсың. Қазақ отбасында әуелі әке, содан кейін ана, бұлар – жанұя мектебінің ұстаздары болады. Әке мен ананың баласына қоятын ең біріші басты талап – тілектері – баланың «әдепті» болып өсуі. Ата – ана балаларына қандай тәрбие берсе, ертең ол бала өскенде сол тәрбие арқылы өмірдің жаңа баспалдақтарынан өтеді. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп қазақ халқы бекер айтпаған. Баланың тәрбиесін басты назарда ұстау, ұлын ұлтжанды, қызын инабатты, сыпайы етіп өсіру ол әр ата – ананың міндеті болып табылады.  Сондықтан қазіргі қоғамда болып жатқан әртүрлі қатыгездік салдары отбасындағы тәрбиенің таяздығында деп білемін. Әрбір ересек адам өзі бақытты болуы үшін, ең бастысы, өзгелерді, оның ішінде бірінші болып балаларды бақытты ету керек екендіктерін білулері қажет. Еліміздің іргетасы бүгінгі отбасында қаланып жатқанын естен шығармайық.

 

Алматы қаласы Түрксіб ауданы

КММ №84 ЖББМ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары

Адема Абеугалиқызы Кокекова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.