Жаңа форматта білім алу жүйесі

0
198

 Бәрімізге белгілі осыдан біраз уақыт бұрын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді міндеттеп, карантин жариялады. COVID-19 пандемиясы өзінің ауқымы бойынша  Қазақстан тарихында бірінші карантин. Соның негізінде колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттері қашықтықтан оқыту технологиялары негізінде білім алуға көшті.

«Біздің білім беру жүйесі үшін қашықтықтан оқытуға көшу де үлкен сынақ. Университеттер үшін бұл өте жақсы таныс формат. Олар қашықтықтан оқыту технологияларын қолдана отырып оқытып келді. Көптеген университеттер де сәйкес Интернет-платформа, арнайы жүйе болды.

Біз үшін қашықтықтан оқыту шын мәнінде оқыту болуы тиіс, біздің студенттеріміз сабаққа қатысып, қажетті білім алуы өте маңызды», – деді Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов ОКҚ-да онлайн-брифингте.

Қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша білім беру жүйесі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да  бұрыннан қолға алынып, әрдайым дамытылып, қолданылып жүрген жүйе. Жаппай қашықтан оқытуға көшуге байланысты сабақ өту және емтихан тапсыру барысында жүйені артық жүктемеден сақтау мақсатында оқытушылар мен студенттерге бірнеше жаңа платформалар ұсынылды. Атап айтсақ «Майкрософт Teams», «Zoom», Қашықтықтан оқыту, YouTube Streaming, Cisco Webex,  Google Meet, Okulyk.kz сырты ресурсы және  ағылшын тілінде Distance Courses_Student Guide. Олардың әрқайсысының жұмыс істеу тәртібі туралы қазақ және орыс тілдерінде оқытушылар мен студенттерге арнап жеке-жеке түсіндірме нұсқаулықтар мен диалогтық тренажерлер, бейнежазбалар мен   скринкастар жүктелген.

Біздің университеттің бағдарламашылары әлемдегі ең танымал қашықтықтан оқыту Moodle жүйесімен «Univer 2.0» біріктіріп, өзінің «Univer 2.0» онлайн платформасын жасап шығарды. Платформа негізінде курстар мен пәндердің оқу-әдістемелік кешендерінің негізін құру; жеке немесе топтық дәрістер өткізу; студенттерге тапсырмалар беру, олардың үлгерімін бақылау; курстың шеберлік дәрежесін және т.б. бағалау.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті OpenEdx ашық платформасында жаппай ашық онлайн курстарын (ЖАОК) енгізуден  Қазақстандағы университеттер ішіндегі көшбасшысы. Университетіміздің кәсіпқой мамандар командасы  мұғалімдерге арнап «Обучай дистанционно!» және оның қазақ тіліндегі аналогы ««Қашықтықтан оқыту» екі жаппай ашық онлайн курстарын (ЖАОК) ашты. ЖАОК әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушыларына ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның басқа университеттерінің әріптестеріне де қолдануға арналған. Курста дәріс, семинар, практикалық, зертханалық сабақтарды, емтиханды қашықтықтан қалай жүргізуді, оның ішінде тестілеу, кейс-тапсырмадан виртуалды зертханаға дейін, баяндама, хабарлама, реферат, эссе, «ашық кітаппен» емтихан, жоба, шығармашылық тапсырма, “Антиплагиат” мәтінді алып пайдалануларды анықтау жүйесі тағы басқа көптеген құрылымдарды қарастырған.

Ең үлкен ғаламдық білім беру платформасы Coursera әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің коронавирустық пандемия кезінде Coursera for Campus жобасына қосылуға өтінімін мақұлдағанын атап өткіміз келеді. Осы жылдың наурыз айында 5000 студентке арналған Coursera for Campus бағдарламасы ресми түрде іске қосылды. Әлемнің үздік университеттерінің онлайн курстарына оқу үшін университеттің студенттері, магистранттары, докторанттары шақырылып, 3800 курс пен 400 мамандық бойынша курсты ақысыз оқып, сертификат алу мүмкіндігіне ие болды. Қазіргі таңда сертификаттар иегерлері де бар. Оқытушылармен бірге студенттер курсты қосымша материал ретінде оқи алады, оқыған дәрістерді талқылайды, күрделі мәселелердің бірлескен шешімін табады.

Бұл сын сағатта оқытушылардың жұмысы да бірнеше есе күрделене түсті. Қашықтықтан оқуға  көшкелі уақытпен санаспай вебинарларға қатысып, жоғарыда аталған бірнеше жаңа оқу платформаларын игере жүріп, студенттерге онлайн дәрістер, эдвайзерлік сағаттар өту, емтихан тестерін жасау, оны жүйеге жүктеу сияқты жұмыстарды қатар атқарып,  қиындықтарды жеңіп келеді.

Қашықтықтан оқытуда білім сапасын арттыра түсу үшін бар күштерін жұмсап, жұмыла кірісіп жатқан университеттегі әріптестеріміздің жоғары дәрежеде техникалық мүмкіндіктер тудырып отырғандығының  нәтижесінде география және табиғатты пайдалану факультетінің оқытушылары өздеріне жүктелген тапсырманы жоғары деңгейде атқаруда.

Алдымызда сынақ – сессия. Студенттеріміз жаңа форматта сынақ тапсырудан жүрексінбей, емтиханға жақсы дайындықпен келіп, жетістіктермен аяқтайды деп сенеміз.

 

Айгүл Қожахан,

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

қауымдастырылған профессоры

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.