«Сардоба апаты» халықаралық нормалармен шешілуі тиіс

0
341

Қойманы қытайлар салған ба?

Жер жүзі пандемиямен күресіп жатқан кезде, 1 мамыр күні Сардоба су қоймасында туылған апат, Өзбекстан мен Қазақстан сынды көршілес екі елдің халқына жығылғанның үстіне жұдырық болған оқыс оқиға ретінде есте қалды. Күтпеген жерден туылған техногенді апаттың салдарын жою үшін екі елдің үкіметтері бірлесе жұмыс істеп, халықтың зиянға үшыраған мал-мүлкінің орнын толтыруға әрекет ете бастады. Бұл игі істер де көп ұзамай өз жемісін береді деп ойлаймыз. Яғни апаттың салдарын жою және жеңілдету шаралары өз деңгейінде атқарылатындығына шүбәміз жоқ.Трансшекаралық өзен болып саналатын Сырдарияның суынан пайдаланып отырған Сардоба бөгетінде орын алған апат туралы әлемдік ақпарат көздері де хабарлап үлгерді. Өзбек БАҚ-тарына сілтеме жасай отырып таралып жатқан хабарлардың ағылшын тілді нұсқалары апат туралы мәліметпен шектелген болса, «www.secretchina.com» секілді қытай тіліндегі сайттар, апат жайлы ақпаратты «ҚХР-дың көмегімен салынған су қоймасы жарылды» деген тақырыппен берді. Ол аз болғандай Тайвандық телеарналардың бірінде «Қытайлық компанияның көмегімен салынған Сардоба су қоймасының жарылып кеткендігін» айта келіп, «компартия басқарып отырған ҚХР-да барлық нәрсенің көзбояушылықпен жасалатындығын айтып» Бейжің жақты аямай сынап жатты.

Біз Қытай сайттарын ақтара отырып, Сардоба су қоймасында апат болғандығынан өзге жартымды дерек кездестіре алған жоқпыз. Тек, Орта Азия хабарларын тарататын «www.siluxgc.com/UZ» сайтының мұрағатынан өзбек ақпарат көздеріне сілтеме жасай отырып жазылған бір мақаланы таптық. 2017 жылы 22 мамырда жарияланған жазбада Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қытайға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу бір жол» стратегиялық жобасы аясында Қытайлық компаниямен бірлесе отырып, Сардоба су қоймасының суын пайдаланып, электр қуатын өндіретін шағын гидроэлектр стансасын салу келісіміне қол қойғандығын айтыпты. «Өзбекстан-Қытай бірлесіп салатын бұл станса, Сардобаның 922 млн текше метр суын пайдалана отырып 15 МВт мөлшерінде электр энергиясын өндіреді. Жалпы құны 23 миллион долларға бағаланған станса, 2022 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған» екен. Өзбекстанда билік транзиті орын алғалы бері шетелдермен, әсіресе Қытай инвестициясын тарту жағында жұмыстар жандана бастағаны айтылып жатыр. Біз өзбек-қытай қатынастары туралы деректерді қарап отырып, 7-мамыр күні кеште Си циньпин мен Мирзиеевтің телефонда сөйлескендігі туралы хабарды көзіміз шалды. Қытай басшысы қазіргі пандемия жағдайындағы екі елдің өзара селбестігін жоғары бағалайтындығын айта келіп «Қытай Өзбекстанның індетке қарсы тұруына үздіксіз көмектеседі. Қытайдың Өзбекстандағы азаматтарының қалыпты қызметін, тұрмысын үздіксіз қамтамасыз етуін үміт етемін. Сіздің кемеңгер басшылығыңыздың арқасында Өзбекстан халқының індетті сөзсіз жеңетіндігіне сенемін» депті. Оған қарата Шавкат Мирзиеев дағдылы сөздермен жауап бере отырып «практика Қытай Өзбекстанның сенімді досы екендігін дәлелдеді. Алаңсыз болыңыз! Өзбекстандағы Қытай азаматтарын өз азаматтарымызды қорғағандай қарайласамыз» деп жауап берген. Екі ел басшыларының ашық ақпарат көздеріндегі диологтарында «Бір белдеу, бір жол» стратегиясын онан ары ілгерілете беретіндігі де айтылған.

 

Негізгі жауапкер Мирзиеев еді…

Ашық дереккөздерінің хабарлауынша Сардоба су қоймасын салу жұмысы 2010 жылы басталған. Оны салуға шешім қабылдаған және  жауапты болып бақылаған сол тұстағы Өзбекстан Премьер министрі, қазіргі президент Шавкат Мирзиеев деседі. Әуелгі жоспар бойынша су қоймасының жұмысы 2021 жылы аяқталуы тиіс болған көрінеді. Алайда құрылыс жұмысы жоспардан 4 жыл бұрын аяқталып, 2017 жылы салтанатты жағдайда президентке «табысталыпты». Бұдан кейін ақпарат көздерінде көп айтыла бермеген Сардоба тақырыбы соңғы күндері Өзбекстан БАҚ-тарында «күйіп тұрған» тақырыптардың біріне айналып шыға келді. «www.ozodlik.org» сайтында 8 мамыр күні «Сардоба апатының себептерін анықтайтын комиссия құрамына тапсырыс беруші Сангинов кірді, бас мердігер Раматов жоқ» деген мақала жарияланды. Мақалада су қоймасының салынуы және оның төңірегінде еңбек еткен адамдар туралы айтып өткен. Өзбекстан бас прокуратурасы 3 мамыр күні техногенді апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалатындығын жариялаған. 5 мамыр күнгі өткен селекторлық жиналыста президент Шавкат Мирзиеев «Сардоба апатының орын алуына себеп болған жағдайлардың анықталып, кінәлілердің кім екендігіне қарамастан жазаланатындығын» ескертіпті.Арада екі күн өткеннен кейін үкіметтік комиссия құрылған. Оның құрамына кезінде Сардоба су қоймасын салуға тапсырыс беруші мекемені басқарған, «Узгидроэнерго АҚ-ның» басшысы, сенатор Абдуғани Сангинов кірген. Ал құрылыс жұмыстарын жүргізген компанияның басшысы Очилбой Раматов комиссия қатарына тартылмаған. 2017 жылы 17 мамырда су қоймасы құрылысының толығымен аяқталып пайдалануға берілген күннің ертесінде Президенттің жарлығымен, Абдуғани Сангинов Узгидроэнерго АҚ-ның басшысы болып тағайындалады. Мұнымен қоса жылдың ақырында Мирзиеевтің жарлығымен «Өзбекстанға еңбек сіңірген құрлысшы» орденімен марапаттапты. «Бұл марапат- жобаны мерзімінен 4 жыл ерте аяқтаған еңбегіне бола берілген» дейді мақала авторы.Соңғы екі аптадан бері Өзбекстанның әлеуметтік желілерінде Сардоба апаты туралы көп айтылып жатыр. Блогерлердің жазбаларынан аңғарғанымыз жылдам салынып біткен құрылыстың айналасында сыбайлас жемқорлық пен қоса ұрлық та болғанға ұқсайды. «Үкіметтік комиссия құрамына Президентке жақын адам, кезінде осы құрлысқа жауапты болған сенатор Сангиновтың кіруі, Мирзиеев тарапынан берілген оқыс оқиға «пәтуасы» деп түсінуге болады» дейді блогерлердің бірі…

 

Комиссияға Қазақстаннан неге тартылмады?

Өзбектердің жоспарын безбенге салу біздің міндет болмаса да, трансшекаралық өзендер мен су қоймаларының төңірегіндегі мәселелер біздің елдің қауіпсіздігіне ықпал ететіндігін естен шығармағанымыз жөн сияқты. СІМ тарапынан наразылық нотасы дайындалып барып «нота жолданбайтын болды» деген хабардың таралуын, біраз адамдар «көрші отырған бауырлас елмен арадағы татулықты сақтау үшін» деп түсінгендерін айтып, Тәшкенттен көмекке келген техникалар мен өзге де гуманитарлық көмек туралы «әсерлерімен» бөлісіп жатты. Дегенмен, көп адамдарды апаттың болу себебі ойландырғаны жасырын емес. Апат болғанына бірер күн өтпей жатып, адвокат Абзал Құспан мырза қазір түрмеде жатқан бұрынғы Су ресурстары комитетінің басшысы Ислам Әбішевтің «сәлемін» ғаламторда жария етті. Заңгердің таратқан видео мәлімдемесіне қарағанда Ислам Әбішев Су ресурстар комитетін басқарып отырған кезінде Өзбекстан Республикасының Сардоба су қоймасын  халықаралық шарттарды бұза отырып, заңсыз бастағандығын, әрі Өзбекстандағы әріптестерінің мәліметі бойынша құрылыстың сапасыз салынып жатқандығы туралы ақпараттар келіп жатқандығы жайлы бірнеше мәрте хат жазып, оны Қауіпсіздік кеңесіне және Президент әкімшілігіне жолдаған екен. Алайда ол хаттары «ешкімді қызықтырмастан» қайтып оралған. «Су ресурстар комитетінің төрағасы ретінде Өзбекстан Республикасының үкіметіне ықпал ете алмаймын ғой. Қазақстанның Үкіметі бар, Сыртқы Істер Министрлігі бар, Президент Әкімшілігі бар. Осылар айналысатын шаруа еді» депті Әбішев мырза. Осы тақылеттес ақпаратты «Азаттық» радиосының журналистері де таратты. Онда Сәбет үкіметі кезінен бері су саласында қызмет еткен маман Нариман Қыпшақбаев ақсақал да Сырдарияның суын пайдалану туралы және су қоймасын салуда Қазақстанның келісімін алмастан іс жүргізгендігі туралы айтып берген. Осынау ақпараттарды оқи отырып аңғарғанымыз Сардоба су қоймасы халықаралық талаптарды бұза отырып салынған деген қорытынды еді. Таяқтың екі ұшы болатындығы секілді бұл мәселеге дер кезінде назар аудармаған өзіміздің құзырлы мекемелердің де жауапкершілігі бар сияқты. Яғни ала шапанды ағайындардан «ақырып теңдік сұрайтын» адам шықпаған…

Сардоба апаты техногенді апат делініп сипатталып жатыр. Яғни сел келу, сең буу, тасқын келу секілді табиғи апаттардан басқаша деген сөз. Бүкіл дүниежүзіне паш етілгендей апаттың зиянын екі мемлекеттің халқы тартты. Мұндай жағдайда мәселенің өздігінен «халықаралық» сипат алатындығы белгілі. Бір қызығы апаттың нақты себебін анықтауға кіріскен комиссия, Өзбекстан жағының «Үкіметтік комиссиясы» ретінде іске кірісті. Оған қазірше Қазақстан тарапынан мамандар тартылған жоқ.

 

Сағасы жоқ елдің болашағы бұлыңғыр

Ашық дереккөздердің хабарлауынша өзбектер жарылып кеткен қойманы қайтадан қалпына келтіретін көрінеді. Сыр дариясының төменгі ағарында Қазақстан дейтін мемлекеттің бар екендігі апаттан кейін естеріне түсті ме кім білсін? Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев біздің елдің басшысымен телефонда сөйлескенде, «Өзбекстан тарапының жан-жақты қолдау көрсететіндігін, оның ішінде еркін ақпарат алмасып, бөгетті қайта қалпына келтіру кезінде Қазақстанның мүддесі мен халықаралық құқық қағидаттарын ескеріп, ашық жұмыс жүргізуге дайын екенін айтыпты». Оған қарата Қасым-Жомарт Тоқаев «біз бір өзеннің бойында отырмыз. Өзара сенім мен ашықтық негізінде ғана су ресурстарын әділ, тиімді пайдалануға қол жеткіземіз және трансшекаралық сипаттағы қауіп пен сын-қатерлердің алдын алуға мүмкіндігіміз болады» деген. Бұдан белгілі болғаны, Өзбекстан кезінде ұмыт қалтырған халықаралық талаптарды енді «ескереді» екен. Алайда бөгеттің қауіпсіздігі халықаралық талаптарға негізделе отырып, жоғары деңгейде салынса деген тілек қана бар… Президенттер уәделескендей, бұл жұмысқа Қазақстан тарапы қаншалық ықпал етіп, араласа алатындығы алдағы күннің еншісінде.

Қазақстан жер көлемі кең болғанымен өзеннің сағасынан айрылған ел болып есептеледі. Біздің елге ағып кіретін ірі трансшекаралық өзендердің бастары шетелдерде жатыр. Ертіс пен Іле дариясынан ағып келетін су мөлшері де жыл сайын өзгеріп отыр. Соңғы жылдары Қытай мен екі арадағы мемлекеттік келісімдердің қатарына енген трансшекаралық өзендер мәселесі қалай реттелетіндігі де қазірше анық емес. Іле дариясына құятын өзендердің барлығынан су бөгетін салып алған қытайлар өзен суын өз қалағандарынша пайдаланып жатыр. Кезінде кеме жүзетін дарияның суы бұл күндері жылап ағады. Алтын Алтайдан бастау алатын Ертіс те баяғыдай өткел бермей жөңкіліп жататын асау арнасынан айрылған. Қытайлар Ертістің бойынан су қоймаларын қалағанынша салумен қоса, оның суын жер асты каналдары арқылы алдымен Қарамайлы қаласына, онан Үрімжінің іргесіндегі Фукаң қаласына жеткізіп алды. Ел аузындағы хабарларға қарағанда Ертістен тартылған жер асты каналы шығысқа қарай «теріс ағып» бара жатыр дейді… Осылардың барлығы халықаралық шарттар мен экологиялық талаптарды, су заңдарын негізге ала отырып әділдікпен шешілмесе, болашақта қазақ елі судан тарығатындығы сөзсіз. Сондықтан да Сардоба апатының төңірегіндегі мәселелер халықаралық қағидалар арқылы реттелуі тиіс деген ойымызды айтқымыз келеді.

 

Ерқазы Сейтқали

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.