Мұғалімдердің балалары балабақшаға кезексіз қабылданады

0
55

Петропавл қалалық мектепке дейінгі тәрбие және оқыту секторының меңгерушісі Сайран Испандьярова: «Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласында педагогтер қауымының балалары мектепке дейінгі мекемеге кезексіз қабылданатын болады. Бұл жеңілдік білім беру саласының қызметкерлеріне «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңына сәйкес жасалып отыр. Қазір тек Петропавл балабақшаларында ғана 1 мың 198 тәрбиеші, мектептерде 2 мыңнан астам мұғалім еңбек етеді. Олар балаларын мектепке дейінгі білім беру мекемесіне кезексіз орналастыру үшін indigo сайтына кіріп, өзі жайында мәлімет қалдыруы тиіс. Сайтқа кіріп, өзінің жеке кабинетінде мәртебесін растап, ЖСН көрсетуі керек. Жалпы, балабақшаға орналастыруда жеңілдік бұған дейін әскери қызметшілерге жасалып келді. Бұдан басқа, көпбалалы отбасыдан шыққан, мүмкіндігі шектеулі және жетім балалар да кезекті көп күтпейтін. Бүгінде Петропавлда 6,5 мыңнан астам бүлдіршін балабақшаға кезекте тұр. Бұл, өткен жылмен салыстырғанда 3,5 мыңға аз. Ата-аналарға балаларын кезекке қою үшін әкімдікке барудың қажеті жоқ. 2018 жылдан бастап бұл қызмет автоматтандырылған. Былтыр indigo сайтында «ерте брондау» бөлімі енгізілді. Жалпы, бұл сайттан балабақшаға қажетті бар ақпаратты алуға болады», — дейді. Бұл тәжірибені еліміздің басқа өңірлері де өмірге енгізсе, құба-құп болар еді.

Е.Сахариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.