Болат қалай шынықты?

0
248

Иә, әрбір қазақ Болаттай болса ешкімге де намысымызды таптатпас едік-ау!..

 

Мен інімді неге жақсы көремін?

    Алты алаштың өр ақыны, қайсар мінез журналисі, сөзі мірдің оғындай, қоғам қайраткері Болат Шарахымбай менің жақсы көретін інілерімнің бірі. Мен оны неге жақсы көремін? Өйткені Болат бауырым өте кішіпейіл, қарапайым, жаны жайсаң, жүрегі нәзік азамат. «Ағалап», «көкелеп» тұрады. Жан дүниең рахаттанып қалады. «Көке, жағдайыңыз қалай?» деген шуақты да жылы сөзді айтпаса, сағыныш сазы әлдилеп, ініңді іздейсің. Сонымен жақсы көрудің алғашқы сатысын айттым. «Жақсы көру» деген әдемі бір ән бар жан дүниеңді тебірентетін. Сол айтылатын әннің бұл бір шумағы десек те болар.

Енді бір айтатын маңызды мәселе Рух майданы деген өзіндік ерекше майдан бар. Бұл майданда ұлтын үшін жан алып, жан бересің. Намыс қылышың үнемі қылпылдап қайраулы тұрмаса онда ол майданда қара көрсетіп бармай-ақ қой. Болат інім мінеки, сол майданның қызуқанды сардарларының бірі де бірегейі. Бәзбіреулер сияқты Бөкең тиіп-қашып майданның шетінде жүрмейді. Атойлап жырдың отты шумақтарымен жауларын бір шарпып өтсе, найзағайдай жарқ-жұрқ еткен журналистік қылышын оңды-солды жарқылдатып небір ғажайып дүниелер, мақалалар жазды. Мысалға ол Желтоқсан көтерілісіне қатысып қана қоймай, бұл тақырыпта кесек-кесек, әділетсіздіктер мен сатқындықтың қабырғаларын қақыратып тұрып публицистикалық мақалаларды дүниеге әкелді. Ұлтын жанындай жақсы көретін Болат інім қай тақырыпта жазса да айызыңды қандырып, шырқыратып қалам тербетеді. Өмірде көңілі ұлпадай жұмсақ Болатты жазған шығармасында танымай дал боласың. Ол мақаладан арыстанның ақырған үнін, жолбарыстың қаһарын, көкбөрінің отты ырылын, қыран бүркіттің қанатының сусылып естіп отырасың. «…Болат Шарахымбайдың «Қырық қобызы» жай толғау емес-шертолғау. Диагноз дәл қойылған. Артық кемі жоқ. Ойландырады. Иландырады. Жаныңды түршіктіреді. Намысқа шақырады. Оқып шығыңызшы, әбден титықтап шаршаған керуенмен шетсіз-шексіз шөлейт даламен келе жатқандай әсерде қаласыз. Шарахымбайдың “Шер толғауы” керемет туынды. Күнделігіме орысшалап: «Шарахымбай шарахнул» деп жазып қойдым. Шынында да найзағайдай тіліп түсірді.» Бұл Герольд Белгер көкесінің таңданысы. Әділеттің алдаспаны марқұм Гер-ағаңдай жеткізіп айта алмаймын-ау деген дүдәмал ойдың жетегінде болған соң оның қойған «диагнозын» сіздерге әдейі ұсындым. Оның шығармалары, тіптен ширата жазған көсемсөздері де намыстан келістіре өрілгенін бағамдайсың. Тұшынып оқисың. Қаныңды қозғайды, жаныңды тебірентеді, көкірек сарайыңды рухқа толтырады. Сонымен Бөкебайды неге жақсы көретінім айқындалып қалды-ау деймін. Оның ұлтшылдығын, не жазса да жүрегімен жазатындығын, әрбір әрпін сезім тамшысымен тамызып, батылдықтың отымен көмкеретінін, нағыз еркекше сөйлеп, азамат ретінде өз сөзін, ойын, пікірін айта білетіндігін, елім, жерім деп жан дүниесімен шын еміренетінін, өзгелерше жалтақтамай өр мінез көрсететінін, ұлты үшін, оның қауіп-қатерге толы болашағына қатты алаңдайтынын, бұқпанталамай алшаң-алшаң басқан батыр мінезділігін… жақсы көремін, айналайын бауырым, Бөке!

 

Алып көкелерінен бата алған «алып бала»

    Кейде мен осы ешкімге ұқсамайтын дара, дана інім «мұндай жақсы, тамаша қасиеттерді қайдан, кімнен дарытты?» деп ойланамын. Ердің жасы елуге келгенде де осы бір ой бір жылт ете қалғаны бар. Онда аса мән бермегенмін. Бірақ ініме деген жүрегімнің лүпілін ақ қағазға түсірдім ондада. Мінеки, он жыл зу етіп өте шығыпты. Мақтау-мадақ бір Аллаға тән деген ой әрқашанда жүрегімізде жүреді ғой. Тым мақтап жібердім бе, әлде «жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дегендей ойымды жеткізе алмадым ба деп көңілім алаңызатыны бар ғой. Бірақ біздің діттегеніміз бұл шынайы айтылғандар өзгелерге үлгі-өнеге болсыншы деген ізгі тілек қой. Бір жағынан бірде шабытымен қыранша шырқау көкке самғайтын, енді бірде құлдилап төмен түсіп тұнжырайтын Болат інім сезімнің адамы емес пе? Ендеше мынау қамшының қысқа сабындай ғұмырда шығармашылық адамдар неге бір-бірін қолдамасқа?!

Негізгі ойдан тайқып кеткеніміз үшін кешірім өтінеміз. Сонымен Болат батыр қалай шынықты? Құрыш-болатқа қалай айналды? Кімдерден үйренді? Мен оның әкесімен көзі тірісінде кездестім. Бөкең көкесін әкеп арнайы таныстырды. Ол кездері халқымыздың рухы бірде аспандап, бірде шатқаяқтап тұрған кезі. Ол кісі өмірге ғашық, ұлтын жанындай сүйетін белсенді азамат екен. Қазақ тілі қоғамын басқарып, рух майданының алдыңғы шебінде жүрген абзал ағамен ескі таныстардай шүйіркелесіп, қиын кезеңнің қиян тұрысында, сақылдап тұрған саясат төңірегінде де, әсіресе тіл мәселесінде ойларымыз, пікірлеріміз қабысып һәм табысып қимай қоштасқан едік. Әке тәрбиесінен, ататегінен бастау алған қара бала қасиетті Қазығұрттың самалы желпіп, топырағынан нәр алса Болат қалайша батыр болып өспейді?!

Оның туып-өскен ауылының аты да, заты да ерекше. Темір қақпа – Ұлы дала мен Алып Таудың кездескен, түйіскен жері екен. Қақпа ауылының тарихи да бұлым-бұлым тым әрі де жатыр. Бұл ауылдан небір тұлғалар шыққан. Болат інім сол ауылдан тарыдай болып шығып, кейін өзі де көкелеріндей таудай тұлғаға айналған.

Көне жырдан сенде қалған аңыз бар,

Аңыз деген ақсақалды абыздар,

Сол абызға құлақ қойсақ-бұл адам.

Қаражамбас Қазығұртқа қарыздар

Ақын деген арманшыл…һәм күйбеңшіл,

Өліп-өшіп сүю керек сүйгенсін.

Қазақ қандай қазақ болу керегін,

Барша қазақ Қазығұрттан үйренсін!

Міне, Бөкеңнің сүю жөніндегі ойы. Сол ойының және үдесінен шығып жүргенін қадау-қадау айттық. Ол туралы Гер-көкесінің бір шөкім ойын келтірдік. Әбдуали Қайдари, Темірхан Медетбек сынды тау тұлғалы көкелерінің де ой-пікірлері бір көш. Талантты інілерінің шығармашылығына жіті үңіліп, сарабдал ойларын жеткізген. Оларға қосып-аларымыз жоқ.

 

Өліп-өшіп сүю керек сүйгесін!

    Иә, талантты адамның қоғамға, мемлекетке берері мол. Бірақ таланттылық адамның рухани жан дүниесін толық аша алмайды. Мақаламыздың басын рух, намыс қасиеттерінен шым-шым тартып, Болат інімізді халық қаһарманы ретінде таныдық. Болат Шарахымбай туралы, оның тындырған, іске асырған, жазған, шығарған дүниелері жөнінде бір мақала көлемінде толыққанды жеткізу мүмкін емес. Оның публицистикалық дүниелерінің өзі бір шоғыр. Журналистің оларды жазудағы әдістері, ерекшеліктері өзінше бір құбылыс. Болат көргіш, тапқыш қаламгер. Қай қайдағы тақырыптарды, тұлғаларды, жайттарды тауып, оның иін қандыра жаза алатын хас шебер. Мысалы Рахымжан Қошқарбаев туралы мақаласы қандай ғажап! Батырдың өзгелер таппаған иірімдерін табады. Украинаға сіңіп кеткен Филипп Раубахоны зерттеп тауып, қазақтың санын көбейтті. Түрікмен, өзбек болып адасып жүрген бауырларын үйіріне қосқан да осы Болат. Ақындығы өзінше бір зор әлем. Болат Шарахымбайдың көптеген қырларына біз аса мән бермейміз. Елім, ұлтым, тілім деп жүрген азаматымыздың қадірін білмей жүрген халықпыз. Қазақстан Жазушылар Одағы 60-қа келіп, жарқырап тұрған талантты тұлғасын неге марапатқа ұсынбайды? Қарапайым, кішіпейіл, марапатқа да онша қызықпайды екен деп елеусіз қалдыру дұрыс емес. Ақын, жазушылардың көңілдері бала сияқты. Осы азғантай ғана қолпаштау арқылы шабытына шабыт, рухына рух бермейміз бе, ағайын-ау? Болат інім! Бүгінгі мерейтойын құтты болсын! Шабыт-тұлпарыңмен арындап, талмай шаба бер! Біз сені әрқашан да биіктерден көргіміз келеді.

                                                                                     Ертай Айғалиұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.