Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских: Қазақ тілінің құдіреттілігін баршаға мойындатқым келеді

0
87

Екі айға созылған карантиннен кейін Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповскихпен онлайн сұхбат жасадық. Парламенттің қызметі мен тілі жайында, елді елең еткізген оппозицияға арналған заң төңірегінде тағы басқа да түйткілді мәселелер сұхбатымызға арқау болды. Сондай-ақ Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің талапшылдығы, қазақ тіліне деген жанашырлығы, әділетсіздікке деген шыдамайтындығы, өз ісіне деген адалдығы туралы да мәжіліс депутаты сөзінде айтты.

Негізі Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских төменгі палатаның жас депутаттарының бірі. Қазақша айтсақ, отызында орда бұзған азамат. Жиырма алты жасында депутат атанып, өзінің табандылығымен, қарапайымдылығымен, қазақтың тіліне деген жанашырлығымен ел есінде қалған депутат.

Айта кетейік, Геннадий Шиповских Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІІ сессиясында Елбасы алдында мемлекеттік тілде сөз сөйлеп, өзге этнос өкілдеріне қазақ тілінің қадір-қасиетін танытып, оны құрметтеуге шақырып, елдің ризашылығына бөленген болатын. Қазақтың тілін мақал-мәтелмен өрнектеп, астарлап сөйлеуге деген шеберлігі жас депутаттың мерейін үстем етіп тұрғандай көрінеді.

 

Нұрлан Нығматуллин ағаның тіл жайында талабы қатаң

– Геннадий Павлович, Мәжілістің алтыншы шақырылымына 26 жасыңызда ең жас депутат болып сайландыңыз. Уақыт деген зымырап өтіп барады. Не көрдіңіз, көңілге не түйдіңіз?Айта отырыңыз?

– Рахмет. Жалпы еңбек жолы адамды ыстайды ғой. Түсінгенім мол, түйсінгенім одан да көп, бәрі тәжірибемен келеді ғой білгенге! Бұл жерде елге деген жауапкершілікті сезіндім. Ұлтқа қызмет етудің не екенін пайымдадым. Қазақ тілінің құдіретін өзге ұлттарға сезіндіруге тырыстым. Негізі ісіме әділ бағаны кейін халық бере жатар. Әлі де алда көп жұмыс күтіп тұр деп ойлаймын…

– Генеке, коранавирус уақытында заң шығарушы орган жұмыс істеп тұрды. Оған халық куә! Әлемді бір дәннің қауызына сыйдырған індет кезінде түрлі қиындықтар кездеспеді ме? Қанша дегенмен «атының» өзінен ат үркеді емес пе, бұл аурудың?

– Иә, бұл үлкен сынақ екені даусыз! Коронавирусқа келетін болсақ, ол тек Қазақстанды ғана емес, өзіңіз айтқандай, күллі әлемді жайлаған індет түрі. Онымен әр ел өзінше күресті. Біздің елге де оңайға түскен жоқ. Сөйте тұра Парламент те өз жұмысын тоқтатпады. Алайда аппарат жұмысшыларын, өзге де персоналдағы қызметкерлерді, депутаттардың арасындағы жасы үлкен кісілерді, қашықтан жұмыс істеуге жіберді. Барлық жұмыстар бейне және аудио-конференция арқылы жүріп жатты. Соның арқасында заң шығару саласы тоқтамады. Барлық тәуелсіз сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдар бар жиынға қатысып отырды. Заң жобаларын жан-жақты талқыладық.

Осы мүмкіндікті пайдала отырып айтарым, Мәжіліс қызметінің жақсы ұйымдасқаны, қауіпсіздік шараларын дер кезінде сезіну және ондағы заңдардың дер уақытында пайдалануға берілуі – Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің ерен еңбегінің арқасы. Оны айтпай кетуге болмайды. Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын демей ме қазақ!

– Заң туралы айтқаныңыздан туындап отырған сұрақ, сіздер осы төтенше жағдай кезінде саяси партиялар туралы заң қабылдадыңыздар. Осы заңның қоғам үшін қандай зияны немесе пайдалы жақтары бар? Ашып берсеңіз?

– Жақсы сұрақ қойдыңыз, ол үшін Сізге рахмет! Оппозиция туралы заң қоғамға керек. Демократияға қадам басқа ел бұл заңнан аттап кетпейді. Сондықтан зияны ешқашан болмайды. Ал пайдасы ұшан-теңіз! Өйткені біздің елде демократиялық құндылықтар, ақиқат дүниелер айтылып келеді. Айтыла да береді.

Сол себепті біз, бұл мәселені «сүрлеп» қоймай, алдағы уақытта заманға сай дамыта береміз! Біздің елде сөз бостандығы бар. Олай болса саяси позициядағы адам бола ма, басқа ниеттегі адам бола ма, бәрі де өз ойларын ашық айта алады. Жалпы мемлекетті әрі қарай дамыту үшін адамдар ой бостандығын сезінуі керек. Қазіргі таңда біздің еліміздің, тәуелсіздік алғанына 30 жыл толды, демек, оппозиция туралы заңның қабылдануы демократиялық институттың дамуының үлесі! Үлкен формуласы!

– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, аталмыш заң жобасын талқылауға кімдер қатысты? Оқырманға осы жағында айта кетсеңіз?

– Біз бұл заң жобасын қабылдаған кезде, депутаттар ғана емес, өзге де тәуелсіз сарапшылар қатысты, талқылады, ой-пікірлерін білдірді. Түрлі жолмен Парламент сайлауына түсе алмай қалған саяси партиялардың бәрі дерлік заң жобасына атсалысты. Ақ-қарасын айыруға күш салды. Соның арқасында заң жобасы көптің көңілінен шығатындай дәрежеге көтерілді десем артық айтқандық болмас.

Әрине, бүгінгі таңда бұл заң жобасы Елбасы көксеген, бүгінгі президент Қасым-Жомарт Тоқаев аңсаған еркіндікті басқа да партияларға сезінуге жол ашты деп толық сеніммен айта аламын!

– Жалпы өзіңіздің, қазақ тілінің бүгінгі беталысына, қолданысына көңіліңіз тола ма?

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы да қазақ тілі туралы айшықты ойларын қоғамға ашық айтты. Ауызды қу шөппен сүрте бермейік, алға жылжу бар. Бір емес, екі бірдей президенттің аманатын арқалаған Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулин, Парламентке келген министрлер мен вице-министрлерді тілге қатысты бірнеше рет «сілкіп» алды. Үкіметтің қаншама қызметкерлерін тығырыққа тіреді. Содан да болар соңғы уақытта Мәжілісте өзге ұлт өкілдерінің қазақшаға деген оң көзқарастарын байқамау мүмкін емес.

Өткен 2019 жылдың 2 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қос палатаның отырысында өзінің халыққа жолдауын жариялап, көптеген өзінің жақсы ойларын айтқаны белгілі. Соның ішінде мемлекеттік тілді басты тақырып қылған болатын. Одан ұққанымыз, алдағы уақытта қазақ тілі елді ұйытушы, біріктіруші, ұлтаралық тіл болуы тиіс. Бүгінгі таңда Президенттің бұл айтқаны іске асып келеді. Заң шығарушы орган болсын, басқа да мемлекеттік қызмет болсын, осы бағытта жұмыстарын атқаруда.

 

 

Мәжіліс спикері Нұрлан Зайроллаұлы Нығматулин әрдайым баяндамашылардан мемлекеттік тілде баяндама жасауды талап етіп келеді. Бұған біз бәрімізде қосыламыз. Өйткені мүдде ортақ, тіл ортақ! Себебі мемлекеттік қызметкер баршаға үлгі болуы керек. Президенттің де, біздің де, спикердің де талабы осы ғана! Мәжілісте бұл бағытта спикер көп жұмыс жасады, алдағы уақытта да жасай бермек! Сондықтан мен қазақ тілі алдағы уақытта Парламентте өз туын асқақтата желбіретеді деген нық сенімдемін.

 

Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмаған қазақ ата-анама қарыздармын

– Сіздіңше қазақ тілін үйрену соншалықты қиын нәрсе ме? Қаншама жыл болды, әлі күнге тілді үйрене алмаудың астарына үңіліп көрейікші?

– Түк те қиын емес. Астар іздеуден ештеңе шықпас. Үйренемін деген адамға ниет қана керек. Сосын ақылды адам, келешекті де ойлағаны жөн. Күні ертең қазақ тілін білмесе, қалай қазақ мемлекетіне қызмет жасамақ. Соған келе жатырмыз ғой. Мен өзім қазақша мен орысшаға бірдей жетікпін. Қазір ағылшынша үйреніп жүрмін. Себебі қажеттілік!

– Өзіңізде Мәжіліс спикері туралы жылы лебіз білдіріп өттіңіз. Бізде халық арасында көп жүреміз. Сонда халық Парламенттегі жалпы отырыстарды үнемі қадағалап отыратынын аңғарамыз. Айтайын дегенім, халық «Бүгін Нұрлан Нығматулин бәленше деген баяндамашыға тілге қатысты қатаң ескерту жасады. Әне біреуге, бюджет қаржысына қатысты жақсы сауал қойды» деп риза болып жатады. Халық біле жүрсін, спикердің ескертуінен шенеуніктер қаншалықты қорытынды шығарып жатыр?

– Мәжіліске келіп жататын түрлі министрлер мен вице-министрлер палата төрағасының сын-жебесіне ілігіп жатқан кезде, байқап отырамыз ғой, келесі жолы әлгі кемшілігінен арылуға тырысқанын аңғарамыз. Демек, сөз сүйектен өтіп кеткен. Олай болса бізге, Мәжіліске келген кез келген шенеунік, өзін қазақша ойлауға, сөйлеуге тәрбиелейді деген ойдамын. Мұның бәрі Нұрлан Зайроллаұлының талапшылдығының нәтижесі!

– Алда Парламент Мәжілісінің сайлауы болады деген сөз шығып жатыр. Оған партия атынан түсу ойыңызда бар ма?

– Бұл сұрақты маған журналисттер бұған дейін де бірнеше рет қойды. Жауап біреу. Егер халық қолдап, партия қорғап жатса неге түспеске? Өйткені тәжірибе жинақтадым. Әлі де елге қызмет жасағым келеді. Қазақта мынадай қанатты сөз бар ғой, «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген. Сондықтан елге сөзім жетіп жатса, «мені бір ұлым» деп қолдап жатса, одан асқан бақыт бар ма?

– Енді әңгімемізді туып-өскен жеріңізге қарай бұрсақ? Қайда тудыңыз, қай жақта есейдіңіз дегендей?

–Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты «Сексеуіл» кентінде 1989 жылы 22 қазанда дүниеге келіппін. Осындағы қазақ балабақшасына барып, қазақ мектебін тәмамдадым.

– Ата-анаңыз туралы айта кетсеңіз?

– Әкемнің аты – Геннадий Павлович Шиповских. Анам – Лидия Николаевна Куликова. Екеуі де қарапайым еңбек адамдары еді. Амал қанша тағдырдың ісі ғой, екеуі де мен ат жалын тартып міне бастағанда мына дүниеден өтіп кетті. Ұлтым – орыс.

– Одан кейінгі өмір жолыңыз қалай өрбіді?

– Балалар үйінде тәрбиелендім. Расын айтайын, ол жер маған өте ұнай қоймады. Бірнеше рет қашып кеттім. Ақыр аяғында еркіндікті аңсаған маған Алла Тағала үлкен тарту жасады. Қала іргесінде шаруа қожалығы бар жанұялы кісілердің (бес баласы бар) үйіне бір досым ертіп апарды. Менің жағдайыммен жете танысқан олар мені еш ойланбастан патронаттық негізде тәрбиеге алды. Осы отбасыда жетімдік көрмей ержеттім. Мені қанаттығы қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қаққан папам Мұрат пен мамам Баянға қарыздармын.

– Біздің білуімізше сіз, машинист көмекшісі екенсіз? Демек, оқудан қол үзбей, біліміңізді жетілдіре түскенсіз-ау?…

– Иә. Ата-анам менің білім алғанымды қалады. (Қара жұмысқа жегіп қойса да болар еді). Балаларының алды жоғары оқу орнында оқитындығына қарамастан мен үшін бар жағдайды жасады. Қаладағы №6 мектептің кешкі бөлімінде оқуымды жалғастырдым. Мектептен соң Қазалы ауданындағы теміржол училищесіне түстім. Оны бітіргеннен кейін Қызылорда жөндеу локомотивінде жұмыс істедім. Осылайша өмір жолым жақсы адамдардың арқасында бір арнаға түскен секілді.

– Жастығыңызға қарамай, Парламент секілді құзырлы органға жұмысқа келуіңіз кездейсоқтық емес пе? Әлде, елбасы алдында жастар атынан сөз алып көзге түскеніңіздің пайдасы тиді ме?

– Мен бұл туралы нақты ештеңе айта алмаймын. Мүмкін «Нұр отан» партиясының жиындарында белсенділік танытуым жолымды ашқан болар. Бәлкім, бұл Алланың қалауы шығар. Расым осы. Ең бастысы мен жұмысшы табының өкілімін. Партияның маған депутат болуға мүмкіндік беруі мен үшін үлкен абырой. Парламентте түрлі саланың өкілдері жиналады. Ал мен болсам жұмысшы табының мүддесіне өкілдік етемін. Алда үлкен жауапкершілік күтіп тұрғанын жақсы білемін. Қазақта «көш жүре келе түзеледі» деген жақсы мақал бар. Мен көтерген мәселелер әріптестерім арасында әділ шешіледі деген үміттемін.

 

Депутаттық сауалды тек қазақша жазамын

– Мына сұраққа жауап беріңізші? Кешегі машинистің көмекшісі, өзін Парламентте қалай сезініп жүр?

– Қалай десем екен, бәлкім ғимарат өзгерген шығар. Мүмкін қала басқа. Бірақ мен сол баяғы Генамын. Өз басым бұрынғы жұмысымда қандай жауапкершілік алсам, тап сондай сезімдемін. Өйткені екі жұмысымда ұқсастық бар. Екеуінде де халықтың тағдырына жауаптылық басым. Бұрынғы жұмысымда халықты тасымалдау міндеттелсе, мұнда Парламент локомотив… Тағы да жол үстіндемін… Сондықтан еліміздің өркендеуі үшін қызмет жасауға тиіспін.

– Сіз қазақ тілін өте жетік білесіз? Жасыратыны жоқ, Мәжілістің өзінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясы тар. Көпшілік жағдайда заң жобалары ресми тілде дайындалады. Депутаттық сауалдарда солай. Сіз өзіңіз, қай тілге көбірек үстемдік бересіз?

– Мен бұрын да айтқанмын, тағы да айтамын, депутаттық сауалды тек қазақша жолдаймын, керек адам аудармашы арқылы (Арнайы құрылығымен құлаққа салатын) аударып тыңдай жатар. Бұған бас қатырғым келмейді. Мен тіл мәселесін көтеруде жалғыз болмаймын деп ойлаймын. Бақытбек Смағұл, Нұртай Сабильянов, Бекболат Тілеухан секілді көптеген азаматтар мәжіліс төрінде үнемі қазақ тіліне басымдық беріп жүр ғой. Бұл тұрғыда менің айтарым, Ахмет Байтұрсыновтың «Тілі жоғалған елдің – өзі жоғалады» деген сөзімен сарындас. Қазақ халқын ұйытып, ынтымағын арттырып отырған – қасиетті ана тілі! Оны сол ортада өсіп, жете түсінген мен айтпағанда кім айтады.

– Соңғы сауал: Ертеректе бір әңгімені құлағым шалып еді, орыс тілді телеарналардың бірі сізден сұхбат алғысы келген екен, сіз қазақша жауап беріпсіз? Бұл көптеген шенеуніктің қолынан келмейтін іс. Бізде жалтақтық басым. Байқағаным, сіз бұл қалыпқа сыймайтын секілдісіз?

– Өз басым телеарналар сұхбат алуға шақырғанда оларға бірінші қоятын талабым – мемлекеттік тіл. Сол тілде ғана сауалға жауап беруге дайынмын деп ескертемін. Бұл жерде өзімнің ана тілім – орыс тілін аяққа жығып беріп отырғам жоқ, керісінше, орыстардың да қазақша сөйлей алатынын, сол тілде ойланып-толғануға олардың да шама-шарқының жететінін көрсету. Өзге қандастарыма үлгі болу. Қазақтың тілінің өркендеуіне өзімше үлес қосу. Қазақтың даласында туғаннан кейін, сол жерді басып жүргеннен кейін, барлық этнос өкілдері мемлекеттік тілді білуге міндетті! «Шын жыласа соқыр көзден жас шығады» деген сөз бар қазақта. Тіл мәселесі – шындап кетсек ар-ұяттың өлшемі ғой! Дәл қазақтай мейірман, қонақжай, ақылды, момын халық жер бетінде өте аз. Мен өзім соны қатты сезінемін. Жетімдіктің тақсіретін тартқанда маңдайымнан сипаған қазақ ұлтына қарыздармын. Сонда өзіме ант еткенмін: қазақ ұлтының бір қажетіне жараймын деп. Сол ұстанымды серік етіп келемін қазір. Сондықтан тіл мәселесінде талапты күшейтіп, ел басына қолдау көрсетуді азаматтық парызым деп ұғынамын.

– Уақытыңызды бөліп сұрақтарға жауап бергеніңізге рахмет!

 

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.