Қазақ меркіттері

0
390

Ежелгі меркіттер

Меркіттер – қазақты құраушы тайпалардың ішіндегі Керей, Найман, Жалайыр, Қоңыраттармен қатар аталатын ежелгі тайпа. Сондай-ақ түркі-монғол халықтары арасында күні бүгінге дейін атын өшірмей келе жатқан ұлыс есептеледі. Арғы тегі Ғұндармен, түркілермен тамырласып жатқан бұл ежелгі тайпа туралы ескі тарих беттерінде талай-талай деректер бар. Тарихшылар «Меркіт» атауының түп төркіні «Мергет» (мерген) сөзінен келген деп тұрақтандырған. Бұл тұжырымның да дәлел-дәйектері жоқ емес. Бұл тайпаның адамдары шетінен садақшы, мерген болғандығы жайлы алғашқы деректер көне қытай жазбаларынан кездеседі. Кейбір тарихшылар меркіттер туралы деректерді жыл санауымызыдң III-IV ғасырынан бастайтыны да тегін емес секілді. Византия тарихшылары, «III ғасырдың кезінде Қытайдың шығысында Мучил деген ел бар» деген дерек қалдырыпты. Осындағы «Мучил елін» зерттеушілер байырғы меркіттер еді деп жазады. Қытайлық тарихшылар Әнуар Байтұр мен Қайырниса Сыдық жазған «Шыңжаңдағы ұлттар тарихы» деген кітапта «меркіттер IV ғасырда Байқал көлінен бастап, Селенгі, Орхон өзендері бойында жасаған. IV ғасырдың соңында бір бөлігі қазіргі Тұрфанның батысына, Тяньшань тауларының солтүстік және батысындағы жайылымдарға, Алтай, Тарбағатайға көшкен» дейді. Меркіттер туралы жүйелі түрде зерттеу жасаған ғалымдар, Қытайдың көне жазбаларына сүйене отырып, меркіттерді түрік нәсіліне жатқызады. Яғни «оңтүстік, солтүстік патшалықтар заманында қаңлыда ұйғыр, хаккас (қырғыз), керей, найман, меркіт, бұғыра қатарлы 6 тайпа, 12 әулет қалыптасты» деген мәліметті ұсынады. Қытай тарихнамаларында меркіттер – «蔑儿»,«麦里级»,«梅里纪»,«默而吉»,«仆骨» деген иероглифтермен хатқа түскен. Қазақша мағынасы «Бүркіт», «Мүркіт», «Меркіт» деген сөздерге жуықтайды. Тарихта меркіттер удойт, ұбас, қағат, мудан, тұдақлин, жуын қатарлы жеті рудан құралған деген деректер бар. Ал Рашид Ад-Дин «Жамиғ ат-тауарих» кітабында «Миргит тайпасы – оларды тағы удуйит (удайыт) руы деп те атайды. Мұғулдардың кей бөлігі меркіттерді миргит деп атағанымен, екі атаудың да мағынасы бір. Осы сияқты бекірін руын да (кейде) микрин деп атайды, олардың шығу тегі мен тармақтары да баяндалатын болады. Ол удайыт-меркіт тайпасының жіктелуінде келесідей төрт тармағы бар: ухаз, мудан, тудақлин және жиун. Бұл рудың саны көп, әрі аса ержүрек те күшті әскерлері бар болатын» деп жазады. (Рашид ад-дин Фазуллах Хамадани.

Жамиғ ат-тауарих. Көп томдық. 1-том, 100-бет. Астана: Фолиант, 2018 жыл) Әлемге әйгілі бұл еңбектің көп жерінде меркіттер туралы деректер кездесіп отырады.

Меркіттердің тарих сахнасында кеңінен танымал болған тұсы – Шыңғыс хан заманы. «Әлем әміршісінде, оның тұңғышы Жошының да тегі меркіттен еді» дейтін «тарихи күдік» күні бүгінге дейін айтылып келе жатыр. Темучинның ата жауына айналған меркіттер ақырында Шыңғыс хан әскерлерінен жеңіліс тапты. Меркіт көсемі Тоқтабек 1205 жылы Ертіс жағасында (кейбір тарихшылар Бұқтырманың бойында деп жазады) Шыңғыс жасақтарының жебесі тиіп қайтыс болады. Әкелерін дұрыстап жерлеуге үлгере алмаған ұлдары оның басын кесіп алып кетеді. Бұдан кейінгі жерде меркіттердің біраз бөлігі өздерімен одақтас болып жүрген наймандармен бірлесіп, Шыңғыс әскерлерімен сан рет шайқасқа түседі. Меркіттердің Шыңғыс ханмен болған текетіресі 35 жылға созылып, ең соңында 1218 жылы найман Күшлік ханзаданың өлімімен ақырласады. Бұдан кейінгі жерде тайпаның тоз-тозы шығып, тірі қалғандары тұс-тұсқа босып кетеді. Шыңғысқа бағынып кеткен бір бөлімі сол күйі моңғолдарға сіңіп кетті. Бір бөлімі ұйғырлардың арасына барып тұрақтады.Тарым, Зәрапшан дариясының бойында бертінге дейін көшпенді тіршілікпен айналысқан бұл қауым «доландар» деп аталып, ұйғырларға қосылды. Қазіргі таңда ҚХР-дың Қашқар аймағына қарасты Меркіт ауданындағы адамдар өздерінің байырғы көшпенділерге тән кейбір тұрмыс-салттар мен мәдениетін жалғастырып келе жатыр. Ал Қыпшақ даласына барып сіңген меркіттер кейін келе қазақ меркіттері болып қалыптасты. Тағы бір бөлімі башқұрттардың арасына барып жүре келе Мың руына телініп кетті. Еуразия даласындағы түркі-монғол текті бурияд, алтай, төлеуіт, башқұрт, ұйғыр, қырғыз, монғол, қалмақ қатарлы көптеген ұлттардың құрамындағы меркіттер өз атауларын күні бүгінге дейін ұмытқан жоқ.

 

Қазақ меркіттері

Зерттеушілердің пайымдауынша, меркіттердің керейлерге қосылуы Қазақ хандығы құрылғаннан кейінгі кездері болған. Шыңғыс хан Монғол үстірітін толығымен бағындырғаннан кейін бұрынғы іргелі ұлыстардың барлығы бытырап кетті. Уақыт өте келе Найман, Қоңырат, Керей, Меркіт секілді ежелгі рулар айналасындағы ұлыстардың құрамына сіңді. Бұл осында аталған халықтардың барлығына ортақ жайт болатын.Тарих көші алға жылжып, ұлы дала төсінде Шыңғыс хан орнатқан алып қағанат әлденеше мемлекет болып ыдырағаны белгілі. 1465 жылы Қазақ хандығы құрылды. Бұл

ұлы өзгерістің арасында талай заман керейлермен қанаттас жүріп, қатар қонған меркіттер де бар еді. Қазақ хандығы орнығып, құрамындағы ру-тайпалардың әкімшілік бөлінісі біртіндеп жүйеге түскен тұста, меркіттер орта жүзді құраған керей, найман қатарлы рулармен араласып жүріпті. Ал Ақтабан шұбырынды жылдарында меркіт батырлары мен жасақтары керей туының астында жауға шапқаны белгілі. Оның негізгі себебі де айқын болатын. Шыңғыс ханның «меркіттерді қырып тастау» туралы қаһарлы әмірі, қанды қасап қырғыннан аман қалған аз ғана меркіттің өз атымен, дербес ұлыс ретінде еркін өмір сүруін бірнеше ғасырға кері шегерген еді.

Жоңғар шапқыншылығы аяқталғаннан кейін, бір-бірінен ажырап қалған ағайындар өзара табысып, әр ру өз алдына ұрандарын белгілеп, ес жиып етек жаба бастады. Қазақ меркіттері де бұл үрдістен шет қалған жоқ. Ғасырларға жалғасқан қырғыннан аман қалған аз ғана қауымнан өсіп-өніп келе жатқан ежелгі ұлыстың ұрпақтары меркіт атын қайта жаңғыртты. Қазақтың өзге ру-тайпалары секілді құрама халық болып есептелетін керейлердің Абақ керей аталатын тармағы 12 руға жіктеліп, өз алдына төрелерін сайлап, іргелі елге айналған тұста, талайдан дәмдес, тағдырлас болып келе жатқан меркіттер Абақ керейлердің бір руы санатына енді.Жан саны аз рулардың, өсіп-өнген белді руларға қосылып кету процесі Қытай қазақтары арасында XIX ғасырға дейін жалғасты. Оның бір мысалы, 12 Абақтың біреуі болып есептелетін Құлтайболат руының, өздерімен дәрежесі тең бірақ саны мол, ықпалды Жәнтекей руына телінуі еді.

Соңғы кезде тарихшылар мен этнографтардың «Қазақ Меркіттері» деп керейден бөліп алып қарастырып жүрген бұл ру – өз ішінен Шағыр, Лепес, Алманбет, Құлсары деген төрт кіші рудан құралады. Бертінге дейін қазақ шежіресін жинаушылар меркіттің төрт кіші руын дұрыс көрсетпей келді. Оның негізгі себебі, меркіттердің1750-1760 жылдары аралығында Жәнібек батыр бастаған Абақ Керей елінің көшімен бірге Қалба тауы, Зайсан (Жайсаң), Кішкене тау, Маңырақ өңірлеріне қарай қоныс аударуы еді. Онан ары Алтай бетіне өткен елдің арасында да меркіт рулары бар болатын. Яғни соңғы ғасырларда «қараған ханы бөлек» болғандықтан Қазақстан жерінде жасап жатқан ұлы жүз бен кіші жүз қазақтарына меркіт атауы бейтаныс болып қалды. Осындай себептерден болса керек, Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қазақ-қырғыз һәм хандар шежіресінде «меркіттер – Алманбет, Құлсары, Қарағай, Жансары атты төрт рудан құралады» деп көрсетіпті. Мұндағы Қарағай мен Жансары рулары Шағырдан тарайтын кіші аталар есептеледі. Ал Теңізбай Үсенбаевтың құрастырған «Қазақ шежіресі. Екінші том. Орта Жүз – Жан арыс» атты кітаптың 195-бетінде «Меркіт –

Шағыр, Лепсі, Мұңлы, Сақау» деп таратылған. Мұндағы мұңлы дегені меңлі дейтін кіші ру, Сақау да Алманбеттен тарайтын кіші ру.

Абақ Керейлердің шығысқа қарай қанатын жая түскен көшінің арасында меркіттердің де болғанын жоғарыда айтып өттік. Төрт атадан құралатын Меркіттер 100 жылдан астам уақыт Зайсан, Кішкене тау, Маңырақ өңірлерінде алаңсыз өмір кешіп, дәулеті шалқып өсіп-өнген екен. Олардың кейбір кіші рулары XVIII ғасырдың ортасынан бастап арғы бетке қоныс аударды. «1754 жылы Шағырдың ру басыларының бірі Бесік және Құлсарының Жақсыбегінің бәйбішесі Соқаның жеті ұлы Жәнтекей аталарымен ілесе көшіп, Ақмұздықтың (Сауыр) теріскейінен қоныс алады. Ертеректегі Бесік дарасы, қазірге дейін жалғасқан Майқапшағай, Жылқайдар, Шымылдық, Үркінбай сазы, Уілдірік деген жер аттары сол замандағы меркіт ұрпақтарының аттары еді». (Меркіт тектелгісі. 38-бет. 2008 жыл. Үрімжі) Осындағы аталған жерлердің біразы Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданы аумағында тиеселі. Біз бұл жерде меркіттердің арғы бетке өтуі туралы аздап мәлімет бере кеттік. Меркіттердің қомақты бір бөлігі Зайсан көлі мен Қара Ертіс төңірегінде, бауыр басқан мекендерінен алыстамай тірлік кешкен. Тек қараған патшаларының пиғылдары бұзыла бастаған XIX ғасырдың соңғы жартысында әулетімен қотарыла көшу жиілей бастайды.

Бұл кезде Тарбағатайдың Қытайға қараған бетінде саны жағынан ең көбі қазақтар, онан қалса моңғол, маньчжур, шахар, сібе-солаңдар мен қала жағалаған татар көпестері, аздаған (қызмет, саудамен жүрген) орыстар болған. Ал, қазіргі Қытайға қарасты Алтай өңірі Қобда әкімшілігіне бағынып, Ұластайдағы шекараны тыныштандырушы сол қол уәзірінің басқаруында Бейжіңге бағынышты аймақ еді. 1911 жылы Қытайда Шинхай төңкерісі болып, Цин патшалығы құлатылып, Жұңхуа Минго құрылған тұста Сыртқы Моңғолия тәуелсіздігін алды. Тарбағатай, Бұратала, Іле қатарлы жерлері бұрыннан Іле Жияң жүніне бағынатын. Қытай деректерінде айтылуынша, Цин империясы мен Патшалық Ресей арасындағы сан реткі келісімдерден кейін Қытай қарастылығында болуға ниеттеніп, Алтай, Тарбағатай, Іле өңіріне барған қазақтардың ұзын саны 30 мыңның төңірегінде болған екен.

Осылайша бір халықтың бірнеше мемлекетке бөлініп өмір сүруі басталды. Меркіттердің Қытай асып көшуі соңғы рет Кеңес үкіметі орнап, кәнпеске жүргізілген 1928 жылдардың кезінде болды. Дегенмен бірнеше ғасыр бауыр басқан мекені Зайсан өңірінен жылыстамай қалғандары да бар еді. Меркіттің кіші руы Лепес ұрпақтарының біразы күні бүгінге дейін Зайсанда тұрып жатыр. Ал қомақ бөлігі Қытайда жасап жатыр. Құлсары атасынан тараған біраз ауылдар Монғолияда мекен етуде. Шежірешілердің мөлшерлеуі бойынша қазіргі таңда Қазақстан, Қытай, Монғолия қатарлы үш мемлекетте өмір сүріп жатқан қазақ меркіттердің ұзын саны 80000 адамның төңірегінде деседі.

 

Ерқазы Сейтқали

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.