Әкім-қаралардан Үмбетовтей қазақ баспасөзін қолдаған ешкім жоқ!

0
127

Немесе ағамен сырласу

 

Шылбыр қағар

Серік аға туралы замандастары да, іні-ағалары да, қаламгерлері де, қызметтестері де, еліміздің ірі-ірі тұлғалары да, тіптен қарапайым қарашаның өкілдері де ыстық-ыстық лебіздерін аяған емес. «Жүректегі жазулар» деген кітаптан Сері-ағама деген бұлақтың суындай тап-таза аста төк ниет-ықыластарды оқып, білмейтін көптеген мағлұматтарға қанықтым, небір қырларымен таныстым. Ағаның 70 жасқа келіп жатқан мерейтойына арнап мен де мақала жазуға оқталдым. Кітапта және басылымдарда барлық жанрларда ол кісі туралы айтылып, жазылыпты. Ойлана, толғана келе «Сері-ағаммен сырласу хатын жазсам қайтеді?» деген ой келді. Себебі бұл кісі қаршадайынан қара еңбекке жегіліп, комсомолдың өр толқынында жүзіп, партияның тапсырмасымен қанаттанып, өмірдің небір иірімдерін бастан кешіп биік лауазымдарға қарай бет алған тұстарда әрқилы қызмет баспалдақтарынан өтіп, шыңдалған уақыт еншісінде қаншама адамдармен істес болып, мол тәжірибе жинақтады. Ең бастысы сол тәжірибесін өмірде қолданып, адамдардың игілігіне жұмсады. Толассыз еңбек, тынымсыз қарекет Секеңді биік шыңдарға шығарды, есімін бүкіл алты Алашқа танытты. Інінің сыршыл көңілінен ағаға деген сезім шуақтары риясыз күйде төгіліп жатса игі деп, «нартәуекел!» деген сөзді нығарлай айтып Шабыт тұлпарына міндім..

 

 

 

Иман шырағы

    Серік аға, сіздер осылай алшаңдай басып алдымызда жүргенде кейінгі толқын, өкшеңізді басып келе жатқан біздей інілеріңіз өздерін әманда жас сезініп, сіздерден қуат, шуақ алып жүретіні анық. Сіз де, біз де Кеңес өкіметі кезінде дүниеге келіп, сол шақтың, сол заманның құшағында өстіп, тәрбиелендік, жұмыс істедік. Кейін ол өкіметті ащы ойларымызбен шабақтап, найза-сөзбен піспектеп сынап, мінеп, түкке алғысыз еттік. «Құдайсыз мемлекет» деп бетін шиедей етіп, айғыздап адамдық факторын жоққа шығардық. Шынында да солай ма? Кейде отыра қалып осы бір-біріне мүлдем жат қоғамдардың жан дүниелеріне үңіліп, салыстырасың, артық кемін іздейсің. Сері-аға, сіз бен біз махаббаттың дәмін сол заманда сезіндік. Есіңізде ме, біз өмірде қаншама адуынды болсақ та қыздың алдына келгенде сондай әлжуаз, ұялшақ, үркек едік қой. Денеміз де, әсіресе қыздарда бір электр тоғына ұқсас дір еткізетін бір күш-қуат болды. Жақсы көретін қызыңа сөз айта алмай қор болушы едік қой сол кездері. Қолымыз қолымызға, саусағымыз саусағымызға тигенде жылт-жылт етіп от ұшқындары шығып, бүкіл денеміз дірілдеп, қалшылдап сала беретін. Ол не от, ол не діріл? Сүйген қызыңа бетпе-бет келгенде сөз айта алмаған соң хат жазатынбыз. Үшбу хат! Ол хатты жазудың өзі азап болатын. Әрбір сөйлем түгілі әрбір сөзі, әрбір әрпіне мән беретінсің. Қаншама дәптер, парақтары жыртылатын. Хат жазылып болған соң да оны өте құпия түрде жеткізу қиынның қиыны болғанын қалай естен шығарарсың. Бұл ұят деген сезімнің адамдарда сол кезде бар болғаны деп білемін. Мұны, Секе, не үшін айтып жатырмын? Тәуелсіздігімізден кейін сол шақпақ от, сол діріл, сол қиналу мен қымсыну жоғалып кетті. Дінсіз қоғам мен дін келген қоғам. Парадокс! Екі қоғамның адамдары екі түрлі. Рас, Кеңес өкіметі жан-жақтан қоршаулы болды. Сол кездегі адамдардың рухани ермегі кино болатын. Кино адамдарды тәрбиелейтін. Онда анау-мынау оғаш қылықтар түгілі сүйісу деген болмайтын. Тәуелсіздігіміз кезінде шекара ашылып, барлық бәлекеттердің астында қалған қазақ демократия деген осы болар деп ойына не келсе соны істеді. Батыстың бейәдеп кинолары келіп, үстемдік етті. Қазір не көп ажырасу көп. Суицид, зорлық-зомбылық, нәрестелерін лақтырып кету, жетімдер мен қарттар үйлері, қыздарымыздың ашық-шашық жүруі, жемқорлық дейсіз бе небір зұлым көріністер, көңілге қонбайтын жағдайлар үйреншікті нәрселерге айналды. Ұят, иман біздің елден біржола кетіп қалды ма деп ойлап қатты уайымдаймын, Сері-аға. Ол қасиеттердің кетуі, елдің азғындауы, тозғындануы біздің мемлекетіміздің болашағына балта шаба ма деп қорқамын.

 

Рух айнасы

     Бұған кім, не кінәлі? Ата-баба аманат еткен ұлттық құндылықтарынан айрылса қазақ қандай халыққа айналады? «Бұл жолғы шағын жазбамда Секең арқылы біздің биліктің әр буынындағы шенеунік жаратылысында қазақи болмыс, сезімнің қасиеттері болса деген қарапайым жұрттың көксеуін айтуды мұрат еттім. Көп ұзамай қазақ елі боламыз деп жатырмыз ба, ол үшін халқымыздың тарихи тағдырындағы тағылымдарымыз болуы керек, әуелі. Ол тағылым-бар қасиеттерімізді жинақтап айтқанда, ұлттық болмыстың ұрпақтан ұрпаққа жете беруге тиіс рухы. Серік Үмбетовте бар рух.» (Бұл өзіңіздің бауырыңыздың бірі Несіпбек Дәуітайұлының пікірі)

Менің айтайын дегенімнің бір пұшпағы осы. Несі-ағаңның айтқан Үмбетовтің Рухы бәрімізде бар ма? Әкім-қаралар өз қызметінің үдесінен, ұлтының мүддесінен шығып жүр ме? «Қазақтың қадірі-билік деп аталатын кемелденген кісілік келбетіне байланысты» деген ой-иірімінде батпандай салмақ жатыр.

Марқұм Рахымжан Отарбаев деген досымның мына жазғаны осы жерде есіме түсіп тұр. Төрт түлік малды жағдайын Сері-аға сізден артық  білмейсіз ғой. Ет комбинатындағы арнаулы бағылып, қағылатын, үйретілген серке болады. Сол залым серке сойылатын қойларды бастап апарып, жеме демге келгенде өзі тайқып кетіп, байғұс қойларды Ажал аранына салып жібереді екен. Автордың айтпағы халық та сондай аңқау, сенгіш дейді. Қалың бұқара билік қайда бастаса сонда ермек. «Кісілік келбетіне байланысты» деп Несі-ағаңның толғамы да осыған саяды. Осындай азғындыққа, тозғындыққа апарған, кезінде тәртіпті босаңсытып алып, қалың қазақты залым мен зұлымдықтарға талатқан билік кінәлі ме деп бағамдаймын. Әрине, «бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» дегендей шенеуніктердің ішінде небір іскерлері, ұлтын жанындай сүйетіндері бар. Мәселен мақтағаным емес, соның бірегейі өзіңізсіз Серік аға.

 

 

«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйенерге жарар ол» демекші халқымыз сізге барынша сеніп, қаншама сүйенді, сүйенді де сүйінді өз ұлдарына. Бір адамның толайым бір өңірге әсері, бір адамның бір ұлтқа, мемлекетке әсері қалай болатынын өмір көрсетті.

Сіздің екі облыста әкім болғандағы толағай істеріңізді, халықтық бай тәжірибеңізді, адами қасиеттеріңізді қалың ел сүйіспеншілікпен айтып, жазып жүрегенін жоғарыда айттым. Менің мақсатым мүлдем басқа. Шынында да облыс, аудан әкімдері қандай болу керек, олар қалың бұқарамен қалай қатынас жасап, ұлттық құндылықтарды қалай сақтау қажет екенін және басқа да қат-қабат шенеуніктік қызметтік жұмыстарын қалай илеп, қалай жүзеге асыру жөніндегі бұрын жазылмаған тұжырымдама дей ме, әлде үлгі-тәжірибе ме, қысқасы Үмбетовтің үрдісі деген сабақты жас шенеуніктерге жүргізсе деген ойым бар. Үй салғанда да алдымен іргетасын қаламай ма? Тәуелсіздігіміздің өмір сүріп жатқанына мінеки 30 жыл. Аз уақыт емес. Отызға келгендер бастық болып, қазір халыққа ақыл айтып жүр. Біз бұл жылдарда көп қателестік. 30 сабақ! Соның бір маңызды сабағы әкімшілікке арналып, ол сабақты академик Үмбетов беріп жатса нұр үстіне нұр болар еді.

 

Тектілік нәрі

Сері-аға, біздің елімізде мақтау мадақ жөнінен кемде емеспіз. Егер ол орнымен айтылып жатса құба құп қой. «Бізді құртан көкшолақ» демекші осы өтірік мақтау, өтірік ақпар беру түбімізге жетпесе болғаны, әйтеуір. Сіздің мықтылығыңыз неде деп ойлайсыз, Сері-аға? Сіздің мықтылығыңыз, шынайылығыңыз, іскерлігіңіз, қарапайым қалың бұқараның ішінен көктеп, өсіп өнгеніңіз. Кеңес өкіметінде адамның қай ортадан шыққаны ерекше қаралатын еді ғой. Көбінесе қызметке қойғанда жастық шақта қандай жұмыстар істегені, тәжірибесі, халықпен аралас-құраласы есепке алынатын. Ол шынында да жыртық шапанын әспеттеп төрге іліп қоятын Аяз бидің тәубешілігіне ұқсайтын. Егер шынында да ол адамның тегі мықты болса сонау жастық кезеңде бұқарамен біте қайнасып қара жұмыс істегенін өмірбақи ұмытпайды.

Қазақ бабам шынында да жігіттің тегіне қараған. Тексіздік күндердің күнінде барып я өзін, я халқын, әйтеуір бір күндердің күнінде жарға шығатынын бабаларымыз өмір сабағынан білген. Халық өз сүйіспеншілігіне бөленген перзентін жанындай жақсы көреді. Сізді де Сері-аға қарапайым халық жақсы көреді. Неге? Себебі сіздің өмірлік басты ұраныңыз «Халық құдайдан бір жас қана кіші» деген сөзді үнемі жадыңыздан шығармадыңыз. Ес білгеннен бастап халықтың қайнар көзі ұлттық салт-дәстүрлерін құрметтеп, өміріңізде де, сөзіңізде де қолдандыңыз. «Ұлық болсаң кішік бол» дегендей қарияларды қазына деп ұғып, олардың алдында келінше иіліп тұрдыңыз, жағдайы төмен адамдарға үнемі көмектестіңіз, мүгедек, ауру жандарға шипа болдыңыз. Менің бағамдағаным халық бала сияқты. Басынан сипасаң мәз болып қалады, жақсылықты ешқашан ұмытпайды. Иә, тектілік қай азаматқа болсын зор жауапкершілік жүктейді. Оны өмірбақи көтере алатын адамдар ғана оның жемісін көреді. Баласұғүннің «Адамда жақсы қасиет болмаса оған бақ та, бақыт та қонбайды» дегендей көптің ішінде маңдайыңыз жарқырап, жүзіңізден нұр төгіліп ерекшеленіп тұратыныңызды байқадым. Адамды магниттей тартып тұратын тылсым бір қасиетңіз бар. Оны Сер-аға байқадыңыз ба, әлде байқамадыңыз ба, бәлкім ол тектіліктің белгісі болар.

 

 

 

                                               Қазақтың тамыры

   Біздің қазақтың тамыры қайда жатқанын Сері-аға сіз өте жақсы білесіз. Ол алтын бесік ауылымыз ғой. Бәріміз де ауылда өстік. Біздің ұлыларымыздың көбісі сол ауылдан шыққаны әбден дәлелденген аксиома. Өйткені тілдің бай нәрі, ұлттық құндылықтарымыздың күш-қуаты сол алтын бесігімізде жатыр. Уызынан қанып емген қара бала кейін дана қартқа айналатынына шәк жоқ. Тоқсаныншы жылдардағы зор қателіктеріміздің бірегейі сол алтын бесігіміздің шаңырағын шайқалтып, керегесін қиратып тастадық. Қателігімізді тым кейін түсіндік. «Ештен кеш жақсы» дегенмен енді сол алтын бесігімізді қанша қалпына келтіреміз десек те бұрынғы қалпына келтіре алмай әуреміз.

Сіз ауылдың жан дүниесін тамаша түсінетін жан екеніңізде шүбәм жоқ. Мал, ауыл шаруашылығын бес саусағыңыздай жақсы білесіз. Күрті ауданындағы еңбегіңізді қазірге дейін халқы айтып, ұмытқан емес. Ондағы бастан кешкеніңізді жазсақ бір романға жүк.

Сері-аға, менің айтайын дегенім ауылды неге биік дәрежеге, әлемдік биікке көтере алмай жүрміз? Мәселен сіз кеңшарға директор болғаныңызда елу үй салдырып, елу отбасын қуантыпсыз. Сона-ау Сібірден 80 вагон ағаш әкелгеніңізді сондағы ел аңыз етіп айтады. Бір ауылды бай ауылға айналдырыпсыз. Соны қалай жасадыңыз? Тағы да бай тәжірибеңізге жүгінуге тура келеді. Біз неге жаңа ауылдың инфрақұрылымын жасап, оны биікке көтермейміз? Қатардағы жұмысшы, бригадир, бөлімше басқарушысы, бас зоотехник, партком хатшысы, шаруашылық директоры, одан аудан әкімі болдыңыз. Республиканы, облысты басқарғанда небір тамаша ауылдарды көрдіңіз. Сер-аға, сізге зор өтініш, бұл менің ғана емес халқымыздың өтініші деп біліңіз. Аққайнар деген туған ауылыңыздың төрт құбыласы сай ауыл екенін білеміз. Шіркін-ай, қазақ жеріндегі барлық ауылдар төрт құбыласы сай болса, ол зор бақыт қой. Егер біз дәл солай істесек, ертең-ақ біздің санымыз отыз миллионның аржағына кетпесе маған келіңіз!

 

 

 

                                                    Тағдыр сыйы

    Мен бұл сырласу мақаламның атын қазақ баспасөзіне лауазымды орындарда отырғанда сіздің нағыз жанашыр болғаныңызды бадырайтып тұрып, батыл түрде қойдым. Ол менің ғана пікірім емес, бүкіл сен тұр, мен атайын деген баһадүр әріптестерімнің ортақ пікірі. Сері-аға, біз, журналисттер, қаламгерлер сізді шын жақсы көреміз. Сіздің жаныңыз нәзік, көкірек сарайыңыз рухани байлыққа толы. Сол нәзіктік, сол байлықпен бізді қазақтың даласындай кең құшағыңызға сыйдырдыңыз.

Жақында біз жанымыз қысылып, жағдайымыз әбден нашарлаған соң Президентімізге мүйіздері қарағайдай-қарағайдай басылым басшылары «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деген ащы тақырыппен ашық хат жолдадық. Нәтижесі қандай болатынын әзірге білмейміз. Осы хаттың мәтінін дайындап отырғанда сіз есіме түстіңіз. «Шіркін-ай!» деп ойладым мен Серік Үмбетовке президент мырза «сіз мына қазақ баспасөзінің жағдайын жөндеңіз» деп тапсырма берсе ағамыз бұл мәселені әп-сәтте жөндер еді-ау».

 

 

Бүгін өзіңізге інілік шын сырымды ақтарып отырғанда «Мені жаз, мені жаз! Ау, мынаны ұмытып барасың ғой» деген ойлар қаумалап, қайсысын жазарымды білмей қатты састым. Оларды жаза берсең газет ол ауқымды көтере алмайды. Бастығым, белгілі журналист Сәуле Мешітбайқызына сіз туралы жазатынымды айтқанда ол кісі: «бір туар інім Серік туралы жақсылап жаз. Ол ерекше, ешкімге ұқсамайтын жан» деді риясыз көңілмен. Сырласу хатымды аяқтар алдында, жо-жоқ тағы да жалғастырам ба деген үмітім бар. Аллам қолдасын!

Оның да тақырыбы сан алуан. Мәселен батыр бабаларымызға, әулие-әмбиелерге деген зор құрметіңіз. Екіншіден ұлттық тағамдар қымыз, шұбат өндірісін өркендетуге деген жаңашылдыңыз. Үшіншіден ақсақалдарды қадірлеудегі інілік ілтипат, төртіншіден өнердегі өрендерді көтермелегеніңіз, бесіншіден, алтыншыдан осылай кете береді. «Тіл сарайын» тұңғыш рет салған кім? Оны да сіз салдырттыңыз. Жазатын, сыр қылып айтатын тақырып көп қой, көп. Әсіресе алтынға сатып ала алмайтын адами құндылықтардың мәні мен маңызы жөніндегі әңгімелеріңіздің өзі неге тұрады?! Әзірге, Сері-аға, “көріскенше күн жақсы” дей отырып інілік сыр-сұхбатыма көп нүкте қойып, оны сіздің бір тамаша сөзіңізбен аяқтағым келіп отыр: «Мінез адамға әуелі тек арқылы дариды, содан кейін тәрбие арқылы қалыптасады. Біз де шамамыз келгенше шынайы болуға ұмтылдық. Өйткені тәрбиеміз солай еді. Жүрген жерімізде халықтың қамын жедік».

Иә, Сері-аға, бүгін жетпістің биігінде отырсыз. Жасыңыз құтты болсын! Бұл біле білген адамға даналықтың шыңы. Өмір сізді көсем де етті, шешен де етті, дана да жасады. Бұл Алланың берген тағдырының сізге деген зор сыйы. Сол зор сыйы, берері, берекесі таусылмасын, Серік аға! Аман-есен болыңыз!

 

                                                                                     Інілік ізетпен

                                                                                     Ертай Айғалиұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.