ЕЛІМ САҒАН АЙТАМ, ПРЕЗИДЕНТІМ СЕН ТЫҢДА!

0
462

Егер ұлтыңды, ұрпағыңды сақтаймын десең, қамдан, қазақ!

Біз қазақ қызық халықпыз. Еркіндікті сүйеміз, алайда сол еркіндіктің қадіріне кейде жетпей жатамыз. Атың өшкір коронавирус әлемді шарлап, барша адамзатты бір тарының қауызына сыйдырып жібергелі төртінші айға қадам басты. «Дамудың шыңына шықты, цивилизация төрінде шалқып жүр» дейтін Еуропаның өзі бұл індеттің алдында дәрменсіз. Қынадай қырылған Италия мен Франция тағы басқа да мемлекеттер неге бізге сабақ болмайды. АҚШ-тағы жағдай анау. Жұқпалы дерттің азабын тартып отыр. Ал біздің қазақтың әлі күнге көбісі бейқам жүр…

Бұған да сенбейсің бе, қайран жұртым?!

Алғашында әлем жаңалықтарынан шетел басшыларының коронавирусқа шалдыққаны туралы ақпараттарды жиі оқысақ, сол кеп енді өз басымызға келді. Бірақ мұны да күлкіге, келемежге айналдырып жатқандарға не шара?!
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев оқшауланды.

 

 

Биліктегі мына шенеуніктер де бірінен соң бірі мұрттай ұшты. Алла Тағала оларға шипасын берсін!
Берік Уәли (ҚР Президентінің баспасөз хатшысы) – вирус анықталды. Асқар Мамин (ҚР Премьер-министрі) – карантинде. Елжан Біртанов (ҚР Денсаулық сақтау министірі) – вирус анықталды. Асхат Аймағамбетов (ҚР Білім және ғылым министрі) – карантинде. Сапархан Омаров (ҚР Ауыл шаруашылық министрі) – карантинде. Мағзұм Мырзағалиев (ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі) – карантинде. Нұрлан Ермекбаев (ҚР Қорғаныс министрі) – карантинде. Нұрлан Нығматулин (Мәжіліс төрағасы) – вирус анықталды. Бекболат Тілеухан (Мәжіліс депутаты) – вирус анықталды.
Бердібек Сапарбаев (Жамбыл облысының әкімі) – карантинде.
Бұған да сенбейсің бе, қайран қазақ?! Бұл санның алдағы уақытта өсе түсеріне күмәнің бар ма?

 

Еуропадағы бақуатты тіршіліктен бастары айналған адамдардың бір құдіретті күшке сыйынып, көшеге шығып жалбарынып жатқанын бәріміз дерлік көрдік. Бірақ селт етпедік. Бұл індеттің алдында бай мен кедей деген жоқ. Билік пен халық тең. Біз пенделер ғана құрақ ұшып алалайтын. Сақтанбадың ба,  алып ұрады бұл індет. Онсыз да аз қазақтың тағдыры қыл үстінде тұр. Осыны әр қазақ ұғынуы керек. Болашақ үшін, ұлан-байтақ даланың амандығы үшін. Бабалар бұл қасиетті даланы бізге аманаттап кеткенін естен бір сәтте шығаруға болмайды.
Тағы айтамын, барша ғалам ковид індетінен қайтсек аман шығамыз деп жанталасып жатса, біздің қазақ әлі жаназа мен тойдың соңында жүр. Күні кеше жақсы араласатын бір танысым елде болған бір оқиғаны айтып берді.
Оңтүстікте  бір үлкен апайдың жаназасына халық көп жиналыпты. Ойдан-қырдан ағылған ағайын-туыста шек жоқ деседі.  Алайда маска тағып, сақтық шарасын жасап жүргендер қарасы тым аз екенін қамыға жеткізді маған.  Бұл қорқынышты емес деп кім айтар? Індет жайылып барады. Айтпақшы сол оңтүстік өңірінің шеткері бір ауылында және қалаға жақын тағы бір елді-мекенде коронавирус жұқтырған адамдарды оқшаулағанын халық біле тұра жаназа мен тойға барып жүргені қалай? Ескертуге неге құлақ аспайды жұрт? Бұл бір өңірдің емес, тойшыл қазақтың бар өңіріне тән іс болып тұрғаны жанға батады.
Халықты тексеріп өткізіп, тексеріп шығарып жатыр дейді. Сонда да халықтың көбі коронавирусқа сенбейтін көрінеді. Бұл не масқара?
Мен мұны неге айтып жатырмын? Қазақтың діңгегі, қазақтың ата-қонысы ауылдарға коронавирус  жайылса оны тоқтату оңайға соқпасы белгілі. Бұның арты халықтық үлкен трагедияға айналып кетуі бек мүмкін, ағайын!
Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде «Коронавирус жоқ. Сенбеңіздер!» деген «жұлдыздардың», елге танымал азаматтардың жазбалары жарқ ете қалуда. Оқып отырсаңыз, «Бұл биліктің халықты мазақ етіп отырған ойыны. Осы мүмкіндікті пайдаланып, халыққа тиімсіз  заңдарды, өзге де  биліктің қолайына жағатын істерді жасап қалуға әрекеттері» деп елді адастыруда.
Біз қазақ індетке сенбей жүре береміз бе осылай? Нақты мәліметтерге көз салсаңыз қу жаның шошиды.

КОРОНАВИРУСТАН ҚАЗАҚСТАНДА 113 АДАМ, ӨЗБЕКТЕРДЕ 19 АДАМ ШЕЙІТ БОЛЫПТЫ

Өткен тәулікте Қазақстанда 1048 адамнан коронавирус анықталды. Оның ішінде ауру белгілері бары – 428, симптомы жоғы – 620.
Бір күнде коронавирустан 272 адам жазылып, 8 адам қайтыс болды.
Коронавируспен күрес жөніндегі жедел штаб 19 маусымда түнде Түркістан облысында – 1950 және 1958 жылғы әйел адамдар, 1962 жылғы ер адам, Шымкентте – 1962 жылғы әйел адам, Нұр-Сұлтанда – 1954, 1958 және 1952 жылғы әйел адамдар, 1950 жылғы ер адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлаған еді.
Билік вирус жұқтырғандардың жалпы саны 16 779 деп отыр. Оған ауру симптомы жоқ адамдар кірмеген. «Ауырғандар» мен «тасымалдаушыларды» қоса санағанда вирусты 25 008 адам жұқтырған.
Қазақстан билігі 3 маусымнан бері коронавирус жұқтырғандарды ауру белгісінің бар-жоғына қарай екі бөлек есептеп келеді. Ауру белгілері барын «ауырғандар», жоғын «тасымалдаушы» деп атады. Билік соңғысын вирус жұқтырғандардың негізгі статистикасына кіргізбей отыр. Ал коронавирустың таралуын бақылап отырған әлемдік денсаулық сақтау ұйымдары мен орталықтары биліктің ресми дерегіне сүйеніп, Қазақстанда COVID-19 жұқтырғандардың санын көрсетерде ауру белгісі жоқ жағдайларды ескермей отыр.
Үш ай ішінде 10 411 адам емделіп, 113 адам қайтыс болған.
18 маусымда денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаева коронавирустан қайтыс болғандар тізіміне кірмеген 54 өлім тіркелгенін айтты. Оның айтуынша, бұл науқастар коронавирус жұқтырғанмен «инфаркт, инсульт, онкологиялық аурулар секілді өзге негізгі дерттерден қайтыс болған».

 

Қазақстанда соңғы кезде науқастар күрт көбейіп, ауруханаларда орын тапшы бола бастаған. Алматы және Нұр-Сұлтан қаласының денсаулық саласының өкілдері қаладағы инфекциялық стационарлардың 90-95 пайызы бос емес деп мәлімдеді. Елде коронавирус тестінен өту де қиын бола бастаған. Бұған дейін елдегі Олимп, Инвиво тәрізді орталықтардың жұмысы тоқтағаны хабарланған.
Шынын айтайық, қазір еліміздің бар өңірінің емханалары сырқаттарға лық толы. Тіпті адамдардың дәліздерде жатқаны туралы ақпарат көп. Егер дәл осы жайбасарлығымызбен кете берсек, күн ертең «Байтал түгіл, бас қайғы» болып кете ме деп қорқамын.
Ел басына күн туған алмағайып заманда ала шапанды ағайын да қарап қалып жатқан жоқ. Туризмді жолға қою үшін, игілікті істерге жол ашуда.
Мысалы Өзбекстанда турист COVID-19 жұқтырған жағдайда 3 мың доллар көлемінде өтемақы алады. Бұл ел президенті Шавкат Мирзиеевтің қаулысында жазылған.
Құжатта  «Uzbekistan. Safe travel guaranteed» («Өзбекстан. Қауіпсіз саяхат кепілі») жүйесі енгізіледі. Ол туристер үшін  «қауіпсіздік кепілі» болмақ.
Аталған жүйе арқылы «Қауіпсіз туризм қоры» құрылады. Оны қаржыландыру үшін дағдарысқа қарсы қордан 20 млрд сом (шамамен 2 млн доллар) бөлінеді, сертификаттау үшін жарналар да қарастырылады.
Өзбекстан ұлттық инновациялық денсаулық сақтау палатасының төрағасы Равшан Изамов «Өзбекстан 24» телеарнасына берген сұхбатында жергілікті және шетелдік туристер өз қауіпсіздігіне сенімді болуы керек деп мәлімдеген.
«Туроператорлар, қонақ үйлер және туризм индустриясына байланысты бар адам қажетті талаптарды орындау кезінде арнайы сертификат алатын болады. Бұл сертификаттың болуы оларға туристермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді Изамов.

 

Centralasia.media агенттігінің хабарлауынша, туристерге өтемақы төлеу бойынша осындай тәжірибе әлемнің көптеген елінде кеңінен қолданылады.
23 маусымдағы жағдай бойынша Өзбекстанда коронавирус жұқтырғандар саны 6500-ге жетті. Елде вирустан 19 адам қайтыс болған.
Көріп отырсыздар ма, індеттің өзінен қаймықпай, ел ертеңі үшін Өзбек акалар туризмге жанашырлық танытып отыр. Шетелден келетін саяхатшылардың өміріне ден қойып, олардың өміріне алаңдатушылық танытуда… Бұл дегеніңіз келешекте туристердің Өзбекстанға деген көңілдеріне кірбің түсірмеудің алғы шарттары.  Осындай игі істер бізге де жұғысты болғай!

АБАЙ СЫНАҒАН ҚАЗАҚ – ӘЛІ СОЛ ҚАЗАҚ!

Иә, Абай қазақты сынады деп кей адамдар кінәлап жатады. Бірақ Абай дәуіріндегі қазақпен бүгінгі қазақтың арасында соншалықты айырма бар дегенге кім сенер? Бүгін «Заман басқа заң қасқа». Жаңа технология заманы. Сөйте тұра кей қазақтар әлі күнге Абай сынаған деңгейде жүр. Әлі күнге кей қазақтар кержалқау, сөзуар, даукес. Оған әлемді «табаға салып қуырған» коронавирус індетіне сенбейтіндерді қосыңыз.

 

«Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторы Дәурен Қуат мырзаның мына жазбасы да менің көзқарасыма тура келіп тұр.
«Бұ заманда бізді бірдеңеге сендіру қиын. Көзіміз көріп, құлағымыз естіп тұрса да, барға, шынға иланбаймыз. Жер-әлемді шулатқан індет іргемізді түріп келсе де, «әй, осы өтірік қой деймін», «айналаңда ауырған жақын-жұрағатың бар ма, айтшы?» деп, елеурейтіндерге уәж айтудың өзі қиын. Халықаралық арналар қақсап, өзіміздің БАҚ «бақадай шулап» айтып, жазып жатса да, біздің жұртты COVID-19 дейтін пәлемен қорқыту мүмкін болмай тұр. Мәселе, қорқытып, үркітуде емес, мәселе – сақтықта. Сақтық шараларын ескеріп, тиыммен жүрген ағайынға не дейсің, алайда, «алған бетінен қайтпайтын», өз дегені болмаса, өзгенің сөзіне құлақ аспайтындарға коронавируспен күрестің алдымен Үкімет үшін тиімсіз екенін ұқтыру әсте қиын. Әйтпесе, кәсіп-қаракетінен қағылғандарға жәрдемақы төлеу, жұмыс істеп жүргендерге үстемақы беру – мемлекет бюджетіне артық шығын емес пе? Біздің Үкімет байлықтан басы айналғандықтан халыққа ақша үлестіріп жатпаған болар…
Жақын күндерден бері ковидке белгілі адамдар: Бекболат Тілеухан, Берік Уәли сияқты азаматтар шалдығып еді, олардың «ісін» базбіреулер көзапара тірлікке балады. Денсаулық сақтау министрі Біртанов та ковидпен күрес майданында төсекке таңылды. Енді міне, Елбасының өзі де коронавирус жұқтырыпты…».
Мен бұған дейін «Qazaqstan dauiri» газетінің сайтына (https://qazdauiri.kz/?p=21396)
«Жақыныңа жанашыр бол!» деген мақала жарияладым. Сонда көп мәселені қамтыған едім шамам жеткенше. Коронавирус жағдайында күдік пен үміттің шекарасына ат шалдырып, «Сақтанғанды ғана Алла сақтайтынын» ескертуге тырыстым. Оған қайта айналып соққаным жарамас. Қалап жатсаңыздар,  сілтемедегі сайтқа кіріп оқысаңыздар болады.
Жер-жаһанды дүрліктіріп, адамдардың аңғырттығын, аңғалдығын тиімді пайдаланып, өрши түскен жұқпалы аурудың жаңа бір түрі адамзатқа төнген індет болып тұр. Көптеген елдер шекараларын уақытша жауып, қалыптасқан барыс-келіс, алыс-берістен саналы түрде шектелуге мәжбүр.
Байқағанымыздай, біздің халыққа тән қасиеттің бірі ағайын-туыс, ата-баба т.б. құрметтеудегі ерекшелігіміз. Әрине, осы уақытқа дейін ешкім бізге шектеу жасаған емес және де сол үрдіспен ас беру, еске алу, т.б. көп адам жиналатын жиындарды елге ауылымызға келіп жасағымыз келетіні жасырын емес… Аталарымыз бағзы заманнан-ақ ескерткен ғой: «Жау жоқ деме жар астында». Сондықтан, уақытша аткөпір жиын-той, т.б. іс-шараларға құзырлы орындар емес өзіміз шектеу қоюымыз қажет сияқты. Өйткені Алла Тағала сынақ жіберіп,  бар жауапкершілікті өзімізге салып тұр ғой… Неге біз бағыныштылықтан арылып, өз танымымызбен тіршілік кешпейміз?  Неге бізге біреу бұйрық беріп, соның айтқанымен жүруіміз керек?
Алғаш ковид індеті шыққан кезде селт етпеген кей ағайын  «Бізде жоқ» деп жайбарақат жүрудің салдарынан опық жеп жатқанын көзіміз көруде. Қазір індет ошағы кең жайылған қалалардан ауылға халық ағылуда. Елге келген, аунап-қунаған дұрыс-ау, бірақ үлкен-кішіге, бай-бағланға, басқадай мәртебеңе пысқырып та  қарамайтын індет ошағы ауылға да білдірмей еніп «шулатып» жатыр. Осыны басты назарға алсақ, сақтық шараларына көбірек көңіл бөлсек, ағайын!  АЛЛА САҚТАНСАҢ САҚТАЙДЫ. ТАБАЛАМАЙЫҚ, АҒАЙЫН, ТӘУБАҒА КЕЛЕЙІК!

«ЕСТИТІН ҮКІМЕТ» ЖУРНАЛИСТЕРДІ НЕГЕ  ЕСІРКЕМЕЙДІ?

«Шенеуніктердің әлеуметтік желіде белсенді болуы – интернет дәуірінде – міндет». Үкімет «еститін мемлекетке» айналуы тиіс, – деді президент  Қасым-Жомарт Тоқаев. Бірақ бұған назар аударып жатқан шенеунік өте аз. Жоқ демейік, бар. Алайда жеделдік, жылдамдық жағы кемшін. Осы жерде президентіміздің «Халыққа жедел және шынайы ақпарат беріп жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын» деген риясыз сөзі көңілге оралады.  Демек президент журналистерге оң пейілде.
Біз (Дөңгелек үстел 20 ақпанда («Qazaqstan dauiri» №8) өткенмен, оған қатыспай қалған мерзімді басылымдардың басшыларымен онлайн байланыс арқылы жалғасты https://qazdauiri.kz/?p=16721) Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының онлайн дөңгелек үстеліне қатысқан басшыларының Ашық хатын жолдадық. Хатта «Қазақ баспасөзіне зор қауіп төніп тұр!» деп  айтылған. Мен бұл Ашық хаттың да сілтемесін ұсынып отырмын (https://qazdauiri.kz/?p=20097) Алайда жауап түгілі, оқыдық деген шенеунік көрмедік.
Баяғыда бір қазақ «Мен ұрлыққа шыққанда ылғи ай жарық болады» деген екен. Тап соның кебін киіп тұр қазақ баспасөзі.
Өйткені өзі қалт-құлт етіп әрең тіршілік кешіп жатқан тәуелсіз басылымдарға «Арық атқа қамшы ауыр»  дегендей, коронавирус індеті келіп тағы «бір соққы» жасады. Тендер ұтып алып, соның арқасында ілдебайлап жүрген басылымдар,  індет шыққалы көп мүмкіндіктерден айырылып жатыр. Егер билік өзі қолдап, қорғамаса, қазақ баспасөзі журналистерді қалай асырамақ?  Қалай нақты ақпараттар таратпақ? Болашағы не болмақ?

 

Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаға, Қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының онлайн дөңгелек үстеліне қатысқан басшыларының Ашық хатынан үзінді келтіре кетейін.
«Енді қазақ баспасөзіне төніп тұрған қауіптерге тоқталайық. Біздің күнкөрісіміз Баспасөзге жазылу, одан кейін мемлекеттік тапсырыстар (Министрліктерден, облыстардан). Қазір бұл жолдар жабылатын түрі бар. Алты айлық жазылу науқаны сәуір айында басталды. Бұл науқан тоқтап тұр. Өйткені коранвирус індеті барлық мекемені онлайн деңгейіне жеткізді.  Яғни пандемиядан кейін қазақ газет-журналдардың жағдайы қаржылық жағынан одан сайын қиындайтыны сөзсіз.
Газет-журналдарды таратуға «Қазпошта» қызметі айрықша үлес қосады. Өкінішке орай, бүгінде оның жер-жердегі мыңдаған бөлімшелері дұрыс жұмыс істей алмай отыр. Пошта тасушылардың еңбекақылары мүлде төмен. Айлық жалақысы 20-30 мыңнан аспайды. Соның көлемін ұлғайту үшін аудандардағы пошта қызметкерлерінің еңбекақысын жергілікті бюджетке енгізген өте дұрыс жол болар еді. Сонда олар ауыл әкімдігінің құрамындағы қызметкерлер қатарына еніп, күнделікті пошта жұмысын кеңес үкіметіндегідей қалыпқа келтірер еді.
Газет-журналдарға салынатын қосымша құн салығы мүлде алынып тасталғаны да біздің жұмысты жандандыруға ықпал етеді. Сондықтан осы мәселені де күн тәртібіне қойсаңыз.
Қазір газет-журнал сататын дүңгіршіктер жұмыс істемейді. Тіпті, Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларының өзінде де дүңгіршектер жоқтың қасы. Осы мәселені де назарға алып, министрлік тарапынан іс қозғауға ықпал етуіңізді сұраймыз.

 

Елімізде Ресейлік БАҚ-тардың үлес салмағы басым. Жеке мемлекет ретінде олардың жұмысын тоқтатып немесе мейлінше шектеу қажет. Олар біздің мемлекетімізде ұлттық-ақпараттық қауіпсіздігіне қауіп-қатер төндіретіні сөзсіз.
Міне, көріп отырсыз, бұл айтқан мәселелер мемлекетке аса көп жүк, ауырлық түсірмейді деп ойлаймыз. Тек бізге деген ниет, ықылас түзелсе бәрі де жүзеге асатын мәселелер. Бізге де қаржы табуға жанталаспай, шығармашылықпен айналысуға зор мүмкіндік туар еді. Сөйтіп еліміздің даму деңгейін арттыруға, экономикалық және рухани жағынан гүлденуіне, өркендеуіне біз барынша үлес қосар едік».
«Енді бұған «еститін Үкімет не дейді екен?» деп тағы сынап отырған жайымыз бар…

БЕЙҚАМДЫҚ ПЕН АҢҒАЛДЫҚ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

ТҮЙІН: Уақыт болса зымырап өтіп барады. Індет елімізде кең етек алуда. Егер тап осы қарқынынан таймаса, Италияның кебін киеміз бе деп қорқамын. Ол жайлы жоғары да айттым.  Өйткені індет ауыл-аймақтарға «ауыз салды». Бұл жақсылық нышаны емес.
Жеке көзқарасым бойынша билік  төтенше жағдайдағы карантинді екі аймен шектемей тағы бір ай қосқанда, бүгінгі қорқыныштың, қауіптің бірі де болмаса еді. Неткен асығыстық! Неткен бейжайлық! Егер Үкімет  «жатып ішер жалқауларға» 42500 теңгені «қимай», өз халқын «бостандыққа» шығарып жіберген болса, онда алдағы уақытта соның зардабын тартады. Тіпті екі есе, бәлкім үш есе мемлекет шығынға батуы мүмкін. Ал бұл қадамдары кездейсоқ нәрсе болса да, бәрібір тарих алдында ақталуларына жол бола қоймас.
Қазірдің өзінде айлық жалақысын ала алмай жүрген адамдар көп. Соның ішінде журналистер де көп.
Төрт айға жуық ел болып елге келген індетпен күресіп жатырмыз. Тәңірім, ақырын бергей! Жүйкенің шаршауы, елдің әлеуетінің әлсіреуі, балалардың алаңсыз күлкісін, шаттық думанын көрмеуі қиын жағдай… Алыса жүріп, арманынан қол үзбейтін елдің ұрпағымыз ғой…
Қадірімізді арттыратын игі мұсылмандығымыз тағы бар!
Ел Аман, Жұртымыз Тыныш болғай!
Барша Қазақ жұртының ішінде елге келген індетпен күресіп жатқан барша жандарға Тәңірім тілекші болғай!  Қазақ елі аман болғай!
Коронавирусқа сенбей жүргендерге құлаққағыс! Белгілі журналист Ардабек Солдатбай сырқатқа шалдығып, әлеуметтік желіде мынадай жазба қалдырыпты. Оқып шығып, бәлкім, ойланарсыз?
«Коронавирус – жаңа тұмау. Сен, сенбе, бір күні бәрібір жұқтырасың. Біреуге ауыр, біреуге жеңіл тиеді. Ендеше, маска не үшін керек? Кезекпен ауыру үшін керек. Иә-иә, дәл солай. Адамдар маска тақпай, карантин тәртібін сақтамай жүрсе бір мезгілде жаппай ауырады. Бәріне бірдей дәрі, дәрігер, аурухана жетпей қалады. Өлім-жітім көбейеді. Карантин сақтап, маска тағып жүрсе біртіндеп, кезекпен ауырады.

 

Медициналық көмек те жеткілікті болады. Ғалымдар 2022 жылға дейін жер бетіндегі адамдардың 85 пайызы ауырады деп отыр. Ендеше, уақыт бар, асықпай кезекпен ауырыңыздар. Ал жеңілдігін, шипасын Аллаһтан сұраңыздар.
Сосын бұл жазылмайтын дерт емес. Көңілді жүріп, дұрыс тамақтанып, иммунитетіңізді нығайтып жүрсеңіз, тез сақайып кетесіз.
Тажал деп, анау-мынау деп әсірелеп, бар-жоқ деп күдіктеніп қатты қорқып, қате күмәнданып нете бермеңіздер». Бұл журналист жағымпаздыққа жаны қас, тура, тіліп айтатын жігіттің бірі. Өз басындағы жағдайды елмен бөлісіп отыр.
Бұл аз десеңіз, белгілі журналист, билікпен ымыраға келуі тіпті мүмкін емес Жарылқап Қалыбай да ауру жұқтырып алыпты. Ол жазба да әлеуметтік желіні шарлап жүр.
«Қара халық қорғансыз қалдық. Үкімет «Назарбаев ауырып жатқанда, сендер кімсіңдер?!» деген сыңай танытуда…
«Бір аптадан бері Ковид 19-бен ауырып жатырмын. Өткен жұмадан бастап ПЦР тест тапсыруға жазылдым. Демалыс күндері лабораториялар істемейді деп, «Олимп» қабылдамады. Дүйсенбіден жазылдым. Бірақ жауап жоқ. Жедел жәрдемді күні бойы телефон шалып шақырасың, жарты күннен соң әрең келеді. Жап-жас фельдшер жігіт: «аға, ертең флюрографияға түсіңіз, сіз туберкулезсіз» деп кетті. «Әй, ия тамағымды тексермедің, мен қақырықпен бірге қан түкіріп жатырмын, иә болмаса, өкпемді тыңдап көрмедің, бұл қалай?»  – деп едім. Теріс қаратып қойып арқамды тыңдаған болды да: «Айттым ғой, аға! Сіз Ковид емессіз, туберкулезсіз. Ертең 1-емханаға келіп, флюроға түсіңіз» – деп шаруасын бітірді. Бұл кеше кешке болған уақиға. Ал бүгін флюрографияға түстім. Рентгенологтар «Қалыбай кім? Қалыбай кім?» деп әбігерге түсіп қалды. «Мен» деп шағын терезе алдына бардым. Кезекте тұрған адамдардан ұялып кеттім. «Сіз двусторонний пневманиясыз. Мынау снимокты алып, терапевке барыңыз» деді.
Терапевт әйел рентген қорытындысына бір қарады да мені сыртқа шығарып жіберді. «Күте тұрыңыз, қазір жауап беремін» деп. Дәрілердің рецептін жазып әкеп берген кезде, мен: «бұл не, ковид па?» десем, «Иә, ковид. Стационарда орын жоқ. Сондықтан, үйіңізге барып емделесіз» деді. Мен ақылы болса да емделуге дайын екенімді айттым. Ол: «мен бірнеше жерге звондап көрдім, ақылы емделуге де орын жоқ» деді.
Екі дәріханаға кіріп, терапевтің жазып берген укол дәрілерін таппадым. Екінші дәріханадағы фармацевт қыз: «Ағай, бұл ковидтің уколдары ғой. Жұрт талап ап кетіп жатыр. Түк қалмады» деп шығарып салды.
4-ші қабатқа төрт дем алып, пәтеріме әзер жеттім. Үсті-басым су тер. Өкпем ашиды. Тұншығып дем ала алмаймын. Үздіксіз жөтелемін. Енді не істейтінімді білмеймін…». Ал енді бұған не дейсіз, сенбейтін қауым?
Еркіндік сүйгіш қазақ баласы бәлкім отбасыңызды, ата-анаңызды, ағайын- туыстарыңызды сақтық шарасын қатаң ұстауға  үгіттерсіз? Себебі бұл ойнайтын, қылжаққа айналдыратын індет емес. Бұл – осы ғасырдың тажалы.  Мұны биліктен бұйрық күтпей-ақ әр адам өзі сезінуі керек.

 

Жаһанды жайлаған індеттердің таралуында циклдық сипат бар деп жатады. Сол қаншалықты рас? Мәселен соңғы 4 ғасырдағы жаппай пандемиялардың ең ауқымдылары 20-жылдарға тұспа-тұс келіп отырған. Атап айтсақ, 1720 жылы жаһан жұртшылығы Марсель обасынан жапа шекті. 1820 жылы Азия холерасы көп халыққа кесапат алып келді. Тұп-тура бір ғасыр өткенде, яғни 1920 жылы Испан тұмауы 150 млн-дай адамның өмірін қиды. Енді араға 100 жыл салып Коронавирус келіп отыр. Бұл сәйкестік пе, әлде қандайда бір заңдылық бар ма?  Демек, ұлтыңды, ұрпағыңды, үрім-бұтағыңды аман сақтаймын десең, қамдан, қазақ!  Әйтпесе бәрі кеш болып қалуы мүмкін…

 

Сәуле Мешітбайқызы,

 ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.