“Ұйғырстан” мәселесі қазақтың есебінен шешілмейді

0
781

Әлемдегі ең бақытты ұйғырлар Қазақстанда тұрады

 Маусымның 16-сы күні Алматы облысына қарасты Ұйғыр ауданының Шонжы кентінде қазақ және ұйғыр жастары арасында «тұрмыстық жанжал» орын алғандығы туралы хабар лезде тарап кетті. Абырой болғанда төбелестің соңы Ішкі істер мекемесінің бақылауына өтті. Ақпарат құралдарында және әлеужелі беттерінде аталмыш оқиғаға қатысты түрлі көзқарастар мен ұсыныстар құзырлы мекемелердің мекен-жайларына қарай бағытталып та жатты. Аудандағы белсенді топ өкілдермен кездесуге барған облыс әкімі Амандық Баталов мырзаға жергілікті қазақ жастары айтқан «Ұйғыр ауданының атауын өзгерту» туралы ұсынысқа, облыс әкімі «жоғарыға жеткізетін болып» уәде беріп қайтты. Бұл іс былайғы жұртты сәл де болса сабасына түсіргендей еді. Дегенмен қоғамда орын алып жатқан әрбір келеңсіздіктерге бей-жай қарай алмайтын көзіқарақты азаматтар, Қазақстанда жасап жатқан ұйғыр диаспорасының өткені мен бүгіні туралы үнсіз қалған жоқ. Бізде осы мақаламыз арқылы сонау Алты шәрі жерінен Жетісу өңіріне қоныс аударған ұйғырлар туралы аз-кем айта кеткенді жөн көрдік.

 

 

Шығыс Түркістанның байырғы халқы есептелетін ұйғырлардың Жетісу аймағына қоныс аударуы ешқашан өз еркімен болмаған екен. Тәңір тауының оңтүстігіндегі шөлейтті алқапты мекен ететін ұйғырлардың ата кәсібі –диханшылық болған. Тарихи деректерде айтылуынша Жоңғар мемлекеті гүлденіп тұрған уақытта Тәңір тауының оңтүстігіндегі ұйғырлардың аздаған қауымын егін салдыру мақсатымен Іле алқабына күштеп көшіріп әкеледі. Кейін келе Жоңғарлар жойылып, олардан қалған територия Цин империясының қарастылығына өткеннен кейін бұл өңірде жаңа әкімшілік басқарушы мекемелер құрыла бастайды. Аймақтың атауы «Шыңжаң» аталып, Ежен ханға (қазақтар Цин патшасын Ежен хан атаған) біржолата бағынышты өңірге айналды. Осы тұста шекара қорғанысына жауапты әскерлерді астықпен, көкөніспен қамтамасыз ету үшін кетпен шауып, егін егіп күнелтетін ұйғырлардан тағы да біразын шекаралық аймақты бақылаушы ұлықтардың шешімімен Іле алқабына көшіріп әкеледі. Жергілікті халық оларды тараншылар деп атаған еді. Тараншылар уақыт өте келе өсіп-өніп, 1880 жылдардан бері қарайғы уақытта біртіндеп Жаркент арқылы қазіргі Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Қазақстан аумағына көшіп келе бастады.

Тараншы атауы біраз уақыт қолданыста болды. Кеңес одағы құрылғаннан кейін, 1924 жылдары жүргізілген ұлттарды айырып, белгілеу кезінде күшінен айырылып, ежелгі ұйғыр атауы тұрақтандырылды.

Қазіргі таңда тараншылардың ұрпақтарының ең көп орналасқан жері Қазақстан болып, соңғы деректер бойынша 250 мыңнан асып, елдегі жан саны жағынан орыс, өзбек, украиндардан кейінгі төртінші орынды иеленді. Олардың басым бөлігі Алматы қаласы мен Алматы облысын мекен етеді. Тәуелсіз қазақ мемлекетінде тірлік кешіп жатқан өзге этностармен салыстырғанда ұйғырлар санының көптігі әрі шоғырлы қоныстанған ерекшеліктеріне қарай «төрт құбыласы сай» ұлт ретінде өмір сүріп жатыр. Олай дейтініміз ұйғыр тілінде білім беретін мектептері, газет-журналдары бар. Қазақ радиосының жанынан ұйғыр тілінде жүргізілетін бағдарламалар да эфирге шығып отырады. Соның нәтижесі шығар. Қазақстанда жасайтын ұйғырлар ана тілдерін ұмытқан жоқ. Мұнан да маңыздысы Алматы қаласында орналасқан әлемдегі жалғыз ұйғыр театры күні бүгін өз жұмысын жалғастырып келеді.

 

Ұйғыр азаматтары қазақтармен тең дәрежеде мемлекеттегі барлық маңызды мекемелерде қызмет етеді.Еліміздегі аса ірі сауда және экономика орталығы саналатын Алматы қаласы және қала маңында тұратын ұйғырлар, қазақ-қытай арасындағы сауда-саттық істерінде де белсене араласады. Қысқасы, қазақ елі оларды ұлт ретінде сақталып қалудың барлық шарттарымен толық қамтамасыз етіп отырған жайы бар.

Олай дейтініміз Шыңжаңды мекен етіп отырған 10 миллонға жуық ұйғырдың, бұдан былай ұлт ретінде сақталып қалуының өзі қиындап бара жатыр. Қытай үкіметінің соңғы кездегі қолға алып жатқан шаралары онда жасап жатқан этникалық азшылықтарды біртіндеп ассимиляцияуға көшті. «Шығыс Түркістан қозғалысын» БҰҰ-жағынан «Халықаралық терорристік ұйым» ретінде мойындатып үлгерген Қытай үкіметі қазіргі таңда бұл терминді тісінің арасынан шығарған адамдарды жазаға тартады. Ал қазақ жерінде емін-еркін өмір сүріп жатқан 250000-нан астам ұйғыр халқы мұндай наубеттің біреуіне де ұшыраған жоқ.

 

Жоқ мемлекетті армандаушылардың көздегені не?

 ХХ ғасырдың алғашқы жартысында әлемде орын алып жатқан түрлі саяси оқиғалардан Шығыс Түркістан жері де қағыс қалған жоқ. Шыңжаңның оңтүстік алқабын мекен ететін ұйғыр халқы да тәуелсіз ел ретінде өмір сүруге талпыныстар жасап көрді. 1933 жылы 12 қараша күні Қашқар қаласында «Шығыс Түркістан Ислам Республикасы» құрылғандығы жарияланды. Алайда ішкі-сыртқы күштердің қолдауына ие бола алмаған жас мемлекеттің негізі өте әлсіз, халқы да мұндай тәуекелге дайын емес болып шықты. Осылайшажаңа «мемлекет» құрылғаннан кейін 3 ай ғана өмір сүрді. Шығыс Түркістан жерінде тәуелсіздікке ұмтылған келесі бір ұлттық қозғалыс 1940 жылдары басталды. Анығы, Кеңес одағының жоспарлауымен құрылған «Шығыс Түркістан Республикасы» 1944 жылы 12 қарашадан 1946 жылы 6 маусымға дейін екі жылдай өмір сүрді. Бұл Республика тек қана ұйғырларға тәуелді емес еді. Мемлекет басшысы ретінде ұлты өзбек Әлихан төре сайланды. Ұлттық армияның қолбасшылары да әр ұлттың адамдары болды. Әскердің 60 пайызы қазақтар еді.

 

 

1949 жылы ҚХР-құрылғаннан бастап соңғы уақыттарға дейін Шыңжаңдағы ұйғырлар арасында, «Шығыс Түркістан мемлекеті» туралы арман өше қойған жоқ. Қаншама рет көтерлістер, ереуілдер орын алды. Қытай үкіметі мұның барлығын қарулы күшпен басып тастап отырды. Осылардың ішіндегі бастыларынан 1997 жылы Құлжа қаласында орын алған «5 ақпан оқиғасы» мен 2009 жылы Үрімжі қаласында туылған «5 шілде оқиғасын» атап өтуге болады. Бұлардың барлығы сәтсіздікпен аяқталса да Қытайдан шығып шетелдерге кеткен ұйғыр мигранттары «Дүниежүзілік ұйғыр конгресін» құрып, тәуелсіз ұйғыр мемлекетін орнату арманын жалғастырып келе жатыр. Бұл арман дүниенің жер-жерінде тұрып жатқан ұйғырлардың көкейінен кеткен емес. Олар аспан түстес көк туға басылған ай-жұлдызы бар туды «Шығыс Түркістан мемлекетінің байрағын» әлемнің жер-жерінде көтеріп жүр. Бұл арман, «әлемдегі ең бақытты ұйғырлар» есептелетінҚазақстандағы ұйғыр диаспорасының да жүректерінен мықтап орын алғанға ұқсайды. Ақпарат дәуірінде өмір сүріп жатқан мына заманда ештеңені жасырып қалу мүмкін емес. Сондықтан да көкейде жүрген кейбір мәселелерді ашық айта кеткеніміздің айыбы болмас деген ойдамыз.

Кеңес одағы ыдырып, Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейінгі өтпелі кезеңде Алматы ұйғырларында «Жетісу жерінде ұйғыр автономиясын құру» арманы оянды. Желтоқсан көтерілісі кезінде қазақ қансырап жатқанда ұйғыр ақсақалдары Алматы облысының жерін сұрап, Мәскеуге хат жазғанын қалай ұмытарсың. Дегенмен бабаларымыз қанын төгіп жүріп ұрпақтарына аманаттап кеткен қасиетті қазақ жерінде, үй ішінен үй тігудің ақылға сыймайтындығын әрбір қазақ түсінетін еді. Сондықтан да кейбір қиялшылдарға «қойыңдар, айналайындар» дегенді ашық айтуға тура келгені белгілі. Ел еңсесін көтеріп, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі өсе бастағанкездерде де әлемдегі ең бақытты ұйғырлардың арасындағы кейбір азаматтарға «бірдеңелер жетпей жүргенін» былайғы жұрт аңғара қоймаса керек… Тәуелсіз Қазақстанды мекен етіп жатқан 130 ұлттың өкілі бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан елде тұрса да, бейбітшіліктің қадірін түсінбейтін кейбір тентектер мен тебіздердің оғаш қылықтары, мемлекет құраушы қазақ ұлтының көңіліне кірбің салуға дейін барған кезедрі болды. Қазақтың өрімдей қызын зорлау, жалғыз-жарым жүрген азаматтарын мерт қылу секілді оқиғалар 2006-2007 жылдар арасында бірнеше рет жүз берді. Бұлардың барлығы «тұрмыстық жанжал» ретінде жауапкершілікке тартылумен аяқтап жатты… Ал бұдан да сорақысы ұйғыр мектептерінде қазақстан тарихы, қазақ тілі пәндерінің ілікке алғысыз күйде оқытылатыны еді. Ол аздай кейбір ұйғыр мектептері қабырғаларға Қазақстан картасының орнына «Ұйғыр мемлекетінің картасын» іліп қоятындығы да жария етілді. Біздің гимніміздегі «туған жерім менің Қазақстаным» деген жолдарын «туған жерім менің ұйғырстаным» деп шырқаған жасөспірімдердің ойына бұл сөздің қайдан келгенін тектеген ешкім болған жоқ. Ал ауылдық жердегі той-томалақтардың барлығында «Шығыс Түркістан байрағын» көтеріп шығу, тараншы ұрпақтарының «дәстүріне» айналып кеткендігін Жаркенттен Алматыға дейінгі аралықта мекен ететін қазақтар күні бүін жырдай қылып айтып жүр.

 

 

Сонда бұл ағайындардың көздегені не деген ойдың шешімін ешкім де таба алған жоқ. Жақында ғана Шонжы ауылында орын алған «тұрмыстық жанжалдан» кейін әлеуметтік желіде нетүрлі қауесеттер желдей есіп кетті. Уатцап қосымшасы арқылы бізге жеткен бір диалогтарда әлдебір ұйғыр әйелі былай депті. «Біз ұйғырлар өз нанымызды өзіміз тауып жейтін еңбекшіл халықпыз. Осыны қазақтар көре алмай отыр. Олар (қазақтарды айтады) өткенде Қордайда бір ауылдың шөп-шәлекейін шығарды. Себебі де белгілі. Еңбекшіл дүңгендерді көре алмайды. Біз не болса да үнсіз шыдайық. Ұйғыр мемлекеті құрылады. Оған дейін шыдамасқа амалымыз да жоқ». Осыған жалғас екінші және үшінші диалогтарда тағы бір ұйғыр әйелі анау қандасын тілдеп тастапты. «Өздерің тыныш жүрсеңдер қазақтың сенде несі бар еді? Нанын жеп, суын ішіп отырып қазақ ағайындарды дұшпан санағаның қалай?» – дейді. Бұлар дәу де болса Ұйғыр ауданының адамдарының уатцап топтарында сөйленген сөз болса керек…

 

Құзырлы органдар неге үнсіз?

 Жоғарыда тілге алынған «5 ақпан оқиғасы» кезінде Қытай БАҚ-тарында «сыртқы күштербүлгінші лаңкестерді қару-жарақпен қамтамасыз  етіп отыр» деген сөз ашық айтылып жатты. Сол кездері ел аузында «Қазақстаннан төрт жүк көлігіне жасырылып, Қорғас кеденінен өткізілген қару-жарақтарды, Қытай қауіпсіздік органдарының тәркілеп алып, Үрімжі қаласындағы «1 тамыз болат-темір зауытына» әкеліп «балқытып жібергендігі» туралы қауесет таралып жүрді… Одан кейінгі уақыттарда Қытай мен Қазақстан ортасындағы сауда-экономикалық байланыстардың артуы және аймақтағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі өзара селбестік жөніндегі уағдаластықтар арта бастағаннан кейінгі жерде, «Шығыс Түркістан террористерінің іс-қимылдарына ықпал етуші шетелдік күштер»  арасында Қазақстан атауы кездескен жоқ…

Жоғарыда айтып өткен біраз оқиғалардың ешқандай «тың жаңалық» емес екендігін еске саламыз. Өз басым 2006-2007 жылдары Шелекте, Шонжыда орын алған «тұрмыстық жанжалдарды» қазақ газеттерінен оқып білдім. Бұл туралы сөз қозғаған сараптамалық мақалаларда «жоқ мемлекеттің туын көтеріп жүрген жастар», «өзгертілген әнұран», «ұйғыр мемлекетінің картасы» секілді толып жатқан әңгімелер қамтылатын еді. Алайда солар туралы Ішкі істер органдары мен ҰҚК секілді құзырлы мекемелер ішкерілей зерттеу жүргізді дегенді естіген жоқпыз. Біз әлемдік қауымдастық алдында, көп түрлі этностар,бейбіт те берекелі өмір сүретін қоғам орнатуға талпынып жатқан ел ретінде танылып келеміз. Оның дәлелі – Қазақстан халықтарының ассамблеясы. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяның маңызы қоғамдық, саяси институт ретінде қалыптасуына көп күш салды. Алайда жоғарыдағыдай келеңсіз жайттердің қайталана бергендігіне қарап отырып ұйғыр этномәдени бірлестіктерінің жұмыстарына сын айтуға тура келетін сияқты.

Әлемдік саясаттағы көпүйектену жағдайында өмірге келген ШЫҰ, қазіргі таңда өз бағыт-бағдары бар ұйым ретінде танылып үлгерді. Бұл ұйымның ұстанатын негізгі қағидаттарының арасында «БҰҰ-ның мақсаттары мен принциптерін ұстану; тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты сақтау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, экстремизмге, терроризмге бірігіп қарсы тұру» секілді тармақтар бар. Осы жақтарын еске алғанда, көрші елдің мүддесіне сай келмейтін «саяси ұрандарға» Қазақстан аумағында неліктен жол беріліп отыр деген сұраудың туатыны сөзсіз. Бұл да өз кезегінде ҚР-ның қауіпсіздігін бақылайтын құзырлы мекемелердің жауапкершілігіне тірелетін жұмыс екенін еске саламыз…

 

 

Біз бұл мақаламызда туысқан ұйғыр халқын күстаналаудан аулақпыз. «Жаман адамдар болса да жаман ұлт болмайтындығы» да түсінікті нәрсе. Алайда «тұрмыстық жанжалдардың» астарында әлдекімдердің саяси мақсаты, мүдделері жасырынып жататын болса, әңгімеге өзге қырынан көз жүгіртуге тура келетінін айтқымыз келеді. Ұйғыр халқы қазақпен қатар жасасып келе жатқан дін қарындас болумен қоса, түбі бір туысқанымыз екені рас. Олармен мұраттас, ниеттес болудан бас тарта алмайтын да шығармыз. Тәуелсіз ұйғыр мемлекеті туралы туысқандарымыздың армандарын да құрмет етуге болар… Алайда бұл шаруалар Қазақстан Республикасының мемлекеттік мүддесіне, Ұлттық қауіпсізідігіне зиянын тигізбеуі тиіс. Яғни, әлдекімдердің өз мақсаттарын қазақтың есебінен, қазақтың территориясынан пайдалана отырып жүзеге асыруына жол бере алмаймыз. Себебі Қазақстан әлемдегі қазақтардың жалғыз отаны. Оның тыныштығын сақтау, оның болашағын кемелді ету, тәуелсіздігін баянды қылу жолында әрбір қазақ азаматы қасық қаны қалғанша күресіп өтпек…

 

Ерқазы Сейтқали

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.