????????????????????????????????????

Атырауда облыс активі жиыны өтіп, онда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» Үндеуі кеңінен талқыланды.
Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев өз сөзінде Атырау облысы жұртшылығы тарапынан мемлекет басшысының Үндеуі үлкен қолдауға ие болғанын айтты.
Облыс әкімі Президент ұсынған бастамалардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына шолу жасап, құзырлы органдардың алдында тұрған нақты міндеттерді саралады.

«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп аталатын бірінші бастамасы бұл шын мәнінде де қазақстандықтардың жаңа деңгейге көтерілуіне зор ықпал жасайтыны сөзсіз. «Үйі жоқтың — күйі жоқ» дегендей, ұсынылып отырған «7-20-25» бағдарламасы жұмыс жасайтын әрбір баспанасыз қазақстандықтың тұрғын үй мәселесін банк арқылы ипотекалық қолжетімді несиемен шешуіне жағдай туғызады.
Өз сөзінде: «Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі — жылына 7 пайыздан көп емес, бастапқы жарна — 20 пайыздан көп емес, несие мерзімі 25 жылға дейін. Бұл бастаманы орындау жергілікті атқарушы органдардың міндеті», — деген Нұрлан Ноғаев облыстағы тұрғын үй құрылысы жайында мәліметтер келтірді.
2017 жылы Атырау облысында 624,145 мың шаршы метр тұрғын үй, 5252 пәтер пайдалануға берілді. 2016 жылмен салыстырғанда берілген тұрғын үй көлемі 12 пайызға артты. Мемлекет қаражаты мен жеке қаржыландыру есебінен 36 көп қабатты тұрғын үй салынып, берілді. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да белсенді түрде жалғастырылады. Мемлекет басшысы ұсынған ипотекалық несие беру бағдарламасы ел азаматтарының жеке баспаналы болуларына жаңа мүмкіндіктер ашады.
Қазір облыс бойынша 3892 пәтерлі 44 көп қабатты тұрғын үй құрылысы жүріп жатыр. Оның 34-і, яғни 2164 пәтер биыл жылдың аяғына дейін беріледі. Президент ұсынған ипотекалық несие берудің жаңа талаптары халыққа көптен күткен баспаналарын жеңілдікпен алуға жағдай жасайды.
— Банктердегі депозиттерде облыс тұрғындарының 21 млрд. теңге мөлшерінде қаражаты жиналған. 2017 жылы екінші деңгейлі банктер 8,6 млрд. теңгенің 860 ипотекалық несиесін берсе, биыл бұл көрсеткішті екі есеге (16 млрд. теңгеге 1600 несие) дейін көбейту жоспарланып отыр. Ипотекалық несие алуға бастапқы жарна пайызының азаюы әлеуетті қоныстанушылар қатарын арттырады, — деді өңір басшысы.
«Жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту» екінші бастамасы бойынша Нұрлан Ноғаев Президент ұсынған бастамалардың маңызы жайлы да айтты. Парламент Палаталарының бірлескен отырысында Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақысы төмен жұмысшылардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 процент қана салық салуды ұсынды. Бұл бастаманың да облыста жүзеге асуына іргелі жұмыстар атқарылатын болады.
«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» үшінші бастамасы бойынша облыс әкімі жоғары білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартудың маңызына тоқталды.
— Атырау облысындағы үш жоғары оқу орнында 12436 студент білім алып жатыр. Оның 1605-і мемлекеттік грант негізінде оқиды. 1612 студент жатақханамен қамтылған. Басқа қалалардан келген 312 студент тұрғын үйге мұқтаж деген мәліметтерді айтты облыс әкімі.
2017 жылы 222 студент жергілікті бюджет қаражаты есебінен грантқа ие болған. Кадрларға сұранысты ескере отырып, биыл жергілікті бюджеттен білім беру гранттарына қосымша қаражат бөлу жоспарланды. Биыл мектеп бітіретіндердің арасынан 350 түлек мемлекет есебінен білім алуға ниет білдіріп отыр.
Атырау облысы бойынша 25 колледжде 17178 студент білім алуда. Оның 8560-ы мемлекеттік грант иегерлері. Он колледжде 782 орындық жатақхана бар. Жатақханадан бөлме сұрап 771 студент арыз берген. Жатақханада орын тапшылығы мәселесін шешу үшін құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
— «Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» Атырау музыка колледжіне 100 орындық жатақхана салынып жатыр. Аққыстау поселкесінде 320 орындық техникалық колледж ғимараты салынуда, мұнда 100 орындық жатақхана да болады. 5 жатақхананың жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалды. Жер қойнауын пайдаланушылардың қаражаты есебінен биыл екі жатақхана салынады, — деді Нұрлан Ноғаев.
Елбасының «Шағын несие беруді көбейту» төртінші бастамасы да облыстағы, әсіресе ауылдардағы көптеген адамдардың өз жекеменшік ісін бастауына, шалғай ауылдарда да кәсіпкерлік бизнестің дамуына зор мүмкіндіктер ашады. Осы орайда Атырау облысында шағын және орта бизнесті дамыту жергілікті атқарушы биліктің ұдайы назарында. Кәсіпкерлерге несие беру бойынша мемлекеттік бағдарламалар әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге барлық жағдайларды жасауда.
— 2017 жылы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңгеден астам қаражатқа 312 жобаның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды, 1210 жұмыс орны құрылды. Ауылдық жерлерде 191 жоба жүзеге асырылды. 2018 жылы осы бағдарлама бойынша жергілікті бюджеттен 1 млрд. 980 млн. теңге бөлінді, қосымша республикалық бюджеттен 589 млн. теңге бөлу жоспарлануда, — деп атап өтті Н.Ноғаев.
«Бастау Бизнес» бағдарламасы ар-қылы 750 адам оқытылды. Ауыл шаруа-шылығы нысандарының шығындарын субсидиялауға 1 млрд. 127 млн. теңге бөлініп, игерілді. Республикалық бюджеттен қосымша 2 млрд. 300 млн. теңге бөлу қарастырылып жатыр.
2017 жылы нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік мемлекеттік бағдарламасы аясында 253 млн. теңгеге 24 жоба қаржыландырылды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша жұмыстарды сауатты түрде жалғастырып, шағын және орта бизнесті кішігірім несиелеу бағдарламасының талаптарын түсіндіруді, жетілдіруді тапсырды.
«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» бесінші бастамасы бойынша Атырау облысында айтарлықтай жұмыс жасалды. Қазір екі қала мен 130 елді мекен, яғни облыстың 79,3 пайызы табиғи газбен қамтылған. Толығырақ айтсақ, облыс халқының 96,8 пайызы табиғи газды тұтынады. 2018 жылы 135 елді мекенге газ тарту жоспарда бар. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығында облыстың 145 елді мекеніне газ құбырлары тартылып, облыс халқының 99,2 пайызын газбен қамту міндеті жоспарланды.
– 2017 жылы Азғыр аймағындағы 10 елді мекенді газдандыру бойынша жұмыстар басталды. Құрылыс жұмыстары 2017 жылы «NCOC» компаниясының әлеуметтік бағдарламасы аясында басталды. Жобаның жалпы құны 10 млрд. теңге. Ұзындығы 365 шақырым магистралды газ құбыры салынады. Қазір 53 шақырымға газ құбыры желісі тартыла келді. Осы жұмыстар толық аяқталғанда облыстың 7400 тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді.
Газ құбыры құрылысынан бөлек жалпы ұзындығы 67,6 км ауыл ішіне желілер де жүргізіледі. Биыл тағы да 8 елді мекенге газ тартудың жобалау-сметалық құжаттамасы жасалады. Осылайша жоспарлы кезеңде облыс халқының 99,6 пайызы газбен қамтылады.
Облыс активі алдында сөйлеген аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев барлық жиынға қатысушыларды мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды. «Бірлесіп еңбек еткенде ғана алдымызда тұрған міндеттерді орындай аламыз. Ол үшін аймақта барлық жағдай бар», — деді облыс әкімі.

Светлана Муньянова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз