ҚР Бас прокуратурасының сайтында: «Алматыдағы Magnum, Almaty Mall, «Сити плюс», «Армада», «Метро», «Спутник», «12 месяцев», «АДК», «Пассаж», Көк базар және басқа да сауда орталықтары мен сауда орындарында өрт қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Сауда орталықтары ғана емес, қонақ үйлер, бизнес орталықтар, оқу орындары, хайуанаттар бағы мен ұлттық саябақтар да тексеріледі. Ал Астанада бірінші жартыжылдықта Құдайбердіұлы көшесіндегі «Армада» сауда үйі, Иманов көшесіндегі Қазына сауда үйі және Петров көшесіндегі «Орбита» сауда үйінің өрт қауіпсіздігі тексеріледі. Астана қалалық ТЖД мәліметінше, тәуекел дәрежесі жоғары 117 нысан бар, оның 83-і сауда үйі, 9-ы сауда-ойын-сауық орталығы және 25-і базар. 2017 жылы 46 тексеру жұмысы жүргізілсе, биыл 50 сауда нысанына өрт қауіпсіздігін тексеру жұмыстары жүргізіледі»,— деген ақпар жарияланды.

Бұған дейін Үкімет отырысында ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев: «Ресейдің Кемерово қаласында болған қайғылы жағдай барлықтарыңызға мәлім. Сауда орталығында өрт болып, 60-тан астам адам қаза тапты. Оның 35-і — бала.

Елбасы Ресей президентіне көңіл айтты. Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз керек. Блогерлер өздерінің инициативалары бойынша сауда орталықтарына барып, есіктердің ашық-жабық екенін тексеріп жүр. Сол себептен Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызмет әкімдіктермен бірлесіп, осы сауда орталықтарында тексеріс өткізіп, тиісті шараларды қолдану қажет. Асқар Ұзақбайұлы, (ҚР Үкімет басшысының орынбасары А.Ұ.Мамин)  бұл мәселе сіздің бақылауыңызда»,— деген болатын. Орыстарда: «Найзағай ойнамай, мүұжық шоқынбайды» деген мақал бар. Бұқ тексеріс Бас уәзірдің ескертпесінен кейін қолға алынғалы жатыр ма, кім білсін. Әйтпесе, өрт қауіпсіздігі мәселесі үнемі құзіретті органдар назарында болуы керек емес пе.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз