Өткен жылы елімізде бастау алған ірі жобаның бірі — «100 жаңа есім» байқауы болды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан кейін жүзеге асырылған бұл жобада республиканың әр аймағынан түрлі сала иелері арасынан үздіктерді анықтау оңай болған жоқ. Байқау қорытындысы бойынша Тобыл өңірінің үш азаматы үздіктер есімінің қатарын толтырды. Аймағымыздың белгілі кәсіпкері, Қазақстанның Еңбек Ері, «Қарасу СӨК» ЖШС бас директоры Алмат Тұрсынов аталған байқау жеңімпаздарының бірі. Елімізде Алмат Тұрсыновтың есімі кеңінен танымал. Жоғары оқу орнын аяқтаған жас маман туған Қарасу еліне барып, ауылшаруашылығын көтеру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Қазір «Қарасу СӨК» ЖШС-не қарасты ауылшаруашылығының егін, мал, ет саласы бойынша бірнеше кәсіпорынды біріктіріп отыр.
Соңғы жылдары «Қарасу» СӨК» ЖШС әлеуметтік жобаларға 1,5 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді. Қарасу өзенінің арнасы тазартылып, батпақтанудан құтқарылды. Сонымен қатар серіктестік қаржысына аудан орталығында жасыл белдеу жаңғыртылды. Атап айтқанда, жыл сайын осында жергілікті климаттық жағдайға бейімделген ағаш түрлері отырғызылады. Жеке компанияның қаржыландыруымен 50 тұрғын үй, 140-тан астам пәтер, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі салынды және қайта жаңғыртылды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында Алмат Тұрсыновқа «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беріп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» орденін қадап тұрып, «Ел ішін қамтып қана қоймай, өз өнімін шетелге сата отырып, түскен пайданы әлеуметтік саладағы жобаларды қолдауға жұмсайтыны кісіні сүйсінтеді. Сонымен қатар ауылшаруашылығы саласында заманауи инновациялық технологияларды осындай кісілер қолданады», — деп оның еңбектегі үш өнегесін атап өткен болатын.
Осы орайда бүгінгі күннің батырымен тілдесіп, аз-кем әңгімелесудің сәті түсті.

Чип арқылы малымызды бағамыз, бақылаймыз

— Алмат Жанәбілұлы, Ел Президенті биылғы халыққа Жолдауының бір бағытын «Ақылды технологиялар» — агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп бекер атаған жоқ. Ауылшаруашылығы саласын цифрландырудың артықшылықтары жайында оқырманымыз тәжірибелі маман — өзіңізден біле отырсын.
— Расымен де бұл ең алдымен Елбасымыздың елге, жерге деген жанашырлығы. Қандай сала болмасын, қажетінше оңтайландыру, Қазақстанның көштен қалмай, озық елдермен терезесі тең болсын деген мақсатта бастап отырған қадамы. Осыны біз тиімді пайдалануымыз керек. Расында цифрландыру біздің әлемдік деңгейге көтерілуімізге, болашағымызға көп пайдасын беретін дүние. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуымызға үлкен серпін бермек. Қарап отырсаңыз, сол дамыған елдердің барлығы цифрландыру үдерісін қолданып отырғандар. Енді біз осы жаңашылдықты игеріп әкетуіміз үшін ауылшаруашылығы басты нысанның бірі болып тұр. Біріншіден, біз қазақ мал баққан елміз. Ал қазір малыңа чип салып бағатын заманға жеттік. Сіз спутник арқылы малыңыздың қайда жайылып жүргенін бақылап отырасыз. Екіншіден, бұрын малды ауру, ауру емес екенін анықтау үшін ветеринарларға жүгіріп, қағаз жинап жүретінсіз. Қазір бір дәрінің ішіне барлық вакциналық қоспаларды енгізіп, бірден екпе жасай салады. Немесе оның ауру, сау екені электрондық базаға енгізіледі. Мамандар әр малдың туғанынан бергі мәліметті түгел электрондық түрде біліп отыруға мүмкіндік алды. Мәселен, 2014 жылдан бастап біздің шаруашылық асыл тұқымды жылқыларымызға чип орнатты. Малды соңынан жүрмей-ақ, орныңызда отырып бақылайсыз. Ал түліктің өзі қандай айғыр мен биенің құлыны, тұқымы қандай, жасы, бәрі базада сақталып тұрады.
— Демек, цифрландыруды ерте бастап кеткен екенсіздер ғой.
— Айталық, кейінгі жылдары қолданысқа енгізіліп жатқан JPS құрылғылары бар комбайндар цифрландырудың басы. Аталған астық жинау машиналарында жанармай шығыны есептеледі. Көрдіңіз бе, Елбасы осы басталған науқанды одан әрі дамытуға серпін беріп отыр. Енді цифрландырудың егін шаруашылығына пайдасы өте зор екенін қарапайым ғана түсіндіріп өтейін. Себебі оны өз тәжірибемде қолданып келемін. Қолымдағы смартфонға арнайы бағдарлама арқылы біздің компанияға қарасты егін аумақтарын түгел енгізіп алдым. Қай ауылда, қай ауданда жеріміз бар, барлығын жеке-жеке қарап шыға аламын. Мәселен, бидай өсірілетін кез келген бір танапты алайық. Смартфондағы картадан сол аумақты тауып аламын. Спутник арқылы сол алқапты ашып, ондағы барлық мәліметті біліп отырасың. Сол жер қанша гектар, құнарлығы, шығымдылығы бәрі жазулы тұр. Тіпті, былтырғы жылы егінді қай күні салдың, бір айдан кейін масақтың биіктігі, қашан, қай күні, қанша мөлшерде жаңбыр жауды, күзде қай кезде жиналып алынды, күн сайынғы, сағат сайынғы ақпараттарды түгел көрсетіп тұрады. Осы цифрландыру қай кезден басталды, содан бергі мәліметтердің барлығы базада сақтаулы тұр деген сөз. Бұрын мәліметтік құжаттардың бәрін агроном жинап жүрді. Ол шамамен орташа мәліметті ғана бере алатын. Ал мына базада барлығы нақты, дәл. Міне, цифрландыруға көшкеннің жетістігі.

Ақылды комбайн бәрін тындырады

— Компанияларыңыздың машина-трактор паркі саласында цифр-ландыруға қатысты тағы қандай жаңашылдықтар бар?
— Бір ғана тұқым салатын машинаны алайық. Ол белгілі бір гектар аумаққа егін салды делік. Бұрын механизаторлар бір айналып өткен жерінен жаңылып қалмау үшін көз майын тауысып отырып, екінші айналымында алдында жүріп өткен жерін қайтадан басып өтпеу үшін дәлдікті сақтайтын. Қазіргі машиналарда JPS құрылғылары бар, мониторға қарап отырып, карта бойынша жұмыс істейді. Ал астық жинап жатқан комбайн өнімнің салмағын, сапасын анықтай алатын жағдайға жетті. Бункердегі астықты жүк көлігіне құйған кезде де монитордан оның толған-толмағаны көрсетіп тұрады. Бұрын осының есебі қағаз талонға жазылып келді. Оны арнайы есеп жүргізуші жазып отырды. Қазір бәрі компьютерде сақталады да, кешке флешкадағы мәліметтерді орталыққа тапсырады.
— Сізді ауылшаруашылығының білгір маманы ғана емес, үнемі жаңашылдыққа бастап отыратын басшы ретінде көп атайды. Сонау тоқсаныншы жылдардың аяғында Жер-Ананы залалсыз пайдалану бағдарламасын енгізгеніңіз ел есінде. Ал кейінгі жылдары мал шаруашылығы қалдықтарынан биогаз өндіру бойынша жобаны қолға алдыңыздар. Қазір осы шірінді көңнен биоотынды өндіру кешені қаншалықты жұмыс істеп жатыр?
— Расымен де жер саласын игерудің технологиялық процестерін жаңғырту ерте қолға алынған науқан. Біздің шаруашылық облысымызда алғаш болып алқаптарды өңдеу технологиясын жүзеге асыру бойынша химиялық булау әдісін қолданды. Ол тәсіл ластануды 60%-ға азайтып, топырақты арам шөптерден тазартуға зор септігін тигізді. Ал осыдан жеті жыл бұрын Қараман ауылында органикалық қалдықтар өңдейтін кешен іске қосылды. Мал қиын далаға тастамай, одан тоқ өндіріп отырған елімізде ешбір баламасы жоқ өндіріс ошағы жылына 800 мың текше метр электр қуатын өндіруге қауқарлы. Биогаз орталығы мал бордақылау алаңынан қашық емес. Бұл таза экологиялық өнім. Қондырғының жылына 16-17 мың тонна көң керек ететіні де есептелді. Қазір бұл саланы да цифрландыруға көштік. БҚАЖ (Бақылауды қадағалаудың автоматты жүйесі) деген бар. Қанша газ, қанша энергия жұмсалады, қанша қалдық алынып жатыр, бәрін есептейді. Қазір осылардың барлығын бір базаға біріктіріп, бір орталықтан басқаратын етіп отырмыз.
— Облысымызда ғана емес, республика бойынша күздің, қыстың мезгілдерінде астықты сату былай тұрсын, оны сақтау үлкен мәселе болып жатады. Сол себепті, билік тарапынан бірнеше кәсіпорын бірігіп, өзара астық кептіретін қойма салып алсын деген ұсыныстар болды.
— Қазақстан бойынша астық сақтау қоймаларының тапшы екені рас. Еліміздегі индустрияландыру бағдарламасы аясында осы түйткілдерді шешу айрықша қаралған. Бірақ ол бір күнде шешіле қоятын дүние емес. Әзір өз жерімізде астық қоймаларынан тапшылық көріп отырған жоқпыз. Дегенмен дәнді дақылдарын сақтауға қауқары жоқ бірнеше ұсақ кәсіпорын бірігіп, ортақ астық сақтау қоймасын неге салып алмасқа?

Біз тек «ақбас» және «әулиекөл» төлін өсіреміз

— Қайбір жылдары Қазақстанға шетелдерден асыл тұқымды мал лек-легімен сатып әкелініп еді, сол бағдарлама кейін тоқтап қалды. Жалпы, өз тәжірибеңізде қай мемлекеттің қай тұқымды малы біздің ауа райымызға бейім келеді екен?
— Негізінен шетелден мал әкелу – нарық талаптарының бірі. Мәселе өз елімізде мал таусылып немесе оның тұқымы ұсақталып кетті дегенде емес. Біздің шаруашылық шетелден мал тұқымын алып көрген емеспіз, тек өзіміздің «ақбас» және «әулиекөл» төлін өсіреміз. Шетелден мал әкелуге қарсы емеспін, бірақ өзіміздің төлімізді ірілендіруге де көп көңіл бөлгеніміз дұрыс. Осыны ескеру керек. Азия құрлығындағы жайылымы ең көп ел біздің Қазақстан. Сондықтан өзіміздің төл тұқымдарымызды барынша санын өсіріп, ірілендіруге мүмкіндік мол. Біздің бабаларымыз: «Мал-жан аман ба?» — деп бекерден сәлемін бастаған ба? Біз мал бағуды көшпелі аталарымыздан жалғастырып келеміз. Ал бүгінгі таңдағы «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық», «Ырыс» дейміз, оның барлығы мал шаруашылығын көтеруге бағытталған бағдарлама. Байқасаңыз, бастапқыда сырт мемлекеттерден қымбат бағалы сиыр тұқымдары жеткізілді. Одан кейін олардың тұқымын республика ішінде тарату процесі жүрді. Талай шаруашылықтар пайда көріп, төл басын асылдандырып, көбейтіп отыр. Қаншамасы мемлекет қолдауымен субсидияға ие болды. Дегенмен өзіміздің төл тұқымдарымызға бәрібір сұраныс көп. Өйткені, біздің ауа, жеріміз ластанбаған, бір сөзбен айтқанда, малымыз таза от, тұнық судан коректеніп жатыр. Ол малдың еті де, сүті де таза. Қазіргі таңда біз ай сайын Астанаға өзіміздің малдың жүз тонна мәрмәр етін жөнелтіп отырмыз. Алдағы уақытта Елордада ірі қара еті мен оның жартылай және дайын шұжық өнімдерін сататын сауда нүктелерін ашу жоспарымызда бар. Бұл дегеніңіз өзіміздің өнімге деген сұраныстың жоғары екенін көрсетіп тұрған жоқ па.
— Жуырда І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Ақылбек Шаяхметтің «Еңбек ер атандырады» қойылымының тұсауы кесілді. Бұл туындының бұрынғы спектакльдерден ерекшелігі сол, бүгінгі күннің әрі өз аймағымыздың тұлғаларын кейіпкер етіп көрсеткендігінде. Атап айтсақ, бүкіл әлемге аты мәшһүр қазақтың мақтанышы, Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаева, тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ері атанған үш батыры, бүгінде бір-бір ірі шаруашылыққа басшылық етіп отырған – Сайран Бұқанов, Борис Князев пен өзіңіз барсыз…
— Негізі сұрағыңды түсіндім. Мен бұл спектакльде өзімнің бейнемнің сомдалғанына емес, жалпы еңбек адамдарының ескерусіз қалмай, жалпақ жұртқа қойылым арқылы көрсетілгеніне разы болдым. Бұл үлкен мақтаныш емес пе! Маған Қазақстанның Еңбек Ері атағын Елбасы өзі берді. Ол да менің елге тигізген еңбегімді бағалағандығы. Сол себепті өзімді ғана емес, компаниямның жұмысын көрсетіп жатса, неге риза болмасқа. Осындай дүниелер ұрпаққа өнеге береді деген сенімдемін.

Қыдырбек Қиысханұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз