«Жаркент жақсы екен», — дейді қандастарымыз

0
3018

Жақында, төл жаңа жылымыз — әз-Наурыз қарсаңында ниет қалыс болып,  Жаркент өңіріне арғы беттен келген жаны жайсаң ағайындар арасында отырып, наурыз көжеден дәм тату бұйырды. Ақтарылған ақжарма әңгіме арасында ауданның бүгінде зейнеткерлікке шыққан әкімі Бердәулет Есенұлы мен қазіргі әкімі Бектасов Темірлан Амангелдіұлының біліктілігі мен іскерлігі, халқына деген қамқорлығы жайлы да айтылып жатты. Әрине, экономикасы мен әлеуметтік жағдайы қарқынды дамып келе жатқан Жаркент өңірінің жетістіктері жайлы бұған дейін де газетімізде дүркін-дүркін жариялағанбыз. Сондықтан осы жолы елі мақтаған әкімге арнайы ат басын бұрып, амандық-саулық сұраса кетуді жөн көрдік. «Халық айтса, қалып айтпайды» — демекші, бізді жылы қарсы алған Темірлан Амангелдіұлынан көптеген жағымды жаңалықтарға қанығып қайттық. Дегенмен ол жаңалықтар жайлы жария етуді алдағы уақыттың еншісіне қалдыра отырып, жоғарыда айтқан қандастарымыздың тойкөңіл қалыбына қайта оралайын. Өйткені елге келгеніне екі жылдай ғана болған жас кәсіпкер Ережеп Ақаттың үйіне наурыз дастарханына жиналған ағайындардың да өз айтарлары бар екен.

Болат Құрсақбайұлы, кәсіпкер:
— Панфилов ауданы бойынша, Қытайдан көшіп келген, жалпы саны 600-дей қандасымыз осы Жаркент өңірін мекен етеді. Өйткені шөбі шүйгін, суы мол Жаркент өңірінің халқы да кішіпейіл, қонақжай, мейірімді. Осыны естіген өзге қандастарымыз, тіпті, араларында Қазақстанның өзге өңірлерінде тұрып жатқандары да бар, бәрі осы Жаркент өңіріне көшіп келіп жатыр. Аллаға шүкір, бұл жерге бұрынырақ келгендер бүгінде жер иеленіп, үкіметтен субсидия алып, мал өсіріп, шаруа қожалықтарын құрып, егін егіп, тіршілік етуде. Асхана ашып, зауыт салып, өзге де істермен шұғылданып жүрген қандастарымыз да жетерлік. Бала-шағаларымыз болса, атамекенімізде тәрбиеленіп, оқып, білім алып жатыр. Сол үшін, Елбасымыз бен мемлекетімізге және осы ауданның басшылары мен тұрғылықты халқына айтар алғысымыз шексіз. Ешкім бізді шеттен келдің деп кемсіткен жоқ, керісінше қолдан келген көмектерін аямады. Біз де атамекенімізге келгенде «біз келдік, бізге не бересіңдер?» — деп емес, «еліме не бере аламын, қандай пайда келтіре аламын?» — деп келдік. Сондықтан біз де қолымыздан келгенше, тонның ішкі бауындай араласып кеттік. Қайсыбіреулер сияқты; «сен — Керейсің, сен — Наймансың» — деп бөлмейміз. Мәселен, менің Алмалы ауылындағы шағын шаруа қожалығымда ауылымның тұрғылықты тұрғындары да еңбек етеді. Бәріміз бір-бірімізге көмектесіп, тату-тәтті өмір сүрудеміз. Сондай-ақ арғы жақтан өте алмай қалған ағайындардың да отбасыларына көмектесіп тұрамыз. Арамыздан шеттен көшіп келген қандастар атынан ақсақалдар алқасына Мұса Сахариұлы деген ағамызды сайладық. Ал енді, туған еліме деген махаббаттан туған мына жыр жолдарымды бүкіл қазақ халқына тарту етемін.

Біз — қазақ!

Біз — қазақ ежелден-ақ өктем елміз,
Сан тағдыр басымыздан өткен елміз.
Қуғын-сүргін, ақтабан-шұбырынды,
Алқакөл-сұламадан жеткен елміз!

Біз — қазақ, тарихта көп көшкен елміз,
Жау жортса қанды жолын кескен елміз.
Сақтан бері сан өліп, тірілсек те,
Алланың қалауымен өскен елміз!

Біз — қазақ, бейбіт қана жатқан елміз,
Таң нұрындай нұрланып, атқан елміз.
Келін ап, қыз ұзатып кең жайлауда,
Көкпар тартып, қызыққа батқан елміз!

Біз — қазақ, теңіздей кең аққан елміз,
Жетімін, жесірін де баққан елміз.
Жер шарында әлемді таңғалдырып,
Қазығын ғарышқа да қаққан елміз!

Біз — қазақ, Абайдайын ақын елміз,
Жақсылыққа жанашыр, жақын елміз.
Берекенің қаймағы бұзылмаған,
Кең пейіл, кең дастарқан, алтын елміз!

Біз — қазақ, мамыражай, майлы елміз,
Жауға қатал, ал досқа жайлы елміз.
Көк туды көк аспанда желбіреткен,
Әлемде өз орны бар, зайырлы елміз!

Тоқан Әуелхан, кәсіпкер:
— Аудан аумағында соңғы жылдары шеттен көшіп келген 182 отбасы тұрады. Негізі солардың бәрін өзінше бір ауыл етіп қоныстандырса деген тілегім бар. Дегенмен біз қол қусырып қарап отырмай, осындағы ақсақалдармен ақылдаса отырып, Көктал ауылынан берілген жер теліміне арамызда денсаулығы нашарлау, көпбалалы Гымынтай деген азаматқа төрт бөлмелі үй салып береміз деп шештік. Бұл мақсатта әркім шамасына қарай, ақшасы барлар ақшалай, болмаса мал беріп, материалдық көмек көрсетіп жатыр. Ол үйдің құжатымен айналысу маған тапсырылған болатын. Бүгінде құжат дайын. Енді үйдің құрылысын бастағалы отырмыз.

Мұса Сахариұлы, ақсақалдар алқасының мүшесі:
— 2017 жылы жазда Көктал мен Әулиеағаш ауылындағы қандастар ақылдаса келіп, ата-жұртымызға аман келіп, жер алып, мал-жан өсіріп отырғанымызға шүкірлік есебінде, ел-жұртқа қоныс той жасадық. Кейіннен, 2017 жылдың 28 қыркүйегінде Жаркент өңірі бойынша, көшіп келген қандастардың, әкімдіктің ұйымдастыруымен, ат шаптырып, көкпар беріп, концерт ұйымдастырып, палуан күрестірген үлкен той жасадық.
Одан бөлек, жергілікті тұрғындармен етене араласып кеткендіктен, олардың үйінде болып жатқан жақсылықтар мен қайғылы ждағдайларға ортақтасып, қиындықтарын бірге көтеруге тырысып жатырмыз. Ватсапта «Жаркент-Береке» деген тобымыз бар. Қандай да бір жағдай болса, сол арқылы хабарласып жинала қаламыз.

Ережеп Ақат, кәсіпкер:
— Негізі, үйді салып болып, иесіне тапсырар кезде сіздерге айтсақ та болар еді, дегенмен «жақсылықтың ерте кеші жоқ» деген ғой, келгендеріңіз жақсы болды. Біздер, жастар осындағы үлкен кісілердің сөзін екі етпейміз. Сол кісілердің айтқандары біз үшін – заң. Арамызда талантты да талапты, өнерлі жастар көп. Кәсіпкерлікпен шұғылданып, шаруаларын дөңгелетіп жүргендері де баршылық. Жастарымыз қазақтың салт-дәстүрін ұстанады. Қол өнермен айналысатындар қаншама. Мақсатымыз — еліміздің өркендеп, жеріміздің гүлденуіне үлес қосу.

Түйін:
Иә, еліне жері сай, көңіліне өмірі сай, азаматы ауызбіршілікте, әкімі әділ Жаркент өңірінде наурыз көженің ғана емес, тіршілік қазанының қайнап жатқанының куәсі болып қайттық. Алла, осы ауызбіршілік пен ынтымағымыздан айырмасын!

Жанбақыт Мерекеұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.