Кезінде атажұртқа аңсап жетіп, еліміздің таэквондо мектебінің негізін қалаған Мұстафа Өзтүрік есімін халқы мәңгі мақтан етеді. Сол жолды жалғап келе жатқан спортшыларымыз талай халықаралық додалардан жеңіспен оралып, қазақтың көк байрағын биіктерден көрсетіп жүргені күллі Алаш баласы үшін абырой десек артық кетпеспіз. Сондай саңлақтардың жолын жалғастырып жүрген жанкешті азаматтардың бірі «Мұстафа-Астана» таэквондо клубының бапкері Нұрболат Жаңбыров деген азамат. Жақында ғана Нұрболат Наурызғалиұлымен жолығып сұхбаттасудың сәті түскен еді. Төменде сол әңгімемізді назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Ең әуелі клубтарыңызбен таныстыра кетсеңіз? Оның болашағы қандай?
— Мұстафа ағамыздың атындағы бұл клуб алғаш рет Қазақстан таэквондо федерациясының басшысының күш салуында 2015 жылы Астанада ашылды. Қазірге дейін еліміздің Алматы, Шымкент, Алматы облысы, Түркістан, Жезқазған, Қостанай өңірлері бойынша 11 жерде филиалдарымыз бар. Жақында Павлодар облысында да ашылайын деп жатыр. Клубтардың ішінде басты клуб біздің осы «Мұстафа-Астана» клубы болып есептеледі. Негізі 6 жастан бастап қабылдаймыз. Ең жоғары шегі 27 жас аралығындағы спортқа қызығатын, таэквондоға бейімі бар жастарды тәрбиелейміз. Бізде қазір жиыны 60-қа жуық бала тәрбиеленіп жатыр. Олардың көбі таңдаулы спортшылар болып есептеледі. Жасөспірімдер мен төменгі жастағы балалар арасында республикалық, Азиялық турнирлерде чемпион болып жүрген балаларымыз бар. Атап айтар болсақ бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы, спорт шеберлері мен 20-ға тарта спорт шеберлерінен үміткерлер бар. Айтуар Шайкенов деген шәкіртіміз шетелдерден жүлдемен оралып жүрген үмітті спортшыларымыздың бірі. Қазір әлемдік рейтингте 67-орында тұр. Әлі де ол үздіксіз жоғарылап келе жатыр. Гүлдана Жұматай деген жас спортшымыз да халықаралық жарыстарға қатынасып жүр. Біздің қатты көңіл бөлетініміз балғын спортшылар болып табылады. Оларды 6-7 жас, 8-9 жас және 10-11 жас деп бөліп айтамыз. Осы балаларды дайындауда едәуір қиындықтар бар. Яғни кішкентай балалардан өздерінің жасына және салмағы бойынша чемпиондар дайындап шығу үшін бапкерлерімізде де, спортшыларымыз да көп еңбектенуіне тура келеді. Осы балалардың арасында Балауса Арапат деген кішкентай қызымыз қазірге дейін 4 дүркін Қазақстан чемпионы атанып үлгерді. Клубымыз құрылған 3 жылдан бері біздің «Мұстафа-Астана» команда болып, ел бойынша біріншілікті бермей келе жатырмыз. Жыл сайын спорт мектептері мен интернаттары арасында Қазақстан чемпионаты өткізіліп отырады. Осы бәсекелерде де біздің клуб жақсы нәтижелерге ие болып келе жатыр. Ең бірінші мақсатымыз, Мұстафа ағамыздың салып кеткен жолын ары қарай жалғастырып, Қазақстанның таэквондо спортын әлемдік деңгейге көтеру болып табылады.

Суретте «Мұстафа-Астана» таэквондо клубының бапкері Нұрболат Жаңбыров және 4 дүркін ҚР жас чемпионы Арапат Балауса
Суретте «Мұстафа-Астана» таэквондо клубының бапкері Нұрболат Жаңбыров және 4 дүркін ҚР жас чемпионы Арапат Балауса


— Халықаралық жарыстарға «Мұстафа-Астана» болып шығасыздар ма әлде федерация атынан шығасыздар ма?

— 14 облыс, 2 қаланы қамтитын республикалық жарыстарға клубтың атынан яғни Астананың атынан шығамыз. Республикалық және Қазақстанда өтетін халықаралық байқауларға клубтың атынан қатысамыз. Азия және әлем чемпионаттарына қатысатын кезде, мемлекет бойынша іріктелген команданың қатарына дәмелі спортшыларымызды қатыстырамыз. Оған барлық клубтардан, спорт мектептерінен үздіктер таңдалады ғой.
— Енді кәсіби спортшы болуды мақсат етпейтін, алайда осы таэквондо спортымен айналысуды қалайтын жастарды қабылдайсыздар ма? Ересек адамдарды ше?
— Әрине ондайларды қабылдаймыз. Бізге ондай спортшылар да келеді. Мысалы Есбай Олжас деген жігіт бар. 1986 жылы туылған. Ол Кореяға барып 5 жыл халықаралық менеджмент мамандығы бойынша оқып келген екен. Осыдан 5 жыл бұрын келді. 27 жастағы кезі еді. Алайда бұрын мықты негізі болыпты. Сонан бері қажырлылықпен жаттығып, бірнеше рет халықаралық жарыстарға барып жүлдемен келіп жатқан жайы бар.
— Балаларды да спортқа тәрбиелеп жатырсыздар. Қандай қиындықтар бар?
— Бапкер болғасын жан-жақты болу керек. Өсіп келе жатқан балалардың психологиясына көңіл бөлуде аздап қиындықтар бар. Дегенмен онан қатты қиындық көріп жатырмыз деп айта алмаймын. Балалар өскен сайын мінездері де өзгеріп отырады. Соған көңіл бөлу керек. Клубта үйренген нәрселерін көшеге қолданбауды, кішіпейіл болуды үнемі дәріптеп, айтып отырамыз. Күнделікті жаттығулармен қоса балалармен етене араласып тұрамыз. Кейбіреулерінің отбасында қиыншылықтары болады. Біреулері ата-ана қамқорлығына зәру дегендей. Ондай бабалардың ата-анасындай болмасақта барынша қамқорлық көрсетіп, рухани жақтан жақын адамыңдай болып та кететін кездеріміз болады. Кейбіреулер сабақтарына көңіл бөлмей кетеді. Олардың күнделікті нәтижелерін қадағалап, «сабағыңды дұрыс оқымасаң, таэквондаға қатыспай-ақ қой» деп ескерту береміз. Сөйтіп оқу үлгерімдері де жақсарып отырады.
— Қазір сіздердің жалпы нәтижелеріңіз қандай? Халықаралық жарыстарға жиі қатысып отырасыздар ма?
— Жалпы Қазақстан таэквондо спорты біраз жылдың алдында тоқыраңқырап қалған еді. Соңғы кезде нәтижесі жақсарып келеді. Ал біздің клубтарымыз қазіргі таңда ТМД елдері арасында ешкімнен кем емес. Шетелдің спорт мектептерін де көріп жүрміз. Біздің жастарымыз өте талантты деп айтар едім.
— Соңғы сұрақ, қазіргі кезде халықтың осы спорт түріне қызығушылығы қандай? Балалардың арасында қыздар да бар екен.
— Халықтың ықыласы жаман емес. Ғаламтордан, БАҚ-тардан көріп, біліп отыр ғой. Бұл спорттың қыр-сырын түсінетін адамдар көп деп ойлаймын. Бізге «қыздарды қабылдайсыздар ма?» — деген өтінішпен келетін ата-аналар көп. Осындай қызығушылық пен қолдау бар жерде Қазақстан таэквондо спорты дами беретініне, марқұм Мұстафа Өзтүрік ағамыздың арманы орындалатынына сеніміміз зор.
— Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.