Біздің Алматы қаласының аумағында жас отбасылардан құралған «Салиқалы топ деп аталатын жастар тобы бар. «Салиқалы жастар тобы» отбасының өндіріс, тұрмыс, ынтымақ-бірлік сықылды мәселелерін ақылдасу үшін топтасқан. Топ мүшелері бір айда бір рет бас қосып отырады. «Салиқалы жастар тобының» елде жоқ өзіндік ерекшелігі бар. Топ мүшелері болған жас отбасылардың барлығы өздері басына отау көтергеннен бері әке-шешелерін өздері бағып-қағып, аялап, алақанына салып асырап келеді. «Салиқалы жастар тобының» мүшелері ежелден-ақ қарттардың көңілдерін аулап, қадіріне шын мәнінде жетіп жүрген жігіттер мен келіндер болатын.

Жақында бұл топ ақылдасып: «Өзіміз өрлі-қырда шапқылап жұмыс тындырып, кезі келгенде серуендеп те жүрміз. Ал ата-аналарымыздың жазығы бардай үйден ұзап шықпайды, шыға да алмайды. Олардың жазығы бізді бағып-өсіргені ме? Жоқ, бұлай қалдыру ата-салтымызға да келмейді. Сөйтіп олар «қарттарымызды ойға апарып, тауға шығарып көңілін көтерейік!» — деген ортақ байламға келеді. Олар 2018 жылы қазан айының 6-жаңасында жас отбасылар қолдарындағы ата мен әжелерін, әке мен шешелерін Таутүрген саяхат сайының ұшар басындағы ең көркем жайлауына апарып, қарттарды ойнатты, күлдірді, көңілін көтерді.
Көңіл көтеру рәсіміне қарттардың алды 90, арты 70 жастағы  6 әже, 5 ата қатынасты. Қарттар өздерінің ұрпақтарына дән риза болды. Көңілдері көк аспандай көтерілді. Жайылған көк жайлаудағы дастарқанға бата берген 83 жастағы Дүйсенбай қажы ата (мешіт молдасы) ақ батасын ақтарыла беріп болған соң-ақ тілегін былай ақтарды: «Рақмет қарақтарым! Алдымен Аллаға разылық айтамын. Балаларым сендердің мына ықыластарың құранда айтылатын ана дүниедегі пейіш, жаннат деген атауларды есіме түсіріп отыр. Қараңдаршы, айналамызды қоршаған жасыл желек жамылған тау жоталары, бау-бақшалы таулы орман, сайраған құс, сарқыраған тау өзені, алдымыздағы жайылған дастарқандағы дәмдер сол жаннатта болады деп айтылатын дәмдерге ұқсайды екен. Жаннаттағы дәмдерді жеуге, татуға болмайды. Ал мына дәмдерден қалағанымызша жеп-ішіп отырмыз. Біз бүгін тіршілігімізде-ақ жаннат бақшасына кіргендей болдық. Я, Жаратқан Алла! Жастарымыздың, ұрпақтарымның бағын аша гөр! Бақытты заман, ұзын өмір бере гөр, жаратқан Алла жастарыма!…»
Дастарқан басында, «Салиқалы жастар тобының» белді мүшесі — ағайынды (немере) кәсіпкер Еркін мен Әсен, 80 жастың асты-үстіндегі абысынды екі шешесі Серғайша мен Қадан апаны ертіп, бір қойын көлігінің қоржынына салып келгендігіне барлығымыз алғыс білдірдік. Әңгіменің арқауы болар, опалы ұл Қайрат пен опалы келін Гүлден туралы да гуледі көпшілік. Олар 90 жастағы екі аяғынан кемтар атасы Оразқанды сәби балаша бағып отырғаны, екі күнде бір рет қартты жуындырып, сылап-сипап отыратыны әңгіменің өзегіне айналды. Әрі Қайрат пен Гүлденге құрмет білдірді. Міне жайлау дастарқанына екеуі атасының екі қолтығынан сүйеп әкеліп, төрге отырғызғанына барлығымыз куә болып отырмыз.
Жақында ғана 81 жастағы анасы Гүлпаран апаның арманын орындап, қажылатып оралған азамат Ырысбекке көп алғысы көлдей болды. Күлпаран қажы апа Меккеден әкелген Зам-зам суынан барлық адамға дәм татқызды.
Осындай өнегелі тәрбиелік шараны ұйымдастырған Қали Тоқтасынұлы көпке былай деді: «Мен әке-шешемнен ерте айрылдым. Менің анау отырған қайны атам Нұрмұқан, қайны енем Дәшен апаммен 20 жылдан бері үйіміз бір болмаса да, іргеміз ажырамай, осы қарттардың әке-шешелік мейіріне бөленіп келемін. Сондықтан ұлымның атын атам «Муйір» деп қойған болатын. Ұлым да жігіт болайын деп қалды. Сондықтан мен атам мен енемді әкем мен шешемнің орнына ертіп келдім», — деді. Баласының сөзінен шабыт алған 73 жастағы Ақын, сыншы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрмұқан Жанұзақұлы, 68 жастағы жұбайы Дәшен Дошыметқызына арнап, жастарға үлгі болсын деп, өлең оқыды:
Қосақтасқан серігім,
Құшақтағы жарымыз.
4 ұл, 4 қыз өсірдік,
Алланың сиын алыңыз!
Қатарласып жүрейік,
Бірге шықсын жанымыз, — деп қарттарды күлкіге батырса, жастар жағы «Алла сіздердің жолдарыңызды берсе екен!» — деп дуылдасты.
Жайлау дастарқанының соңы көңілді серуен мен ән-биге ұласты. Алаңқайда жастар өзінің ата-аналарымен бірге «Қаражорға» биіне басты. Күлай қатарлы биші келіндер апаларымен аймаласып, жүріп, «Қаражорғаны» жетеріне жеткізіп билеп, барлық көрерменді таңдай қақтырды. Әлем қазағына танымал әнші, «Қыздарай» тобының белді мүшесі Бақыт Бешенқызы өзінің 70 жастағы шешесімен бірге ән шырқап, термелер орындап қарт сезімдерді қарқ қылды. Еркін мен Әсен атты жас халық күйшілері домбырадан қарттарға арнап күй төкті, қазақтың халық әндерін шырқады… Жастар жағы әке-шешелерінің көңілі үшін бар ойын да, ойынын да аяған жоқ… Соңында жастар жағы осындай игі істі жалғастыра беретінін ант ретінде айтысып қайтысты.

Түйін:
Мен жоғарыдағы нақты жаңалықтың куәсімін. Осындай ізгілікке жаның тербеледі. Бірақ қоғамдағы имансыздық, опасыздық пен көргенсіздік, қанпезерлік те аз емес. Ал өзінен туған баласы өзінің әке-шешесіне опасыздық істегендерді көргенде көзің шығып кете жаздайды. Оларды алыстан іздемей-ақ телеэкранынан күнде көріп, көзіңнен еріксіз жас тамады. Жүрегің езіледі. 2018 жылы 12 қазандағы ұлттық арнаның «Харекет» бағдарламасын көріңізші! Атын ұмытып қалыппын. Қартайған ананың не бай алмаған, не құдай алмаған өзінен туған үш қызы анасының үйін тартып алған. Анасы жылап отыр…
Екінші мұңлық Нұржұма қарттың торайша шулаған 9 баласы бар. 9 баласын да үйлендіріп өз жөніне жіберген де әкесі жұртта қалған. Басы қаңғырған шал қатын алып балалы болып, ол итті үйлендіру үшін үйін кепілге қойған. Соңында  алданып, үйінен  айрылып, қаңғырып  қалған.  Осындай жауыздық  қазақтар  арасында  тепкен жерден табылады. Табылмайтыны «Салиқалы жастар тобының» қазақтың ұлттық моралін сақтаған ізгі  қасиеті. «Салиқалы жастар тобы» Тәуелсіз Қазақстан қоғамының ата-бабамыздан қалған үлгісі. Тәуелсіздігіміздің жаңа өніп шыққан жеміс ағашы. Нағыз рухани жаңғыру деген осы. Анау әке-шешесін шерге байлап жүргендер кімдер? Жат ұлт, жат дін билеуіндегі коммунистік қоғам идеясының етегінің астынан туғандар. Дәл осы жауыздық, имансыздықты әке-шешесінен үй тартып алуды олар қайдан үйренген? Қайдан дейсіз ғой? Дәл өздерінің әке-шешесінен үйренген. Қайту керек? Өтірік жаңғырмай шын жаңғыру керек. Бодандық уынан Қазақ ұлтының жүрегін үзілді-кесілді тазартып, қазақ ұлтының моральдық құрылысын бұрынғы өз қалпына келтіру керек. Ол үшін Құнанбай, Төле, Әйтеке, Қазыбек сияқты билер керек. Қазақстанның жаңа азаматтық, моральдық заңдарын кемелді жасап, «Қызды қырық, ұлды отыз үйден тию» қажет.
 Әзірше соңы
Нұрмұқан Жанұзақұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.