Детектив жанрының хас шебері

0
2883

кемел дара, кемел дана бір туған, жазушы Кемел Тоқаев — 95 жаста

Ер елі үшін туады

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында туған жерге деген сүйіспеншілік білім саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізу, патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс  тапса игі», — деп атап  көрсетілген еді. Осыған орай білім мекемелерінде арнайы іс-шаралар жасалып,  ел мен жер тарихын   жетік білу барысында  бірталай нәтижелі шаралар жүзеге асырылып келеді.  Әрбір өлкенің жас ұрпаққа үлгі болар біртуар перзенттері бар.  Солардың қатарында  қазақ жазба әдебиетінің жаңа  детектив жанрын қалыптастыруда толассыз қалам тербеп, үздік туындылар берген көрнекті көркем сөз зергерлерінің бірі — Кемел Тоқаев.
Кемел Тоқаев 1923 жылы қазан айының екінші жұлдызында Қаратал ауданына қарасты Сарғабан деген жерде дүниеге келген. Кемел бала кезінен заман тауқыметін басынан өткерген.  Ол   Жетісу еліне  кеңінен белгілі Жолбарыс батыр ұрпағы. Кейбір деректерге жүгіне келсек, оның ата-анасы 1930 жылдардағы аштықта дүние салған көрінеді. Сол кезде жас Кемел Шымкенттегі балалар үйіне тап болады. Ол кәмелеттік жасқа келгенше тәрбие мен білімді сонда алады. Ұлы Отан соғысына қатысып, І және ІІ дәрежелі  Ұлы Отан соғысы орденімен, басқа да  медальдармен марапатталған.
Жазушы ретінде Кемел Тоқаев көбінесе шытырман оқиғалы (детективті) жанрда қалам тартты. 1954 жылы «Жұлдызды жорық», 1955 жылы «Қысқы қарлығаш», 1958 жылы «Тасқын», 1965 жылы «Болашақ туралы ой», 1968 жылы «Ерекше тапсырма», 1971-72 жылдары «Дикарьдің өлімі», «Қастандық», «Сарқабанда болған оқиға», 1954 жылы «Көмескі із», 1976 жылы «Түнде атылған оқ», 1977 жылы «Таңбалы алтын» сияқты шығармалардың авторы. Драматургия саласында «Кім қылмысты?» дейтін пьеса жазды. «Соңғы соққы» (1981), «Солдат  алысқа  кетті» (1983), «Ұясынан безген құс» (1983) романдары  «Қызыл комиссар», «Сиқырлы құпия» шығармалары да жарық көрген.
Кемел Тоқаев шығармаларының ерекшелігі деректілігінде. Өзі қатысып куә болған  соғыс кезіндегі партизандар ерлігі, чекистер мен ішкі істер қызметкерлерінің қауіпті де қызықты тағдырлары, қылмысты істі ашудағы милиционерлердің алғырлығы мен ұтқырлығы  — жазушы көтерген негізгі тақырыптар.

Атамыздың ғұмыры балаларға өнеге

Жетісу өңірінің әулие-бабалардың мекені атанған Қаратал ауданының орталығы Үштөбе қаласының  солтүстік батысында  орналасқан еңселі мектептің алдында тұрмыз. Жаңа үлгіде салынған мектеп ғимараты алыстен көз тартады. Кемел Тоқаев атындағы мектептің  директоры  Сандуғаш Әмірғалиқызы Жұмагелдина  бізді жылы жүзбен қарсы алды.  Білім беру саласында ұзақ жылдар бойы еңбек еткен тәжірбиелі ұстаз Санудуғаш Әмірғалиқызының осы мектепке  қызметке келгеніне  бірер жылдың ғана жүзі болыпты. Алайда  алғашқы күннен бастап орта мектептің әдістемелік жұмысын жақсартып,  білім беру бағдарламасының жүзеге асуына өз үлесін қоса білген. Біз мектеп директоры Сандуғаш Жұмагелдинаны жазушы атындағы мектептің тыныс-тіршілігімен танысу үшін әңгімеге тарттық.

— Құрметті Сандуғаш Әмірғалиқызы, жылдан-жылға білім саласы қызметкерлеріне деген талап күшейіп келеді. Елбасы «Болашаққа бағдар; рухани жаңғыру» мақаласында  «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт» деп атап өткен еді. Білімнің қайнар көзі болып саналатын мектептегі атқарылып жатқан  игілікті істер мен  жетістіктерді әңгімелеп берсеңіз?
— Біз шын мәнінде тарихи кезеңді бастан өткеріп  жатырмыз. Білімнің бастауы — қайнар көзі мектепте. Сондықтан жас жеткіншектерге сапалы білім, саналы тәрбие беру бізге жүктелген зор сенім.  Қазіргі кезде инновациялық  технологиялардың мектеп өміріне кеңінен енгізілуі сапалы білім кепілі болып отыр. Қасиетті білім ордасы шәкіртін тек біліммен сусындатып қоймай, өмірге бейім болуға да тәрбиелейді. Бір сөзбен  айтсам жазушы Кемел Тоқаев есімімен аталатын мектептің өмірі шығармашылық пен жаңалыққа толы.
2017-2018 жылғы оқу жылының мектептің мақтанышына айналған түлектер сабында «Алтын белгі» белгісіне үміткер Ныгметова Аяна, үздік аттестатқа үміткерлер Нұрлыбаева Жансая мен Айтқұрмаш Әдемі бар. Мектеп түлектері білім және спорттық жарыстарда жүлделі орындар иеленіп келеді. Атап айтсақ,  облыстық «Жарқын болашақ» байқауында 11 «Б» сынып оқушысы Ныгметова Аяна ІІ-орынды, Нұрлыбаева Жансая — «Дарын» ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауының облыстық кезеңінде ІІІ-орынды, Айтқұрмаш Әдемі — «Дарын» оқушылардың ғылыми жобалары байқауының облыстық кезеңінде ІІ-орынды иеленіп, мектептің абыройын көтерді. Сонымен қатар мектеп оқушысы Беляева Анжела  облыстық «КҒА» байқауында ІІ-орынды, Тупицина Ангелина Республикалық паурлефтинг жарысы бойынша жүлделі  ІІІ орынды иеленді.
Мектеп түлегі Айдынұлы Еркебұлан Ауыр атлетикадан жасөспірім ұлдар мен қыздар және ерлер мен әйелдер арасында Афина Олимпиадасының  қола жүлдегері, ҚР-ның  Еңбек сіңірген  спорт  шебері Сергей Филимоновтың жүлдесіне арналған Алматы облысының ашық турнирінде 62 келі салмақ дәрежесінде 3-орынды жеңіп алды. Біздің мектептің түлектері ауданда өткізілетін білім және спорт саласындағы байқауларға белсене қатысып, жүлделі орындарды иеленуде.
— Биылғы жылы 95 жылдық мерейтойы аталып өтетін жазушы Кемел Тоқаев атындағы мектептің  өмірінде қандай жақсы  өзгерістер бар ?
— Мектебіміз  елімізге  танымал  жазушы  Кемел Тоқаевтың  есімімен аталуының өзі  бізге үлкен міндет пен парыз жүктейді. Оның себебі ғұмыры ұрпаққа үлгі-өнеге болған   жазушы Кемел атамыз кіндік қаны тамған жер осы Қаратал өңірі. Қазақ халқының біртуар перзенті Кемел Тоқаев 1923 жылы қазан айының екінші жұлдызында кедей отбасында дүниеге келген.
Кемел атамыздың  есімі мектебімізге берілгеніне жиырма екі жылдай уақыт болыпты. Осы жылдар ішінде қаншама түлек қанат қағып, мектеп төрінен өмірге жолдама алды.  Жылма-жыл жазушының туған күні мектепте, сынып сағаттарында аталып өтеді. Кемел атамыздың жазған туындыларын мектептің әрбір оқушысы жақсы біледі. Жазушы есімін мақтаныш етеді. Қазіргі кезде мектепте 64 мұғалім  ұстаздық етіп, 747 оқушы дәріс алуда. Жылма-жыл мектептегі оқушылардың білім сапасы да жақсарып келеді. 2017-2018 оқу жылында  мектеп бітірушілердің  ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі  74,2 пайыз болды.
Осы жылдар ішінде Кемел атамыздың ұлағатты  ұрпағы мектептің тыныс-тіршілігіне араласып, қамқорлық көрсетіп келеді. Кемел Тоқаев атындағы қайырымдылық қоры бар.  Тұрмыс деңгейі отбасының балаларына көптеген көмектер көрсетілді. Қазіргі кезде мектеп жанынан  спорт алаңының құрылысы қайырымдылық қор қаржысымен жүргізіліп, аяқталды. Бұл алаңның  оқушылардың  салауатты өмір салтын ұстануына  көп септігін тигізетіні сөзсіз.
— Жас ұрпақтың  тәлім-тәрбиесін жақсартуда, дүниетанымы шеңберін  кеңейтуде   жазушы Кемел Тоқаевтың шығармаларының әсері қандай?
— Ер елі үшін туады ғой. Жазушы  атамыздың өнегелі өмірі мен шығармалары, әсерлі әңгімелері оқыған адамды ойландырмай қоймайды. Жас күнінен жетім қалып, өз бетінше оқып білім алған, ел басына қиын-қыстау күндер туғанда қолына қару алып, майданға аттанған Кемел  атамыздың шығармалары жас ұрпақты  адалдыққа, батылдыққа, патриотизмге  тәрбиелейді. Мектептегі арнайы мұражайда  халқының бір туар перзенті  Кемел Тоқаевтың  алған марапаттары, орден, медальдары көптеген тұрмыстық заттары сақталған. Жас буын осы мұражайда жазушының өнегелі өмірімен танысып, ұлағатты ұрпақтарымен талай рет кездесулер өткізді. Сөз жоқ жазушы Кемел атамыздың шытырманға толы деректі шығармалары  мектеп жеткіншектеріне жақсы бағыт,  тәлім-тәрбие береді. Біздің мектептің түлектері жазушы есімін үлкен мақтаныш сезіммен айтып, білімде де, өнерде де алдыңғы қатарлардан көрінуге тырысады. Біз алтын ұя мектебіміздің жазушы Кемел Тоқаевтың есімімен аталғанына өте қуаныштымыз. Оның себебі жазушының шығармалының әсерімен  қанат қағып, үлкен өмірге жолдама алған түлектеріміз болашақта еліміздің нағыз отансүйгіш азаматтары болады деген сенімдеміз.

«Қалам алып ақ параққа жаздыңыз»

Мектептің шығармашылыққа бейім балалары жазушы Кемел Тоқаевқа тырнақалды  дүниелерін  арнауда. Олардың шығарған жүрекжарды туындылары мектеп оқушыларының сүйіп оқитын өлеңдеріне айналды. Кемел Тоқаевтың еңбегі мен өткен өмір жолын өлеңіне тиек еткен шәкіртіміз Нұртаев Нұржан:
— Кемел дара, Кемел дана бір туған
Елі үшін, еңбек етіп бел буған.
Қаруы мен қаламының ұшында,
Тарихтың сыр мен  жыры тұнған, — деп жырласа.
Оқушымыз Тельманқызы Гүлжанат «Кемел ата — ардағым» өлеңінде:
— Кемел ата ел есінде қалдыңыз.
Отан үшін, соғысқа да бардыңыз.
Ерлік жасап, Жеңіске жетіп,
Туған елге аман-есен қайттыңыз.
Тәнде емес жанда қалған жараны.
Қалам алып ақ параққа жаздыңыз, — деп толғанған. Жазушы өмір жолының іздері «Соңғы соққы», «Ұядан безген құс», «Сарғабанда болған оқиға», «Таңбалы алтын», «Түнде атылған оқ», «Тасқын» шығармаларында бар. Ұлы Отан соғысы кезеңі мен шытырман оқиғалары суреттелген бұл шығармалары оқырманның қызыға оқитын туындыларына айналған. Шәкіртіміз Орынбеков Олжастың «Сағыныш» атты мына өлеңінде:
— Күн батады, таң атады толмастан,
Өмір өзен ағып жатыр талмастан.
Ұлы аға жазған сол бір кейіпкер,
Мұнартады батыр кейіп тау жақтан, — деп түйіндеген. Жазушы ата сомдаған кейіпкер  бүгінде кездеседі емес пе?
Детектив жанрында оннан аса кітап жариялап, бәйгені сан рет жеңіп алып, төрт рет  лауреат атанған жазушының еңбегін оқушы Зейнұрова Таңшолпан былай деп өлеңіне қосыпты.
— Кемел ата шабысынан таңбаған
Кемел ата қанаты бір талмаған.
Жазушы боп халық үшін қалам-ап,
Өмірінде құс боп көкте самғаған.
Кемел ата есімі мәңгі есте қалады.
Болашаққа ұрпағымен барады, — деген жүрекжарды тілегін жазыпты.
Әрине барлық жыр шумақтары төрт аяғынан тік тұрып кетпесе де, олардың балаң жүрегіндегі  жазушыға деген  шынайы сезім, үлкен құрмет, сүйіспеншілік төгіліп тұр.

Маржан Камитбаева,
Қазақ тілі мен әдебиеті  пәнінің  мұғалімі

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.