Өткен 2018 жылы әулие, абыз, батыр бабамыз Әлмерек Жаншықұлына 360 жыл толды (1658-1754 жж). Осы батыр бабамызға, сондай-ақ, қазақ елінің азаттығы үшін күрескен өзге де бабаларымызға мың тағзым. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында, былтыр сәуір айында, «Qazaqstan zamany» ұйытқы болуымен Әлмерек батырдың жайлауы болған, Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы (қалмақ батыры) ауылында көптеген тарихшылар мен зиялы қауым және жергілікті тұрғындардың қатысуымен үлкен конференция өткен еді. Конференцияға қатысушылардың арасында ұйғыр ағайындар да аз болған жоқ.

 

Құрметті бас редактор мырза, 1992-1996 жылдар аралығында өзім осы газеттіің аудармашысы әрі журналисі болып жұмыс істегендіктен де болар, бұл газет менің жаныма жақын. Газеттеріңіздің 19 шілдедегі номерінде редакцияның анықтама түсініктемесісіз мыңдаған адамдардың қолы қойылған «ашық хатпен» Премьер министр Бақытжан Әбдірұлының атына арнаған өтініштерін қоса жариялапты. Бұл хаттың алға қойған мақсаты «…Тоқ етері қазір бізге тарихшы ғалымдардың Әлмерек би жөніндегі зерттеулері, пікір-ұсыныстары, тарихи деректері өте қажет болып отыр» делінген екен.
Мен  ғасырдан аса қан кешкен қазақ-жоңғар соғысын арнайы зерттеген тарихшы емеспін. Дегенмен, ол туралы азды-көпті хабардар екенім де белгілі. Мені ойландырып-толғандырған мәселе, мақалада сөз болған жер-су, елді мекен атауларымен ономастикалық атауларға қатысты ешбір дәлел-дәйексіз, құжаттық негізсіз ойжота сөздерді заңдастырғысы келген ұрыншақтықтығында  болып отыр.

Мен «Ұйғыр авазы» газеті көтерген жер-су атауларын ешбір дерек-дәйексіз болса да бәрін ұйғырша атаулар дейтін ауажайылуларға тойтарыс беріп едім.
Ал, мына «Ашық хатта» сөз болған мәселелер Абдоллажан Самсақовтың мақаласында көтерілген болжал, ойжоталардан да асып түскендей болғаны өкінішті.
Мен «Ашық хатшыларды» қолдау үшін «жер-су атауларын жекешелендіруге болмайды» атты мақаламдағы «Шелек, Шонжы т.б.» топонимдерге берген анықтамаларымнан бас тарту арқылы (ол әрине мүмкін емес екенін баса айтамын) «Ашық хат» иелерінің  мүлде қисынсыз анықтамаларын қолдауым керек болады. Ол да мүлде қабылдауға болмайтын жолсыздық болар еді.
Нақтылап айтқанда, бүгінге дейінгі жазба және аңыз әңгімелерде қалмақтың «Қордай батыры» деген кездеспейді. «Қордай» батыр дегенді Қордай асуындағы тақтаға жазып қойғандар кейінгі жылдар естелігі. Мұндағы «Қордай» қазақ батыры делініп тұр. «Ашық хат» авторлары төбеден түскендей етіп «Жоңғардың батыры Қордай елу мың қол бастап қазақтарға қарсы жорыққа аттанады» деп жаза салады.
Ал, «Ашық хаттағы «Әлмерек батыр отыз бес жасында жоңғардың батыры Алғабастың, он сегіз жасында жоңғардың (қоңтайшысы) қолбасшысы, әрі қас батыры Шонжының басын алып, қазақтың абыройын асқакқтата түседі» деген сөздерден не ұғуға болады? Қалмақтың «Алғабас» деп қазақша ат қоюы туралы қандай негіз бар? «Алғабас» Кеңес заманында пайда болған елді мекендер аты емес пе еді?
«Қордай» туралы М.Қашқаридың «Түрік сөздігінде «қордай құстың бір түрі» дей келіп, өзен-көлдер жағасында сайрандап жүрген «аққу-қордай» тіркесін қоданады. («Түрік сөздігі» 3-том. 324-б.) Аң-құстың атымен аталатын әйгілі адамдар түрік халықтарында көптеп кезігеді. Бірақ ол біресе қазақ батыры, біресе қалмақ батыры болып қатар айтылмаса керек.
«Шонжы» туралы мен жоғарыда аталған зерттеу мақаламда жетерліктей тоқталғанмын. Топонимикалық атауды ономостикалық атауға айналдырып жіберген ағайындар тарихшылардан қандай тарихи дәлел сұрап отыр? Тарихшылар жоқ деректі қайдан алмақ?
Ашық хатта, мынау ХХІ ғасырда еш ыңғайсызданбастан «Бабамыз жайлы көктен түскен шындық пен аңыз әңгімелер өте көп» деп жазып отырған адамдар тарихшылардың дәлелдеріне неге мұқтаж болды екен?
Ш.Ш.Уалиханов атындағы Тарих институтындағы басқа тарихшылармен еліміздегі тархшылар қауымы бұл сұрақтарға қалай  жауап берерін өздері білер, ал мен бұл мәселе жөніндегі ойларымды төмендегіше түйіндегім келеді:
1.  Бүгінге дейінгі ресми, бейресми тарих пен тарихи құжаттарда Әлмерек батыр басын алды деген Шонжы, Алғабас, Қордай батыр атты қалмақ батыры туралы еш нәрсе болмаған, немесе мен байқамаған болармын, сондықтан ол туралы айтарым жоқ.
2. «Шонжы, Қордай, Шелек, Іле, Ертіс, Қас, Күнес, Кеген, Нарынқол, Мұқыр, Қапшағай, Түрген, Ақсүмбе, Тұрпан т.б. жер-су атаулары жөніндегі тұжырымдарымды өзгерте алмаймын, әрі оған ешбір қажеттілік те жоқ.
3. Әлмерек бабамыздың әулиелігі мен билігі, батырлығы жөніндегі аңыз бен ақиқатқа құрмет етемін. Ал, құрметтеу ол адамның атына елді мекен атын бермесе болмайды дегенге тіреліп тұрмаса керек.
4. Жер-су, елді мекен атауларын адамдастыру, адам атымен атау біздің қазақ халқында мүлде болмаған, орыс отаршылдары (ақ, қызыл) алып келген көп індеттің бірі еді.
Біз көршілердің жаман әдеттерін оның қаңсығын таңсық көріп еліктеп-солықтауға дағдыланып кеткен халықпыз. Ал мына бес мың жылдық жазба тарихы бар қытай елінің тарихында қаншама әйгілі адамдар, зұлым, шен құмар патшалар мен қолбасылар болса да, солардың атында бір де бір жер-су, елді мекен, қала, көше аттары болмаған екен. Қытай тарихын, оның географиясын, топонимикасын зерттеушілер еш шатаспастан-ақ бес мың жылдық тарихын жазып та, оқып та келеді.
Ал біз бір жүйе ауысса, немесе бір патша, көсемсымақтар ауысса олардың атындағы елді мекен, қала, дала, көше аттарын жаппай өзгертіп, мемлекет қаржысын ысыраптаудың сыртында халықтың тарихи жадын, ұрпақ, дәстүр жалғастығын өктемдікпен бұзып, талқандаймыз. Сонда бұндай дарақылық пен атаққұмарлықтық біздің рухани жаңғыруымызға оңды әсері бола ма, әлде кезекті науқан құрбанына айнала ма? Егер «Шонжы» атауын өзгерту сонша керек болса, сол өңірдегі тарихи жер-су атауларының бірін мәселен «Шарын, Көкбекті, Алатау немесе қаптаған «нұрлардың» бірінің алды-артына бір анықтама сөз тіркеп-ақ жаңа атау беруімізге болар еді ғой.
5.Тәуелсіз Қазақстанның жер-су, елді мекен атауларын адам атына ауыстыру тарихына назар аударған адам, одан бір тұтас халықтық мемлекетшілдіктен көрі жершілдік-рушылдық сияқты орта ғасырлық дерттің зардабын  сезгендей болар еді.
Бұл дерт-індет ұлтты ұйытуға, мемлекетшілдікке, ұлттық тұтастануымызға осы уақытқа  дейін аз кедергі келтірмегенін мойындауымыз керек. Мемлекет құраушы ұлт ретіндегі қазақ халқының елімізді мекендеген пәленбай жүз этникалық топтар алдындағы жауапкершілігімен абырой-атағы, сондай-ақ болашақ ұрпақтарымызға қалдырар оңды үлгі-өнегемізді естен шығаруға хақымыз жоқ. Тарих сабағы бізге осындай батпан жауапкершілік жүгін  арқалатып отыр. Әр істі көңіл ауанымен емес, ақыл мен парасатпен кең ойлап, кең пішуді үйренуіміз керек. Мына аласапыраң ХХІ ғасыр сынынан аман-есен өту үшін үлкен-үлкен істерімен айналысуға ұжымдасайық ағайын, отыра қалып қол жинап, улап-шулау ендігі жерде ұят болар.

 Әлімғазы Дәулетхан,
Тарих ғылымдарының кандидаты,
Ш.Ш.Уалиханов атындағы
тарих этнология институты

Әлімғазы аға, Әлмерек бабамен қазақтың рухын көтермейміз бе?

Ал енді, айтар әңгімемізге төтесінен тартсақ, 2018 жылы 18-сәуірде шыққан «Ұйғыр Авази» газетінде жарияланған Абдуллажан Самсақовтың Алматы облысының, тіпті Қазақстанның көптеген жер-су, елді мекен атауларына байланысты ұшқары әрі сауатсыз зерттеусымақ мақаласына жауап ретінде ғалым, т.ғ.к. Әлімғазы Дәулетхан ағамыз «Qazaqstan zamany» газетінің 30.08.2018 жылғы №34 санында «Абдуллажан, жер-су атауларын жекешелендіруге болмайды» деген дәлелді мақаласымен тойтарыс берген-ді. Мақаланы оқыған оқырмандар, тарихшылар, түрлі саланың мамандары, барлығы дерлік риза болысып жатты. Бірақ, олардың бұл ризашылықтары ұзаққа барған жоқ.
Себебі, Әлімғазы ағамыз «Рухани жаңғыру — рухани қаңғыруға айналмауы керек» деген жаңа мақаласын жазып, «Абай kz» сайтында жариялап жіберген болатын. Ол кісінің бұлайша жалт беріп, жоғарыда айтылған («Абдуллажан, жер-су атауларын жекешелендіруге болмайды») мақаладағы ойларын өзі жоққа шығарғандай болған мақаласына түсінбей дал болдық. Қытайда туып, оқыған, қытай тілін меңгерген Әлімғазы Дәулетхан ағамыздың Шығыс Түркістан жайлы, ұйғыр халқы жайлы деректерді көп білуі мүмкін, бірақ сол білгендерін басқа арнаға бұра тартуының сыры неде?..
Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен  «Ұлы даланың, жеті қыры» мақаласынан «мен қазақпын» дегендердің ешқайсысы қалыс қалып жатқан жоқ. Барлығы өз шама шарықтарынша үлес қосуға талпынуда. Бірақ, Әлімғазы ағамыз жоғарыда айтқан Әлмерек бабамыздың тарих сахнасына қайта оралып, рухының тірілетіндігіне қуанбайтын сыңайлы… Бұл орайда, ағамызға тарихты ұлттық мүддеге лайықтап, бұрмалап жаз деуден аулақпын, дегенмен, өзге тарихи дереккөздермен, аңыздармен де салыстырып, санасуы керек деп ойлаймын. Мүмкін сол кезде барып, Шонжы, Кеген, Сүмбе, Шошанай, Қаскелең, Боралдай, Шамалған тағы басқа да толып жатқан қалмақша атаулардың сырын ашып, ұлты мен ұрпағы үшін пайдалы іс тындырып, кейінгіге жақсы аты қалар еді. Ал мынау істеп жатқан тірлігін кім қалай бағалайтынын уақыт көрсете жатар.
Өз тарихы мен тағдырын өзгенің астына салып, жығып беруге тырысқан «Рухани жаңғыру – рухани қаңғыруға айналмауы керек» атты мақаланы оқыған көзі ашық оқырман сол кездің өзінде-ақ ағамыздың жазғанына қарсы ой-пікірлерін қардай боратты.
Биылғы жыл — «Жастар жылы» деп жарияланды. Әлімғазы ағаның жазған мақаласы қазақ азаматтарының елі мен жеріне, өз ұлтына деген сүйіспеншілігін арттырып, намыстарын қайрай түспесе, жасыта алған жоқ. Осы үшін және Әлмерек бабамыздың әулиелігі мен батырлығы және абыздығы жөніндегі аңыз бен ақиқатқа құрметпен қарайтындығын айта кеткені үшін де, ағамызға кейінгі ұрпағының атынан көп рахмет.
Биыл сол қазақтың жері мен қазақ елінің азаттығы үшін ерен ерлік көрсеткен қолбасшы, Алланың ақ туының астында жан алысып, жан беріскен Әлмерек батыр бабамызға 360 жыл толды. Бірақ, сол баяғы қазақты аяқтан шалып, етектен тартқан алауыздық пен аяқ астынан «білгішсінген» тарихшысымақтардың кесірінен бұл дата елеусіз күйде, қалтарыста қалып қойды. Қазақта: «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген сөз бар, сол айтпақшы, Әлімғазы ағамыздың мақаласына байланысты айтқан уәжім тарихымызды түгендеу мен ұлтымызды ұлықтауға қызмет етіп жатса құба-құп.

Дәулет Тоқантегі,
тарихшы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз