Сыр өңірінде Қызылқұм деген шөл бар. Нағыз құйқалы өңір. Сыңсыған сексеуілі, жынғылы, тоғайы төрт түлік малға таптырмас қоныс. Кеңес өкіметі осыны көре білді де бұдан елу жылдай аса уақыт бұрын Аққыр ауылын құрды. Оншақты жылдың ішінде сымдай тартылған көшелері, көлеңкелі тал ағаштары, бау-бақшасы өркен жайған бай ауылға айналдық. Қызылдың көкірегінен атқылаған скважиналардың маңдарын отар-отар қой, үйір-үйір жылқы жайлады. Өкінішке орай тоқсаныншы жылдардағы жемқорлық зауалы Аққырды да айналып өтпеді.
Қазір Қызылқұм өңірі құлазып қалды, Аққыр тұрғындарының дені жұмыссыздықтан қалаға көшті. Соңғы жылдары кәсіпкерлер әлгі адыра қалған скважиналарды иемденіп мал әкеліп тіршілік оттарын жаға бастаған. Өкінішке қарай ауылдың клубы өртеніп қоламсы қалды. Ауыл қанша зарлағанмен оның іргесі көтерілмеді. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей бау-бақша, қауын-қарбыз егіп ілдалдалап күн көріп отырған ауылға үш жыл болды аяқ су келмей қойды, каналдар қаңсып қалды. Жазбаған жеріміз, аттамаған құзырлы органдардың табалдырығым қалмады. Ешкім селт етпеді. Басқа-басқа облыс әкімі Көшербаевқа да құлаққағыс еттік.
Айта берсек зарымыз көп. Үш қабатты мектебіміздің қабырғасына мұз қатып, қанша көмір жақсаң да бір жылымайды. Осы күнге дейін бір мәрте де күрделі жөндеу көрмепті байғұс мектеп. Балаларымызға обал тіпті. 2019 жылдың табалдырығын аттай отырып, тағы да үміттеніп отырмыз. Зарымызды тыңдар құлақ бар ма екен, уа ағайын?

Қаппар Жақсымов, зейнеткер,
ауыл тұрғындары атынан

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз