АҚШ-та биылғы жыл Конгресстегі текетіреспен басталды. Қазіргі күні  елдегі жағдай тым ширығып, көптеген мемлекеттік мекемелер жұмыс істемей, қызметкерлер жалақы ала алмай, әлеуметтік шиеленіс ыстығы көтеріліп тұр. Оған түрткі салып отырған басты мәселе — Мексикамен араға салынуы тиіс тосқауыл қабырғаға келіп тірелген. Трамп партиясы «құп» дегенмен, демократтар аталған қабырғаның тұрғызылуына қарсы шығып, Трамп сұраған 5,7 миллиард доллар қаражатты бөлуге келісім бермей қойды. Соның салдарынан елдің Ауыл шаруашылығы, Әділет министрлігі, тіпті мемлекеттік департаменттің өзі 22 желтоқсаннан бері жұмысын тоқтатты. Өйткені үкімет жұмыс істемегендіктен, оларға қазынадан ақша бөлінген жоқ. Есесіне, Конгресс Мексикамен арада қабырға салуға қарсылығын білдіруін үдетпесе, бәсеңдетер емес. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, атақ-абыройынан жұрдай болып айырылмас үшін, Трамп та өз айтқанынан қайтпай, ел бюджетіне қол қоймай отыр. Өйткені: «Ер жігіт бір сөзінен қайтпауы керек»,— деп Қожанасыр айтқандай, Трамп сайлауалды кампаниясында-ақ Мексикамен арадағы шекараға тосқауыл қабырға салуға уәде берген болатын. Сол себепті, ол бүгінде ол айтқанын орындатуға күш салуда. Бірақ оған қарсы күштер әлі де жеткілікті. Оған, әсіресе, демократтар наразылығын еңсеру қиын боылп тұр. Осыдан біраз күн бұрын ғана АҚШ президенті Дональд Трамп америкалықтарға жаңа жылда алғаш рет телеүндеу жасап, сонда сөйлеген сөзінде өзінің бұл қадамға не үшін барып отырғанынан шынайы фактілермен «тұздықтап» дәлелдеуге тырысты. Сонда Дональд: «Бұл қабырға елдің қауіпсіздігін сақтау үшін қажет. Мексика қабырғасын тұрғызу керек, онсыз болмайды. Себебі, елде қылмыс көбейді. Мұның барлығы Мексика арқылы АҚШ-қа келетін мигранттар қолымен жасалынып отыр. Сондықтан демократтар шындықтың бетіне тура қарап, бұл жағдайды жете түсінуі қажет. Елдің ішіне келіп кірген есірткіден былтырғы жылы қаншама азаматтарымыз көз жұмды. Біз шекарамызды осылай қорғамасақ, ондай өлім-жітім биыл да жалғасары кәміл. Өткен ит жылы елімізге заңсыз түрде сырттан 206 мыңнан астам мигранттар кірді, елдің ішіндегі қылмыстың артуына, есірткінің белең алуына, міне, нақ осы мигранттар әсер етіп отыр. Сол себепті мен сіздерге үмітті артамын. Демократтарды райынан қайтаруға сіздер ықпал ете алады деп сенемін»,— деп, ел қауіпсіздігі үшін демократтарға жеңілдік жасауға дайын екенін де ашып айтты. — Ол қандай жеңілдік?— дегенге келсек, оның мәні мынада. Трамп бұрын қабырғаны бетоннан тұрғызуға уәде берген. Енді оның өзіндік құны арзанырақ болуы үшін металдан жасамақшы. Дональд Трамптың ойынша, «Мексика қабырғасы» өзін-өзі ақтайды. Мексикамен сауда келісімін содан кейін барып қана тиімді бағытта жүргізуге болады. Әрине, Дональд Трамптың жобасы дәл қазір АҚШ бюджетіне ауыр салмақ түсірері сөзсіз. Бірақ президент әлгі қабырғаның өзін-өзі ақтайтынына, кейін пайдасы зор боларына бек сенімді. Дональд пайымдауынша, оның себептері де жоқ емес. Өйткені, бүгіндері Мексика арқылы АҚШ-қа заңсыз келетін есірткілердің құны шамамен жылына 500 миллиард долларды құрап отыр. Сондықтан да президент конгрестен қабырға үшін 5,7 миллиард доллар сұрап отыр. Ал депутаттар бар-жоғы 1,3 миллиард доллар беруді ғана мақұлдаған. Ақ үй қожайыны конгресмендерді: «Қабырғаны тұрғызуға шыққан шығынның бәрін біз соңыра Мексикамен арадағы тиімді сауда келісімшарты арқылы ақтап аламыз. Егер бұл жобаға демократтар көнбесе, онда ел бюджетіне қол қоюдан бас тартамын»,— деген шарт қойып отыр. Былайғы жұрт: «Дональд Трамп бизнестің адамы, сондықтан,  әлгі айтқандарының бәрін алдын-ала кесіп-пішіп, шотқа салып санап, одан түсетін пайда мөлшерін де болжап отырған шығар, кім білсін»,— деген пікірге ден қойған. Сірә, Д.Трамптың айтып отырғаны осыдан біраз уақыт бұрын G20 саммиті аясында АҚШ, Канада және Мексика арасында USMCA сауда келісіміне қол қойылған заңды құжат сынды. Қалай болғанда да, АҚШ Конгресіндегі президент пен демократтар арасындағы ымырасыз текетірес соңы ел  ішіндегі тыныштықтың іргетасын шайқалтып, билік басындағылар жиі айта беретін демократиялық құндылықтарға сызат түсіруі ғажап емес.

Бет қатталып жатқанда:

«Төтенше жағдай жариялаймын!»

Демократтармен тіл табыса алмаған Д.Трамп халықты: «Менің айтқаным болмаса, елде төтенше жағдай жариялаймын. Бұған маған ешкім тыйым сала алмайды»,— деп дөңайбат көрсетті. АҚШ заңы бойынша, президент жарлығына шынында да ешкім қарсы шыға алмайды. Тіпті оған наразылық көрсетіп, көшеге шығуға тыйым салынған. Егер Трамп елде төтенше жағдай жарияласа, онда мемлекеттік мекемелер өз жұмыстарын жалғастырады, бірақ, оларға қажетті қаражат Пентагон қоржынынан алынады. Ал, айға жуық уақыт бойы қаражат алмаған мекеме қызметкерлері ұжымдасып, үкіметті сотқа беріп жатыр. Мұның арты ушыығп барып, жұрттың қалауымен Конгресстің Д.Трампқа қарсы импичмент жариялауына алып келуі ғажап емес. Оның үстіне АҚШ-та 2016 жылы өткен президент сайлауына Ресейдің ықтимал килігуін тергеп жатқан арнаулы прокурор Роберт Мюллер орыстар жағын ғана емес, президент Дональд Трампты ұлықтау салтанатына қатысқан украиналық саясаткерлер мен бизнесмендерді де тексеруге кірісті. New York Times газеті 2017 жылы 20 қаңтарда өткен Трампты ұлықтауға украиналық ондаған саясаткер мен бизнесмен қатысқан деп мәлімдейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз