Адам баласы қай кезде де еңбегімен бағалы. Ал ұлт пен қоғам мүддесі үшін қызмет ету қандай құрмет пен мақтауға да лайық. Міне, сондай елге есімі белгілі табиғат жанашырының бірі — сонау Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында тұрып жатқан құсбегі Жапар Сатылғанов жуырда «КИНЭС» рекордтар кітабына енді.
Бүркітші Жапар Тілеужанұлы Жамбыл өңірінде алғаш рет саятшылықпен айналысатын «Қауырсын» атты әуесқой бүркітшілердің мектеп-клубын құрған азамат. Аталмыш клубтың іргесі 1981 жылы Шу ауданында қаланған. Бүгінде Жапар қарияны көпшілік құсбегілік өнердің жанашыры ретінде жақсы таниды.
— Кеңестік кезеңде құсбегілердің алғашқы жолы Шу ауданы Новотроицк (қазіргі Төле би ауылы) самхозында салынған болатын. Сол тұста өзім бас болып «Қауырсын» құсбегілер клубын құрғанмын. Жас өрендерді ата-бабадан келе жатқан бекзат өнерге баулып, талай шәкірттерді тәрбиеледім. Осынау бастамамыз Одаққа тарап, АҚШ, Болгария, Венгрия сынды мемлекеттерден туристер мен саятшылар лек-легімен ағылды. Және шетелдіктер «Тастүлек» фильмін түсіріп, ұлттық өнеріміз барынша дәріптелді. Кейіннен «Қауырсын» атты кітап та жарық көрді. Сол жылдары американдықтар мені «Ханкинг» бүркітшілер клубына мүшелікке алды. Енді міне, ел тәуелсіздігін алғаннан кейін құсбегілік өнерге қайта көңіл бөлініп, еңбегімді бағалап «КИНЭС» рекордтар кітабына енгізіп отыр, – дейді Жапар Сатылғанов.
Жалпы Жапар Тілеужанұлының айтуынша, қасиетті құсбегілік өнер оған әкесі Тілеужаннан дарыған екен. Саятшылықтың қыр-сырын қаршадайынан әкесіне еріп жүріп меңгергендіктен, өнердің осы түрін үйдегі төрт ұлдың ішінде осы кісі ұстап қалыпты. Өз кіндігінен тараған төрт ұлдың төртеуі де сан салада қызмет етіп жүргенімен, бүгінде Жапар қария асыл мұрамызды дамытып қана қоймай, немерелерін баулып жүрген жайы бар. Әкесінен мұра болып қалған киелі өнерді насихаттау, жануарлар дүниесін қорғау жолында да бірқатар іс тындырған. «Қауырсын — табиғат достар клубы», «Табиғат менің тағдырым» секілді бірнеше кітаптардың авторы. Республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің лауреаты. (1981 жыл). Қазір АҚШ-тағы «Ханкинг» саятшылар клубымен берік байланыста.
Бабадан балаға мирас болып келе жатқан осынау бекзат өнерді дәріптеп, қазақ құсбегілігін теңіздің арғы бетіндегі АҚШ-қа дейін танытқан Жапар Сатылғановты «КИНЭС» рекордтар кітабына енуімен «Qazaqstan dauiri» газетінің ұжымы шын жүректен құттықтайды. Отбасыңызға бақыт, ұлт келешегі үшін жасап жатқан тірліктеріңізге тек табыс тілейміз.


Нұрым Сырғабаев,
Жамбыл облысы


ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз