Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов «Салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлық технологиялар» тақырыбында баяндама жасады.
2019 жылдың соңына қарай салық төлеу жүйесі Бірыңғай электрондық әмиян арқылы жүргізіледі. «Салық декларациясының нысандары 30 пайызға оңтайландырылды. Салықтарды электрондық түрде төлеу процесін жеңілдету басталды. Ол үшін салық төлеушінің Бірыңғай электрондық әмиян сервисіне көшуі көзделеді. Бұл ретте, Эстонияның тәжірибесі қызық. Онда салық төлеушілер салықты бір реквизитке төлейді. Сосын сол сома жеке тұлғалардың барлық салықтары бойынша автоматты түрде тарайды. Осыған сәйкес, Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері 2019 жылдың соңына қарай Бірыңғай электрондық әмиянға түскен салық төлемдерін өздері шоттар бойынша таратады», — деп атап көрсетті Ә.Смайылов. Бұл тұрғыда министр салықтарды қате төлеуді болдырмау нәтижесінде төлем құжаттарының саны қысқартылатынын, анықталмаған төлемдер мен негізсіз айыппұлдар алынып тасталатынын, инкассалық өкімдер саны қысқартылатынын, салық төлеушілердің уақыты үнемделетінін атап өтті. «Электрондық әмиян арқылы салықтарды төлеудің бірыңғай сервисіне өту үшін ақпараттық жүйені пысықтау және деректер базасын актуализациялау қажет. Бұдан басқа, бюджеттік, банктік, салық, кеден заңнамаларына өзгерістер енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізу қажет болады», — деді ведомство басшысы.
Сонымен қатар, Әлихан Смайылов: «Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру бағытында бірқатар жобаларды іске асыруда. 2018 жылдың қорытындылары бойынша, мемлекеттік кірістер органдары 22 миллион қызмет көрсетті. Оның ішінде 20 миллион қызмет электрондық түрде жүргізілді. Мемлекеттік қызметтерді ары қарай оңтайландыру және автоматтандыру үшін ведомствоаралық комиссия деңгейінде жол карталары бекітілді. Қызметтердің көбісін электрондық үкімет порталына шығару көзделіп отыр. Сондай-ақ жеке сектор компанияларымен интеграция жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде, 2025 жылға қарай Қаржы министрлігің қызметтерінің 95 пайызы электрондық форматта көрсетілетін болады», — деді.

Оның үлесі қанша болады?

Қаржы министрі Әлихан Смайыловтың айтуынша, 2025 жылға қарай Қазақстанда салықтың жиналуы көрсеткіші ішкі жалпы өнімге шаққанда 25 пайызға жетеді. «Тәуекелдерді басқару» ақпараттық жүйесі үлкен деректер көлемін талдау арқылы тәуекелдің жаңа түрлерін анықтауға және іріктеу процестерін автоматтандыруға, салық төлеушілерді санаттарға бөлуге, сондай-ақ салық және кеден заңнамасының бұзушылықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде әзірленген тәуекел модельдері деректерді қолмен өңдемей, оны автоматтандырып, жұмыс уақытын 2 айдан 2 күнге дейін қысқартып, нәтижелерді неғұрлым жоғарлатуға мүмкіндік берді», — деді министр. Министрдің мәліметінше, салықтардың жиналуын 2018 жылғы 16,9 пайыздан 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің 25 пайызына дейін арттыру көзделген. Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру есебінен абсолюттік мәнде бұл 2025 жылға дейін 5,5 трлн. теңге көлемінде бюджетке қосымша түсім береді.

SMS-хабарламасы арқылы ескерту

Депутат Ирина Аронова: “Салықтық берешекке байланысты біздің азаматтар еліміз шекарасынан өте алмайды. 2018 жылдың маусымындағы жағдай бойынша төрт мыңға жуық азаматта елімізден шетелге сапарлауға шектеу болды. Өкінішке қарай, бұл жайында салық төлеушілердің көбісі бақылау бекетінен өту кезінде тек әуежайда хабардар болды. Бұл өз кезегінде жоспарланған сапарына шыға алмаған азаматтардың уақыт әрі қаржы шығындарына алып келеді. Осы орайда, салықтық қарызы туралы жеке адамдарға SMS-ескертуді алдын ала жолдау мүмкіндігі бар ма?” — деп сауал жолдады Қаржы министріне.
Ал Әлихан Смайылов, әрбір салық төлеуші өзінің берешегі жайында e-gov порталында, Қаржы министрлігінің салық төлеуші жеке кабинетінде, банктің онлайн-сервисі арқылы біле алатынын атап өтті. “Сонымен қатар, біз екі өңірде қанатқақты жобаны жүргізудеміз. Бұл тұрғыда Солтүстік Қазақстан мен Қарағанды облыстарында көлік құралдарына қатысты төлемдер туралы салық төлеушілерге мәліметтерді бағыттаймыз. Осының нәтижесінде биыл салықтық берешектің барлық түрі бойынша Қазақстан аумағында SMS-ескертуді енгізуді жоспарлап отырмыз”, — деді ведомство басшысы.

Алкоголь ішімдігін жалғандығын қалай білеміз?

Мемлекеттік кірістер комитеті 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолдан жасалған өнімдерді шектеу, алкоголь өнімін өндірушілерге, көтерме және бөлшек саудада өткізушілерге есепке алу-бақылау маркаларын сәйкестендіру аспаптарынсыз алкоголь өнімдерін сақтауға және өткізуге тыйым салу мақсатында Wipon және Wipon PRO қосымшаларын іске қосқан болатын.
Осы орайда Мәжіліс депутаты Бейбіт Мамраев: «Wipon және Wipon PRO қосымшалары арқылы сатып алушылар мен кәсіпкерлер есепке алу-бақылау маркаларын қолдан жасамағандығын және сатылатын алкоголь өнімінің жалғандығын біле алады. Аталған қосымшаларды пайдаланудың нәтижесі қандай? Осы норманы енгізгеннен кейінгі 1 жылдың ішінде жағдай қаншалықты өзгерді? Бұл бағытта қосымша тағы қандай шаралар қолдануға болады?» — деп сұрады Қаржы министрі Әлихан Смайыловтан.
Министрдің айтуынша, Wipon арнайы қосымшасы тұтынушыларға, ал Wipon PRO қосымшасы кәсіпкерлер мен сатушыларға арналған. «Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша аталған қосымшалардың көмегімен 34 млн. бөтелке тексерілді. 330 мыңға жуық бөтелке тексеруден өтпей қалды. Жалпы, Мемлекеттік кірістер органдары осы мәліметтердің негізінде алкоголь өнімдерін өндіретін, спирт шығаратын жасырын 23 цехты жапты. Бұл жұмыс одан ары жалғасады. Біздің ойымызша жеке кәсіпкерлер осы сияқты өзге де қосымшаларды нарыққа шығаруы керек», — деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар, Ә.Смайылов алкогольді өнім шығаратын 46 зауытқа бақылау құрылғылары орнатылғанын айтты. «Олар күндіз-түні өндірістің көрсеткіштерін, электр тұтыну көрсеткішін көрсетіп тұрады. Осы бақылау аспаптарының көмегімен былтыр 2 ЖШС-ның лицензиясын қайтарып алдық. Себебі олар заңсыз алкоголь өнімдерін шығарып келген», — деді министр.

Бетті дайындаған —
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз