Кішкентай көшенің үлкен келеңсіздіктері

0
1812

Менің Алматы қаласының осы көшесінде тұрып жатқаныма бар-жоғы 43 жыл болған екен. Қысқасы, менің үйленгеннен кейінгі ғұмырымның барлығы — осы киелі шаңырақта өтіпті. Әйелім осы уақыттың ішінде алты құрсақ көтеріпті. Менің сол сүйікті көшемнің аты Мартынов. Ол кім? Біле бермейді екенбіз. Кішкентай ғана сүйікті көшеміздің шаңын 43 жыл қағып жүрсем де, сол Мартыновтың кім екенін біле алмай қойдым. Бұл бұл ма, айналадағы Федоров, Мачалова, Казакова, Боткина, Венесианова, т.б. көшелердің бәрі орысша. Құдды бір Ресейдің бір қаласында жүргендей сезінесің. Басты келеңсіздік осы.
Енді мен, осы өзімнің қырық жылдан бері тұрып жатқан көшемдегі келесі келеңсіздіктер жайлы сөз қозғайын.

Біріншіден, көршілерімен «Жер дауы» басталғанда бір-ақ рет басын сұққан жергілікті полиция, кейін тіпті, «қылмыстық іс» қозғалғанның өзінде де «жағдайды» білу үшін бір келмепті.
Менің пайымдауымша, жергілікті полиция ішінен 2 (екі) адамнан тұратын «әлеуметтік полиция» деген бөлім ашып, әрбір тұрғынды «нысанада» ұстау керек дегім келеді. Бұл түптің түбінде «жаман айтпай жақсы жоқ», қандай жағдай болса да, «алдын алар еді» деген ойдамын.
Екіншіден, біздің көшеге жаңадан су құбырын жүргізу үшін қазіргі заманауи техникалармен көшенің «ішек-қарнын» ақтарды. Тіпті, өткен жылдың көктемінде батпақтан жүре алмай қалған едік. Құбырдың бетін жапқанымен, көшеміз әлі де болса сол батпақ қалпында жатыр. Тіпті біздің көшенің соңғы жағына құбыр төселмей қалды. Себебі жұмысшылар екі-үш айлап жалақыларын ала алмай соңында тоз-тоз болып тарап кеткенге ұқсайды.
Бұл жағдайдың ұшығуына мына «оқиға» себеп болды ма деп те есептеймін. Келесі көшенің кейбір үйлеріне кіретін жол біздің көше жақтан болатын еді. Қырсық шалғанда сол үйлерді «жобалаушылар» мүлдем ұмытып кеткенге ұқсайды. Дау-дамай осы үйлердің иелерінен шықты, оның «айқайы» әкімшіліктерге жетті. Бірақ нәтиже жоқ. Ақыр аяғында жұмысы бітпеген соң шаң-топыраққа көміліп біз отырмыз.
Жәй қарапайым халық көктемде — батпақ, жазда — ауаның орнына шаң жұтып, қыста — ойдым-ойдым жерлерге ерісе су жиналып, суыса — мұз қатып, тайғақта шыбын жанымызды шүберекке түйіп жүрген жайымыз бар.
Үшінші, қора-қопсығымыз орналасқан жақтағы электр-бағанының да «мас адамдай» бір жағына қарата қисайып бара жатқанын да суретке түсірдік. Басындағы тақиясы жерге түсетіндей иіліп қалғанын да, аяғымыз жеткен «тиісті» орындарға көрсеттік. Обалы не, алдында «елпекбайлар» жүгіріп келіп, қайта өз орнына көтере салмақшы болып әрекеттенді. Бірақ одан кейін не болғанын білмейміз «төбелерін» көрсетуді қойды.
Алайда ол бағанның қыстың алай-дүлей ұйытқып соққан бір боранында біздің қоралардың үстіне құлауы әбден мүмкін. Сонда кім жауап береді?
Төртінші, Көшенің 12-ші үйінде, сонау Кеңес үкіметінің кезінен «әпкелі-сіңлі» апалар тұрған еді. Сол марқұм «апалардың» қайтыс болғанына үш жылға айналып бара жатса да, олардың «пәтерлері» әлі күнге дейін «қаңырап» бос тұр. Қазір қаншама отбасылар бала-шағасымен баспанасыз «босып» жүр. Бір «бұрышқа» зар болып жүрген қандастарымыз да қаншама?! Жергілікті полиция қайда қарап отыр?
Бесінші, қаланың үлкен көшелерінің бірі бізге жақын орналасқан «Райымбек батыр» даңғылында жолдан өтетін жолаушыларға арналған көпірлер салынған еді. Сол көпірлердің жанында мүгедек жандарға арналған «лифтілер»-дің аппараттары орнатылған екен.
Менің айтайын дегенім, сол аппараттардың барлығы дерлік «тоналған». Оның орнына «мүгедек» жандарды қалаған жеріне апаратын «таксилерді» орналастырған дұрыс еді ғой. Бұл бюджетке әлдеқайда «пайдалы» болар ма?
Сонда осындай келеңсіздіктерге жол беріп отырған мәслихат депутаттарына менің қояр сұрағым, әлде оларды қазақтың тәуелсіз мемлекетінің «тиімсіз» қаржысы ойландырмай ма екен?..
Алтыншы, біздің көшелерге тіпті «қотыр» асфальтта төселмеген. «Қотыр» деген сөз әр жерде бір іркес-тіркес асфальт төселген жерлерді айтады. Біздің су құбыры аяқталмаған көшемізге бұл «қотыр» асфальттың өзі бұйырмады. Сондықтан тұрғылықты тұрғындар «өз ақшаларымен» құм мен қиыршық тастарды төсетуге мәжбүр болды. сөйтіп тым болмаса жеңіл машиналар үшін жолдың шұңқырларын жапты.
Жетінші, мен Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы шығысымен алғашқылардың бірі болып, орыстың «ев», «ов»-тарынан құтылғандардың бірі едім.
Алайда менің төлқұжа-тымда, сонымен қатар, үйдің бүкіл құжаттарында қазақша «Сәрсенбай» деп жазылса да, ай сайынғы коммуналдық төлемдерде бұрынғы Кеңес үкіметінің кезіндегідей «Сәрсенбаев» болып әлі күнге дейін келіп жатыр.
Осының қаншалықты заңдылығын сұрап барғанымда, «Альсеко» қаншама қажетті құжаттар жинау керектігін айтып, ол құжатсыз тегі ауыстырылмайтынын айтқан еді. «Альсеко»-ның осындай «уәжі» қаншалықты дұрыстыққа жатады.

Асқар Сәрсенбай

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.