Студент жұмыс таппаса, бізге сын

0
942

2019 жыл — Жастар жылы деп белгіленді. Біз бұған толықтай келісеміз. Себебі жастарды дұрыс тәрбиелесек, олардан тек жақсылық және пайда келеді. Әр мемлекеттің қуаты — білімді және білікті жастар екені әмбеге аян. Біз әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің экономика кафедрасы жыл сайын жаңадан қабылданып жатқан студенттерді өз мамандығының иесі етіп шығаруды мақсат тұтады. Бұл іс арқылы біз біріншіден Қазақстанның бәсекеге қабілетті ел болуына үлес қоссақ, екіншіден ұлағатты жастарды тәрбиелеуіміз кеудемізге мақтаныш туғызады. ҚазҰУ-дың еліміздегі ең алғашқы беделді ЖОО-ның бірі екенін бәрі мойындайды. Бұл бір жағынан бізге артылған үлкен жауапкершілік десек қателеспейміз. Себебі ҚазҰУ-ды бітірген студент жұмыс таба алмай жүрсе немесе жұмысында көңіл көншітетіндей қызмет ете алмаса, бұл бізге сын. Қуаныштысы сол, бұл жағынан бізде әлі күнге шағым болған емес. Бұған әсер ететін негізгі фактор — біздегі мұғалімдер мен ұстаздардың тағылымды еңбектері деп білемін. Атап айтқанда, «Экономика» кафедрасының меңгерушісі: э.ғ.к., доцент Садыханова Гүльнара Амангельдиевна бастаған ұстаздар тобы талай жылғы жинаған білімдерін студенттерге беріп келеді.
ҚазҰУ өз атына лайық болу үшін және бір орында қатып қалмай, үздіксіз даму үшін әрдайым жаңашыл жолдардың бәрін қолданып отыр. Әлемдік университеттер рейтінгінде де сатылап жоғарылауда. 2019 жылы қаңтарда өткізілген «Webometrics» халықаралық рейтинг агенттігінің зерттеу қорытындысы бойынша әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әлемнің 28 мың ЖОО арасында 2503 орынды иеленді.
ҚазҰУ рейтингте алға жылжудың оң динамикасын көрсетіп, Қазақстан университеттері арасында екінші орынға тұрақтады. Мәселен, «Openness» («ашықтық») индикаторы 164 пунктке өсіп, «Рresence» («қатысу») және «Impact» («ықпал») сияқты көрсеткіштер бойынша университет басқа қазақстандық ЖОО-дан озық шықты. Әрине, ешбір нәрсе тұрақты емес. Соған орай бір күні осы қарқынымызбен алғашқы ондыққа да жететінімізге сеніміміз мол. Оған ҚазҰУ-дың потенциалы толығымен жетеді.
Қазіргі кезеңде шетелдік және қазақстандық жоғары оқу орындары ҚазҰУ-дың барлық бизнес-үдерістерін автоматтандыруға, кампустың инфрақұрылымын басқаруға арналған талдамалы жүйеде «Big Data» бұлтты технологияларды енгізуге негізделген цифрлық университет моделін қабылдауда. Университет жобасы «Майкрософт» компаниясының тарапынан жоғары бағаланып, компания ҚазҰУ тәжірибесі туралы фильм түсіріп, өз сайттарына жариялады.
Қазақстандық білім беру жүйесі үшін маңызды оқиға — Қазақстанның Ұлттық ашық білім беру платформасының іске қосылуы. Университеттің онлайн курстары қазақстандық және шетелдік оқу орындарының студенттері тарапынан үлкен сұранысқа ие болды.
Студенттер экономика кафедрасының қабырғасында өздерінің толық потенциалын танытып, ҚазҰУ атын тек Қазақстанға ғана емес, әлемге әйгілеуде. Бұған біздің көрсеткіштер дәлел бола алады. Мысалы, 4 курс студенті Сағынбаева Айтолқын 2017-2018 оқу жылында POSCO қорының стипендиясын жеңіп алса, магистратураның 1 курс студенті Нұрғазы Шыңғыс 9600 АҚШ доллары көлемінде Жапония Цукуба Университетінің стипендиясын алып, білім беру грантын жеңіп алды. Ал 3 курс студенті Сағынбаева Айтолқын 2016-2017 оқу жылында Қазақстан Республикасы Президентінің стипендиясын жеңіп алды. Мұның бәрі мына бізді, мұғалімдерді қуантып, аз да болса еңбегіміздің ақталғаны деп санаймыз.
ҚазҰУ-дың, оның ішінде экономика кафедрасының өзге ЖОО-лардан бір артықшылығы, біз өз студенттерімізді шетел асырып, озық технология елдерінің тәжірибесімен танысуға жібереміз. Сол арқылы олар елге келгенде жаңа идеялармен, тың ойлармен, берік сеніммен келіп, үйренген тәжірибелерін елімізді көркейтуге жұмсайды. Оларды атап өтпеуге болмас. Мысалы, 17 магистрант Варшавада (Польша) Экология және менеджмент университетінде тағылымдамадан өтсе, Karlova университетінде (Чехия) 2 оқытушы шетелдік тәжірибеден өтті. 5 докторант мына университеттерде: La Sapienza University (Италия), The University of Memphis (АҚШ), The Hong Kong Political University (Қытай) шетелдік тағылымдамадан өтті. Мұның бәрі оқытушылар мен студенттердің біліктілігін арттырады, бәсекелі ұлт етеді.
Биыл университетіміздің құрылғанына 85 жыл толып отыр. 1934 жылдың 15 қаңтарында Қазақстандағы тұңғыш көп салалы университет ретінде алғашқы жұмысын бастаған. 2019 жылы ҚазҰУ жоғары деңгейдегі әлемдік үш маңызды ірі іс-шараны өткізуді жоспарлап отыр. Атап айтар болсақ, «Адами мұра және жоғары технологиялар үйлесімі негізінде жетілу» атты QS World Wide-2019 дүниежүзілік көрме-конференциясы, Жібек жолы университеттері желісінің Бас Ассамблеясы және Әлеуметтік жауапкершілік университеттері әлемдік желісі үшін халықаралық Workshop. Мерекелік жылда ҚазҰУ-де білім мен ғылымның барлық салалары бойынша мыңға жуық академиялық топтардың көшбасшылары, алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының басшылары мен әлемнің ең танымал ғалымдары бас қосады. Бұл ҚазҰУ-дың ғана емес, сонымен қатар Қазақстан жоғары білім беру жүйесінің әлемдік биік көрсеткіші деп білеміз. Еліміздің жетекші университетінде аталмыш іс-шараларды өткізу — мемлекеттің жоғары білім берудегі халықаралық беделін, экспорттық потенциалын арттыра түсетіні сөзсіз.
Экономика кафедрасы атынан әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорларын, студенттері мен барша түлектерін Қазақстанның бірінші университетінің бүгінгі 85 жылдық мерейтойымен құттықтаймыз! Сонымен қатар Елбасы алға қойған әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіру бойынша әрбіріміз жауакершілігімізге алған міндеттерді орындап, бірлігіміздің арқасында жаңа шыңдарды бағындыратынымызға кәміл сенім білдіреміз.

Дәурен Тұраров,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Экономика және Бизнес Жоғары Мектебінің
аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.