Жанар Қуандыққызы: «Бақытты жанұя» ойыншық кітабы балаларды ғаламтордан қорғайды

0
1343

Рухани жаңғыруға үлес қосып жүрген жастар саны артып келеді. Бұл Қазақстанның болашағы бақытты әрі жарқын боларына сендіреді. Бүгінгі жастар заманауилық пен ұлттық құндылықтарымызды бірге сабақтастырып, өздерінің соңынан ерген бүлдіршіндерге заманауи болып қана қоймай, ұлт байлығын үйрететін әрекеттер жасап жүр. Оның бір дәлелі — қазақ сахна өнерінің майталманы Қуандық Шәкіржановтың қызы Жанар Қуандыққызының балаларға арнап ойыншық кітап шығаруы. Бұрын-соңды ойыншық кітап дегенді естімеген едік. Енді мұны естіп қана қоймай, көріп, қолмен ұстау мүмкіндігі де бұйырды. Сұхбат барысында Жанар ханым бұл кітаптағы ойын арқылы ата-ана мен бала бірге ойнап, отбасылық өзара байланыс нығая түсетіндігін айтты.

— Сіз ойыншық кітабыңыздың атауын «Бақытты жанұя» деп қойдыңыз. Кітаптың атауын неге бұлай атадыңыз?
— Атауын бұлай деп қоюыма біріншіден, өз отбасым, әкем Қуаңдық Шәкіржанов «Бақытты жанұяны» шығару кезінде маған зор қолдау көрсетті. Екіншіден, мен бұл кітапты шығарардың алдында бірнеше баламен, психологтармен жұмыс жасадым. Жұмыс барысында байқағаным, балалардың сөздік қорында «менің отбасым бақытты», «менің жанұям бақытты», «біз бақытты жанұяда өмір сүріп жүрміз» деген сөздер көп қолданылды. Сол себепті мен әр сәби өзінің жанұясында бақытты екенін кітапты қолына ұстаған сәттен сезінулері үшін оған «Бақытты жанұя» атауын лайық көрдім.
— Кітапты шығарудағы мақсатыңыз және «Бақытты жанұяның» ерекшелігі неде?
— Қазір біз балалардың кітапқа емес, телефонға, ғаламторға үңілген кезін көп көреміз. Осыған аз да болса тоқтау салып, көңілдерін кітапқа бұру мақсатында шығардым. Бірден балаға кітапты ұстатсаң, оны оқуы екіталай. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Бірақ оқитындар саны аз. Сол үшін кітапты ойынмен байланыстырып, балаларды ойын ойнау арқылы кітап оқуға баулу, ұлттық нақышта шығарылған кітап арқылы балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатын ұстандым.
Жалпы бұл кітаптың ерекшеліктері өте көп. Балаларға қолайлы етіп жасалынған дүние. Ол кітап болып ашылып та оқылады, сондай-ақ, балалар әрбір парақшаларды жеке-жеке алып та ойнай алады. Кітапшаның ішінде жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер, ән жинағы, бабаларымыздың нақыл сөздері және балалардың ой-өрісін дамытуға арналған сұрақтар мен тапсырмалар бар. Тағы да бір ерекшелігі — кітап 3D форматта, яғни басқа кітаптарда кейіпкерлері (персонаждары) кітап бетінде суреттелсе, «Бақытты жанұяда» олар жеке-жеке алынады. Кейіпкерлерді бүлдіршіндер қолдарына алып, берілген тапсырма бойынша өз орындарына орналастыра алады. Кейіпкерлері — қарапайым қазақ отбасы, ата-әже, әке-ана, екі ұл және екі қыз.
— Сөзіңізде кітап ұлттық нақышта шығарылған деп айтып өттіңіз, заманауи үлгідегі кітапта ұлт құндылықтарының көрініс беруі суреткерлік идеяңызбен ұштасқан ба?
— Менің мамандығым — суретші емес, бірақ кітап жарық көрерден бұрын мен біраз суретшілермен жұмыс жасадым. Суреттер бәрі дерлік заманауи үлгіде бейнеленген, бірақ ішінде ұмытылған қазақи дүниелеріміз де бар. «Тәрбие — тал бесіктен басталады» демекші, біз бүлдіршіндерге ұлттық құндылықтарымызды насихаттауды қазірден бастауымыз керек. Ойыншық кітап шығарып, оны ұлттық нақышта безендіруім рухани жаңғыруға қосқан аз да болса, бір үлесім.
— Қазірде кітапқа деген сұраныс қандай? Алдағы уақытта бұл бастамаңыз жалғасын таба ма?
— «Бақытты жанұяны» аты айтып тұрғандай, отбасылық ойын кітабы ретінде шығардым. Ол — ата-ана мен бала арасын ойын арқылы байланыстыратын көпір. Бұл кітап арнайы қорапшаның ішіне салынған, кітап пен бірге бояу дәптерлер балаға қоса беріледі. Қазір кітапқа сұраныс аз емес, алдағы уақытта да ойыншық кітапқа қызығушылар саны артады деген ойдамын. «Бақытты жанұя» ойын кітапшасын шығарғаннан кейін Қазақстанның біраз аймақтарынан маған ата-аналар, әжелер хабарласып, ақ батасын берді. Мұның өзі маған бастамамды жалғастыруға деген үлкен шабыт береді. Қазақ жері салт-дәстүр, әдет-ғұрыпқа бай өлке болғандықтан оның бәрін бір кітапқа сыйғызу мүмкін емес. Менің кітапшам Қазақстанда алғаш рет шыққан отандық туынды. Әрине, оны әрі қарай жалғастыру жоспарымда бар.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Тек осы біздің құндылықтарымызды нығайта және көбейте отырып қана біз әр қазақстандық отбасы үшін қауіпсіз және бақытты болашақ құра аламыз», — деген еді. Мемлекет басшысының айтқанын өз ісімен дәлелдеп жүрген Жанар Қуандыққызы бүгінде барша соңынан ерген жас буынға үлгі.
Редакциямыздан: қазір балалар санасын ғаламтор билеген заман. Жанардың бұл еңбегі ауадай қажет. Біз және мемлекет жаңалық иесіне көмектесуіміз қажет. Яғни, мектептерге, балабақшаларға бұл оқулықты тарту бәріміздің парызымыз.

Ақнар Қазезова

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.