ҮКІМЕТТЕН АЛЫСТАҒАНДАРДЫҢ «ТАҒДЫРЫ» НЕ БОЛМАҚ?

0
3940

«АСҚАР ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫНА» СЕНІМ АРТЫЛДЫ

Бұл құрам ел үмітін ақтай ала ма?

Үкіметтің отставкаға кетуі қоғамда үлкен дүмпу туғызды. Әркім әр саққа жүгіртіп жатыр. «Үкіметтің тарауына ұятқа қалдырған «министрлердің» кесірі тиді» деушілер қарасы өте көп. Мұндай жағдайда кей министрлердің «тізесі дірілдеп», енді қай жаққа қарай «ұшамын» деп елеңдейтіні шындық. Бірақ «қолдан жем жеген аттай» алысқа ұзап кетпейтіндерін өздері де жақсы біледі.

Халықтың көңіл-күйі белгілі. «Ауыс-түйіс қалай өтер екен, кімнің бағы жанар екен, қандай жаңа есім шығар екен?» деп алаңдаулы.
Араға 4-5 күн салып Парламентке келген Президент қос палатаның бірауыздан қолдауымен жаңа тағайындауларды бастады. Тым құрыса бір депутат Махамбетше «ақырып теңдік» сұрауға жарамады демесеңіз, жаңа Үкімет жасақталып бітті. Елдің алғысын алғандар өрге шығып, қарғысын алғандар «жерге түсіп» кеткен жоқ? Бәрі дін аман. Әйтсе де Үкіметтің бұл құрамы халықтың көңілінен шықты ма? Бұған нақты жауап беру қиын. Оны айту үшін уақыт керек. Ол келешектің әңгімесі… Сонымен….

ҮКІМЕТ ҚАЗАҚШАНЫ
ҰМЫТЫП КЕТПЕЙ МЕ?

Өткен аптада Үкімет жұмысын сынға алған Президент Нұрсұлтан Назарбаев Премьер-министр Б.Сағынтаевты қызметінен босатқанда, Үкімет жетекшісі қызметін уақытша атқаруға Асқар Маминді қалдырған болатын. Сол кезде-ақ бұқара халық ендігі Үкімет басшысы осы деп жаһанға жар салған-ды. «Халық айтса қалып айтпайды» деген мақал өзінің көрегендігін дәлелдеді. Қазақстанның Премьер-министрі Асқар Мамин.
Оның өткен өміріне көз жүгіртіп шыққандар, қатал басшы — қаһарман қолбасшыға айнала ала ма деп алаңдаулы! Тағы бір «айыбы» ана тіліне шорқақ!…

ТЫҢНАН ҚОСЫЛҒАН ДҮЛДҮЛДЕР ЖАҢАШЫЛДЫҚ ӘКЕЛЕ АЛА МА?

Бұған дейін Экономикалық даму және сауда министрі, Денсаулық сақтау министрі, Ұлттық экономика министрі, Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары болған Ерболат Досаев Президент жарлығына сай Қазақстан ұлттық банкінің төрағасы болып сайланды. Билік тақтасында жүрісінен жаңылмаған фигураның жаңа жүрісі үлкен комбинацияға құрылған, құрылмағаны келешекте айқындала жатар.
Руслан Дәленов — Ұлттық экономика министрі. Жаңа есім! (Бұған дейін қаржы министрінің орынбасары болған)
Сапархан Омаров — Ауыл шаруашылығы министрі. Көпті көрген кәрі тарлан! (Мәжілісте аграрлық мәселелер комитетін басқарған)

ОПЫНТЫП КЕТКЕНДЕРДІҢ ОРНЫН ТОЛТЫРҒАН ШЕНЕУНІКТЕР

Бердібек Сапарбаев — Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі (бұған дейін Ақтөбе облысы әкімі болған). Бұл министрліктегі қордаланған көп проблема ақыр аяғында шектен шығып, (оған экс-министр Мәдина Әбілқасымованың өзі кінәлі!) аналардың ашу-ызасын туғызғаны белгілі. Әйел ашуланса «қазан ғана қайнатпайды екен», билікті де ойлантады екен. Бұған баршамыз куәміз.
Халықтың, тіпті зиялы қауымның қарсылығына тап болған — реформатор, Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мырзаны енді жаңа үкімет сапынан көре алмаймыз. Ақорда халықтың тынышын кетірген, көзге күйік болған «жауынгерлерін» алғы шептен қуып жатқанға ұқсайды.
«Күрмеуі көп, проблемасы таудай бұл салаға «жүрек жұтып» кім келді екен?» деген қызығушылық арта түскені сөзсіз! Бұған дейін «Назарбаев зияткерлік мектептері» ұйымының басқарма төрайымы болған Күләш Шәмшидиноваға Білім және ғылым министрі болу сеніп тапсырылды. Халықтың арасында көп жүретін, талап-тілектерін терең сезінетін жан болғай деген тілек айтқымыз келеді.

«ЖЫЛЫ ОРНЫН СУЫТПАҒАН» МИНИСТРЛЕР

«Әй, осы жолы Арыстанбек Мұхамедиұлы қызметімен қоштасар. Өйткені былтырғы жылы Үкіметтегі жиында миллиардтаған қаржыны игеруге шамасы келмей сөгіс алып еді дегендердің болжамы тура соқпады. «Жолы болғыш» Арыстанбек Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрі болып қызметін жалғастыра бермек.
Сондай-ақ, «Ақырын жүріп анық басатын», дау-дамайдан қашық жүретін бірнеше министр өз бигінде қалықтап тұр!
Қанат Бозымбаев — Энергетика министрі (қызметінде қалды)
Елжан Біртанов — Денсаулық министрі (қызметінде қалды)
Бейбіт Атамқұлов — Сыртқы істер министрі (қызметінде қалды)
Нұрлан Ермекбаев — Қорғаныс министрі (қызметінде қалды)
Ерлан Тұрғымбаев — Ішкі істер министрі (қызметінде қалды)
Марат Бекетаев — Әділет министрі (қызметінде қалды).

«ОРЫНБАСАРЛАРДЫҢ» БӘРІНІҢ ЖҮЗІ ТАНЫС…

Тағы бір ескертеріміз: Халықтың көзі үйренген тұлғалар Үкіметтен алысқа ұзап кете қойған жоқ. Мысалы, Әлихан Смаилов — Премьер-министрдің бірінші орынбасары – қаржы министрі (бұрынғы үкіметте қаржы министрі болған)
Жеңіс Қасымбек — Премьер-министрдің орынбасары (бұрынғы үкіметте индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі болған)
Гүлшара Әбдіхалықова — Премьер-министрдің орынбасары (бұған дейін мемлекеттік хатшы болған)
Роман Скляр — индустрия және инфраструктуралық даму министрі (бұған дейін индустрия және инфраструктуралық даму министрінің орынбасары болған).

ҮКІМЕТТЕН АЛЫСТАҒАНДАРДЫҢ «ТАҒДЫРЫ» НЕ БОЛМАҚ?

Астанада қоғам сынына ұшыраған Мәдина Әбілқасымова ханымды (Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігін басқарған) жаңа үкімет құрамынан көре алмадық. Басқасы басқа «бір елі ауызға — екі елі қақпақ» қоя алмағыны өзіне сор болып жабысты. Қайтейік. Бірақ «Тесік моншақ жерде қалмайды» дегенге сенеміз….
Білім және ғылым министрі болған Ерлан Сағадиев те Үкіметтің жаңа құрамына ілікпеді. Негізі билік, елге сүйкімі кеткен министрлерді халықтың көзіне қайта түсіріп, көңіл-күйлерін бұзғысы келмеген-ау деп жорыдық.
Алайда түзу жүріп, түзу тұратын, қақ-соқпен істері жоқ, «бұйрыққа бағынған құл болмайды» деген тәмсілді қатты ұстанатын қоғамдық даму министрлігін басқарған Дархан Кәлетаев, Ұлттық экономика министрі болған Тимур Сүлейменов, Ауыл шаруашылығы министрі болған Өмірзақ Шөкеевтерді Үкіметтен алыстату, теңеп айтсақ, «жазықсыз жандарға жала жауып жер аударғанмен» бірдей көрінді бізге.
Әйтсе де сенімге кірген бұл азаматтар Үкіметтен «алыстаса да», оның «жылуын» сезінер күннен алыс емес деген ойдамыз….

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.