Шешен қызының махаббаты

0
1418

Өзім бірде-бір кітабын қалт жібермей оқып жүретін жазушының шығармасындағы мына жолдар кейінгі кезде мені жиі ойландыратын болып жүр. «Әрбір әйел — танылмаған планета, — деп жазыпты ол. Жәй ғана планета емес, әрқайсысы мұңлы планета. Бүкіл дүние жүзінің ұлы ғалымдары жиналып, әйтеуір бір кезде әлемнің құпиясын ашуы мүмкін, ал, бірақ, ешқандай ғылым, ешқандай данышпан қарапайым әйел жанының құпиясын аша алмайды. Әйел жаны әрқашан жаралы. Өйткені ол нәзік жаралған, сондықтан дертке тез шалдығады. Әйел жанын таза сақтайтын қоғам жер бетінде әлі құрылған жоқ, оған дақ түсірмей, аялай білетін еркек әлі туған жоқ»… Әсілі, әйел жанын түсіне алмай, мұңлы өкінішке бой алдырып келе жатқанымыз сонан да шығар, бәлкім.
…Жуырда болған бір тосын жағдай менің де әйел жаны туралы толғануыма себепші болды, ағайын.
Мәскеудегі өзім он жылдан бері жақсы білетін қазақ диаспорасы мәдени қоғамының өкілі Арман інім тосыннан телефон соғып:
— Мұрат аға, Сізді құттықтаймын! — десін әй-шәй жоқ.
— Не үшін? — деп сұрадым сөзінің байыбына бірден бара алмай.
— Бүгін Мәскеудегі халықтар әдебиеті мен мәдениетін насихаттайтын «Никор» газетінде кавказдық бір ақын келіншектің Сізге арнаған бір топ өлеңі жарияланыпты. Бас жағына «Қазақ ауылында тұратын ақын Мұрат Рахметовке» депті. Сізге арналған соң оқып шықтым. Шешен қызы кезінде сізге әбден-ақ ғашық болған сияқты. Сіз оның жан дүниесін түсінбей, сезіміне селкеу түсірген көрінесіз. Тіпті қоштасуға шақырғанда бармай қойыпсыз, — деп Арман телефонмен біраз әңгіме айтып тастады.
— Арманжан, түк түсінсем бұйырмасын, әзілдеп тұрған боларсың? Мен Кавказ жақтан ешкімді танымаймын ғой, — дедім таңданғанымды жасыра алмай.
— Сіз менің аса қадірлеп, сыйлайтын ағам емессіз бе, қалайша сізбен қалжыңдасамын?! «Никор» газеті, міне, менің қолымда тұр. Өлеңдердің авторы Марха Махмудова бүгінде Шешенстанның танымал ақыны екен. Өлеңдері тұтастай сізге арналыпты. Сенбесеңіз газетті WhatsApp арқылы салып жіберейін, — деп Арман тәптіштеп түсіндіре бастады.
Марха Махмудова. Таныс есім сияқты. Марха…, Марха… Мария?!. Япырау, сол Мария емес пе? Жүрегім тулап, көкірегімде мың-сан тұлпар дүбір салды… Кенет көзім қарауытып, жарық әлем әп-сәтте күңгірт тартып, жер-дүние төңкеріліп бара жатқандай күйге түстім. «Мария… Ма-ри…я»… деп тау жаңғырып, бүкіл ғалам осы есімді қайталап жатқандай болды. Бір сәт айналаны нұрға бөлеген шұғыла арасынан айдай жүзі албыраған Марияның бейнесі маған қарай жақындай түсті. Өң мен түстің арасындай бір тылсым бойды баурап, жүрегім шымырлап, денем алаулап, ғаламат сезімге бөлендім. Өз-өзімнен есеңгіреп тұрғанда Арманның дауысы телефоннан тағы естілді:
— Аға, сау болыңыз. Мен қазір газетті сізге салып жіберемін, күтіңіз.
Өзіме-өзім әрең келдім. Арадан оншақты минут өтер-өтпесте смартфоным ысқырып белгі берді. WhatsApp-ты ашып қарасам Мәскеуден «Никор» газетінің Марха-Марияның өлеңдері басылған беті келіп тұр. Суретімен қоса. «Посвящаю поэту из казахского аула Мурату Рахметову» деген арнауы да ап-айқын. Оттай ыстық шумақтарды оқи бастадым. «Сіз менің өмірімдегі ерекше жансыз. Бірақ менің сезімімді түсінбедіңіз, әйелдік жан сырымды ұғуға тырыспадыңыз. Соңғы рет вокзалда кездесуге шақырып, қоштасайын дегенімде де көрінбедіңіз… Арадан көп жылдар өтсе де, сол шақтарды ұмыта алар емеспін. Бір ғана жұбаныш, суретіңізге қарап, сағынышымды басқандай боламын»… Өлеңнің жалпы мазмұны осы сарындас. «Соңғы рет кездесуге шақырып, қоштасар сәтте көзіме көрінбедіңіз» дегені несі? Шақырса бармас па едім. Аң-таңмын.
***
…Жасым отызға жетер-жетпесте аудандық газеттің бас редакторы болып тағайындалдым. Бір күні менің жұмыс кабинетіме сұңғақ бойлы, талдырмаш денелі, тал шыбықтай бұралған, аялы көкшіл көздері танадай жарқыраған аққұба өңді, қыр мұрынды, үстіне төгілдіре ұзын көйлек киіп, белін жіңішке белдікпен қынай буған, аяғында биік өкше туфлиі бар, басына қызғылт түсті жұқа орамал таққан, арқасындағы жалғыз өрме бұрымы тілерсегіне түскен, құлағындағы алтын сырғасы мен саусақтарына қаз-қатар таққан жүзіктері, мойнындағы алтын алқасы жарқ-жұрқ етіп көз ұялтқан бір сұлу қыз кіріп келді. Келбетіне қарап-ақ бірден шешен қызы екенін біле қойдым. Өйткені біздің ауданда бұл ағайындар өте көп қоныстанған еді.
— Здравствуйте, — деп орысша сәлемдесті қыз.
— Здравствуйте, заходите, — деп жылы шыраймен қарсы алдым.
Қыз қысылмай, өзін еркін ұстайды екен, бірден шүйркелесе кеттік. Қазақша білмей ме, қайдам, бірақ орысшаға ағып тұр.
— Жұмыс іздеп келдім, редакцияда орын бар ма? — деді күлімдей тіл қатып. Ауданда шешен ағайын қаншама көп болса да, соның бірде біреуі редакцияға бас сұқпайтыны мәлім. Сондықтан мына бикештің келгеніне таңданып әрі ішім жылып қалды.
— Қандай оқу орнын бітірген едің, мамандығың не? — деп сұрадым.
— Борандыдағы орыс орта мектебін бітіргенмін, бары сол-ақ, — деді қыз.a
— Бізге маман журналист, мақала жаза алатын қызметкер керек, — деп өзімше мән-жәйды түсіндірген болдым.
— Уважаемый редактор, я только стихи сочиняю, а статью писать не умею, — деді ол.
— «Өлең жазамын» дегеніне елең етсем де, елп ете қойғаным жоқ.
— Маған қандай жұмыс болса да бәрібір, келіп-кетіп жүрсем болды, — деді қыз өзін одан сайын еркін ұстап.
— Құры келіп-кетіп жүруге болмайды ғой, жұмыс істеу керек, — дедім нығарлап. Неге жоғары оқу орнына түсіп мамандық алмайсың?
— Оның қажеті не? Шешенстанда болмаса, мұнда шешен қыздары оқу оқымайды, мектеп бітірсе болды. Оларды күйеулері асырайды, әйелдер үйде отырып бала бағады, ерлерін күтеді, — деді міз бақпай.
— Кітап оқисың ба?
— Оқығанда қандай, орыс және шетел классикасынан мен оқымаған шығарма кемде-кем.
— Қай ақынды сүйіп оқисың?
— Сергей Есенин мен Анна Ахматованы пір тұтамын.
— Күйеуің бар ма? — деп сұрадым тағы да.
— Күйеуім болмаған соң да жұмыс іздеп келіп тұрғаным.
— Сендей сұлу қызды көрмей жүрген шешен жігіттерінде көз жоқ шығар, сірә, — деп әзіл қыстырған болдым.
— Мен қазақтарды жақсы көремін, — деді ол. Шешен жігіттері өзімшіл, өркеуде. Қазақтар мені шешен дей ме, көз қырларын да салмайды.
— Бейтаныс қыздың мына сөзінен кейін мен де ашығырақ сөйлеуге көштім.
— Асықпасаң, әлі де саған жар болар бір қазақ жігіті табылар, — дедім көңілденіп.
— Қайдам…
— Айтпақшы, есіміңді сұрамаппын ғой, қалқам, атың кім?
— Марха. Марха Махмудова. Жұрт Мария дейді. Иә, атым–Мария.
— Жарайды, онда саған қолайлы жұмыс қарастырып көрейін. Айтпақшы, машенке баса аласың ба?
— Менің машинистка болғым келмейді. Басқа жұмыс дұрыс болар еді.
Ішімнен: «Үлде мен бүлдеге оранып, алтынмен апталған сен қыз тегі жұмыс істеп те жарытпассың», — деп ойлап қоямын…
Арада бір апта өткенде Мария бұрынғыдан да сәнденіп тағы келді. Қарлығаштың қанатындай қиылған қастарын кермелеп, кірпіктерін қайқайтып, бет-жүзін опалап, жалт-жалт еткен парча көйлек киген, саусақтарын, құлақтарын, мойнын гауһар жүзік, алтын алқа, алтын сырғамен көмкерген ол өзіміз кинодан ғана көретін үндінің аруларынан аумайды. Көздері күлімдеп, наздана сөйлеген сөздері жанымды балқытып, бойымды баурап барады.
Әйтсе де Абай атамыз айтқан «сарала қызды» жұмысқа алып, мәз таппаспын деген бөтен ой да көлденеңдейді.
— Мария, бізде ыңғайлы жұмыс болмай тұр, басқа мекемеден қарастырып көрейін, — дей бергенім сол еді, ол сөзімді бөліп:
— Басқа мекеменің керегі жоқ, — деді теңіздей көкшіл көздерін төңкере қарап. Ақшаға да мұқтаж емеспін.
— Онда саған не керек?
— Маған сіз керексіз. Қасыңызға алыңызшы, ақ жүзіңізге кешке дейін қарап отырсам сол да жетеді, — деді сықылықтай күліп. Сыңғырлаған күлкісі неткен әсем еді, құрғырдың. Нақ бір ертегілердегі сиқырлы сұлу ма дерсің.
— Сонда маған күзетші болмақсың ба?
— Қалай десеңіз, олай деңіз, маған күн сайын сізді көріп жүрсем сол да болады.
— О, тоба! Жетпегені осы еді. Өзі тау халқының өкілі, әке-шеше, аға-інілері ондайға жол бере ме? Осы өзі арандатып отырғаннан сау ма?
— Мария, мені бұрыннан білетін адамдай сөйлейсің ғой, — дедім даусымды қатаңдау шығарып.
— Дұрыс айтасыз, бұрыннан білемін, сыртыңыздан көріп жүремін.
— Ақ жүзіңіз бен толқынды бұйра шашыңыз Сізді басқалардан ерекшелеп тұрады. «Бұл кім?» деп сұрап едім, білетіндер: «Ол мықты ақын, талантты жазушы, жан дүниесі өте таза, ғажайып адам», — деп мақтауыңызды асырған соң тілдесуге ынтызар болып, белді бек буып, келіп тұрмын. Шешендер жігітке сөз салған қызды аямайды. Ал мен сіз үшін сол ғұрыптан аттап өттім. Сіз шынында да ғажап адам екенсіз, мұны бір көргенде-ақ мойындадым, — деген Мария одан сайын сыңғырлай күлді.
— Мария, мен отбасылы адаммын, — дей беріп едім:
— Ну и что? Я вашу жену не трогаю, не мешаю ей. Мне только нужен вы, — демесі бар ма?!
Әңгіменің әу-жәйін басқа арнаға бұру үшін:
— Өлең жазады екенсіз, газетке шығарып берейін, — дедім.
— Пока рано. Я пишу стихи ради Вас, — деді. Тағы да аң-таңмын. Не дерімді білмей, әрі-сәрі хал кештім.
(Жалғасы бар)

Мырзахан Ахметов

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.