Бала күтуші — «Нянка»

Бала күтушілік те — заман талабына қарай соңғы кездері пайда болған қызмет түрі. Науқас күтушіге қарағанда, бала күтушінің атқаратын қызметі жеңілірек, бірақ оларға қойылатын талап көп. Бұл қызметті мойнына алған адам білімді әрі жаңашыл болуы керек, кейбір жұмыс берушілер бала күтушіден ағылшын тілін білуін талап етеді. Өйткені, жұмыс берушілер баласын қыруар қаражат төлеп бақтырғасын, ұрпақтарының жан-жақты, білімді, тәрбиелі болып өсуін қалайды. Көңілінен шықсаңыз, қожайын сізге жалақыны молырақ төлейді. Қызмет көрсету ақысы атқаратын жұмысына қарай 40 000 теңгеден бастап 120 000-150 000, 200 000 теңгеге дейін. Жоғары жалақы көбінесе, жаңа туған балаларды күтіп-бағатындарға беріледі. Мұндай күтушілер қожайынның қалауына қарай сол жанұяда, күтілетін баланың қасында тұрады. Жаңа туған нәрестелерді күтуге, көбінесе, жас баланы күтіп-бағудан мол тәжірибесі бар үлкен кісілер алынатын көрінеді.
Балабақшаларға бармайтын балаларды өз үйінде немесе тапсырыс берушінің үйінде кешке дейін бағып беретіндер де бар. Олар сағатына 500-1000 теңгеден алады. Сондай-ақ баланы балабақшадан немесе сабақтан кейін алып, оларды ертеңгі сабаққа әзірлейтін күтушілер де болады. Мұндай күтушілердің педагогикалық білімі болуы шарт. Оларға күніне 2000-3000 теңге төленеді. Соңғы кездері «Балаларды дамыту орталығы» мен жеке балабақшалардың көптеп ашылуына байланысты мұндай қызметке тапсырыс берушілер азайды. Айтпақшы, бала күтушілердің педагогикалық тәжірибесі жеткілікті болуы керек және олардың жинайтын анықтама қағазы науқас күтушілерге қарағанда едәуір көп. Осындай қызмет түрін үйлестіруші делдал бойжеткеннің айтуына қарағанда, бала күтушілікке, көбінесе жұмыссыз жүрген мұғалімдер мен тәрбиешілер келеді екен. «1-2 жасқа дейінгі бүлдіршіндерді бағу үшін кейбір қожайындар зейнеткер әжелерді жалдағанды жақсы көреді», — дейді ол.
Бір айта кететін жәйт, бала күтушілер науқас күтушілер сияқты вахталық әдіспен немесе ауысыммен жұмыс істемейді. Баланы бағуға тек бір ғана адам келуі керек. Өйткені, жас балалар бір адамға үйренеді де, тек соның қасында болғанды жақсы көреді. Және қожайындар да баласының бір қалыпты, жақсы тәрбиеде болғанын қалайды.
Айтпақшы, қазіргі уақытта «Няня на час» деп аталатын орталықтар да бар. Бұл топтың адамдары қоғамдағы сұранысты тез аңғарып, оны сәтімен пайдаланып отырғанға ұқсайды. Бұлар қандай да бір тығыз шаруасы шығып қалып, баласын кімге тапсырарын білмей дағдарып қалғандар үшін өте тиімді екен. Топ қызметкерлері ата-ананың қалауына қарай, балаларды тапсырыс берушінің үйінде немесе өздерінің жұмыс орнында бірнеше сағатқа немесе тәулікке қарап, күтіп-бағып береді. «Туыстарға жалынып жүргенше, балаларды барлық тиісті құжаттары бар, тәжірибелі мамандардан жасақталған орталыққа тапсырғанды анағұрлым тиімді санаймын», дейді осындай орталықтың қызметін үнемі пайдаланып жүрген бір көршім.

 

Үй қызметшісі — «Домработница»

Үй қызметшісі, бұл да — заман талабынан пайда болған мамандық. Үй қызметшісі болу оңай емес. Өйткені, ол өзі жұмыс істейтін үйдің бүкіл тыныс-тіршілігіне жауапты. Оның мойнында сол үйдің тазалығынан бастап, ас мәзірі, кір жуу, үй иелерін жұмыстан күтіп алу, шығарып салу, қонақ күту және тағы басқа да толып жатқан жауапкершілік бар. Осы айтылған талаптардың бәріне жауап бере алатын үй қызметшісінің жалақысы 300 000-400 000 теңге дейді білетіндер. Өзім қанша әрекеттенсем де, үй қызметшісі болып жұмыс істеп жүрген адамдармен де, олардың қожайындарымен де сөйлесе алмадым. Қос тарап та, меніңше, осы бір қызмет түрінен қысылып тұрған сияқты. Естуімше, кейбір жұмыс берушілер тамақ пісіруге арнайы аспаздарды қабылдайды. Мұндай жағдайда аспаздың өзі 150 000-200 000 теңге төңірегінде жалақы алатын көрінеді. Үй қызметшісіне де білімді, инабатты, қазақ және орыс тілінде еркін сөйлей алатын әдепті адамдарды қабылдайды. Ағылшын тілін білетіндердің жалақысы одан да жоғары болмақ.

 

Уақытша «күйеу» немесе «Муж на час»

Атауы күлкілі болғанымен, қызметтің бұл түрінің көпшілікке аса қажет екені анық. Бұл ретте ер азаматтар қажет еткендерге өздерінің қолдарынан келетін қызметтерді, мысалы, істен шыққан тұрмыстық заттарды жөндеу, электр жүйесін қосу, сантехниканы ретке келтіру секілді қызметтерді ұсынады. Естуімше, бұларға да тапсырыс көп түсетін көрінеді. Өздерінің негізгі жұмысымен қоса, осындай қосымша жұмыстармен ретін тауып айналысып, бала-шағасын асырап жүрген ер-азаматтар да аз емес.
Қазіргі таңда үй жинау, аула тазалау, кір жуу, жиһаздарды құру, сантехниканы жөндеу сияқты жұмыстардың барлығын бір орталықтан тапсырыс беру арқылы да алуға болады. Мұндай орталықтарды “клинингтік орталық” деп атайды. Осындай орталықтар бүгінде еліміздің барлық өңірінде бар. Ақыры, қызметтің жаңа түрлері жөнінде жазған соң оқырмандарды өзімізге бұрыннан таныс қызмет көрсетушілердің заманауи атауларымен де таныстырып қоялық. Кәсіпорындарда жұмысты ұйымдастырушы бұрынғы бригадирлер бүгінде компанияның супервайзері, ал хатшылары менеджер деп аталады. Еден жуушыларды техоператор, күзетшілерді секьюрити дейтін болдық.
Бүгінде жұмыс іздеп, сабылып жүрген адам көп. Мамандықтың «современный» атауларын солардың бірі білсе, бірі білмейді. Тіпті, хабарландыру арқылы ұсынылып отырған бос жұмыс орнының өзінің бұрынғы мамандығы екенін түсінбей қалуы да ғажап емес. Сондықтан, бос жұмыс орнына жиі ұсынылатын осындай вакансиялар жөнінде біліп жүрудің еш зияны жоқ.
P.S. Бұрынғылар «Заманың түлкі болса, тазы боп шал!» деп бекер айтпаған ғой. Заман ағымына қарай пайда болған жоғарыдағы қызметтің жаңа түрлерінен қоғам ұтпаса, ұтылмай тұр. Өйткені, жеке адамдар ұсынған мұндай қызметтер арқылы жұртшылық жұмыспен қамтылуда. Және қандай жалақымен десеңізші?! Жалақысы жоғары мұндай жеке жұмысқа бүгінде тұрмыстан таршылық көріп жүрген жоғары білімді қызметкерлер де ойланбастан баруда.
Бұл жағдай, бір жағынан бәрімізді ойландыруы тиіс. Егер осы қалпымызбен жүре берсек, таяу жылдары жоғары білімді, тәжірибелі қызметкерлерімізден айрылып, кейінгі жастарға тәлімгерлік ететін адам таппай қалуымыз мүмкін. Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы онсыз да қоғамды талай тәжірибелі мамандардан айырды. Бұған қазіргі уақыт-тағы жеке компаниялардың қырық жас-тан асқандарды жұмысқа алмайтынын қосыңыз. Сонда ел экономикасын алға қарай сүйрейтін жастар жұмысты тиімді жүргізу тәсілін кімнен үйреніп, қайдан тәжірибе жинамақ?..
Қалай болғанда да мұндай қолжетімді қызмет түрлерінің мамандарын мемлекеттің қамқорлығына алу керек болар. Оларды үйрететін арнаулы колледж ашса да артық болмас. Салық төлеу, зейнетақының қорына төлемді де оларға заңды түрде қарастырған жөн.

Айша ӨТЕБӘЛІ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.