Шешен қызының махаббаты

0
951

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Содан бастап Мария бейне жұмыс сұраған адам болып, маған келіп жүрді. Үнемі «тотыдайын таранып, сұңқардайын сыланып» одан сайын елден ерек құлпырып келеді. Бір күні төгілдіре ақ көйлек, ақ туфли киіп, басына бір жапырақ ақ «косынка» тартып келді. Көз тоймайтын қас сұлу. Үзілгелі тұрған қыпша бел, кеудедегі тырс-тырс еткен қос анар, көк аспандай төңкерілген ұялы көкшіл көздер, қарлығаштың қанатындай керілген қиғаш қас, найзадай кірпіктер, шиедей қызыл ерін, аппақ қардай ақша жүз, аққу мойын оны шын мәнінде де хор қызына ұқсататын еді. Мен де адаммын, қылшылдаған жаспын, қызмет тәуір, шешен қызы ұнатса ұнатқандай шығармын бәлкім. Жүрегім дүрсіл қағып, тұла бойым балбырап, ғажайып әлемде тербетілгендей жұмбақ сезімге бөлендім.
— Мария, сен періштесің! — дедім алаулаған сезімімді жасыра алмай. Наздана күлген ол:
— Мені қашан жұмысқа аласыз? — деді бетіме қиыла қарап.
— Аламын, аламын сәті түссе, — дедім еріксіз.
— Онда сол кезді күтемін, асықпаймын, — деді ол…
Ол кеткен соң жүрегім өрекпіп, бойым бір ысып, бір суып, жан дүнием нұрға толғандай беймәлім ынтызарлық сезімге тап болдым. «Періштем, періштем» деген сөзді қайталай бердім ішімнен. Тіл ұшына жаңа өлең шумақтары үйіріле бастады. Терезеден сыртқа көз жіберсем мөп-мөлдір аспанда ақ мақтадай үлбіреген ақша бұлттар қалқып жүр екен. Айналаға аңтарыла қарап, ақ көйлекті аруды іздей бастадым. Жоқ. Ізім-қайым. Ә…ә… ол періштеге айналып, анау қалқып жүрген ақша бұлттардың арасына сіңіп кеткен болар. Кенет жүректен туған жыр жолдары ақ қағаз бетіне қонақтай бастады. Әлдебір сиқырлы әуен жанымды тербеді… Сырлы әлем дүниесіне қалай еніп кеткенімді сезбей қалыппын. Ақыры ойламаған жерден жөні де, мәні де бөлек жаңа ән мен өлең дүниеге келді.

Періштем

Жанымды ерек баурайсың,
Жанарымда от боп лаулайсың.
Ақ көйлек киген аяулым,
Ақ періштеден аумайсың.
Қайырмасы:
Періштем, періштем,
Тал бойы келіскен.
Кезім жоқ зеріккен
Көз алмай көріктен, Періштем!
Арайға аппақ малынған,
Ақ бұлттан алқа тағынған.
Ақ періштем-ау, аяулы,
Амалсыз жүрек бағынған.

Қайырмасы.

Алаулаттың да жалынды,
Айқарып алдың барымды.
Ақ нұрға аппақ арбаған,
Аялармысың жанымды?!
Қайырмасы.

Осы әнді іштей ыңылдап қайталаумен қаншама түндерім ұйқысыз өтті десеңізші?! Көзімді ашсам да, жұмсам да ақ көйлек киген ақ періште арман қыз бейнесі көз алдымда көлбеңдеп тұрады да қояды. Қайта-қайта көргім, сырласқым келеді. Алауыртқан ақ таң оңайлықпен ата қоймай, мұңға батамын. «Мария тезірек келші, көзіме тез көрінші», — деймін тағатсыздана.
«Күніне бір көруге асығамын,
Өзіңнен оның несін жасырамын.
Жүрегім аласұрып, байыз таппай,
Сызылттым сағыныштың асыл әнін.

Көзіме бір көрінші, жалынамын,
Сырымның ішімдегі-бәрі мәлім.
Ұмытып бұл дүниені Сенен басқа,
Арналды саған ғана жалын әнім.

Сарғайып сағыныштан бар маңайым,
Үміттің қызыл гүлін қарманайын.
Жарқ етіп бір көрінсең қарсы алдымнан
Жарқ етіп ашылар ма арман-айым?!»
Осы сарындас жыр жолдары да тізіле берді ақ қағазға. Марияға деген ынтызарлық асқан үстіне асып, ғашықтық тұтқынына айналдым.
Осылайша сағыныштың сар мұңына оранып жүрген кездің бірінде Мария келді. Жүрегім алып-ұшып атқақтады. Бірақ сабыр сақтап, жылы шырай білдіргенмен, іңкәр сезімімді жасыра алмадым.
— Мария, көптен көрінбей кеттің ғой, сағынып қалдым, — дедім шын жүректен ақтарылып. Саған арнап өлең жазып, ән шығардым, — деп, «Періштем» әнін шырқай жөнелдім.
— Прекрасная песня. Спасибо Вам, — деп күлімдеді Мария. Я тоже стихи сочиняла про Вас. Скоро, перед отъездом, подарю Вам.
— Немене, бір жаққа кетпексің бе?
— Ия, әкем Шешенстанға көшеміз деп абыр-сабыр. Ал мен туған жерден кеткім келмейді. Шешенстанды көрген емеспін, туып-өскен жерім осы Боранды, Қазақстан, — деп Мария әп-сәтте мұңая қалды. Ақша жүзі күзгі сары жапырақтай сарғыш тартты. Менің де әлгі алып-ұшқан көңілім су сепкендей басылып, жүрегіме мұң ұялады.
— Кетпей-ақ қойсаң қайтеді, енді сені қалай көремін?
— Кетпеуге мүмкін болмай тұр. Әкем қатал адам, мені өлсе де мұнда қалдырмайды… Бірақ кеткенше Сізбен тағы да көрісетін шығармын, мүмкін болса, бір күн уақытыңызды қиярсыз?!
— Оған сөз бар ма, жаным! Жолығамыз.
Мария есікке қарай бір-екі қадам жасады да, кері бұрылып:
— Мурат, разрешите мне, хотя бы один раз поцеловать Вас, — деді.
Мен орнымнан тұрып оған қарай жақындап келіп бетімді тостым. Мария шөп еткізіп сүйіп алды да еліктің лағындай ылдым-жылдым басып, есіктен шығып кетті.
Оның ерні тиген бетім шоқ қарығандай тызылдап, көзім қарауытып, өң бе, түс пе, беймәлім тұңғыиыққа тартып бара жаттым. Тұрған орнымда сол күйі сілейіп тұрып қалыппын… Сәлден соң қалың тұман сейілгендей айналаға жарық сәуле түсіп, есімді жия бастадым. Қорғасын құйып қойғандай зіл басқан аяғымды әзер қозғалтып, орныма әрең жайғастым… Сұлулыққа бас игізіп, әп-сәтте есіңнен тандырып, бейшара халге түсірген, қайран сезім патшалығы-ай, сен неткен құдіретті едің?!
Мария кеткен соң кабинетіме хатшы келіншек кірді. Өзі еркетотай, тік сөйлейтін жан еді.
— Ағай, осы бір сылаңдаған сылқым қыз сізге кенедей жабысып алды ғой, тегі. Қайдағы шешеннің қызына қарағанша, қасыңызда жүрген бізге көңіл бұрсаңыз нетті? Түр десең түр бар, ажарым кімнен кем, кедергі болар күйеу жоқ, басымыз бос. Алдыңыздағы асылды көрмейтін қандай адамсыз? Мен сізді шешен қызынан қызғанамын, айтпады демеңіз, ендігәрі ол келсе кіргізбеймін, — деп Айсұлу назданып тұр.
— Не деп тұрсың, Айсұлу? Ол қыз келсе шаруасымен келеді. Онда тұрған не бар? —дедім жайбарақат.
— Иә, бізді дым білмес, көрсоқыр дейсіз ғой. Ол сіздің басыңызды шыр айналдырып жүргенін білесіз бе? — деді Айсұлу да міз бақпай. Сосын сөзін қайта сабақтап:
— Немене, шешендердің қандай халық екенін білмейсіз бе? Ол қыз сізді орға жығу үшін келіп жүруі де мүмкін. Дұшпандарыңыздың бірі ұйымдастырып жүрген іс шығар бұл. Абайлаңыз, абыройыңызды айрандай төгуі мүмкін. Ертең жала жауып жүрсе не боласыз?! Байқаңыз, сақ болыңыз! — деп Айсұлу мені ойландырып тастады.
Япырай, Айсұлудың мұнысы несі, бәлкім, айтқаны дұрыс та шығар. Мария ертең мені отқа итеріп жіберсе не боламын?! Түнімен уайымдап шықтым. Көңілге кірген күдік қызыл иттей тіміскелеп дегбірімді алды. «Сап, сап, көңілім, сап көңілім» дедім өзімді-өзім сабырға жеңдіріп. Кешегі лепірген көңіл, тұла бойымды өртеген асау сезім шыныдай шырт етіп, су сепкен оттай басылды.
Шешен деген болмашыға тыз еткіш қызба халық. Бала күнімізде аудан орталығына келсек шешеннің балаларынан қорқып-үркіп, именіп жүрмеуші ме едік?! Біздің ауылдың бір кісісі айтып еді: «Соғыс кезінде Кавказдан жер аударылған шешендерді жарты нанымызды бөліп беріп, үйіміздің бір бөлмесіне кіргізіп, асырап едік. Соғыс бітіп, ел мамыражай тіршілік кеше бастағанда сол шешендер құтырып шыға келді. Борандының базарына барған қазақтардың аттарын тартып алып, өздерін ұрып, көрсетпегенді көрсеткен соң бір күні ауыл жігіттері атқа қонып, бір-бір сойылмен қаруланып, шешендерді үйме-үй қуалап сабап, тәубесінен келтірген едік. Ақыры, олардың ақсақалдары телі-тентектерін алдымызға қойдай көгендеп әкеліп, аяғымызға жығып, кешірім сұратқан соң ашуымыз тарқаған еді», — деп. Иә, сол шешендеріңнің көкірегі әлі көнектей, әлі де әр жерде ши шығарып жүретініне өзім де талай куәмін. Көңіліме әртүрлі күдікті ойлар ұялап, Марияны ұмытуға тырыстым.
Ұзамай Мария ізім-қайым жоғалды. Мүмкін еліне қоныс аударған болар…
Арада жылдар өтіп жатты. Санадағы Марияның бейнесі де көмескі тартып, біржола көкжиекке сіңіп кеткендей еді. Енді, міне, маған махаббатқа, ыстық сезімге толы өлеңдерін арнап, тұнығымды шайқаған жайы бар. Көңілім алай-дүлей…

Мырзахан Ахметов,
(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.