Жаны сергек, көзі қарақты оқырмандарымыз әрдайым біздің газетімізде шыққан. Өткір де батыл жазылған мақалаларға үн қосып отырады. Біз бүгін оқырмандарымыздың қос хатын назарларыңызға ұсынуды жөн санадық. Қоғамымыздың келеңсіздіктерін тек журналистер ғана емес, қарапайым адамдар да тазартуға үлес қоса алады. Таза қоғамда өмір сүрудің өзі ғанибет емес пе? Сын түзелмей мін түзелмейді. Сіздер де белсенділік танытыңыздар. Кемшіліктерді жазыңыздар. Біз оларды жариялауға пейілдіміз.

«Qazaqstan dauiri» газетінің №04 (1237) 31 қаңтар 2019 ит жылғы нөмірінің 08 бетіндегі «Атақтың қадірін ақша қашырған заман-ай…» деген Сәуле Мешітбаеваның мақаласы қандай әдемі жазылған еді. Көптен бері менің де ішімнен сыртқа шығара алмай тұншықтырып жүрген тақырып осы еді. Жалғыз мен емес-ау, бұл көпшіліктің берекесін қашырған түсінік екені жасырын емес. Сәуле Мешітбаева қолға түспейтін атақты алудың орнына одан жиренгені қандай жақсы әділдік. Бұл ел ішінде қадірі жоқ, құны арзандаған көп беделдің өлшемі осылай болады. Нағыз шындық осы еді. Бұл сапасы жоқ атақ пен даңқтың мейлінше арзандап кеткенін осы мәселе өзі көрсетіп тұр емес пе? Түсінген адамға бұдан артық не өлшем керек?
Өмір шындығынан алынған «Балық басынан шіриді» деген мақал текке айтылмаған. Жақында «Жас Алаш» газетінің бір нөмірін оқып отырсам, мынандай дерек жазылған екен. Сәуле Мешітбаева сияқты түсініктегілер жалғыз ол емес, бұл өмірде көп екенін растайтын факты.
…Ел басына қиындық туған соғыс кезінде 1941-1945 жылдары Кеңес Одағының батыры атағын 3 рет алған Покрышкин деген ұшқыш осы 4 жыл соғыс ішінде жауымыз немістердің 66 самолетін атып түсіріпті. Одан соң Кеңес Одағының батыр атағын 2 рет алған ұшқыш Иван Кожедуб осы жылдар ішінде жауымыздың 59 самолетін атып түсіріпті. Сол кезде бұл біз үшін көзсіз не деген батырлық десеңші. Біздер қарсыласымыз жаудың жетістігін өзімізбен салыстыру үшін айтпаймыз ғой, өзімізді ғана дәріптеуге құмар мақтаншақ елміз. Ал осы жылдар ішінде неміс жауымыздың Генрих Герхарт деген ұшқышы алып Кеңес Одағының 358 соғыс самолетін атып түсіріпті. Соның батыр деген атағы немесе ордені, медалі, мақтау қағаздары жоқ екен. Сонда не болды? Кім қандай екені осыдан көрініп тұр емес пе? Осының өзінен біздер сапасы жоқ мақтаншақтар елі екеніміз көрініп тұрғанына ұяламын.
Әр заманның заңдылығы өзімен бірге келетін сияқты. Ойын-тойда, көпшілік жиналған жиында біз біреулерді аспандатып мақтауға сөз таба алмай буынып қиналатынымыз рас. Шындығында заман озып, бұрынғылармен салыстырғанда ұрпақ сапасыз болып ұсақтап, азып барады емес пе? Бұл заманның дерті болар. Тіл сүйексіз, қалай сөйлесең де икемге кеде береді емес пе? Еңбегі еленіп көрінбесе де, сахнаға шығып 2-3 өлең айтып, халық алдына шығып көрінсе болды республикаға еңбегі сіңген қайраткерлері болып жүр. Сонда олар не өндіріпті? Ел ішінде олардан да керемет елге көрінбей жүрген дарын иелері бар екенін ұмытпаған дұрыс шығар. Осындайларды іздеп табатын бұрынғы қайраткерлер қазір жоқ болып тұр. Қазіргі жақсыларымыздың бәрі өзіндік, қу басын күйтейтіндер ғана болып жүргені жасырын емес. Жан ұшырып өз атағын елге танытып жүргендер емес, ел үшін мол өнім шығарып, кедейлікті жою үшін күресушілерді мол насихаттаған жөн сияқты.
Бағалай білсек Сәуле Мешітбаева маңызды тақырыпты қозғап отыр. Расында да құны арзан жалған атақтың керегі жоқ. «Мені асқақтатып мақтап жатыр, сонда мен не тындырыппын, көп редакциялардың біреуінің бастығымын», — дейді Сәуле Мешітбаева. Мұндайды айтқан мен бірінші адамды көріп отырмын. Бұл атаққа лайық емес екенін өзі мойындап отыр. Мұндай адамдар бізде қазір сирек екені рас еді. Міне еш атақ-даңққа қызықпайтын сапалы адам екені көрініп тұр емес пе? Мұндай сөзді ешкім айтпайтын еді. Не деген ағынан жаралған адалдық дерсің? Бізге осындай өлшем керек емес.
Осыған орай енді айтуға тура келіп тұр. Ертеде біздің елді, ауданды бір кісі 4 жыл басқарды. Ренжір, аты-жөнін айтпай-ақ қояйын. Ол бастық бұрын совхоз басқарған адам екен. Совхоз деген нағыз үлкен де, қиын өндірістің ортасы емес пе? Қайсы бір жерлерде оның жұмысын бастықтар өзі араласып, қолымен істейтіндері де болатын. Сол бастық өзінің ұйымдастырушылық мол қабілетін елге тез көрсеткісі келген болар. Көктемде қоздаған қойлардың төлдері суыққа ұрынбауы үшін барлық совхоздарға қамыстан қора салдыртып, бүкіл елді әлекке салмасы бар ма? Совхоз адамдары былай тұрсын, соған аудан орталығының барлық мекемелерін мобилизация жасап, соған жұмылдырды. Аудан орталығының барлық мекемелері адамдарын өздерінің негізгі жұмыстарын тастап, осы уақытша керек емес, сапасыз құрылысты салуға мәжбүрлеген мобилизацияға қатысты. Дәл өз елін қорғаған соғыс кезіндей науқан болды. Үй-күйі жоқ далада жұмыс істеп адамдардың, мамандардың бәрі азып-тозып кетті.
Азулылар омыраулап өз билігін жүргізіп, сапасыз жұмысқа мемлекеттің мол ақшалай қаржысын ысырапқа ұрындырып орынсыз шашып кетпеуі үшін мұндай құрлыс жұмысы проект-сметамен жүргізіледі. Салынып біткен соң, сол бойынша өлшеніп қабылдап алынады. Бұған жобалап дайындалған проект-сметасы жоқ болды, бұл жұмысты әркім әртүрлі білгенінше істеп, мемлекеттің қаншама миллиондаған ақшалай қаржысы сапасыз жұмысқа орынсыз көп шашылды. Қазақша бағалағанда қыңыр адам бір жақ, қырық адам бір жақ болды. Ол салынып жатқан құрылыстар аяқталғанша сапасы жоқ болғаннан құлап, керексіз болып та жатты. Бұған ел ішінде наразылық болғанымен оны бастыққа туралап ешкім айта алмады. Бастық оны құлағына ілмеді. Ол кезде Коммунистік партияның қылышынан қан тамып тұрған мезгіл болатын. Айтқанды істемесең партбилетті «столға қой» деген заң бар болатын.
Аудандағы шаруашылықтарды жабдықтаушы орындар мен сауда орындарындағы өтімді заттарды бөлу де сондай бірінші бастықтардың билігінде болды. Осы бастық аудан орталығындағы ел халқын өзінің негізгі жұмысын тастатып, керегі жоқ сапасыз қамыс қораны фашенді өзі тікелей басқарып, салдырушы, ұйымдастырушы болды.
Мен Коммунистік партияға мүше емес едім. Сол кезде менің жұмысым аудан бойынша көп құрылыстағы, құрылыс жөндеудегі сапасыз, мақсатсыз, өміршеңдігі жоқ құрылыстарды бақылап тексеріп аулаушы болдым.
Заң адамдары жазықсыз болсаң да, жазықты қылып, түймедейді түйедей етіп шығаруға бейім тұрды. Олардың өз жұмысына іскерлігі мен беделі осылай өлшенеді. Прокурор тереңдетіп тырнақ астынан кір теріп айыптағаны үшін, полиция көрінген дәрменсізді, ұсақ қылмысы үшін түрмеге қамап сабағаны үшін, сот соттағаны үшін айлық алып, елге танылып нанын жеп отырғандар еді. Тіпті облыстық заң адамдарында сот үкімін орындауы үшін, адам ататын да штат қызметі де бар екен. Менің де жұмысым сондай.
Сол өндірістегі жақсылық жетістік пен кемшілікті салыстырып көрсетіп газетке мақала жазып тұратын «Гобиім» болушы еді. Ол аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жарияланып тұратын. Сол әдетіме салып «Бұл не деген батпан құйрық?» деген мақалам облыстық газеттің бірінші бетіне жарияланды. Оны оқыған облысымыздың бірінші басшысы оны обкомның бюросында қарауға тапсырма беріпті. Сөйтіп ауданымыздың бірінші басшысы обкомның бюросында қаралып, таяқ жеп өз арнасына түсті. Сапасыз жұмысқа шашылған көп ақшалай қаржы тоқтап, барлық еңбек адамдары орынсыз машақаттан құтылды.
Үлкен орден мен атақ-даңққа қолы жетпегендер кейінгі кездерде ауданның, облыстың, республиканың «Құрметті азаматы» деген құны арзан, бағасы жоқ, қолдан жасалған атақты ойлап тауыпты. Соны бірі беріп, бірі алып мәре-сәре мәз болып тойлайтын болыпты. Мұның ешқандай құны мен қадірі жоқ дер едім. Ел ішіндегі бірлі жарым осындай санаулы азаматтар құрметті. Олармен өмір бойы бірге жұмыс істеген басқа көп еңбек адамдары құрметсіз болғаны ма? Бұл өмірде барлығы бірдей, әркім өз әлінше жұмыс істеді емес пе? Жөн білетін адамдарға осындай үй ішінен үй тігіп бөлектенудің керегі жоқ-ақ. Мұндай алалаушылық жүрген жерде жұмыста бірлік болмайды, қайта іріту, даралау, мақтаншақтарды семірту өріс алады емес пе? Ендеше біздің елде осындайлар көбейіп барады.
Қолына үлкен орден мен атақ-даңқ түспегендер осындай елдің «Құрметті азаматы» деген құны жоқ арзан атаққа үймелемегенде енді қайтеді. Кейінгі кездерде бұл өмірге пайдасы жоқ болса да, осындай атақты алушылар біртіндеп көбейіп келеді.
Мен айтып отырған оқиғадан бері де арада 30 жылдай уақыт өтіпті. Бұл аз уақыт емес. Осы мен айтып отырған оқиғалар мен көріністерді көріп, білетін адамдардың көбі қазір бұл дүниеден көшіп кеткен екен. Заманның ағымына байланысты біздің елде де осы құны арзан атақты дәріптеп үлестірушілер молынан табылып жүр. Осы жолы осындай атаққа біздің аудан орталығынан 3 адам ұсынылып, соларға осындай атақ берілмекші болып, жиын аудан орталығындағы үлкен мәдениет үйінде болды. Оған адамдар көп жиналды. Оның екеуі бұрыннан өзіміздің ортамызда бірге жүрген елге елеулі танылған жақсы адам екені рас еді. Үшіншісі осы мен айтып отырған осыдан 30 жыл бұрын біздің елді 4 жыл басқарған сапасыз бастық болды. Алғашқы екеуіне жиналған жұрт риза екенін білдірді. Көпшілік жұрт соңғысына танымағаннан ба таңырқап талғампаздықпен қарады. Ол кім екенін бір-бірінен сұрады. Оның біздің елге қандай еңбегі сіңген еді деген сұрақ айтылмаса да, көпшілік жұрт көңілінде көлбеңдеп тұрғаны рас еді. «Танымасын сыйламас» деген сөз осы жерде өзі көрініп тұр еді. Сонда да мұны ұйымдастырған бастықтар алтынмен аптап, күміспен қаптап, өздері жетік танып білмесе де, бұрынғы бастықты тықпалаған еді. Осы атақтың иесі үшінші адам сары темірмен қаптап қойған тісі жалтырап, көпшіліктің көзінше барып, осы атақты алған еді.
Иә, осындай жалған сапасыз даңқ пен атаққа семіргендер көбейіп бара жатқандарын айтқымыз келеді. Мұны меніңше, тоқтатпасақ зор дертке айналып барады.

Қабдысалық Бейсенбайұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз