2 пайыздық ипотека қандай шарттармен беріледі?

0
2326

Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтарға 2 пайыздық ипотека беру мәселесін қарыстырып шығуды тапсырған-ды. Осыдан кейін тиісті органдар бірден есеп-қисапқа кірісіп кеткен. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгерістер енгізу мәселесі пысықталып жатқан көрінеді. Соның аясында 2 пайыздық ипотеканың нақты шарттары мен оны алатын санаттар көрсетілмек. Сонымен:

Оны кімдер алады?

Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2 пайыздық ипотека әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтардың нақты үш категориясына берілуі керек. Олар — көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар және мүгедек балалары бар отбасылар. Аталған санатқа кіретін азаматтардың табысы төмен болса, оларға жеңілдетілген несиелер беруге болады. Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде: «Осы санаттар үшін тұрғын үй жинақтары арқылы 2-3 пайыздық зайымдарды берудің жеңілдетілген механизмін әзірлеуді тапсырамын. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жыл сайын 50 миллиард теңгеден бөліп отыру қажет»,— деген болатын. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр: «Үш жыл бойы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне 50 миллиард теңгеден бөлінсе, 22 мың адамға жеңілдетілген ипотека беруге болады. Бастапқы жарна 10 пайыз болады. Жылдық мөлшерлемесі — 2 пайыз. Ал несиенің өзі 20 жылға берілетін шығар. Негізі, бұл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бөлек бағдарламасы болады»,— деп атап көрсетті. Дегенмен, бұл жерде: «Әлеуметтік жағынан аз қамтылған, оның үстіне табысы төмен отбасы алғашқы жарнаны қайдан табады?»— деген заңды сұрақ туындайды. Бүгінде министрлік пен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі дәл осы мәселені жан-жақты зерделеп жатқан көрінеді. Бәлкім, алғашқы жарна жергілікті әкімдіктердің есебінен берілетін тұрғын үй куәліктерімен өтелетін шығар. Ондай куәліктерді тарату тәжірибесі елде бар, бірақ оны халыққа жаппай беру үшін заңмен бекітіп алу қажет. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев: «Бүгінде тұрғын үй куәліктерінің екі түрі бар. Біреуі тегін, яғни оны қайтармауға болады. Оны жергілікті атқарушы органдар өз еркімен беріп жатыр. Ал екіншісі — қайтарылатын тұрғын үй куәліктері. Қазіргі кезде біз Парламент Мәжілісіне бірқатар нормативтік өзгерістерді енгізіп жатырмыз. Соның аясында тұрғын үй куәліктерін таратудың нақты шарттары бекітіледі. Сол кезде ондай куәліктің нақты сомасы және кімге берілетіні айқындалады. Осыны тездетіп бітірсек, халыққа тұрғын үй куәліктерін жаппай беруге мүмкіндік болады»,— дейді. Демек, алдағы уақытта тұрғын үй құрылысы саласындағы басты құжат — «Нұрлы жер» бағдарламасында 2 пайыздық ипотеканың шарттары, оны алатын санаттар мен тұрғын үй куәліктері сияқты негізгі мәселелердің бәрі көрсетіледі. Сонда жергілікті атқарушы органдар да 1 миллион теңге көлеміндегі куәліктерді жаппай тарата алады.

«Бақытты отбасы» бағдарламасы
қалай жұмыс істейді?

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы Ләззат Ибрагимова: «Қазіргі кезде Елбасы тапсырмасына сәйкес, Қазақстанның барлық өңірлерінің тұрғындарын қамтитын «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жаңа бір бағыт әзірленуде. Алматы қаласының әкімдігі жаңа ережені күтпестен, қалалық бюджеттен алдын ала қаражат бөліп, көпбалалы отбасылар үшін «Бақытты отбасы» бюджеттік несиелендіру бағдарламасын іске қосты. Бақытты отбасы» жобасы аясында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы көпбалалы отбасыларға 2 пайыздық ипотека беру көзделіп отыр. «Бақытты отбасы» жобасымен Президент айтқан барлық үш санат қамтылмаса да, Алматының әкімдігі кезекте тұрған көпбалалы отбасылардың барлығын баспанамен қамтамасыз етуге ниетті. Бүгінде қаланың баспана кезегінде 1 276 көпбалалы ана тұр. Олардың барлығына жеңілдетілген ипотека беріледі. Бірақ оған ілігу үшін алдымен http://www.baqytty-otbasy.kz сайты арқылы өтініш беру керек. Тұрғын үй несиесі 15 миллион теңгеге дейін беріледі. Ол үшін 10 пайыздық жарнаны құю қажет. Әкімдік өз бюджетінен әрбір көпбалалы анаға 1 миллион теңге көлеміндегі тұрғын үй куәлігін беруге әзір. Оны тек алғашқы жарна ретінде ғана пайдалануға болады. Сосын бір айдың ішінде жаңа нарықтан пәтер тауып алу қажет. Осы уақыттың ішінде баспана табылмаса, 2 пайыздық несиені алу мүмкіндігі кезекте тұрған келесі адамға беріледі. Банктегілер де: «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қызметкерлері де пәтер іздеуге көмектеседі. Қазір арнайы осы мақсатта банктің қалалық филиалында барлық параметрлерге сәйкес сатылымға қойылған тұрғын үйлердің тізімі жасақталуда. Ал калькуляторға салатын болсақ, 2 пайыздық ипотекамен 15 миллион теңгенің пәтері үшін ай сайын 79 000 теңгеден төлеп отыру қажет. Баспананың бағасы одан төмен болса, ай сайынғы төлем де аздау болады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі «Бақытты отбасы» жобасына қатысатындардың төлем қабілетін жеңілдетілген тәртіппен тексереміз деп отыр. Несие алатын көпбалалы отбасының мүшесі ипотеканы өтеуге қажетті ай сайынғы төлем сомасын және бір ересек адамға 5 АЕК (12 625 теңге) көлемінде өмір сүруге арналған ең төменгі соманы растаса болды. Ал балаларға кететін шығындар есепке алынбайды. Біздіңше, Алматының тәжірибесі негізінде «Нұрлы жер» бағдарламасына тиісті өзгерістерді енгізу әбден болатын сынды. Ол үшін осы бастаманы алдымен пилоттық режимде өткізіп, соңынан республика бойынша жаппай таратса жөн сияқты»,— дейді. Енді тек соның нәтжесін күту ғана қалды.

Ермек Сахариев

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.