Болат Болсанбек ағамыз Жеті ата жүйесі жөнінде көптен бері ізденіп, зерттеп келе жатқан ғалым. Оның бастауын сонау әз-Тәуке ханның «Жеті жарғысынан» және басқа да тың тарихи көздерден алып, мәңгілік ел тұжырымдамасын жасады. Ол мақала біздің газетімізде өткен жылы жарияланды. Елбасымыздың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ой салған, ғалым ағамыз бүгін ұлттық кодтың кілтін тапқан мақаласын ұсынып отыр.

Менің пайымдауымда Қазақтың ұлттық коды Елбасымыздың 1999 жылы жариялаған “Тарих толқыны” кітабында айтылған: “Көшпелілер қоғамының өзіне тән жағдайында қазақ халқы өзін орнықтыру үшін өз ішінде ғажайып тірек қалыптастыра білген. Сол тірегі, міне, он ғасыр бойы біртұтастығына кепіл болып келеді. …Бұл жерде әңгіме әрбір қазақтың жеті аталық зердесі туралы болып отыр. Сахараның қазағы үшін шыққан тегін білу айдын төсіндегі теңізшінің қолындағы компас сияқты. Осы қасиет қазақ халқының маңдайына жазылған тарихи, географиялық, шаруашылық, саяси, экономикалық, мәдени ахуалына бірден-бір сай келіп отыр” [1, б. 36-37], — дегені. Қысқартып айтсақ, Қазақтың ұлттық коды — жеті ата. Жеті ата күрделі, қабат-қабат этностың өзім дерлік ерекшелігін айшықтайтын ұғым.
Біріншіден, жеті ата, Марқұм Сейіт Кенжеахметұлының “Қазақ халқының салт-дәстүрлері” кітабындағы келтірілгендей: «1. Бала 2. Әке 3. Ата 4. Арғы ата 5. Баба ата 6. Түп ата 7. Тек ата» [2,б. 76].
Екіншіден, жеті ата, ол жеті атаның жалғасы жеті ұрпақ. Марқұм Төкен Құрманғалиұлының 1997 жылғы «Қол жазбасы» [3] бойынша жеті ұрпақ: 1-буын — «Әке»; 2-буын — «Бала»; 3-буын — «Немере»; 4-буын — «Шөбере»; 5-буын — «Шөпшек»; 6-буын —«Немене»; 7-буын — «Туажат». Жеті ата мен оның жалғасы жеті ұрпақ біртұтастықта «Өз жұрты» боп аталады, бір әулет болып бір кеңістікте өмір сүріп тіл, сал-дәстүр, мәдениет, дін, тарих қалыптастырады.
Үшіншіден, жеті ата, халық дәстүрі қалыптастырған: жеті ата, жеті ұрпақ бойғы өзара қыз алысуға болмайтын — Өз жұртың, Нағашы жұртың (әке үшін Қайын жұрт), Жиен жұртыңдағы (ұзатылған қыз үшін Қайын жұрт) туысқандық.
Осы: «этностың жеті ата, жеті ұрпақ бойғы туысқандығы мен жеті ата, жеті ұрпақ бойғы туысқандықтағы өзара қыз алыспау салт-дәстүрі» ұғымы мен «Ақпараттық-түсіндіру жұмысы бойынша әдістемелік құрал». «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты құралдың авторлары жариялаған: «Әрбір этностық топтың өзіндік айрықша мәдени-антропологиялық коды болады» дегенінің арасында үйлесімді сәйкестік бар. Шындығында, «Әрбір этностық топтың өзіндік айрықша мәдени коды” деген ұғым мен “этностың жеті ата, жеті ұрпақ бойғы туысқандығы” деген ұғымдар үйлесімді сәйкес. Себебі, “этностың жеті ата, жеті ұрпақ бойғы туысқандығы” бір территорияда, бір тілде, бір дінде, бір салт-дәстүрде, бір тарихи кезеңде, бір әулетте 420 (егер ұрпақ алмасуы 30 жыл десек: 7х30 + 7х30) жыл бойы өтетіндіктен олардың бір тектес мәдениеті қалыптасатыны ақиқат, сондықтан бұл құбылысты — «этностық топтың өзіндік айрықша мәдени коды” деуге әбден болады.
Ал «Әрбір этностық топтың өзіндік айрықша антропологиялық коды болады» дегеннің «жеті ата, жеті ұрпақ бойғы туысқандардың өзара қыз алыспау салт-дәстүрі» дегенмен үйлесімділігін «антропология» (Антропология — адамның шығу тегін, дамуын, дене құрылысын, нәсілдік ерекшеліктерін зерттейтін жалпы биология ғылымының қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысы бар саласы. Антропология — Уикипедия.
https://kk.wikipedia.org/wiki/Антропология) деген ұғымның өзінен-ақ айқын аңғаруға болады. Себебі антропологиялық ерекшеліктер қан айналысының дұрыстығын қалайды. Қан таза болса оның айналысы кінәрәтсіз жүзеге асатыны белгілі. Демек, қазақтың ұлттық коды: жеті ата мен жеті ұрпақ ішінде қайнап-пісіп қалыптасатын мәдени коды мен жеті ата мен жеті ұрпақ ішінде “бір-бірімен үйленуге рұхсат етпеу” — антропологиялық кодының жиынтығы.

Қазақтың ұлттық діңі

Қазақтың ұлттық діңі дегенімізді Елбасымыздың: “Бүгінгі таңда бүкіл әлем жаңа технологиялық желімен жалғасқан: Ал біздің тарихымызда жеті аталық ұстаным, рулық байланыс институттары, белгілі дәрежеде сол желілік типтегі далалық биокомпьютерлердің рөлін атқарып, күн сайын өз жадын өзі мыңдаған есе кеңейтіп отырған. …”. [1, б. 39] дегеніндегі “желілік типтегі далалық биокомпьютерлердің рөлін” атқарушынының генезисін анықтаудан іздесек табамыз. Ру, тайпа, жүз, халық қалыптасуы жеті ата әулетінен бастау алатыны белгілі. Жеті ата үш жұрттың: “Нағашы жұрты”, “Өз жұрты”, “Жиен жұртының” ажырамас бірлестігі екенін мойындасақ, онда осы Үш жұрттың діңі — “Өз жұрты” екені рас. Себебі, күнделікті өмірде қыз алысып, берісу қатынасы “Өз жұрты” институтынан басталады.
“Жеті ата” қағидасы бойынша екі ұл өмірге келуі міндет болған. Екі ұлың болса, тұңғыш ұл мен кенже ұлдың арасында жеті ата, жеті ұрпақ бойы өзара қыз алыспайтын туысқандық пайда болады. “Екі баласы бардың, Өкпе, бауыр, жалы бар” дейтін нақыл сөздің болуы бекер емес. Тіпті бір ұлың болса да құдаласудың нәтижесінде, “Қайын жұрты”, оның ішінде “Нағашы жұрты” пайда болады. Ұл болмай екі қыз, не бір қыз болса да құдаласу арқылы “Қайын жұрты”, оның ішінде “Жиен жұрты” пайда болады. Осыларды ескеріп, объективті түрде, Кесте 1-де “Нағашы жұрты” институты мен “Жиен жұрты” институтының ортасында, “діңі” ретінде, “Өз жұрты” институты орналастырылған.
Үш жұрттың арасындағы туысқандық құдаласудан басталады. “Өз жұртының, ұлының ”Қалыңдығының елі (жеті ата, жеті ұрпағы; руы; тайпасы; жүзі): күйеу бала үшін — «Қайын жұрты»; күйеу бала мен қалыңдықтан өмірге келген балалары үшін әкесінің (күйеу баланың) «Қайын жұртының» барлығы, жалпы “Нағашы жұрты” деп аталады, ал нақты жеті ата бойы қыз алысып, қыз беріспейтін “Нағашы жұрты”, тек шешелерімен (қалыңдықпен) бірге туған әкпе, сіңлі, бауырлары ғана, қалғандары мың жыл бойы қыз алысып берісетін құдалар.
Жеті ата бойы қыз алысып, қыз беріспейтін дәстүрдің кездейсоқ еместігін қазіргі заман ғылымына белгілі, әр ата-анадан балаға 46 хромосомма берілетіні, ал оның 23 хромосоммасы әкеден, 23 хромосоммасы шешеден екендігі растай алады. Осыны басшылыққа алсақ, бірінші буында бір ата-анадан туған Әкенің 23 хромосоммасы ер адамдікі (әкесінікі), 23 хромосомма әйел адамдікі (шешесінікі), ал екінші буында, сәйкесінше Балаларында 11,5-тен бірінші буындағы ата-ананың хромосоммалары болатыны заңды. Осылайша, үшінші буында, Немерелерінде 5,75-тен бірінші буындағы ата-ананың хромосоммалары; төртінші буында, Шөберелерінде 2,88-ден бірінші буындағы ата-ананың хромосоммалары; бесінші буында, Шөпшектерінде1,44-тен бірінші буындағы ата-ананың хромосоммалары; алтыншы буында, Неменелерінде 0,78-ден бірінші буындағы ата-ананың хромосоммасы; жетінші буында, Туажаттарында 0,36-дан бірінші буындағы ата-ананың хромосоммалары болады.
Қалыңдық (ұзатылған қыз) үшін оны түсірген ел (жеті ата, жеті ұрпақ; ру; тайпа; жүз) — «Қайын жұрты». Қалыңдықтың жұбайымен өмірге келген балалары үшін шешесінің «Қайын жұрты» — «Өз жұрты». Қалыңдықтың төркіні (өз жұрты), оның жұбайымен өмірге келген балалары үшін «Нағашы жұрты» (жеті ата, жеті ұрпақ; ру; тайпа; жүз). Осы «Нағашы жұрттағы» қалыңдықпен бірге туған әкпе-сіңлілері мен бауырлары ғана, жоғарыдағы себеппен қалыңдықтың жұбайымен өмірге келген балалары үшін жеті ата бойы қыз алысып, қыз беріспейтін «Нағашы жұрты» болады, қалғандары мың жыл бойы қыз алысып, берісетін құдалар. Қалыңдықтың төркіні (өз жұрты — жеті ата, жеті ұрпақ; ру; тайпа; жүз) үшін қалыңдықтың жұбайымен өмірге келген балалары — «Жиен жұрты». Тек, қалыңдықтың төркініндегі (өз жұртындағы) қалыңдықтың әке-шешелері мен бірге туған әкпе-сіңлілері, бауырларына ғана «Жиен жұрты» — жеті ата бойы қыз алысып, қыз беріспейтін туысқандар, қалғандары мың жыл бойы қыз алысып берісетін құдалар.
Жеті ата мен Жеті ұрпақ ішінде“бір-бірімен үйленуге рұхсат етпеуді” мүлтіксіз орындау мүмкіндігі көшпенділерде молырақ болған. Себебі, көшпенділер мүлтіксіз жағдайда, әр буында әр әкеден екі ұл өрбиді десек: бірінші буында — 2 ұл; екінші буында — 4 ұл; үшінші буында — 8 ұл; төртінші буында — 16 ұл; бесінші буында — 32 ұл; алтыншы буында — 64 ұл; жетінші буында — 128 ұл өмірге келіп бір жерде, бір әулетте жұбайларымен, үрім бұтағымен аралас-құралас қазақ үйін тігіп, жығып, көшіп-қонып кең далада еркін өмір сүрген. Отырықшылар болса бір-екі-үш буын бір жерде, бір әулетте аралас-құралас өмір сүре алса да, ары қарай жер тарлығынан бөлініп шығып басқа жер, басқа ауылға орналасуға мәжбүр болған. Осының салдарынан жеті ата жеті ұрпақ бойы кіммен қыз алыспаудың анық-қанығын құдандас (қызды алуда, қызды беруде) көшпенділерден — “желілік типтегі далалық биокомпьютерлердің рөлін” атқарушылардан анықтап отырған деуге болады. Бүгінде көшпенділердің “желілік типтегі далалық биокомпьютерлердің рөлін” IT-технологияның мүмкіндігіне жүктеу жағдайы бар.

Жеті ата
Жеті ұрпақ бойы өзара қыз алысып, қыз беріспеуді
IT-технологияға жүктеу

Жеті ата Жеті ұрпақ бойы өзара қыз алысып, қыз беріспеуді IT-технология мүмкіндігіне жүктеуді, жеті ата жеті ұрпақтың, үш жұрттағы мүшелерінің, азаматтық жағдайын, олардың әр буынындағы тіркелуінен бастауға болады. Ол үшін: үйленгенде, бала туғанда, бала ер жетіп үйленгенде (күйеуге шыққанда), олардың өздерінің аты-жөнін хаттаумен қатар олардың өзара қыз алысып, қыз беріспейтін үш жұртындағы туысқандарының аты-жөнін де тізімге кіргізу; осыларды компьютердің жадына, жеті ата, жеті ұрпақ бойы үздіксіз енгізіп, жинақтап отыру қажет. Бұның бағдарламасын дайындап, қамтамасыз ету IT-технология мамандарының еншісінде.
Кестеде ұрпақ алмасуын 30 жыл деп, әр буында туылатындардың саны, салт-дәстүр қағидасы бойынша екі ұл (олар барлық буында өлім-жітіксіз мүлтіксіз еселеніп отырады деп есептелінді) деп алынған. Мысалы, үш жұрттың атаулары әртүрлі болғанымен ұрпақ алмасу кезеңі мен ұл санына талап бірдей болғандықтан, жеті ата, жеті буын бойы әр буындағы ұрпақ алмасу кезеңін нақты жылдармен келтіріп “Өз жұртындағы” өзгерісті талдаумен шектелдік.
7-ші буын, “Тек ата” мен оның бауыры “Туажат Тек атаның” (атаулар әртүрлі болуы мүмкін, жетінші атаның бауыры екені рас, қалғандары да осылай) өмір сүрген кезеңі — 1730-1760 жылдар (өзің 1940-1970 жылдары өмір сүрудесің, қалғандары да осылай) десек — 2 ұл;
6-шы буын, «Түп ата» мен “Туажат, Немене Түп атанікі” — 1760-1790 жылдар — 4 ұл;
5-ші буын, «Баба ата» мен “Туажат, Шөпшек Баба атанікі” — 1790-1820 жылдар — 8 ұл;
4-ші буын, «Арғы ата» мен “Туажат, Шөбере Арғы атанікі” — 1820-1850 жылдар — 16 ұл;
3-ші буын, «Ата» мен “Туажат, Немере Ата атанікі” — 1850-1880 жылдар — 32 ұл;
2-ші буын, «Әке» мен “Туажат, Әкелес Әке атанікі” — 1880-1910 жылдар — 64 ұл;
1-ші буын, «Бала» мен “Туажат Өзі Бала атанікі” — 1910-1940 жылдар — 128 ұл болады. Бұл — 128 ұлдың біреуі: Өзің «Бала» атасың, “Жеті атаның” мұрагері, «қара шаңырақ» иесі «кенжесің». «Кенже ұл міндетті түрде, өз әулетін құрғаннан кейін де, әке үйінде қалады. Мұндай үй ұлдың кенжесі мен әкесі, шешесі, әжесі, атасы әдетте бірге тұратын «қара шаңырақ» — басқалар үшін үлкен үй саналады” [8, б. 67]; екіншісі, ол өзіңнің қыз алыспайтын емшектес бауырың, қалған 126 ұл — Тек Атадан тараған туажат бауырларың. Оларда әр екі ұл, сегізінші буында қыз алысып, берісетін «жекжатқа» айналып өздерінің жеті буындық «Жеті ұрпағын» қалыптастырады.
Дәл осы соңғы, 1910-1940 жылдарда (7-ші атадан бастағанда 1-ші буында) кенже мен оның емшектес бауыры қатарында: 126 ұл — Тек Атадан тараған туажат бауырларынан басқа, қыз алыспайтын ұрпақтары өмір сүрсе, Түп Атаның 64 неменесі, Баба Атаның 32 шөпшегі, Арғы Атаның 16 шөбересі, Ата Атаның 8 немересі, Әке Атаның 4 емшектестері өмір сүруде болады.
Жеті буындық жаңа «Жеті ұрпақты» Тек ата «қара шаңырағында» кенже мен оның емшектес бауыры бастайды. Осы «Жеті ата», «Жеті ұрпақтың» әр буынындағы кезеңдерді нақты жылдармен белгілеп, әр буындағы Тек атаның жаңа ұрпағы мен Түп ата, Баба ата, Арғы ата, Ата ата, Әке ата қыз алыспайтын жаңа ұрпақтарымен қатар өмір сүруін зерделесек, мынандай шындыққа көз жеткізе аламыз.
Егер, Тек Атадан басталатын жеті буын тізбегі, айталық 1730-1760 жылдардағы 2 ұлмен басталып, оның соңғы буыны, Өзің — Баламен бірге 1940-1970 жылдары туған 128 ұрпақтармен аяқталса, Түп Атадан басталатын жеті буын тізбегі, 1760-1790 жылдардағы 2 ұлмен басталып, оның соңғы буыны, Өзің — Әкеден туған Балаңмен қатар 1970-2000 жылдардағы 128 ұлмен аяқталады. Осылайша, Баба Атадан басталатын жеті буын тізбегі 1790-1820 жылдардағы 2 ұлмен басталып, оның соңғы буыны, Өзің — Әкеден туған Немереңмен қатар 2000-2030 жылдардағы 128 ұлмен; Арғы Атадан басталатын жеті буын тізбегі 1820-1850 жылдардағы 2 ұлмен басталып, оның соңғы буыны, Өзің — Әкеден туған Шөбереңмен қатар 2030-2060 жылдардағы 128 ұлмен; Ата Атадан басталатын жеті буын тізбегі 1850-1880 жылдардағы 2 ұлмен басталып, оның соңғы буыны, Өзің — Әкеден туған Шөпшегіңмен қатар 2060-2090 жылдардағы 128 ұлмен; Әке Атадан басталатын жеті буын тізбегі 1880-2010 жылдардағы 2 ұлмен басталып, оның соңғы буыны, Өзің — Әкеден туған Неменеңмен қатар 2090-2120 жылдардағы 128 ұлмен аяқталады. Осындай деректі білу арқылы біз, жеті ата бойы әр буында аталған аталар мен ұрпақтардың «Өз жұрты» ішінде өзара кімдермен қыз алыспау керек екенін тани аламыз. Бұл деректен Нағашы, Жиен жұрттағы жеті буындағы кімдермен қыз алыспау керек екенін біле алмаймыз.
Көшпенді заманда Елбасымыз айтқандай: “Қазақстан осы ғасырдың бас кезіне дейін тарих көшінің табиғи даму жолында қалыптасқан құндылықтары мен біте қайнасқан тұтастығын сақтай білген дәстүрлі көшпелі қоғам еді” [1, б. 35], олар қазақ үйін бір кеңістікте тігіп, бір әулет болып, аралас-құралас өмір сүріп жатқандықтан бірін-бірі өзіндей танып, өздерінің Нағашы, Жиен жұрттарымен біте қайнасып, қан араласуынан аулақ болған. Бүгін біздер, өз жұртымыздағы немере бауырларымыздан арғыны білгенімізбен, немереден арғылардың нағашы, жиен жұрттарын білуіміз, араласуымыз неғайбыл, қан араласу қаупі зор.
Осы тығырықтан шығу үшін: Нағашы, Өз, Жиен жұрттарындағы жеті ата, жеті ұрпақ буындарының әр буынындағы ұрпақ алмасу кезеңі мен ұл санын көлбеу жеке жеті тік бағаналарға орналастырғанда кіммен қыз алысып, беріспеу керек екенін ажырату мүмкін болды.
Кесте 1-де, жеті ата өмір сүрген кезеңдері: Тек Ата — 210-180, Түп Ата — 180-150, Баба Ата — 150-120, Арғы Ата — 120-90, Ата Ата — 90-60, Әке Ата — 60-30, Бала Ата — 30-1 деп; жеті ұрпақтікі: Әке — 1-30, Бала — 30-60, Немере — 60-90, Шөбере — 90-120, Шөпшек — 120-150, Немене — 150-180, Туажат — 180-210 деп берілді. Ұл саны мүлтіксіз (өлім-жітімсіз) екі ұл — кенже, тұңғыш.
«Жеті ата» ұрпақтарының атауы мен кезеңі сары түсте бейнеленді, «Жеті ұрпақ» ұрпақтарының атауы мен кезеңі жасыл түспен берілді (Кесте 1). Бұл әдіс — қатарлас өмір сүріп, өзара қыз алысып, беріспейтін туысқандардың кімдер екенін нақты таныта алады.
“Жеті атаның” әр буынының басталуы, аяқталуы үш қадамнан: “әке — бала — әкеден” тұратынын ескеріп осы үш қадамдағы рәсімделуде қыз алысып беріспейтін туысқандардың үш жұрттағы тізімі жасалып, ол деректер бірінші буыннан жетінші буынға дейін біріне-бірі қосылып, жыйнақталып IT-технология арқылы реттелуі қажет.
Ол үшін, бірінші қадамда: ержеткен ұл мен бойжеткен қыздың үйленуін заңдастыру куәлігінде, бүгінде, олардың әке-шешелері туралы деректер берілетіні белгілі. Егер оған, некелесушілердің: аға-інілері (үйленген болса, олардың “Өз жұрты”, “Нағашы жұрты” жағынан өздерінің, балаларының тізімі де), әкпе-сіңлі-қарындастары (ұзатылған болса, жиендердің де тізімі) туралы дерек қосылса, кіммен қыз алысып, беріспеу керек екені анықталады.
Екінші қадамда: бала туғанда оның құжатына әке-шешелерімен қатар бірінші қадамдағы олардың қыз алыспайтын туысқандарының тізімінде болған өзгерістерді кіргізе отырып, жыйнақталып рәсімделуі абзал.
Үшінші қадамда, ер жеткен бала үйленгенде, екі жақтан қалыптасқан қыз алыспайтын туысқандардың тізіміндеріндегі өзгерістерді қоса отырып рәсімдеп заңдастыру жүзеге асауы керек.
Осы рәсімдеу айналсоқпасы жеті буын бойы жүргізіледі.
Жетінші буындағы үшінші қадамды рәсімдеу бір мезгілде “Жеті ата” тізбегінің аяқталғанын (“Жеті ата” бойы қалыптасқан тізім соңғы кезек толықтырылатынын) айғақтайды.
“Жеті ата” бойы қыз алысып, беріспеу Бағдарламасын жасауды жеңілдету үшін орыс тілінде: “Технология регистрации возникновения, развития, завершения каждого из поколений по традиции системы “Жеті Ата” (семи предков), “Жеті Ұрпақ” (семи уровней потомков) на основе реализации, принципа — запрета брака между родственниками внутри системы семи предков и семи уровней потомков” деген еңбек ұсынылып отыр. Бұл жобада пісіп-жетілдіруді қажет ететін мәселелер көп.
Ол жобада, «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді шешу тәртібі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 2 сәуірдегі №2923 Жарлығына [9] жеті ата бойы қыз алысып, беріспеудің IT-технологиялық Бағдарламасы негізінде өзгерістер енгізіліп, ол: “Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы” Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 26 желтоқсандағы Кодексіне [10], “Азаматтық хал актілерін мемлекеттік тіркеу актісі кітаптарының нысандарын және осы кітаптардағы жазбалардың негізінде берілетін куәліктердің нысандарын бекіту туралы ”Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 19 сәуірдегі № 498 Қаулысына [11] қосымша болып рәсімделуі:
– ұлттық кодымыз “тұрақтанып”, отырықшы болсақ та, бірге тұрмасақ та, араласпасақ та компьютердің берік жадының арқасында кез келген уақытта кіммен қыз алысып, беріспеу керек екенін дөп біліп отыру мүмкіндігіне қол жеткізіп, “Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасында айтылған: “Өзіне қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейтумен, мемлекеттік қызмет көрсетуді жоспарлау және кейіннен тек қана электрондық нысанда көрсетуді қарастыратын “Digital by default” қағидатын іске асыру негізгі іс-шара болып табылатын болады” [12] дегеннің нәтижесінде қан тазалығы қызығын көретініміз;
– халықтың қан тазалығын сақтап, денсаулықты күшейту арқылы басқалармен тең жан-жақты ғылыми-техникалық, рухани, физикалық бәсекелестікте басымдыққа қол жеткізу мүмкіндігі пайда болатыны;
– мәдени кодымыздың жанданып, жаңғырып гүлденуіне оң жағдай туғызатынымыз;
– қазақ, қазақстандық халық қалыптасу барысында ру, тайпа, жүзге бірігу қажеттігі жоқтығын жете түсініп, өз әулетіміз арқылы: тікелей халық қалыптастырушы, қазақстандықты қалыптастырушы екенідігімізді берік сезіне аларымыз туралы айтылған.

Төле би бабамыз айтқан: “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін” дегенінің мәнін де жете түсініп, ұғынып біртұтас “Мәңгі қазақ халқы, қазақстандық” болуымыздың жарқын болашағына қадамымызды нықтай алуға, адамзаттың қан тазалығын сақтау ортақ мұратына қол жеткізуге сүбелі үлес қоса алатынымыз туралы баяндалған.

Болсанбек Болат, “Тұран” университетінің профессоры, “Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі”, зейнеткер

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.