Тіл туралы мәселе — тәуелсіздік алған күннен бері айтылуда. Бірақ оның жыры біткен емес. Сірә, бітпейді-ау ол. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ пен қазақ ана тілінде сөйлес», «Ширек ғасырда аю да қазақша үйренетін еді» деп сан мәрте ескерту жасағаны да мәлім. Шындық биігінен қарасақ, тіліміз шарасыз күйде деп қара аспанды төндіруге де болмайды. Өсіп-өркендеу бар. Ілгері басу да байқалады. Әйтседе, қыруар қаржы бөлініп, «тілдерді дамытуға» жұмсалған шығынды ойлағанда көңіл шіркін пәс тартып қалатыны рас. Бізден басқа қай халық өзінің ана тілін сақтауға, оны өміршең етуге өз топырағында миллиондаған ақша шашып қиналып отыр. Бұл — ұлттық қасіретіміз емей не?
«Арық атқа қамшы ауыр» демекші, осындай қысылтаяң кезеңде Білім министрлігі тарапынан «Үш тұғырлы тіл» деген жаңа бастама көтеріліп, ұнжырғасы түскен ұлт жанашырларының дегбірін қашырғаны да есімізде. Қазақ тілі әлі тұғырына міне алмай қиналып жатқанда, оны жер жастандырып кетуге бағытталған шабуыл секілді көрінгені де көптің ашуын туғызған. Жоғарыға қаншама хаттар, арыз-шағымдар жөнелтілді. Қаншама жиын, мәслихат өткізілді… Осының бәрі ескерілді ме, әлде халықтың талабынан сескенді ме, жоғары билік өкілдері Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевті құзыретінен айырған болатын. «Жас келсе іске» демекші, Қ.Тоқаев мырза келе сала жиындарды мемлекеттік тілде өткізуге күш салып, әлеуметтік желіні қолданып қана қоймай, ондағы халықтың ой-пікірімен де санасып отыратынын аңғартты. Сондай-ақ, барша қол астындағы шенеуніктерге халықпен араласудың бірден-бір төте жолы әлеуметтік желі екенін ескертті. Бұл көпшіліктің көңілінен шыққан бастама болды. Өйткені халықтың жанайқайының емен есіктерден өтіп, діттеген жеріне жетуі мұң. Ал әлеуметтік желі — диалог алаңы! Сондықтан жаңа Президенттің жаңаша ойлауы — халыққа қарай бұрылуы десек артық айтқандық болмас. «Сырт көз сыншы» деген тәмсілге сүйенсек, Қ.Тоқаевтың билікке келгенше көп нәрсені көңіл-сарайына жинауы да әбден мүмкін…
Таяуда ғана ҚР Президенті Қасым-Жомарт Қ.Тоқаев твиттердегі парақшасына: «Балаларға білім беру үрдісінде басты назарды мемлекеттік тілге, қазақ тіліне беру керек. Орыс тілін де оқыту керек, оның себебі түсінікті. Ал ағылшын тілі әлемдік тіл. Одан тыс қала алмаймыз. Бірақ оны кейінірек меңгеруге болады. Осылайша, үш тілді, болашаққа ашық көзбен қарайтын ұрпақты тәрбиелейміз», — деп жазды. Президенттің бірауыз сөзі күдік ұялаған көңілдерді көктемдей құлпыртып, мұз болған сүңгі ойларды жібітіп жіберді. Бірақ ол сезіміміз іске айнала ма, ол уақыттың қатал еншісінде.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз