Жаһандану заманы — барша әлемді шошытып тұр. Барша құндылық тек ақшамен ғана өлшенетін күйге жеттік. Ақшаны табан ақы маңдай термен тапқаннан көрі, жан қинамай оңай жолмен табуға құныққандар саны жылдан жылға артуда. Оңай ақшада құн бола ма, оның арты қайғы-қасіретке ұласуда. Қаншама шаңырақ ортасына түсуде… Адамның азғындауына басты себепкер — құмар ойын. Оны үлкен қалалар түгілі, шағын ауылдардан да оңай табасың. Оның өзі сан-салалы. Автоматты, компьютерлік ойындар. Бәс тігетін букмекерлік кеңселер, т.б. кете береді. Алғашында қызықтырып өзіне тарту үшін аз-маз ақша ұтқызатын құмар ойындар, келе-келе құныққан жанды құрдымға итере салады. Арты жылаған ата-ана, еңіреген бала-шаға. Бұл қасіреттен қайтсек құтыламыз. Ол үшін не істеген абзал?

Адам баласын еліктіретін осы бір тажал — құмар ойыннан зардап шеккендердің ата-аналары, туыс-туғандары көмек сұрап, «Nur Otan» партиясына көптеген хаттар жолдаған көрінеді. Бірақ тамыры тереңге кеткен букмекерлік кеңселер бой беретін емес тәрізді. Оған құмар ойынды құрдымға жіберуге білек сыбана кіріскен «Nur Otan» партиясы өкілдерінің 6 рет жиын өткізуі айқын дәлел. Енді тек заң баптарына толықтырулар енгізіп қана оңай олжа табуды көздегендерді тұқыртуға болады. Заңға өзгеріс енгізуге сұранған 21 нақты ұсыныс әзірленіп отыр екен. Басқа амал жоқ. 30 Наурыз күні «Nur Otan» партиясының Орталық аппаратында аталған тақырып төңірегінде ауқымды талқылауда осындай ойлар айтылды.
«Nur Otan» партиясының хатшысы Илья Теренченконың бастауымен өткен шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, сарапшылар, қоғамдық институт пен дін, БАҚ өкілдері келді және партияның аймақтық филиалдары онлайн режимге қосылды. Сонымен қатар, құмар ойынға құмартып құрдымға түскен ойыншылар мен олардың ата-аналары да қатысты. Олар құмар ойынның қоғамдағы зардаптарын әңгімеледі.
Нұр-Сұлтан қаласының наркология және пихотерапия орталығының бірінші санаттағы психотерапевті Ольга Югай ойынқұмарлықтың негізгі себептеріне тоқталды. «Алғашқы себебі — адамның өзін жалғыз сезінуінен, екіншісі — өзінің өміріне көңілі толмағандықтан, келесі — оңай олжаға қызығу, содан соң жеке басының әр нәрсеге тәуелді болуға икемділігі, соңғысы — психикалық ауытқушылықтың байқалуынан», — деді ол.
«Ренессанс» оңалту орталығында емін алып жүрген Владислав – құмар ойынның құрығынан шыққан бұрынғы ойыншы екен. 7 айдан бері букмекерлік орталықтың қарасын көрмеген. 13 жасынан бастап компьютерлік және автомат ойындарды ойнаудан бастаған ол 16 жасында букмекерлік центрдің тұрғылықты ойыншысына айналады. Шамамен 15 миллион көлемінде ақшаны ұттырған көрінеді. Қазір 22 жаста. Замандастарына құмар ойынның маңына жоламауды ескертті.
Алқалы отырыс ортақ шешім қабылдады. Ойын орындары мен букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеуді, сыртқы жарнамаларда жариялауды мүлдем тоқсатуды, ойын алаңдарындағы жас санаттарын бақылауды күшейтуді, букмекерлік кеңселердің орналасу орнының тұрғын үйлер мен білім беру ұйымдарынан 100 метр алшақтықты назарда ұстауды, букмекерлік кеңсе ғимаратының ауданын шектеуді, онда ешқандай ішімдік пен тағамдардың сатылмауын, ломбардтар мен шағын несие ұйымдарының мұндай центрлерден алшақ орналасуын қадағалауды ұсынды.
Жасқа да шектеу қойылып, 25 жасқа толмаған азаматтарға құмар ойынға тиым салу жағы да айтылды.
Әйтседе бір анық нәрсе, құмар ойынға шақыратын орталықтарды жауып тастауға, болмаса олардың жұмысына шектеу қоюға шама жоқ. Ол үлкен бизнес бастауы. Оның басында кім отырса да олқы жан емес. Нағыз «Спрут» осы төңіректе жүруі бек мүмкін. «Nur Otan» партиясының қауқары жетпей жатқан шаруаға, қарапайым халықтың шамасы қайдан жетеді. Содан кейін ғой ашынатыны… Тек, онымен күресте имандылық пен ізгілік қана жол көрсетпек. Әр адам отбасында бала-шағасын жаманнан жирендіріп отыруға тиіс. Исламда құмар ойын харам саналады. Ақшаны ұтқан да, ұтылған да күнәға батады. Бұл имамдардың сөзі!

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз