Ел аузында «тоқырау заманы» делініп те айтылатын өткен ғасырдың 90-жылдарында, тозыңқырап кеткен ауылдардың келбеті, соңғы кезде мемлекеттің күш салуымен біртіндеп түзеле бастады. Әрине, еңсесі түскен ауылдың түндігін бүтіндеп, түтінін түзу ұшыру, ауылдық жердегі шаруашылықтарды көркейтіп, ауылдың жаңа тынысын ашу — мемлекеттің де, халықтың да арманы болып тұр. Осы төңіректе мемлекеттің тікелей қолдауымен бірқатар жаңа бастамалар қолға алынып жатыр. Оның ең басында шаруаларды төмен өсімді несиемен қамтамасыз ету арқылы шаруашылыққа серпін беру жолы тұрғаны белгілі. Бұл игі шаралардың ішінде тиімді жұмыс атқарып келе жатқан «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ, агроөнеркәсіптік кешеннің басым бағыттары бойынша ауыл кәсіпкерлігін қаржыландырып отыр. Қор жүзеге асырып жатқан несиелік өнімдер ауылдық бизнестің барлық түрлерін қамтиды.
Ауыл тақырыбын назардан тыс қалдырмайтын дағдымыз бойынша, шаруаларды қолдау мақсатында жүзеге асырылып жатқан шаралар туралы көкейде жүрген біраз сауалдарымызды, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров мырзаға қойған болатынбыз.

— Жандар Даниярбекұлы, қазіргі кезде қолға алынып жатқан бірнеше бағдарламалардың бар екенін білеміз. Осы туралы кеңірек айтып беріңізші?
— «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ ауылдық жерлердегі шаруашылықты дамыту үшін бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеп келе жатыр. Нақтырақ айтатын болсақ, мал шаруашылығының сүтті және етті бағыттарын ауылдық кәсіпкерлікті дамытуға арналған несие өнімдеріміз бар. Мысалы, өткен жылдан бастап жаңартылған «Сыбаға» бағдарламасын жүзеге асыруды бастадық. Ол ірі қара мен ұсақ мал өсірушілерге, және қажетті техника мен жабдықтарды сатып алуға көмектеседі. «Сыбаға» несиелік өнімі бойынша несиелер 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Шетелден асыл тұқымды ірі қара мал әкелуге 70 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде, ал жергілікті ұсақ малды сатып алуға — 12 млн. теңгеге дейінгі мөлшерде несиелер беріледі. Сыйақы үстемесі — жылдық 4 %-ды құрайды, жылдық тиімді үстеме — 4,1 %-дан бастап (субсидиялауды ескергенде). Шетелден әкелінген асыл тұқымды малдың бір басына 225 мың теңгеден субсидия қарастырылған. Сонымен қатар, мемлекет пайыздық мөлшерлемені жылдық 14-тен 4 пайызға дейін төмендетеді. Мемлекет тарапынан қолдаудың тағы бір тетігі — жас малды бордақылау алаңына тапсырған кезде тірі салмағының әр килограммына 200 теңгеден субсидия төленеді.
Ал мал шаруашылығының сүтті бағытын дамытып, ауылдық жерлердегі отбасылық тауарлы сүт фермаларын құру мен кеңейтуді көздейтін «Ырыс» атты бағдарлама жалғасып жатыр. Бұл өнім бойынша ең үлкен несиелер беріледі — 155 млн. теңгеге дейін. Мерзімі — 12 жылға дейін, сыйақы үстемесі жылына 6 %-ды құрайды (субсидиялауды ескергенде), жылдық тиімді сыйақы үстемесі — 6,7 %-дан аспайды. Екі жылға дейін жеңілдікті мерзімі бар.
Шағын несиелерге келетін болсақ, олардың негізгі бөлшегі «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» арқылы қаржыландырылады. Мысалы, «Игілік» деген бағдарлама мал басын арттыру, құс өсіру және омарта шаруашылығымен айналысамын деген жобаларға беріледі. Қарыз сомасы — 4 млн. теңгеге дейін, мерзімі — 6,5 жылға дейін, жылдық өсімі — 6 %, жылдық тиімді үстеме — 6,7 %-дан аспайды. Негізгі борышты өтеу үшін жеңілдікті кезең де қарастырылған.
Келесі өніміміз «Кәсіпкер» деп аталады. Бағдарламаның мақсаты — кәсіпкерлік қызметті, оның ішінде ауыл шаруашылық және ауыл шаруашылық емес бизнес түрлерін дамыту. Несие сомасы — 6 млн. теңгеге дейін, несие мерзімі — 5 жылға дейін, сыйақы үстемесі — 6%, жылдық тиімді мөлшерлеме — 6,7 %-ға дейін. 1 жылға дейін жеңілдік мерзім беріледі.
— Әдетте банктерден несие алған кезде, кепілдікке алынантын тұрақты мүлік мәселесі аса маңызды болып табылады. Ал сіздер бұл жағын қалай реттеп жатырсыздар?
— Бұл мәселеде шаруаларға тиімділік жасау жағы қарастырылған. Қор арқылы несие рәсімдеу кезінде, әрине, кепілдікке тұтынушының мүлігі қойылады. Бұл — ауылдағы үйі, жер телімі, базалар мен басқа да ғимараттар болуы мүмкін.
Екіншіден, кепілдік жүктемені азайту жағы да шаруалардың жағдайына қарай ойластырылады. Мысалы, «Ырыс» бағдарламасының несиені қамтамасыз ету талаптары бойынша, кепілдікке болашақта несие қаржысынан сатып алынатын мүлік — мал, техника, құрал-жабдықтар алынады. Кепілдік құрылымы келесідей болуы мүмкін: 25 %-ға дейін қолданыстағы жылжымайтын мүлік ұсынылуы тиіс. Қалғаны — несиелік қаражаттан сатып алатын мүлікпен қамтамасыз етілуі мүмкін. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша да сатып алынатын ірі қара мал мен техника, құрал-жабдықтар кепілдеме ретінде алынады.
— Кейде шаруалардан несие алуға өтініш берудегі уақыттың ұзақтығы туралы шағымдар айтылып жатады. Бұл мәселе қалай шешілуде?
— Ағымдағы жылы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы ауылдық жердегі кәсіпкерлікті қаржыландыруға 50,1 млрд. теңге бағыттауды жоспарлап отырмыз. Мұны алдымен айтып отырғандағы мақсатым — осындағы қаражатты тиімді пайдалану арқылы ауылды жерлерде жаңа шаруашылықтардың, жаңа нысандардың ашылуы мен дамытуын көздеп отырмыз. Несиені беру туралы шешімді жылдамдататын шараларды үнемі қарастырудамыз. Клиенттеріміздің қолайлылығы үшін осы жылдың 1 қаңтарынан бастап талондық жүйені енгіздік. Несие өтінімін тапсырған клиентке арнайы талон беріледі. Талонда несиелеудің негізгі шарттары, тапсырылған құжаттар тізімі, өтінімді қарастыру мерзімі көрсетіледі. Сонымен қатар несиелеу бағдарламасы, қаржыландыру көзі, сома, пайыздық үстеме, негізгі борыш пен сыйақы бойынша жеңілдетілген мерзім, өтінімді қабылдаған менеджердің мәліметтері мен байланыс телефоны анық жазылған. Бұл талон клиенттің қаржыландыруға қажетті құжаттар пакетін тапсыруын дәлелдейді. Талон басылғаннан кейін несиелеу өтінімі қарастыруға жіберіледі. Kazagro.kz порталына жеке кабинетке кіріп, өтінімнің қай кезеңде тұрғанын анықтауға болады. Жалпы, регламент бойынша өтінімді қарастыру мерзімі 15 жұмыс күннен аспау керек. Бұл мерзім толық құжаттар пакеті тапсырылған күннен есептеледі.
— Банктерге немесе тұрмыстық техника сататын дүкендерге қарызы бар адамдар сіздердің қордан несие алып жұмыс бастауына бола ма?
— Біздің де қоятын талаптарымыз бар. Қордан несие алу үшін қарыз алушының бюджет пен банктерге, қаржы институттарына мерзімі өткен берешектері болмау керек, кепілдікке қойылатын мүлігі, жағымды несие тарихы болуы қажет. Бұдан бөлек, етті және сүтті мал шаруашылығына арналған жобаларды іске асыруға қойылатын қосымша талаптар бар: жайылымды жерлерінің, қораларының, тиісті инфрақұрылым мен жағымды ветеринариялық-санитариялық жағдайының болуы.
Негізі жұмыс бастаймын деген азаматтарға өте қолайлы жағдайлар жасалып жатыр. Ауыл шаруашылығы министрлігі Қордың алдында қойылған міндеттердің алдыңғы қатарында — ауыл тұрғындарының, ауыл шаруашылық тауар өндірушілерінің несиелік ресурстарға қолжетімділігін арттыру аграрлық салада өнімділікті арттыру болып табылады. Бұл мақсатты орындау үшін барлық облыс орталықтарында, Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей қалаларында филиалдарымыз жұмыс істейді. Кез келген ауыл тұрғыны шаруа жұмыс бастағысы келсе, филиалға келіп, кеңес ала алады.
— Әңгімеңізге рақмет! Ауылдарымыз көркейе берсін!

Сұхбаттасқан — Ерқазы Сейтқали

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз