Қымбатшылықтың жағадан ала бастағанын Үкіметтің өзі мойындай бастады. Бұған дейін инфляцияны болдырмаймыз деп қанша тыраштанғанымен, доллардың еркін бағамы өз дегенін жасауға кірісті. Сырттан келетін тауарлар бағасы аспандаған жағдайда ішкі нарықтың да «қалтырай» бастайтыны жасырын емес. Қазір әсіресе делдалдардың наны жүріп тұрған уақыт. Алыпсатарлардың да айы оңынан туып бір жасап қалғандай кепте. Қымбатшылыққа байланысты елдің алаңдап отырғанынан хабардар болса керек, ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Үкімет отырысынан кейін журналистерге мән-жайдан хабар берді.4

Әсіресе халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауы жөнінде ағынан жарылды. «Жыл басынан бастап, инфляция 4-6% дәліз шегінде сақталуда. Жылдық инфляция 5,4% деңгейінде қалыптасты, ал 2018 жылдың шілдесінде ол 5,9% құраған. Инфляцияның өсуіне ең көп әсер еткен – азық-түлік тауарлары. Олардың инфляция өсіміне қосқан салымы 3,4 проценттік тармақты құрады. Бұл тауарлар бағалар өсуінің шамамен 63% құрады», – деді ол. Оның айтуынша, барлық өңірлерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы инфляциядан асады. «Әсіресе, әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түлік тауарлары 9% ұлғайған. Ең жоғары өсу Нұр-Сұлтан (15,1%), Жезқазған (11,8%) және Талдықорған (10,4%) қалаларында байқалады. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында сәбіз (2,4 есе), пияз (85,5%), картоп (82,4%), күріш (21,6%) және ұн (20,8%) қымбаттады», – деді. Жалпы, республика бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары арасында пияз (79,0%), сәбіз (59,3%), картоп (32,9%), күріш (23,8%), бірінші сұрыпты ұн (15,3%) бағалары айтарлықтай өскен. Тауарлар бағасына талдау жүргізілгенде, тұтынушылар бағасының өндірушілердің немесе импорттық бағалардан едәуір жоғары екені анықталған. «Мысалы, сәбізді өндіруші бағасы 67 теңге болса, нарықтағы сату бағасы 151 теңгені құрайды. Үстеме баға ретінде 84 теңге қосылған. Біз биыл инфляцияны берілген дәлізде ұстап қалу үшін 10 тауарды анықтадық. Бұл пияз, сәбіз, картоп, қызылша, күріш, ұн, жылқы еті, қой еті, сиыр еті және нан. Тауарлардың осы тобы бойынша күшейтілген бақылау жүргізу, сондай-ақ олардың бағаларын төмендету бойынша шаралар қабылдау ұсынылады» – деді Ұлттық экономика министрі.
Сөз соңында, ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар тауарлардың қымбаттауын сынға алғанын айта кетпекпіз. «Сауда және интеграция министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екі аптада тұрақтандыру қорларының жұмысын тексеріп, олардың жұмыс форматын өзгертуді тапсырамын. Сонымен бірге, Сапархан Кесікбайұлы, әлеуметтік маңызы бар 10 өнімді өндіру жөнінде бағдарлама әзірлеңіздер. Бұл да бағаны өсірмей, ұстап тұруға оң әсер етеді. Әкімдер бағаларды өсірмеуді ерекше бақылауда ұстауы қажет. Апта сайын мониторинг жүргізіп, жедел шара қабылдаңыздар», – деп қатаң тапсырма берді премьер – министр.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.